Құрметті turksoy халықаралық Түркі Мәдениет ұйымының Бас хатшысы Дуйсен Қорабайұлы Қасеинов мырза!



бет59/109
Дата10.05.2023
өлшемі0,89 Mb.
#91606
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   109
Байланысты:
sciPaper105546

Keywords: Kaykaus, world-view, view, opinion, culture, cultural heritage.

Халық пен мемлекеттің мәдениетінің тарихын үйрену, талдау мен зерттеу, жаңарту істері, оның көпшілікті әсересе, өскелең ұрпақты, оқыту мен тәрбиелеудегі құндылығын таныту, қазіргі әрбір сауатты әрі мәдениетті адамның парызы. Адамзат өркениетін одан әрі тарихи дамыту қажеттілігінен туындаған қоғамды жаңарту процесі, педагогикалық ғылымдар саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын белсендіру үшін күшті серпіліс әкелді және қоғамның әлеуметтік-экономикалық, педагогикалық тұрғыдан дамуына, методикалық қадамдар қатарын қайта қарауға себеп болды. Өткеннің мұрасын зерттеу мен меңгеру барысында адамзаттың рухани дамуының ең жақсы жетістіктерін, оның бай адамгершілік тәжірибесін молайту мүмкіндігі туады.


Аталған мәселе ортағасырлық педагогика мен мәдениет тарихында жеке тұлғаның дамуымен, оның өнегесімен және рухани ізденістерімен байланысты мәселеде барынша шоғырланып берілген. Сондықтан да, өз бойына көпғасырлық өнегелік тәжірибені жинақтаған, педагогикалық мұраларды терең әрі жан-жақты зерттемей, өткеннің педагогикалық құндылықтарын меңгермей өнегелік сананың даму заңдылықтарын ұтымды тану екі талай, сондай-ақ тәрбиедегі табыстарға өткеннің тәжірибесін шығармашылықпен игергенде ғана қол жеткізуге болатындығы ҚР «Білім туралы» Заңында ерекше атап көрсетілгеніндей, төл мәдениетіміздің қайнар көздерінің бірі саналатын ортағасыр мұраларын ғылыми тұрғыдан зерттеп, оқу-тәрбие үдерісінде пайдалану педагогика ғылымындағы келелі мәселелердің бірі.
Бұл тұрғыда, ортағасырлық ғылым мен мәдениеттің көрнекті өкілдері әл-Фараби, ибн Сина, Закария Рази, әл- Беруни, Кайқауыс, Ж. Баласағұни т.б. педагогикалық көзқарастарын зерттеп талдаудың мәні зор. Олардың мұраларында, білімнің әртүрлі салаларымен қатар, педагогика ғылымы да маңызды орындардың бірін алады. Педагогика олардың ғылыми мұраларында ислам идеологиясының өнімі болып табылады деуге де болады және ортағасыр халықтары мен олардың мәдениетінің педагогикалық дәстүрінің негізін білдіреді. Оларда әлеуметтік детерменизацияның, яғни өнегелік өмірдің негізгі мәселелерінің бірлігі қаралады. Демек, ортағасырлық мұралар әлеуметтік-адамгершілік қатынастардың басқа нұсқасы, архитипі болып табылады.
Шетелдік және отандық ғалымдар тарапынан ортағасырлық ойшылдар қалдырған рухани мұраларды теориялық тұрғыдан ұғынуға деген талпыныс көптен бері жасалуда. Қазіргі таңда олардың көзқарастарының негізгі мәселелері зерттелген, олардың педагогикалық жүйесіне тән әртүрлі мәселелер қарастырылған. Бұл зерттеулер өздерінің жиынтығында, фактологиядан бөлек маңызды теориялық потенциалдан тұрады. Сондай мұралардың бірі ХІ ғасырды өмір сүрген тамаша педагог-ғалым Кайқауыстың "Қабуснамасы". Біз еңбекті зерттемес бұрын алдымен еңбектің авторы Кайқауыстың өмір сүрген кезеңі мен сол кезеңдегі тарихи экономикалық әлеуметтік жағдайларға тоқталып кеткенді де жөн көрдік.
Кайқауыс ұлы Саманилер империясы құлағаннан кейінгі постсаманилер кезеңінде өмір сүріп, еңбек етті. Бұл уақытта өзара тартыс, соғыс нәтижесінде Хорасан мен Мавераннахр аймағында саяси кеңістікте Карахандар, Газневилер, Селжұқтар және Гурилер сияқты әртүрлі феодалдық мемлекеттер пайда болды [1]. Кайқауыс дәуірінің әлеуметтік-мәдени өміріне талдау жасамас бұрын, Саманилердің әлеуметтік-саяси және мәдени ортасының беталыстары мен дәстүрлерінің ғалым-педагог Кайқауыс дүниетанымына ықпалы болғандығын, екіншіден, Кайқауыстың тек қана жазушы-педагог емес, Х-ХІ ғғ. Иранның оңтүстік бөлігін билеген әйгілі зиярилер әулетінің өкілі болғандығын ескерген жөн.
Кайқауыс Газневилер мен Селжұқтар тұсында өмір сүріп, шығармашылық еткендіктен, Карахандықтар, Газневилер және Селжұқтар арасындағы қақтығыс салдары мен соғыстың әртүрлі формаларынан туындаған күрделі де тұрақсыз әлеуметтік-мәдени факторлар сол дәуірдің әлеуметтік-мәдени өмірінің негізгі беталыстары мен оның Кайқауыс дүниетанымына әсер етуін анықтауда біршама қиындық туындатады. Рухани мәдениеттің даму сипаты мен деңгейін қоғамдық даму сатысына қарай анықтауға болады. Материалдық және рухани факторлардың, әсіресе, біріншісінің басымдығы негізінде мәдениет дамуының тарихи заңдылықтарын, ХІ ғ. Орта Азия халықтары ойшылдарының педагогикалық көзқарастарының ерекшеліктерін жеке зерттеуге болады.
Х-ХІ ғғ. тарихи жағдайларға бай кезең, әрі осы уақытқа тән басты ерекшелік экономика, мәдениет, ғылымның гүлденуі болды. Бірақ, ондағы феодалдық мемлекеттік биліктің үздіксіз саяси өзгерісімен түсіндірілетін қоғамдық қатынастар мен таптық күрестер аса күрделі болды. Х-ХІ ғғ. Орта Азия бүкіл Жақын және Орта Шығыстағы дамыған аудандардың біріне айналды. Орта Азияның басқа елдермен экономикалық және мәдени байланысы Орта Азия халықтары мен көршілес халықтардың да шаруашылық және мәдени өмірінің дамуына үлкен әсер етті.
Орта Азиядағы Саманилер дәуірі мәдени өмірдің гүлденуімен сипатталады. Ғылым, әдебиет, сәулет өнері, көркем өнер ерекше гүлдену шегіне жетті [2]. Тарихи деректерде көрсетілгеніндей, Саманилер билік құрған тұста Кайқауыс дәуірінің саяси-қоғамдық өмірінде ислам дінінің беделі жоғары болды. Шығыстанушы И. Жеменейдің деректеріне сүйенер болсақ, Ислам дінінің Түркістан өлкесі, Иран жеріне енген аралық пен ХІІІ ғ. Шыңғысхан жорығына дейінгі аралықта екі елдің мәдени және рухани қарым-қатынастары мұсылмандық дүниетаным тұрғысында жүргізілді.
Орталық Азияда ислам дінінің өркендеп, қанат жаюы сол кездегі саяси жағдайлармен тікелей байланыста болды [3]. Демек, Кайқауыс дәуірінде шындыққа жанасатын бір ғана мәселе, ол – ислам діні, ислам мәдениеті, ислам әдебиетінің парсыларға да, арабтарға да, түркілерге де ортақ болғандығы. Балхалық аристократтық отбасы – Саманилердің өрлеуі, билікке заңды ирандық әулеттің келгендігін білдірді. Ал Саман билігінің негізін Исмайыл (849-908 жж.) қалады. Исмайыл билік құрған тұста Саман билігінің астанасы – Бұхара болды. Қала тұрғындары жақсы тұрмыс кешті. Х ғ. экономикалық салым феодалдық сипат алып, өнеркәсіп, базар және керуендік сауда-саттық түрлері Саманилердің ерекше қолдауына ие болды.
Экономикалық базаның және билік басындағылар мен уәзірлер саясаты арқасында мәдениет өркендеудің шегіне жетеді. Ирандық және түркілік әлемде Бұхара мен Самарқанд басты рөлді ойнайды. Бұхара қаласы ирандықтардың ғылыми, әдеби, мәдени, өнер орталығына айналды. Саман әулеті билік құрған тұста парсы тілінің мәдениеті мен әдебиетіне ерекше көңіл бөлінді. Иран мен Орта Азия облыстарында араб-иран ғылымы мен әдебиеті гүлденеді. Саманилік кезеңнің екінші жартысында ғылыми прозаға жаңа парсылық тіл кірігеді. Себебі, араб халифатының екі ғасырға жуық саяси-мәдени үстемдігі салдарынан Иран жеріндегі парсы тілінің қолданыс аясы тарылып, жойылуға шақ болатын.
Осы сәтте Саман әулетінің саяси аренаға шығуы парсы тілінің қайта тіріліп, кеңінен қанат жаюына оң ықпал жасайды. Иран ақындарының өз шығармаларын парсы тілінде жазуларына мүмкіндік туды. Мұндай ізгі бастаманы Шаһ Исмайыл өзі бастап берді. Ол сол кездегі Иран тарихынан хабары бар барлық оқымыстылар мен тарихшыларды жиып, «Иран патшалығының тарихын» жаздырады [4]. Әйгілі туындылардың бірі Фирдоусидің «Шахнамесі» осы тұста туындайды және ең маңыздысы автор «Шахнамені» парсы тілінде жырлап, шығарманы жырлаудағы мақсатын: «Отыз жылдай тауқымет шегіп ана тілімді тірілттім, Сол арқылы парсыларды өз тіліне жүгінттім» деген жолдар арқылы білдіреді [5].
Міне, осы фактілермен-ақ, парсы тілі, парсы мәдениетінің түркі халықтарының территориясына таралып, түрікшеден басым түскенін ашуға негіз туады. Кайқауыс «Қабуснамасы» да осы игі бастама жемісі. Уақыт өте келе, Саман билеушілері арасында іріткі істер пайда болып, Х ғ. басында қарама-қайшы екі көзқарас салдарынан саяси дағдарыстар бой көрсетеді. Бұл қайшылықтар ұлы державаның ыдырауына әкелгенімен, танымал саманилік билік кейінгі ұрпаққа үлгі тұтарлықтай болып қалды.
Осы кезде Жетісу мен Қашғар өлкелерінде саяси сахнаға Қарахандықтар (942-1123 жж.) билігі шығады. ХІ ғ. басында Қарахандықтардың Орта Азияны жаулап алуы халықтың өмірін жақсартуда түбегейлі өзгерістер әкелуімен, халықтың кедей қабатының көшпеліліктен отырықшылық өмірге көшіп, егіншілікпен, өнеркәсіппен айналысуына, қалалық тұрғындар мен ірі елді мекендер саны артуына ықпал етуімен ерекшеленеді. Мемлекетті басқару жүйесі түбегейлі өзгерді. Ол, жаңа саяси құрылым – орталықтандырылғаннан, қарахандық үйлер мүшелері басқаратын ұсақталған Илек-хандар сияқты жекеменшік бөліктерге айналды.
Мемлекеттің ұсақтануы өзара тартыстар мен қақтығыстарға жиі әкелді. Қарахан әулеті билігі тұсында сәулеттік құрылыстың тамаша үлгілерін құрметтеуге және ғылым мен мәдениеттің дамуына аса қамқорлық жасалды. Бұхарадан Шығысқа қарайғы Мелик даласындағы сәулет өнерінің тамаша ескерткіші – Рабат-и-Мелик құрылысы салынды. Бұл кезеңде, Қабус Мұнарасы және тамаша сәулет өнері қатарлары пайда болды. Орта Азияның көне қалаларының бірі – Пайкендті қалпына келтіруге талпыныс жасалды. Ғылым мен мәдениеттің, әдебиет пен өнердің салыстырмалы түрдегі қарқынды өрлеуі байқалады [3].
Қарахандықтар 1008 ж. Бәлх маңында ғәзнәуилермен соғысады. Бұдан кейін, саяси билікке жаңадан қол жеткізген түркітілдес селжұқтармен (1040-1157 жж.) қақтығысып, үлкен соққыға ұшырайды. Қарахандықтар мүлдем жойылып кетпесе де, саяси қуаты бірте-бірте әлсіреп, саяси аренадан алшақтай береді. Билікке Селжұқ билеушісі Мәлік Шаһ (1072-1092 жж.) келеді. Ал 1130 ж. келесі бір селжұқ билеушісі Сұлтан Санжар (1118-1157 жж.) Самарқанды жаулап алады. Селжұқ әулетінің өкілдері Газналықтарға қарсы алты жылға жуық күресіп, 1040 ж. Дандонакон түбіндегі шайқаста жеңіске жетеді. Осы тарихи оқиғадан кейін Селжұқ билеушісі Торгул өзін Хорасанның жоғарғы билеушісімін деп жариялап, қысқа уақыт ішінде Табаристан, Хорезм, Гурган, Әзербайжан және Иранның кейбір облыстарын жаулап алады [7]. Кайқауыс өзінің «Сұлтан Торгул бектің Хорасан уәзірлерінің біріне уәзірлік қызметін бергісі келгендігі туралы әңгімесінде» осы Торгул туралы баяндайды [8]. Селжұқтар сауатсыздығына орай, ирандықтардан құралған әкімшілік аппаратқа сүйеніп, мұсылмандық-парсылық мәдениетті қолдайды. ХІ ғ. ғылым мемлекеттік билікке тәуелді болады. Билік басына жаңа келген Селжұқтар да Иран әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне белгілі бір деңгейде ықпал етеді.
Демек, Кайқауыс өмір сүрген тұста Орталық Азияда тарих сахнасына әртүрлі әулеттік бірлестіктер шығып, олардың көпшілігі сол кездегі саяси биліктер арасындағы қақтығыстарға төтеп бере алмағандықтан тарих көшіне ілесе алмай, еріксіз ыдырап кеткендіктері байқалады. Бірақ, Орталық Азиядағы саяси биліктер арасындағы қақтығыстарға қарамастан үштіктің – араб, парсы, түркі халықтарының ғалымдары мен ақындарының арасында білім алмасу мен рухани қарым-қатынас арта түспесе, кеміген жоқ.
Керісінше, тікелей қарым-қатынас салдарынан араб әдебиеті мен мәдениеті түркі халықтарына көбіне парсы ғалымдарының ықпалымен жетіп отырса, түркі халықтарының да араб пен парсылардың қатарында ұлттық сана-сезімінің оянуы осы дәуірлерге тән. Қорқыт ата, Ж. Баласағұни, М. Қашғари, А. Йассауи еңбектері оның айғағы. Бірақ, Иран әдебиеті мен өнері, мәдениеті өзінің шарықтау шегіне Саманилер тұсында қол жеткізеді. Атап айтқанда, көркем сөз шеберлері – Рудаки, Дакики, ғалым-ойшыл Әбубакир Рази, Фирдоуси, ғалым-жаратылыстанушы әл-Беруни, философ А. Нотили, ғалым-энциклопедист ибн Сина, ойшыл-моралист ибн Мискавейх, медицина саласындағы танымал ғалым ибн Нух Камари, тарихшылар Абуфазл Балъами мен Мухаммод Наршохи т.б. осы Орта Азиядағы Саманилер билік құрған дәуірде өмір сүріп, шығармашылық етті [9].
С. Нафисидің ескертуі бойынша, «V ғасырдың бірінші жартысында, осы кітаптың авторы өмір сүрген шақта («Қабуснама») ғылым мен ағартушылық ісі кемелденудің жоғарғы сатысына жетті және ұлы ғалымдар біздің елдің әртүрлі бұрыштарында өмір сүрді. Біздің ел әртүрлі әулеттер арасындағы қанды соғыстар мен әскерилердің жиі шапқыншылықтарының орны болса да, олар ғылым мен әдебиеттің дамуына кедергі бола алмады. Сондықтан, V ғасырдың бірінші жартысын әрі соғыстың уақыты, әрі ғылым мен әдебиеттің уақыты деп мойындауға болады» [10]. Бір қарағанға, талданған кезеңде әдебиет пен ғылым өз деңгейінде дамыды деп негіздеу аса қисынды бола қоймайды.
Бірақ, Саман әулеті құлағаннан кейін пайда болған Қархандықтар, Газналықтар, Селжұқтар және Хорезмшахтықтар оларға еліктеп, сол кездегі астаналар Газна, Баласағұн, Мерв және Үргенджді мәдени орталықтарға сай құрғанын ескерген жөн. Бұл қатарға, сөзсіз, әл-Беруни, ибн Сина, ибн Мискавейх, Масъуд Саъд Салман т.б. жатады. Бұл кезеңде өнегелі-дидактикалық прозаның ерекше дамуы да қызығарлық факт. Бұл тақырып бойынша Кайқауыстың (1083 ж. өлген) «Насихатнаме» немесе «Қабуснамасы», Ансаридің (1088 ж.) «Насоехі» («Сентенции»), Газалидің (1111ж.) «Насихат-ул-мулукі» («Назидания правителя») сияқты жеке шығармалары жазылды [11].
Ғылым, әдебиет, ислам теологиясы, шешендік өнер мен тарих жоғарыда көрсетілген әулеттік үйлерден бөлек, ортағасырлық жалпыға танымал мәдени орталықтар медреселерде де дамыды. Медресе ашудағы көрнекті ұйымдастырушылардың бірі Кайқауыстың замандасы ғалым, жазушы, саясаткер, Селжұқтар сарайының уәзірі Низамулмулк болды. Сондықтан, «Х-ХІІІ ғғ. медресе мектептік ұйымдардың жоғарғы түрі ретінде Орта Азияның барлық облыстарына тарап, феодалдық қалалардың сәулеттік келбетінің ажырамас бөлігі болғандығы таң қалдырмайды... Х-ХІ ғғ. Бұхара, Хорезм, Мерв, Нишапур, Балх, Газнада сан алуан медреселер кітап қоймаларымен бірге қызмет етті» [12].
Демек, Қарахандық, Газналық және Селжұқ әулеттерінің бірқатар өкілдерінің, бір жағынан, Саманилердің озық дәстүрлеріне еліктеп, екінші жағынан, астаналарда ірі сарай кітапханаларын ашумен бірге, сарайдың беделі мен салтанатын нығайтып, арттыру үшін ғалымдар мен ақындарға аса үлкен ықыласпен қарағандығы кедейсоқтық емес. Мәселен, сол кезеңдегі ең танымал, кітапханалардың бірі Сұлтан Махмұдтың Газналық кітапханасы. Автордың айтуы бойынша танымал ақын Масъуд Саъд Салман Газналық Сұлтан Махмұдтың сарай кітапханашысы болған. Оның сарайы маңында 400-ге жуық ғалымдар мен әдебиетшілер өмір сүріп, еңбек еткен [13].
Дәуірдің үстемдік етуші идеологиясы ислам діні болғанымен шииттер арасында әртүрлі деңгейдегі қарсылықтар жүріп, олардың кейбіреуі өз бейнесін «Қабуснамада» тапты. Аталған рухани фактормен қатар қоғамның дамуында материалды мәдениет те белгілі рөл атқарды. Орта Азияның ортағасырлық қалаларының гүлденуіне себеп болған өнеркәсіп түрлері ерекше дамыды. Ғалымдар мәліметі бойынша, бұл кезеңде өнеркәсіптің, араларында қазіргі таңда әлемнің әртүрлі мемлекеттерінің белгілі мұражайларын немесе жеке жинақтарын көркейтуде өзіндік орны бар, жоғары көркемділік деңгейінің көптеген үлгілері болған шыны, күйіктас, металл, ұсталық, тоқыма өнімдері жақсы дамыды [14].
Сонымен, идеялық бастаулар мен ғылыми зерттеу әдебиеттерін талдаудан, Саманилердің орталықтандырылған мемлекеті құлағаннан кейін, саяси сахнаға бірінен кейін бірі әртүрлі әулеттер – Қарахандықтар, Газналықтар, Селжұқтар, Хорезмшахтықтар шыққандығы және олардың арасында қанды сұрапыл қарсылықтар мен соғыстар болғандығы анықталды. Көрсетілген қарсылықтар астарында сөзсіз, әртүрлі діни идеологиялық қақтығыстар не келіспеушіліктер болғандығын атап өткен жөн. Дегенмен, мұның бәріне қарамастан, бұл дәуірдің экономикалық, әлеуметтік, саяси, ғылыми және мәдени өмірі аса жақсы деңгейде дамыды. Ғалым-ойшылдар мен әдебиетшілердің, солардың бірі Кайқауыс, дүниетанымының қалыптасуына себеп болған материалдық және рухани мәдениет салаларында да үлкен жетістіктерге қол жетті, оны сызба түрінде төмендегідей көрсетуге болады (Сызба-1).
Сызба1- Кайқауыстың дүниетанымына ықпал етуші факторлар.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   109




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет