Тәрбиенің мақсаты, оның әлеуметтік тұрғыдан негізделуі Ғылыми дүниетаным – оқушының интеллектуалды дамуының негізі 1.Мақсат - ғылыми категория және тұлғаның идеалдық моделі. Тәрбиенің мақсаты - тұтас педагогикалық үдерістің жүйетүзуші факторы.
2.Педагогикалық ойлар тарихындағы тәрбие мақсаты туралы мәселелер.
3.Әлемдік және ұлттық мәдениет – тәрбие мақсатын анықтаудың әдіснамалық негізі.
4.Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының жас ұрпақты өз бетімен өмір сүруге тәрбиелеу мен дайындау мақсатына, міндеттеріне әсері.
6.Ғылыми дүниетаным - оқушының интеллектуалды дамуының негізі
Тәрбиенің мақсаты.Мақсат дегеніміз алға қойылған биік мұратқа ұмтылу, оны іске асыруға әрекет ету. Мақсат жас ұрпақтың болашағын алдын - ала ойластырып, оларды өмірге әзірлеу барысында жүргізілетін тәрбие жұмысының нәтижесінде, жеке басына тән сапалық қасиеттерінің дамуын қамтамасыз ету. Тәрбиенің мақсаты мен жүйесі қоғамның дамуына тәуелді.
Тәрбие мақсаты жалпы және жеке болып келеді. Тәрбиенің жалпы мақсаты барлық азаматтардың бойында сапалық құндылықтардың, ал жеке мақсаты - жеке тұлғаның қалыптасуын көздейді. Тәрбиенің мақсатына обьективті себептер ықпал етеді, олар: адамның физиологиялық жетілуі мен психикалық дамуы, философия мен педагогика ғылымның жетістіктері, әлеуметтік ортаның қоғам мүддесіне қарай, үнемі өзгеріп отыруы. Қоғамның мәдени деңгейі, тәрбие мақсатының жалпы бағытын анықтап, қоғамның нақты тарихи сипатына қарай өзгеріп отырады.
«Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерінде» тәрбиенің мақсаты: ата-анасын қадірлеп, қастерлейтін, туған жерін, Отаны Қазақстанды сүйетін, қазақ тілін, мәдениетін, тарихын меңгерген және ардақтайтын, толерантты, халықтар достығын, ел бірлігін сақтайтын, дені сау, жан дүниесі бай, еңбекке бейім, ана тілін және шетел тілдерін еркін менгерген, сапалы білім алған, құзыретті, дарынды, өзінің болашақ кәсібін таңдай алатын азамат тәрбиелеу.
Тәрбие мақсатын тұжырымдауда, міндетті түрде табиғат, қоғам, адамның обьективті даму заңдылықтарына сүйену керек.
Тәрбиенің обьектісі - тұлға болса, ұстаз оларды дамыту үшін оларға тәрбие субьектісі ретінде қарап, олардың белсенді іс-әрекетін ұйымдастырып, басшылық жасауы қажет. Тәрбиенің барлық түрі біртұтас педагогикалық үдеріс шеңберінде қарастырылады.
Тәрбиенің мақсаты - жастардың тұлғалық қасиеттерін дамыту, олардың жоғары адамгершілік ұстанымдарын қалыптастыру, өмірге, еңбекке әзірлеу.
Осыған байланысты тәрбиеге қойылатын негізгі мақсаттар мынадай:
- жеке тұлғаның дүниеге ғылыми көзқарасын дұрыс қалыптастыру;
- жеке тұлғаның даралық және дене қабілеттерін жан-жақты дамытып, талғамдары мен сезімдерін қоғамның талаптарына сай тәрбиелеу.
Тәрбиелік мақсатқа сәйкес, тәрбие мынадай кешенді міндеттерді шешуді алға қояды: дүниетанымы кең, ой-өрісі жоғары, жеке тұлғалық қасиеттері дамыған адамның негізін қалыптастыру; еңбек, таным, қоғам, отбасы, уақытты тиімді пайдалана білу тәрізді әлеуметтік қызметтерді өз мәнінде қабылдап, оларды пайдалана білуге даярлау, кәсіп таңдау; өз тағдырын өзі шешуге мүмкіншілік жасау, оқушылардың өзін-өзі тәрбиелеуіне, өз бетімен білім алуына мүмкіндіктер туғызу.
Тәрбие - педагогикалық үдерістің жетекші компоненті ретінде тәрбие мақсатын жүзеге асыру, оның құрамды бөліктерінің байланыстарын шешуді талап етеді. Тәрбие мақсаты мен міндеттерін жүзеге асыру үшін оның мазмұны, тәрбие әдістері мен құралдары, формалары бірімен-бірі тығыз байланыста қарастырылуы тиіс.
Тұлғаны оқыту, тәрбиелеу және дамытудың өзара байланысы тәрбие үдерісінің мақсаттылығы нақты өмір талабына сай белгіленсе ғана өз нәтижесін береді. Оны тәрбиешілер өз қалауымен анықтай алмайды. Себебі тәрбие мақсаты қоғамның саяси-экономикалық, мәдени даму деңгейімен тығыз байланысты.
Тәрбие адамдарға тән әлеуметтік категорияға жатады және тұлғаны дамытуда шешуші рөл атқарады. Тәрбие дегеніміз тұлғаның алдыңа мақсат қою арқылы іске асатын іс-әрекеті. Тұлғаның тәрбиелігінің іс-әрекет, қарым қатынасы, мінез-құлқы және тұлғаның өзіне деген қатынасы, яғни өзін-өзі бағалауы арқылы айқындауға болады. Іс-әрекет – тұлғаныңқызығушылығы, сезім-санасына, жауапкершілігінегізіндесыртқыортаменәсерлесуарқылыдамуүрдісі.
Қазіргі таңда тәрбиені мәдениет, қарым-қатынас, құндылық тұрғысынан қарастырады. Қазақ педагогикасының негізін қалаушы М.Жұмабаев тәрбиені екі тұрғыдан қарастырады – тән тәрбиесі және жан тәрбиесі.
В.С.Безрукова “Тәрбиедегеніміз- адамзат қоғамының өмір сүруіне сай ұрпақтан - ұрпаққа жалғасқан, дәйекті түрде үздіксіз берілетін мәдениет»,- деп тұжырым жасайды.
И.П.Подласый тәрбиені мәдениет тұрғысынан қарастыра келе, адамгершілік мәдениет, ақыл-ой мәдениеті, эстетикалық мәдениет, дене мәдениеті тұрғысынан жіктейді.
С.Әбенбаев “Тәрбие - халықтық ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, олардың айналамен қарым - қатынасын, өмірге көзқарасын және соған сай мінез - құлқын қалыптастыру құралы”,- деп түсіндіреді.
Тәрбие - қоғамдық құбылыс. Адам қоғамнан тысқары өмір сүре алмайды. Қоғамның дамып өркендеуіне байланысты, тәрбиенің мақсаты жаңа жағдайға байланысты толығып отырады. Тәрбиенің қоғамдық мәні жеке тұлғаның санасына, мінез - құлқының дұрыс қалыптасуына әсер ете отырып, рухани жағынан үнемі жетілу және баюуда көпсалалы үдеріс тұрғысынан қамтылады. Халықтар бойына білімге негізделген этникалық ізгіліктер мен өнерлерді дамытуды т.б. қамтиды. Тәрбиенің қоғамдағы жалпы қызметі ұрпақтан - ұрпаққа әлеуметтік тәжірибе мен мінез - құлық нормаларына қатысты білім, білік, дағдыларды беру, адам баласында адамгершілік сапа жүйесін қалыптастыру, баланы әр түрлі әлеуметтік қатынастарға қатыстыру болып табылады.
Тәрбие - біртұтас үдеріс. Тұлғаның кісілік қасиеттерін қалыптастыру бірыңғай жағдайда, бір уақытта іске асырылады. Тұлға жеке адам ретінде тәрбиеленеді.
Тәрбие - ұзақ, әрі күрделі үдеріс. Адам туып, есею барысында тәрбиенің ықпалында болады. Онан кейінгі уақытта өзін-өзі тәрбиелеу үдерісімен жетіледі. Тәрбие мақсатының нәтижесіне дереу қол жеткізуге болмайды. Мектепте әр оқу сатысындағы оқушылардың тәрбиелік деңгейіне талаптар қойылып, соған қол жеткізу көзделеді. Тәрбиеге іштей және сырттай ықпал жасалады.
Тәрбие - көпжақты үдеріс. Мектеп оқушыларын тұлға етіп тәрбиелеу, дамыту, қалыптастыру, оларды қоғамдық өмірге даярлау барлық қоғам азаматтарының міндеті. Қоғамның тәрбиелік әрекетін бірыңғай бағытта ұйымдастырып, оқушының тұлғалық қасиетін қалыптастыруды жүзеге асыратын мектептегі ұстаздар ұжымы мен отбасы.
Тәрбие көп факторлы, екі жақты және белсенді үрдіс. Тәрбие жеке тұлғаның қалыптасуының ең басты факторы. Тұқым қуалаушылық, орта және тәрбие жеке тұлғаның дамуымен қалыптасуының негізгі обьективті факторлары болып табылады. Биологиялық фактор, тұқым қуалаушылық пен адамға тән қасиеттер: іс-әрекеттің кезкелген түріне бейімділігі жатады. Адамның биологиялық жетілуімен өзгеру үдерісі оның мінез-құлқына әсер етеді.
Тәрбие - жеке тұлғаны қалыптастыру үдерісі. Ол білім беру орындарында жүргізіледі. Мектепте педагогикалық үдерісті сауатты ұйымдастырумен бірге, оқушылардың жан-жақты қызмет әрекетін тиімді ұйымдастыру, жеке тұлға дамуының шарты болып табылады.