Педагогика әдіснамасының даму тарихы. Педагогика әдіснамасы дамуындағы негізгі қарама-қайшылық - педагогикалық шынайы болмыс пен педагогика әдіснамасы арасындағы сәйкессіздік. Педагогика әдіснамасының даму үрдістері былайша аталады:
1) педагогика әдіснамасы пәнінің түсінігі мен мәнін тереңдету;
2) педагогика әдіснамасының міндеті - педагогикалық ойлау, ғылыми шығармашылық стилін диалектикалық дамыту мен педагогикалық сананы сақтау, қалыптастыру;
3) заманауи зерттеушілердің үш негізгі әдіснамалық ережеге бағыттылығы.
Педагогикалық зерттеудің түрлері. Педагогика саласындағы зерттеулер деп педагогика үдерісінің заңдылықтары, оның құрылымы мен тетігі, оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру теориясы және әдістемесі, оның мазмұны, ұстанымдары, әдістері және тәсілдері туралы жаңа білім алуға бағытталған ғылыми іс-әрекет үдерісін және нәтижесін айтуға болады. Педагогикадағы зертеулер оқу-тәрбие үдерісінің құбылыстары мен деректерін түсіндіреді және болжайды. Ғылыми-педагогикалық зерттеу эмпирикалық тексеруге болатын нақты қойылған деректерге негізделеді, белгілі болған теорияларға сүйенеді, мақсатты бағытталған, жүйеленген, барлық элементтердің, әдістердің өзара байланысымен ерекшеленеді. Онда эмпирикалық, логикалық және теориялық танымдық міндеттер сараланып шешіледі.
Зерттеу қасиеттерінің теориялық және тәжірибелік бағытталған сипатында төрт жеке фасет ерекшеленеді. Бірінші фасет – зерттеу міндеттері - ғылыми қызметкерлердің, ғалым-педагогтердің өздерінің алдына қоятын мақсаттары, жан-жақты жоспарланған нәтижелерге бағытталып жүргізетін жұмысы сипатталады. Екінші фасет – зерттеу нәтижелері – ғылыми іс-әрекет нәтижесінде алынған өнім, білім түрлерін көрсетеді. Үшінші фасет – зерттеу нәтижелерін пайдаланушы ұйымның мекен-жайы – ғылыми және тәжірибелік іс-әрекет барысында алынған нәтижелерді пайдалануға қызығушылық тудыратын ұйым мен ортаны анықтайды. Төртінші фасет – құжат түрлері – ғылыми-педагогикалық зерттеу нәтижелері берілген жарияланым типтерін сипаттайды.