Бактериялардың спора түзу қабілетін М.А. Пешков ұсынған әдіспен анықтау.
Зерттелетін бактерия культурасының жұғындысын дайындап оттың жалынында кептіреді. Кептірілген препаратқа Лефлер әдісі бойынша дайындалған метилен көгі бояуын тамызады да оттың жалынында 15-20 секунд қайнатады. Препарат салқындаған соң сумен шайып тастайды да 30 секунд нейтралды қызыл бояудың 0,5 % сулы ерітіндісімен бояйды. Содан кейін препаратты дистилденге сумен шайып тастап, кептіреді де микроскоптан қарайды.вегетативті клеткалары қызғылт түске боялады, споралары көгілдір немесе көк түске (культураның жасына байланысты) боялып көрінеді.
Ожешко әдісімен бактериялардың спора түзу қабілетін, спораның орналасуын анықтау. Бекітілмеген, бірақ кептірілген препаратқа 0,5% хром қышқылын құйып, 5-10 мин кейін оны шайып тастайды. Препаратты фильтр қағазымен жауып, Цильдің карболды фуксин бояуын тамызады. Жалынның үстіне қойып, бу пайда болғанша қыздырады. Содан кейін тағы да бояу құяды. Осылайша 7 мин жасайды. Бояғыш буланып, ал қағаз кеппеуі керек. Суыған соң қағазды алып тастап, препаратты сумен шаяды, фильтр қағазымен жақсылап сусыздандырып алады. Осылай өңдеудің нәтижесінде споралар клеткамен бірдей боялады. Одан кейін цитоплазманы түссіздендіру қажет, ол үшін 1% HCl немесе 1% H 2SO4 15-30 секунд өңдейді. Түссізденген препаратты сумен шайып, қосымша метилен көгімен 2 минут аралығында бояйды. Препаратты тағы да сумен шайып, сусыздандырады. Егер препарат дұрыс дайындалған болса, спора ашық қызыл түске боялады да, цитоплазма көк аймақта айқын байқалады (21 сурет).
«Ілінген тамшы» және «Жаншылған тамшы» препараттарының көмегімен бактериялардың қозғалысын сипаттау. «Ілінген тамшы» препараты микроорганизмдердің көбеюін бақылауда, споралардың түзілуін және дамуын зерттеуде, сонымен қатар қозғалғыштықты бақылауда қолданылады. Бұл препаратты дайындау үшін арнайы ойығы бар шыны қолданылады. Жабынды шынының бетіне вазелин жағады, ал ортасына бактериалды дақылдың тамшысын енгізеді. Одан кейін тамшы ойықтың ортасында тұратындай етіп заттық шыны үстіне жабынды шыныны жабады.
Тамшы ойықтың үстінде, ойықтың түбіне де, шетіне де тимей ілініп тұруы қажет.
«Жаншылған тамшы» препараты микроорганизм клеткаларының пішінін, олардың мөлшерін және орналасуын, спора түзулерін, қозғалғыштықтарын зерттеу үшін қолданылады.
Препаратты дайындау үшін заттық шыныға бір тамшы су тамызып, оған тұзақпен зерттеу материалын енгізіп, араластырады да, жабынды шынымен жауып, микроскоп арқылы зерттейді.
Сурет 21 – Bacillus туысы бактериясының әртүрлі түрлерінің клеткасындағы эндоспораның түрлері орналасуы