Эпителий ұлпасының қызметі: а) қорғаныштық; ә) денеде су мөлшерінің бір қалыпты болуын реттейді; б) зат алмасудың бастапқы және соңғы кезеңдері эпителий ұлпалары арқылы орындалады; в) ағза мен сыртқы орта арасындағы зат алмасуды реттейді.
2. Дәнекер ұлпасы. Өзінің атына сәйкес барлық ұлпалар тобын біріктіріп, дәнекерлеп тұрады. Дәнекер ұлпасына – сүйек, шеміршек, сіңір, майлар, қан, лимфа жатады (4-сурет). Дәнекер ұлпасы: тығыз талшықты дәнекер ұлпасы, шеміршекті, сүйекті, борпылдақ талшықты, қан ұлпасы деп бөлінеді.
1) Тығыз талшықты дәнекер ұлпасының жасушалары бір-бірімен тығыз тор тәрізді жанасқан. Жасушааралық заттары аз, талшықтары көп болады. Теріде, сіңірде, артериялық қантамырларының қабырғасында орналасқан. Жасушалары бір-бірімен тығыз орналасып, ұлпаның біркелкі мықтылығын қамтамасыз етеді.
4-сурет. Дәнекер ұлпалары
|
а) борпылдақ талшықты дәнекер ұлпасы;
ә) шеміршек ұлпасы;
б) сүйекті ұлпа.
1 – шеміршек жасушалары; 2 – шеміршек ұлпаларына серпімділік беретін, оларды қоршап жататын негізгі зат; 3 – ұлпа талшықтары; 4 – дәнекер ұлпа жасушалары
|
2) Шеміршекті дәнекер ұлпа жасушалары домалақ пішінді, әр жерде топтанып тұрады. Жасушааралық заттары мөлдір болады. Омыртқалардың бір-бірімен байланысқан жері, көмекей қақпақшасы, кеңірдек пен құлақ қалқаны шеміршекті дәнекер ұлпасынан түзіледі. Мұрынның, жіліктердің, қабырғалардың ұштары да шеміршекті ұлпа. Шеміршектер қатты болғанымен серпінділік қасиеті бар.
3) Сүйекті дәнекер ұлпа құрамында кальций тұзы бар, бір-бірімен байланысқан сүйек тақташаларынан (пластинка) түзілген. Сүйекті дәнекер ұлпасының жасушалары тірі, қантамырлар мен жүйкелер торлап жатады. Қаңқа сүйектері түгелдей осы ұлпадан тұрады. Құрамындағы кальций тұзы сүйекке мықтылық қасиет беретіндіктен ағзада сүйектер тірек қызметін атқарады.
4) Борпылдақ талшықты дәнекер ұлпасының (рыхлая) талшықтары бір-бірімен өріліп, жасушалары тығыз орналасқан. Қантамырларын, жүйкелерді қоршап, мүшелердің арасындағы кеңістікті толтырып тұрады. Теріні бұлшықеттермен байланыстырып, терінің астында борпылдақ қабат түзеді (4, a -сурет).
5) Қан – сұйық дәнекер ұлпа. Қан мен дәнекер ұлпаларының жасушалары ұқсас болғандықтан қанды дәнекер ұлпасына жатқызады.
Қызметі: а) ұлпаларға мықтылық қасиет береді (тығыз талшықты ұлпа);
ә) сіңірлер мен терінің негізін түзеді (тығыз талшықты ұлпа);
б) тірек қызметін атқарады (шеміршекті және сүйекті ұлпа);
в) оттек, қоректік заттармен қамтамасыз етеді (қан ұлпасы).
Достарыңызбен бөлісу: |