Педагогтың хабарлау (информациялық) іскерлігі. Бұл іскерлік аса маңызды педагогикалық іскерлік болып ерекшеленеді және көбінесе қатынас құралы ретінде қабылданады. Себебі қарым-қатынас хабарлау материалынсыз іске асуы мүмкін емес. Хабарлау іскерлігінде мұғалімнің дауыс қойылымын үйлестіре білуі, әсерлі көңіл-күй сезімімен сөйлеуі, сөздің құдіретті күшін, бет қимылдар ерекшеліктерін меңгере білуі талап етіледі. Оқу-тәрбие үрдісінің негізгі міндеттерін тиімді шешудегі мұғалімнің сауатты сөйлеуі, қызықтыра әңгімелесуі, көрнекіліктерді қатыстыра отырып түсіндіруі, ашық пікірлесуі, шәкіртті тыңдай алуы, сұрақ-жауап тәсілдерін қолдану арқылы тыңдаушының зейінін өзіне аударта алуы әсіресе жас мұғалімдер үшін өте маңызды қаситеттер.
Педагогтың ұйымдастырушылык іскерлігі.Бұл іскерлік мұғалім еңбегінен ажырамайтын, бөлінбейтін, үнемі қатар жүретін тұтас педагогикалық процесті басқарудың негізгі шарты. Бұл іскерліктің өзіндік ерекшеліктері бар: жұмыс түрін анықтау, мақсатын белгілеу, жұмыстың орындалуын талап ету, тапсырма беру, тапсырылған жұмысты бақылау, орындалуын үйымдастыру, орындалған жұмысты қорытындылау, бағалау, есеп беру, іске қызығушылықпен кірісу, басқаларға жағымды ыкпал жасау, басқаларды бір іске жұмылдыра алу іс-әрекеттерінен құралады.
Педагогтың зерттеушілік іскерлігі.Зерттеушілік іскерлік мұғалімнің әрбір әлеуметтік-педагогикалық құбылысқа ғылыми тұрғыдан қарауын, ғылыми болжам жасай алуын, жобалау және эксперимент жүргізе алуын, іс-әрекеттегі зерттеуді жүргізе алуын, сонымен қатар озық тәжірибені де, өзінің тәжірибесін де жинақтай білуін, оларға ғылыми-теориялық, практикалық талдау жасай алуын және мектеп өміріне енгізе білуін қамтиды.
Педагогтың жобалау (проективтік) іскерлігі– оқыту және тәрбие үрдістерінің перспективалық міндеттерін терең түсіне отырып, оған жетудің стратегиялары мен тәсілдерін меңгергендігі. Мұғалімнің оқыту және тәрбиелеу үрдісінің жаңа жобасын құрастырып, оны іске асырудың тәсілдерін негіздеуі, бұл жобаның орындалуында ата-аналардың, оқушылардың қатысуын қарастыруы, қоғаммен байланыстылығын, әлеуметтік маңыздылығын түсінуі маңызды болып табылады.