Summary
The article provides works of Kazakh intelligence, national pedagogical values on forming aesthetic culture of yout
Keywords:National pedagogic, aesthetic culture, forming, intelligence
Эстетикалық тәрбие рухани – адамгершілік құндылықтарды әсемдік арқылы, көркем мәдениет арқылы, халықтар мен дәуірдің әлемдік көркем құндылықтары арқылы, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарын зерделеу арқылы қалыптастыруды көздейді. Адам бойында қазіргі кезең дамуының маңызды міндеттері болып саналатын өнер құралдары арқылы анағұрлым жоғары сана-сезім, тұжырымдамалы ойлауға қабілет, әлемді тұтас бағамдай білетін, өзінің дербес шығармашылық қызметімен әлемдік құндылықтар туралы танымын толық іске асыратын, ұжымда жұмыс істеуге бейімді, мәдениет әлемінде және адамдармен қарым-қатынаста қалыптастыру тұрғысынан қарастырылады[1].
Білім беру жүйесінің басты міндеті – жеке тұлғаның ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде қалыптасуы мен дамуы және оның кәсіби жетілуі үшін қажетті жағдайлар жасау; баланың тәрбиелену, білім алу және жан-жақты қалыптасу, ана тілін, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау, ақпараттану, денсаулығын нығайту сияқты құқықтарын іске асыру болып табылады. Осы қасиеттерді білім алушылардың бойында қалыптастыру мен дамыту Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің маңызды міндеті ретінде қарастырылады.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасында оқушыларды ұлттық өнердің ішкі мазмұнымен, жетістіктерімен таныстыру, оқушылардың шығармашылық жұмыстарынан көрме ұйымдастыруды дәстүрге айналдыру мәселелері көзделген. Аталған идеяларды жүзеге асыру жалпы білім беретін мектептердегі оқу-тәрбие үрдісіне жаңа талаптар қою, оған құрылымдық, мазмұндық тұрғыдан өзгерістер енгізу арқылы мүмкін болатыны белгілі.
Жеке тұлғаның рухани жан-жақты дамуының қайнар көзі білім мен ғылымды қоғам талабына сай дамыта отырып, жас ұрпақ бойында имандылық, адамгершілік қасиеттерді, көркемдікті, әсемдікті, эстетикалық талғампаздықты қалыптастыру басты міндет болып есептелінеді.
Ш.Уалиханов «табиғат көріністерінен эстетикалық ләззат алып, сұлулық, әсемдік, тартымдылық және ұнасым мен үндестік атаулыны сезімтал сергек көңілмен қабылдау қажет» – деп табиғаттың сұлулығын тану адамдарға рухани күш беретіндігін айтқан болатын[2].
Жасөспірімдерге эстетикалық тәрбие беруде халық мұрасының тәрбиелік күшін ұлы Абай да жоғары бағалаған. Жасөспірімдерге сұлулық, әдемілікке деген көзқарасын, рухани сезімін тәрбиелеп қалыптастыруда Абай өлеңдерінің орны ерекше. Жыл мезгілдеріне арналған өлеңдері туған жердің сұлу табиғатын, адамдардың көңіл-күй сезімдерінжырлауымен дараланады. Балалардың туған жер табиғатын, тауы мен тасын эстетикалық тұрғыда қабылдай білуге тәрбиелейді. А.Құнанбаевтың қара сөздеріндегі философиялық ой-пікірлері оның табиғат заңдылықтарын терең пайымдай алуымен бірге оған байланысты ғылыми көзқарастарын да танытады. Ол табиғаттың бар байлығы адам баласының аузына тосып, таусылмас азық болып отыратындығын көрсете келіп, өзіне махаббат қылса, сен де оған қылмағың парыз», – деп өскелең ұрпақты табиғат ананы аялап сүйе білуге үндейді [3].
Ойшыл ақын С.Торайғыров «халықтың әні кетсе, табиғат жесір қалады, сәні кетеді. Сәні кетсе, жөні кетеді» деп тегіннен тегін айтпаған. Ақынның көтерген тәрбиелік мәселесінің бірі – рухани даму, рухани тәрбиенің өзегі – ана тілін құрметтеу, тілге деген сүйіспеншілік. Ұлттық тіл арқылы жастарымыздың сана-сезімі, ой өрісі кеңейіп, әдет-ғұрпын қастерлеуге деген көзқарастары қалыптасады деген ой түйді [4].
Қазақ зиялылыарының бірі М.Жұмабаев өзінің «Педагогика» еңбегінде «Әр адамның сұлулық сезімдері әр түрлі нәрседен оянымпаз болады. Біреудікі – музыкадан, біреудікі – сұлу суреттен, ал біреудікі – поэзиядан. Искусствоның әйтеуір бір түрінен ләззат алмайтын, біреуіне құмар болмайтын адам болмайды, ал тәрбиенің міндеті – балада искусствоның қандай түріне ынта бар екенін тауып, сол ынтасын, қызығушылығын, сол түр туғызатын сұлулық сезімдерін оятып, өркендету», – деп эстетикалық тәрбиенің бала дамуындағы маңызына ерекше тоқталған [5].
Педагогика ғылымының тарихында өзіндік орны бар ағартушы-педагог М.Жұмабаев өз еңбектерінде ежелгі Шығыс ғұламаларының ой-пікірімен үндестіре, Абай тұжырымдарымен байланыстыра отырып, сана-сезімі мол, мінезге бай толық адам тәрбиелеу мәселелерін көтереді. Балалардың рухани жан дүниесін қалыптастырып, эстетикалық тұрғыда тәрбиелеу туралы өзіедік ойлары «Педагогика» еңбегінде айқын көрінеді. Бұл еңбекте ақын сұлулықты, әсемдікті әр қырынан ашып, тәрбиелеу жолдарын өзінше түсіндіреді. «Баланы сұлу өнермен терең таныстыру керек. Бала неше түрлі сұлу үндерді естісін, неше түрлі сұлу түстерді, түрлерді көрсін, сұлу сөздер, сұлу өлеңдер жаттасын. Міне, осыларды істесе, сұлулық сезімдер өркендейді» [5].
А.Байтұрсынов тәлім-тәрбиелік тағылымдарынана да қазіргі күн талап-тілегімен ұштасатын тың идеяларды кездестіреміз. Ол өнер ғылым арқылы жасалады дей келе, адамның рухани сұраныстарын өтеуге қызмет етеін өнердің түрлерін талдап көрсетеді. Сәулет өнері, кескін өнері, музыка өнері, сөз өнері адамды әсемдікті көре білуге, табиғат сырларын танып білуге тәрбиелейтіндігін ашып айтады [6]
Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті қайраткерлерінің бірі Ж.Аймауытовтың да бүгінгі ұрпаққа беретін тәлім-тәрбиелік ойлары жетерлік. Жастардың рухани тәрбиесінің қайнар көзі – білімді өте жоғары бағалайды. Білім негіздерінің ана тілі арқылы меңгерілетінін айтады. Халық қазынасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін халықтың тілі деп, оның қоғамдық рөлін, адамзат баласы жасаған бар рухани-мәдени байлықты меңгерудің басты құралы екенін көрсетеді. Сондай-ақ адам баласының мәдениет тарихында өнердің көрнекті орын алып келгенін, өнерсіз қоғамның дамуы рухани байлықтың молаюы мүмкін еместігіне тоқталып, ұлт мектептерінде әуелі кескін мен әуез өнерін, яғни ән-күй үйретуге негіз салу керектігін, әр баланың өнерпаздық қасиетін тәрбиелеу қажеттігін баса айтады [7].
Жоғарыда аталған ғұламалар өзінің тарихын, түбі мен тегін, қадірі мен қасиетін білгенде ғана олардың бойында ұлттық намыс болады деп айқын көрсеткен. Ендеше ұлттық рухани-эстетикалық тұрғыда жетілген толыққанды азамат тәрбиелеу сол ғұламалар өмір сүрген қоғамның да өзекті мәселесіне айналғандығын көреміз.
Оқушыларға эстетикалық тәрбие берудің педагогикалық негіздерін айқындау «эстетикалық тәрбие», «эстетикалық талғам», «эстетикалық ләззат», «эстетикалық мұрат», «сұлулық», «әсемдік, әдемілік», «көркемдік», т.б. ұғымдарын тәрбие тұрғысынан қарастырумен тығыз байланысты. Бұл ұғымдардың мәні мен мазмұнын логикалық тұрғыдан талдау арқылы мәнін ашуда алдымен ғылыми әдебиеттерде, сөздіктерде берілген анықтамаларға назар аудардық.
Философиялық, педагогикалық және психологиялық сөздіктерде эстетика ұғымы эстетикалық мәдениетті қалыптастыру тұрғысынан қамтылады.
Педагогикалық сөздікте «эстетикалық тәрбие – оқушыларда эстетикалық білім, талғам, мүдделер және қажеттіліктерді дамытудың, тәрбиелеудің мақсаты және жоспарлы үрдісі», – деп атап көрсетеді. Эстетикалық тәрбие берудің негізгі құрамдас бөлігі көркемдік білім және көркемдік тәрбие. Көркемдік білім және көркемдік тәрбие ұғымының мән мағынасын ашып көрсетуде «көркемдік білім өнер және көркемдік шығармашылық әлемінен дүниетанымдық ұстанымын қалыптастыру, білім, білік, дағдыны өзара бірлікте менгеру үдерісі тұрғысынан қарастырылып, ал көркемдік тәрбие – оқушының бойында өнерді сезіну, түсіну, бағалау, сүю және онымен рахаттана білу үдерісі, көркемдік шығармашылық іс-әрекеттің қажеттілігі және эстетикалық құндылықтарды қалыптастыру», – деп тұжырымдалады [8].
Эстетикалық сезім адамның моралдық және адамгершілік бейнесіне асыл қасиет беріп тұрады, сондықтан да жоғары сынып оқушыларының эстетикалық сұлу сезімдерін, мәдениетін, талғамы мен қызығуын қалыптастыруды пән сабақтары мен сабақтан тыс уақыттағы жұмыстарда дамытып отырудың қажеттілігі осында.
Қоршаған өмірдегі тамаша құндылықтарды әдемілік пен сұлулықты қабылдау қабілеттілігін қалыптастыру. Әдемілік, сұлулық, талғам құндылықтарына деген қызығушылық пен осы мәдениет саласы бойынша негіз қалыптастыру.
Эстетикалық іс-әрекетке тарту әдісі жеке тұлғаның бойында тұрақты эстетикалық дағды, көркем сипаттағы эстетикалық талғамын қалыптастырады. Бұл әдіс эстетикалық нанымын қалыптастыру тәсілдерімен ұштаса келе, тұлғаның мінез-құлқына, сана болмысына ықпал етеді. Ал дағды мен әдет қалыптастыру үшін оқушы тұлғасына біртұтас ықпал етуді ұйымдастыру жолдары қарастырылады. Бұларға күнділікті тұрмыста және арнайы ұйымдастырылған іс-шаралар мен білім алу арқылы эстетикалық тәжірибе жинақтау, көргенін қайталау, тапсырмаларды орындау жатады. Эстетикалық дағды іс жүзінде шығармашылық іс-әрекетке қатысу, араласу барысында оның нәтижесі ретінде қалыптасады. Табиғат – сұлулықтың мәңгі бақи таусылмас қайнар көзі, ол эстетикалық тәрбие берудің ең маңызды құралдарының бірі болып саналады. Сондықтан да адамның табиғат сұлулығына қатынасы эстетикалық қатынас деп қарастырған дұрыс. Табиғат пен көркем шығармалар арқыыл бейненің ішкі үйлесімділігі қамтамасыз етіледі. Демек, халық композиторлары мұралары арқылы эстетикалық тәрбие беруді экологиялық, адамгершілік т.б. тәрбиенің түрлерінен бөліп қарастыруға болмайды. Табиғатты эмоциялық сезіммен қабылдау оған деген эстетикалық қатынастың бастапқы негізі болып саналады. Мұғалімнің маңызды міндеті эстетикалық сезімді байыту ғана емес, сонымен бірге табиғатқа адал қатынастағы адамгершілік-эстетикалық жағын да дамытуды оның сұлулығын молайтуға ұмтылдыруы қажет.
Өз шығармасында өнерді эстетикалық тәрбие мен руханилылықтың құралы ретінде көрсете отырып, өнер дегеніміз ойын емес. Бұл тек адамдардың өзара қарым-қатынасы, бұл қарым-қатынас оларды сол бір сезімдір арқылы байланыстырады деген өз тұжырымдамасын береді.
Осы орайда ғылыми еңбектерін эстетикалық тәрбие, жалпы эстетикалық мәдениет саласына арнаған ғалымдар эстетикалық тәрбие – сұлулық пен эстетикалық даму заңдылықтарына сай сұлулық пен әсемдікті бағалай білу қабілетін жетілдіруге бағытталған мақсатты жүйе деп қарастырады.
Қандай да болсын өнер түрі қоршаған шындық болмысының құбылыстарын бейнелейтін, өзіне тән көркемдік құралдары арқылы баланың санасына әсер ете отырып, оның сұлулық туралы алғашқы түсінігін, қоршаған өмір шындығына эмоциялық қатынасының қалыптасуын сапалы дәрежеге жеткізетін танымдық мүмкіндігін кеңейтеді.
Достарыңызбен бөлісу: |