2.7. 2 Мақал-мәтел типтес кейіпкер аттары Мақал-мәтел (ММ) тұрмыстағы алуан түрлі уақиғаларды, қарым-қатынастарды қысқа, тұжырымды тілмен түсіндіреді, ойды ажарлайды, әсерлейді, әрі анықтайды, әрі халық психикасы дамуының да айнасы. ММ-де халықтың, ең алдымен еңбек адамының табиғатқа, қоғамға көзқарасы, дүниетанымы көрінеді, тіпті қазір ескірген ұғым-нанымдардың да сарқыны бар. Халық даналығы, сатирасы әрқилы сипатта бірде емеурін, тұспал, ишарамен айтылып, көркемдік қуаты артады. Соның көрінісі ретінде халықтың тұрмыс-тіршілік, өмір тәжірибесі, өсиет-өнегесі ММ-дердегі ұшқыр, қанатты сөздерден көрінеді. Өйткені онда өзіндік логикалық дайын пікірлер, жинақталған қорытындылар, өмірдің жағымсыз жағын сынау, келемеждеу сияқты адамдардың характері көрініс тапқан. «Ақыл-нақыл мен сатираның құрандысы қос ауыз мылтық» (Ә.Тәжібаев) дегендей, СЮП-тер де ММ-ден жасалады екен. Бір сөзбен айтқанда, қазақтың халық мақалдары мен мәтелдерін - қазақ шаруаларының тұрмысын, салтын, кәсібін, санасын көрсететін шежіресі, халық философиясы деуге болады.
ММ типтес патронимдер зерттеуімізде аз болса да кездесті:
Алмақ - Салмақ алмақтың да салмағы бар,
Басал Шашалұлыбас ал десе, шаш алады,
Асаған Жасағанұлы асарын асап, жасарын жасап,
Текжүрген Тоқжүрген тек жүрген тоқ жүреді,
Қысқабай Нұсқабайұлы өзі қысқа, өзі нұсқа,
Асқан Тосқан мың асқанға бір тосқан,
Көпкөрген Көсемболған көп көрген көсем болады,
Тіріжан, Тістібақа тірі жан тісті бақа т.б.
ММ типтес патронимдер сөздердің қайталануы, салыстыру, ұлғайту арқылы жасалған. Осыған қарап кейіпкер атының халық санасында қалған ойдан алынғандығы аңғарылады. Мысалы Көпкөрген Көсемболған ↔ «Көп көрген көсем болады» Алмақ Салмақов ↔ алмақ-салмақ < «Алмақтың да салмағы бар» < «біреуден жақсылық көрсең, өзің де соған жақсылық жасауға тырыс». Осы мақалдан Ғ.Қабышұлы сатиралық патроним жасаған: «Алекеңнің не жазатынынан гөрі не жазбайтынын санап беру оңай. Әсіресе рецензия мен алғысөзге әуес-ақ» [29,36 б].
Семантикалық жағынан толымды, құрылымдық жағынан толымсыз сөйлем түрінде келетін ММ типтес патронимдерде қандай да болмасын күлкілі бейненің характері көрініс тапқан. Алынған мысалдардағы айшықты бояуы күшті, экспрессивті мәні басым поэтонимдер кейіпкер қасиетін тап басып, дәл бейнелейді. Бұл секілді қолданыстар оқырманға эмоциялық әсер туғызады, көркем шығарма тіліне жанды үн, әрлі түр береді.
А.А.Потебня ММ-дің семантикасы туралы зерттеуінде, шағын образды мәтелдер «ой тұтастығы» нәтижесінде тұрақты тіркеске айналуының екі түрлі жолын көрсетеді: а) аңыз желісі қысқара келе, оның тұтас желісі ойда сақталып, қажет болса, бірден ойға оралып, тіркес тиянақтауға дайын тұрады; б) аңыз, мысал әңгімелер мәтіннің тұтас бейнесі, мазмұны мақал-мәтелге айналады. Ұзақ әңгіменің қысқарып мақал-мәтелге айналуы - адам ойы мен ойлау қабілетінің жетістігі» [144,164 б] ,–дейді. Сондықтан кейіпкер атының жасалуына ММ-дер де мотивтік фактор ретінде негіз бола алады
Қаламгер халық тілінің бар байлығын, сөз айшықтарын қолдану арқылы өзіне тән стиль құрады. Сөз зергерлері кейіпкер атын жасауда сөз кестелерін, образдылығы, айшықты мәнділігімен ерекше берілетін ТТ-ді қолдану арқылы көркемдік тәсіл ретінде қолданған. ТТ-ді өз орнымен пайдалана білу – нағыз суреткердің қолынан келетін іс және қаламгерлердің стилінің бір қырын көрсетеді, яғни сөздің шұрайын жақсы білетін, лексикалық байлығымызды жете меңгергендігінің дәлелі.