Созылмалы тәжірибе әдістері – жануарларға асептика және антисептика
принциптерін сақтау арқылы наркоз беріліп, операция жасалады. Зерттеу
жұмыстары олар жазылғаннан кейін біраз уақыт өткен соң жасалады. Бұл
әдісті физиологияға алғашқы енгізген И.П.Павлов болып саналады. Соның
нәтижесінде ол асқорыту жүйесінің қызметінің жүйкелік (шартты және
шартсыз рефлекстік) және гуморалдық реттелу механизмдерін дәлелдеді.
Электрофизиологиялық әдістер – қозғыш тіндер мен жеке мүшелерде
және толық организмдегі биоэлектрлік құбылыстарды және әртүрлі электрлік
емес көрсеткіштерді (ультрадыбыс, электрормагнит толқындары, т.б.)
күшейткіштер мен тіркегіштер қолданып тіркеу. Оған қазіргі кездегі
физиологиялық және диагностикалық әдістер мен аспаптар жатады (ЭКГ,
ЭЭГ, ЭМГ, ФКГ, аудиометрия, термовизиометрия, ультрадыбыстық
эхолокация, компьютерлік томография, т.б.). Сонымен бірге, қазіргі кездегі
қыртыс асты және бас миы құрылымдарының күрделі қызметтері туралы
ғылыми нәтижелер стереотаксистік техниканы пайдаланып, микроэлектрод
енгізу арқылы алынған.