Сабақтың тақырыбы: Темір дәуіріндегі Қазақстан. Сабақтың мақсаты



бет6/8
Дата03.12.2023
өлшемі178,06 Kb.
#133364
түріСабақ
1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
4. Темир дауириндеги Қазақстан

Қолөнер мен зергерліктің дамуы. Сақтар әшекей бұйымдар жасауда нағыз зергер болған. Жасаған бұйымдары керемет сәнді, көзтартарлық әсем болуымен ерекшеленеді. Оларда белгілі бір ұшқыр ой, ғажайып қиял, философиялық терең түсінік бейнеленеді. Есік обасынан табылған алтын киімді адамның бас киіміндегі көрініске қарасаң, зергер тек сәнді бұйымдарды жасаушы шебер ғана емес, ол өз заманының ойшыл суреткері – тамаша мүсінші.
Тұтыну бұйымдарының ішінде ағаш астау, ағаш шөміш, ағаш тостағандарының пошымына ұқсас көзе тостағандар, ағаш тобатай (бидон) тәрізді ыдыстар жасаған. Олар ХІХ ғасырдағы қазақ ханының ыдыстарына ұқсас. Темірден, қоладан жасалған қазандар да өте көптеп кездеседі. Жетісу жерінен табылған қазандардың бір ерекшелігі – қазанды көтеріп, тұрған темір ошақтың үш тағанында арқардың мүсіні бейнеленген.
Сақтарда қолөнер жақсы дамыған. Олар мыс пен қалайыны өндіріп, тұрмысқа қажетті бұйымдар жасаған. Оған Алматы маңындағы «Каменское плато» емдеу орны жанынан, сақтар қоймасынан табылған мыстан жасалған үш тағанды қазандар дәлел болады. Бұл туралы қытай археологтары Іле алқабындағы сақтарда мыс мәдениетінің едәуір дамығанын айтады.
Сонымен бірге тұрмысқа қажетті бұйымдарды жасауда сақтар құйма қалыптар үшін қыш, металл, кейде тасты да пайдаланған. Мысалы, жебе ұштары немесе қанжарлар жасау үшін құйма қалыптарды қолданған. Сақ зергерлері металдан бұйым жасаудың күрделі тәсілдерін білген. Оның мәні – балауыздан немесе тоң майдан үлгі жасап, алынып, оның сыртын балшықпен қаптайтын. Балшық кепкен соң үйтіп түсіріп, балауызды ерітеді де, орнына металл құйған. Дәл осындай тәсілмен қазан, құрбандық шалынатын үлкен үстелдер, қоңыраулар, т.б. бұйымдар жасалған. Сақ қолөнершілері мен зергерлері қалайымен аптау тәсілін де жақсы меңгерген. Өйткені қалайымен апталған бұйымдар онша тоттанбайды әрі көпке шыдайды.
Сақтар заманында металл өңдеумен қатар ыдыс-аяқ жасау, сүйек ою, тері илеу, жіп иіру, тас қашау және тоқымашылық сияқты қолөнердің басқа түрлері де дамыған.
Бейнелеу өнері. Сақ, сармат тайпаларының бізге жеткен рухани дүниелері – зергерлік бұйымдар бүкіл Еуразия құрлығында аң стилімен жасалған. Бұл мазмұны жағынан мифологиялық, түрі жағынан шын мәніндегі аң бейнесі сипатындағы қолданбалы сәндік өнер. Аң стилімен көп жағдайда атақты адамдардың қару-жарағы, тұтыну бұйымдары, әшекейлері, сән салтанатты бағалы дүниелері безендірілген. Мысалы, Есік обасынан табылған алтын киімді адамның баскиіміндегі арқардың мүсіні, алдыңғы екі аяқтарын көтеріп тұрған екі айғырдың көрінісі, тау үстіндегі барыстың бейнесі, қанатты және мүйізді пырақтар, камзолдың өңіржиегінде тісін ыржитқан жыртқыш аңдар ерекше бейнелеу тәсілімен жасалған.
Бейнелеу өнері үйсін, қаңлы дәуірлерінде де өзінің жалғасын тапты. Қарғалы тәжі (диадема)- өз кезіндегі қайталанбас туындының бірі болып табылады. Ондағы әртүрлі жан-жануарлар арасында сырнай тартып отырған адам бейнесі бар. Ғалымдардың пікірі бойынша, бұл әшекей бұйым бақсының баскиімінде маңдайшаға тағып жүрген ерекше белгісі болған.
Біздің дәуіріміздің алғашқы жылдарынан-ақ бейнелеу өнерінің құлдырау кезеңі басталғандығы байқалады. Мысалы, б.д.д. ІІІ-ІІ ғасырларға жататын Теңлік обасынан табылған атты адамның бейнесі алтыннан жасалғанымен, сән-салтанатты жеткізе алмай тұрғандығы байқалады.
Ғалымдар Жетісу аймағынан табылған аң стиліндегі әшекей бұйымдардың жасалу мерзімін үш кезеңге бөледі: көне, гүлденген және құлдырау кезеңдері.
Бірінші кезең- көне заман. Бұл кезеңдегі өнердің өзіне тән сипаты – бейнеленген жануарлардың бір орнында қаз қалпында жеке тік тұруынан көрінеді. Мысалы, таутекенің, арқардың басын көтеріп тұрған мүсіндері жасалды.
Бұл кезеңнің өзіне тән сипаты – жануарлардың қимыл-қозғалысының болмауы. Кейбір жыртқыш жануарларды бейнелегенде, енесінің құрсағында орала бүктетіліп жатқан тәрізді бейнелеу жиі кездеседі. Мұндай бейнелер еуразияның шығыс аудандары: Солтүстік туавадан (Аржан обасы) және Қазақстаннан (Майәмір, Шілікті, Ұйғарақ) табылған.
Екінші кезең- аң стилінің немесе жалпы бейнелеу өнерінің гүлденген кезеңі. Бұл кезеңде бұрынғы бір орында қаз қалпында тұрған жануарлар енді әртүрлі қимыл-әрекет жасауға дайындалып тұрғандай немесе әртүрлі әрекет жасап тұрған күрделі бейнелері көрсетілген. Әсіресе жыртқыш аңдардың шайқасып жатқан немесе қарапайым жануарларға шабуыл жасап жатқан көріністері жиі кездеседі.
Үшінші кезең – аң стилінің біртіндеп құлдырай бастаған мерзімін көрсетеді. Бұл кезеңде аң стилі ою-өрнекке айнала бастады. Түрлі түсті қымбат бағалы тастардан көз салынған әшекейлеу тәсілдері, қолданбалы полихромдық стильдегі өнер туындылары пайда болып, өзгеріске ұшыраған жануарлар бейнесі сұлбаға айналып, полихромдық өрнекпен араласып кетті. Б.д.д. V-ІV ғасырлардағы полихромдық өнер туындыларының көптеген үлгілері Қазақстанда, Орталық Азия мен Сібір аймақтарынан табылған.
Сақтардың қолданбалы өнерінің басты түрлері – ою өрнектер. Олар аң стилі өнерімен қатар өзара байланыста дамыды. Алайда олар тері, киіз, ағаш секілді ұзақ сақталмайтын материалдарға салынуға байланысты бізге жетпеген. Тек кейбір ою-өрнектер жерленген обалардың астына су кіріп, мәңгі мұз болып қатып жатуына байланысты ғана сақталған. Осылай өрнектелген бұйымдар Алтайдың Пазырық, Берел обаларында кездеседі.
Сақ заманындағы ою-өрнектердің геометриялық, өсімдікке ұқсас, зооморфтық, рәміздік түрлері бар. Геометриялық өрнектер алғашында қола дәуірінде пайда болып, көзелердің сыртында, металл бұйымдарға жасалған. Ал рәміздік ою-өрнектер табиғат күштері мен аспан денелеріне сиынудан келіп туған. Олар шеңбер, айқыш-ұйқыш сызықтар үлгісіндегі сарындар, күннің бейнесі сияқты, т.б. белгілер түрінде беріледі. Зооморфтық ою-өрнектер аң стилінің сюжеттеріне негізделіп жасалған. Мұнда жануарлардың бейнесі белгіленген.
Қазақстанда жаппай тараған бейнелеу өнерінің тағы бір түрі- жартастарға салынған суреттер (петроглифтер). Оларға сақ дәуіріненқалған құнды ескерткіштер – Алматы облысындағы «Таңбалытас», Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Қойбағар» т.б. жатады.
Сақ дәуіріндегі бейнелеу өнері шеберлерінің қолдарынан шыққан өнер туындыларының эстетикалық жағынан құндылығы өте жоғары. Олардың қалдырған бейнелеу туындылары қазіргі кезде баға жетпес мұра болып табылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет