ДӘРІС № 1. Қалыпты физиология курсына кіріспе.
Дәрістің жоспары:
1.1. Физиологияның негізгі даму кезеңдері.
1.2. Физиологиялық зерттеу әдістері.
1.3. Физиологиялық қызметтердің реттелу механизмдері.
Физиология (грекше physis – табиғат, logos – ғылым) тұтас организм мен
оның жеке жүйелері, ағзалары, тіндері және жасушаларының әрекеттерін,
тірліктерін зерттейтін биологиялық ғылым. Физиология организм жүйелері
мен ағзаларының бір-біріне әсерін, өзара байланыстарын және сыртқы
ортамен қарым-қатынасын зертеуге тікелей қатынасады. Сонымен қатар, ол
тіршілік қызметінің жас кезеңдеріне байланысты онтогенез және
филогенездік даму барысында бақылауға алады.
Физиология әрі қарай дамудағы ғылым – ол дербес ғылым саласы
есебінде анатомия және гистологиядан бөлінгеннен бастап, организмнің
тіршілік әрекеті туралы физика, химия пәндерінің әдістерін қолданып,
көптеген нақтылы, маңызды деректерін жинады. Қазіргі кезде физиологиядан
жеке ғылым саласы ретінде биохимия, биофизика, нейрофизиология,
эндокринология, радиобиология, экологиялық физиология, спорт және еңбек
физиологиясы бөлініп шықты. Сонымен қатар, ұшқыштар, ғарышкерлер,
сүңгушілер, альпинистер организміне табиғаттың алуан түрлі төтенше
әсерлері мен физикалық және психикалық әсерлерін зерттейді.
Негізінде физиология зкспериментальдық ғылым. Қазіргі кездегі
физиологияның дамуы мен орасан зор жетістіктері, ерте заманнан бастап,
XVII-XIX ғ.ғ. көптеген ғалымдардың әртүрлі жәндіктер мен жануарларға
жасаған тәжірибелік зерттеулер нәтижесінде алынған. Сондықтан,
тәжірибелік физиологиядан кейін, жаңа техникалық (электрондық) құралдар
және аспаптармен жабдықталған физиология ғылымы медицинаның барлық
салаларында өзінің орнын толығынан тапты деп айтуға болады. Ол
мақсаттары, зерттеу объектілері мен әдістеріне байланысты қалыпты және
патологиялық болып екіге бөлінеді.
Қалыпты физиология дені сау адам организмінің қалыпты күйін,
салауатты тұрмыс салтын, әр түрлі орта факторларына бейімделуін, оларды
жақсарту
амалдары
мен
тәсілдерін
зерттейді.
Демек,
қалыпты
физиологияның басты мақсаты – адам денсаулығын сақтау және жетілдіру.
Сонымен қатар физиология ғылымы ауру адам организмінде болатын
патологиялық процестердің шығу тегін және оның сипатын, себебін
анықтауға да үлкен үлесін қосады. Сондықтан да қалыпты физиология
медицина саласының теориялық негізін құраушы деп есептеледі. Физиология
негіздерін жеткілікті білу дәрігерге нақты диагноз қоюға және тиімді
емдеудің амалын дұрыс анықтауға мүмкіндік береді.
Физиологияның жас ерекшеліктеріне байланысты саласы педагогика,
психология, валеология және дене тәрбиесі ғылымдары үшін өте қажет.
|