Зерттеудің өзектілігі. Қазақстан Республикасындағы білім беру саласының дами түсуі, оның динамикасының жаңа өзгерістерге бетбұрыс жасауы, еліміздің тұтас дамуындағы жаңа белестің көрініс табуын көрсетеді. Жаңа белестің негізі білімнің, жаңа технологиялардың, адамзат санасының жаңаша ойлау мүмкіндіктерінің тізгіні болатын инновациялық ойлау мен инновациялық әрекеттің қолданысқа түсуі бүгінгі күннің басты мәселесі екені белгілі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет. Жоғары оқу орындары мамандардың сапалы даярлануына жауап беруге міндетті», – деп көрсеткен еді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы өзінің сөзінде: «Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз... Жалпы, еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр. Бұл – уақыт талабына сай болуымен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз», – деп инновациялық әрекетке даяр болудың маңызын атап көрсеткені белгілі [1]. Бұл тұста қазіргі инновациялық үдерістің, инновациялық әрекеттің болмысын ақпараттық технологиялар мен алмастыру бар екенін көрсетеді. Өйткені жаңа технологиямен жұмыс жасаған адам инноватор болмайтыны белгілі, басты мәселе мамандардың инновациялық ойлау дағдысын меңгеруінде, инновациялық әрекет ету дағдыларының қалыптасуында екендігі анық.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы 1 бап, 22 тармағында «инновациялық – білім беру консорциумы... технология инновациялар негізінде жоғары білікті мамандар даярлау үшін зияткерлік және өзге де ресурстарды біріктіретін бірлескен қызмет туралы тең құқықты бірлестік» деп береді. Заңда бұл көрсетіліп отырған ұғымдар бізге ЖОО-да болашақ мамандарды кәсіби даярлау ісінде субъективті идеяларды жүзеге асыруға тірек болады [2].
Бастауыш, негізгі, орта мектепте білім беру жүйесіндегі жаңашыл ізденістердің нәтижесі кең ауқымда орын алған оқу бағдарламаларын жаңғырту барысында инновациялық үдерістің мәртебесі ерекше деңгейге көтерілді деп айта аламыз. Өйткені жаңартылған оқу бағдарламаларындағы білім мазмұны кеңестік дәуірдің бұлжымайтын заң сияқты қабылданатын жаттанды ақпараттардан емес, оқушының өз бетімен білім ала білуіне дағдыландыратын оқу мақсаттарынан құралады. Ал осындай динамикалық болмысы қуатты жаңартылған білім мазмұнын оқушыға меңгертетін субъект – мұғалім болса, онда болашақ мұғалімдерді дайындауда олардың инновациялық әрекетке толыққанды дағдыланып, оқушыларға білім берудің бір түрін емес, бірнеше жаңа жүйелерін меңгеріп және заманның даму қарқыны мен өзгерістеріне уақытылы бейімделе алатын маман тұлғасын қалыптастыруды қаматамасыз ету қажет.
Білім берудің жаңартылған бағдарламалары – оқушыны өмірде қажетті дағдыларды меңгерту бағытын ұстанған құжат. Білім берудің даму векторының осындай өзгерісі жалпы білім берудің рөлін ерекше болмысқа ие етіп жатқаны анық. Осымен де байланысты, бастауыш сынып мұғалімінің инновациялық әрекеттерінің білім беру үдерісінің қажеттіліктеріне сәйкес қалыптастырылып, жан-жақты дамытылуы болашақ мұғалімді дайындаудағы басты бағыт болып табылады.
ҚР МЖМБС Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында көрсетілгеніндей, мұғалім дайындаудың басты мақсаты – оқушылардың білім алу, оқу-тану қабілеттерін дамыту екені белгілі [3]. Оқушының оқып-тану, іздену-білім алу үдерісі оның өмірі бойында үздіксіз сипатта болады, сондықтан оқушының білім алуы мұғалімнің білім беруімен педагогикалық біртұтас үдерісті құрайтын жүйе болып саналады.
Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасының 2017 жылғы 8 маусымдағы № 133 бұйрығына қосымша «Педагогтің кәсіби стандартында»: «Педагогтік іс-әрекет – бұл бір адамның басқа адамға тікелей әрекет жасауы емес, олардың өзара әрекеттесуі» деп педагог қызметінің маңыздылығына ерекше назар аударған [4]. Кәсіби стандарт «Педагог» білім бағдарламаларын қалыптастыруға, оның ішінде білім ұйымдарының қызметкерлерін оқытуға, білім ұйымдарының бітірушілері мен қызметкерлерін сертификаттауға арналған құжат болып табылады. Аталған кәсіби стандартта педагогтің еңбек қызметінің бес түріне – оқыту, тәрбиелеу, әдістемелік, зерттеушілік және әлеуметтік-коммуникативтікке тоқталады.
Бастауыш сынып мұғалімі 1-ші еңбек қызметі «Оқытушылық» бойынша оқу ақпаратын таратады, өз бетімен оқуды үйретеді; 2-ші еңбек қызметі «Тәрбиелелік»: білім алушыларды әлеуметтік құндылықтарға баулиды; 3-ші еңбек қызметі «Әдістемелік»: білім беру үдерісін әдістемелік қамтамассыз етуді жүзеге асырады; 4-ші еңбек қызметі «Зерттеушілік»: білім мазмұнын меңгеру деңгейін зерделейді, білім ортасын зерттейді; 5-ші еңбек қызмет «Әлеуметтік-коммуникативтік»: кәсіби қоғамдастықпен және білімнің барлық мүдделі тараптарымен өзара әрекеттесуді жүзеге асыратын іскерлік пен дағдыларды көрсеткен. Аталған еңбек қызметінің дескрипторлары деңгей бойынша сипатталған, бұл барлық санаттағы педагогтердің қызметінің құндылығын және инновациялық әрекетін ашып көрсетеді.
Халықаралық деңгейде инновациялық әрекет туралы құжат болып табылатын «Осло жетекшілігінде»: «Инновациялық әрекет нақты немесе ниеттену бойынша инновацияның жүзеге асуына алын келетін барлық ғылыми, технологиялық, ұйымдастырушылық, қаржылық, коммерциялы қадамдарды қосып алады. Бұл қадамдардың бірі түпмәнінде инновациялық болса, екіншілері инновациялық болмаса да, инновацияны жүзеге асыру үшін қажетті болып табылады», – деп атап көрсетілген [5].
Еліміздің білім беру саласының сапасын жоғарылату бағыты білім беру саласының барлық деңгейіндегі инновациялық үдерістің интеграциялануын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бастауышта білім беру саласындағы инновациялық үдерістер, жоғары оқу орнында дайындалып жатқан болашақ бастауыш сынып педагогтерінің инновациялық әрекетке арнайы даярлануына тікелей байланысты. Бұл – білім беру саласындағы инновациялық үдеріс оның барлық деңгейінің өзара байланыстылығына тәуелді екенін көрсететін жарқын фактор. Бастауыш мектепте білім беру сапасы жоғары оқу орындарында дайындалған бастауыш сынып мұғалімінің біліміне, инновациялық даярлығына, когнитивтік-танымдық деңгейіне, мәдениетіне, жеке тұлғалық болмысының рухани байлығына тәуелділігін арттырады. Білім беру саласы қоғамның заманауи қажеттіліктеріне және еңбек нарығына жауап бере отырып, педагогика саласының әр маманына, әрбір мұғаліміне заманауи әлеуметтік-экономикалық шынайылықтарға тез және уақытылы бейімделуіне мүмкіндік береді. Осы мүмкіндіктің өзі әр педагогтің, мұғалімнің және тұтас білім беру саласының табысты және тұрақты дамуының маңызды шарты болып табылады.
Жоғары оқу орындарында болашақ бастауыш сынып педагогтерін дайындау үдерісінде жүзеге асырылып жатқан көптеген құнды жаңа бағыттар, сонымен бірге осы жүйедегі зияткерлік, инновациялық, дидактикалық, IT-сауаттылық әлеуетті құндылықтар болып саналатын білім мазмұны болашақ бастауыш сынып педагогтерін жоғары оқу орнында инновациялық әрекетке арнайы даярлаудың мүмкін екенін және оны сапалы ұйымдастырудың сенімді өлшемдері ретінде болады. Ертеңгі күні өмірлік тәжірибелік алаңы – мектепке барған кезде болашақ бастауыш сынып педагогтерінің білім алу сапасы да танылатыны анық.
Бүгінгі күнге дейін болашақ бастауыш сынып педагогтерін жаңартылған білім мазмұны негізінде инновациялық әрекетке даярлаудың арнайы зерттелмеуі және осы бағыттағы жұмыстың жоғары оқу орындарында бір жолға қойылмауы бастауыш мектепке барған кезде инновациялық әрекетке бағытталған жаңартылған бағдарламамен білім беруге толыққанды дайын маман қалыптаспауына алып келіп отыр.
Бұл мәселе бастауыш мектеп үшін ғана емес, негізгі мектеп пен орта мектеп үшін де өзекті екенін атап кету керек. Осымен де байланысты, көптеген түсініспеушіліктердің туындап жатқаны белгілі. Жаңартылған білім мазмұнында берілген оқу бағдарламалары – инновациялық туынды, инновациялық жүйеге негізделген бағыт-бағдармен білім беруге бағытталған технология. Ал жоғары педагогикалық білімі бар мамандар инновациялық әрекетке арнайы даярланбағандықтан, мектептегі жаңартылған оқу бағдарламасын жүзеге асыруға дәстүрлі әдістемелік жүйемен кірісетіні белгілі.
Бастауыш мектепке енгізілген инновациялық технологияға негізделген жаңартылған бағдарламаны жүзеге асыратын арнайы пән ретінде инновациялық әрекетке бейімделген, инновациялық ойлауы қалыптасқан педагог маман даярлау механизмдері осы күнге дейін қарастырылмай келуі қоғамда көп мәселелердің түйінделіп қалуын туындатты. Инновациялық жүйе жасалғанымен, онымен жұмыс жасай алатын маман даярланбағаны осындай күрделілікті туындатып отыр. Осы айтылғандармен байланысты болашақ бастауыш сынып мұғалімін инновациялық әрекетке арнайы даярлаудың, оның теориялық-әдіснамалық тұрғыларын жүйелеп, соған сүйеніп әзірленген арнайы әдістемелік-технологиялық жүйені анықтаудың өзектілігі айқындалады.
Болашақ мұғалімді инновациялық әрекетке даярлау мәселесі отандық және шетелдік ғалымдардың зерттеу пәні болып табылады.
Болашақ мұғалімді инновациялық әрекетке даярлау мәселесі бойынша теориялық және практикалық зерттеулердің көпшілігі инновация теориясының қалыптасқанын және осы теория аясында түрлі көзқарастар мен тұжырымдар бар екенін білдіреді. Білім берудегі әрекеттер инновация теориясының бірнеше бағытта қалыптасқандығының негізі болып табылады.
Инновация, инновациялық әрекет теориясында түрлі ғылымдардың тәсілдемелері және қағидалары мен ұстанымдарын тануға болады. Мәселен, экономикалық және басқару саласында Й. Шумпетер [6], т.б., әлеуметтану саласында А.Пригожин [7], т.б., педагогика әдіснамасы саласында М.В. Кларин В.А. [8], Сластенин, Л.С. Подымова [9] және т.б. ғалымдар.
Зерттеу жұмыстарын зерделеу барысында болашақ педагогтердің инновациялық әрекетке даярлаудың бірнеше ғылыми бағыттары бар екенін анықтадық:
– болашақ мұғалімнің жалпы педагогикалық біліктілігі мен кәсіби сапасын қалыптастыру С.И.Архангельский, Н.В.Кузьмина, В.А.Сластенин, Г.А.Уманов, Н.Д.Хмель, Б.Т.Кенжебеков, О.А.Абдуллина және т.б.шетелдік және отандық ғалымдардың ғылыми еңбектерінде қарастырылған;
педагогтердің психологиялық-педагогикалық даярлығын жетілдіру мәселесін В.А.Кан-Калик, Ю.Н.Кулюткин, А.И.Маркова, Н.Д.Никандров, В.В.Гоноболин, В.И.Гинецинский, М.И.Дьяченко, Г.Қ.Нұрғалиева, А.И.Щербаков, Н.А.Абишев т.б. зерттеген;
мектеп мұғалімдерінің шығармашылық ізденісін ұйымдастырып, ғылымды тәжірибеге енгізу мәселесі Ю.К. Бабанский, М.С. Бургин, В.И. Загвязинский, Б.А. Тұрғынбаева және басқа ғалымдардың зерттеуінің арқауы болған;
педагогтердің ғылыми-әдістемелік дайындығын жетілдіру бағытындағы А.Е. Әбілқасымова, Б.Б. Баймұханов, Е.Ы. Бидайбеков, К.К. Закирьянов, М.Ә. Құдайқұлов, Қ.Қ. Қабдықайыров, Е.Ө. Медеуов, Д. Рахымбек, С.Е. Шәкілікова, Б.А.Әлмұхамбетов, Ш.Х. Құрманалина және басқа да ғалымдардың еңбектері болашақ мұғалімнің инновациялық іс-әрекетке даярлығын қалыптастырудың теориялық-әдіснамалық негіздерін зерттеуде ерекше маңызды болып табылады;
педагогикалық инноватика және оны меңгеруге мұғалімдерді дайындау мәселесі бойынша М.М.Поташник, В.П.Беспалько, Н.В.Кларин, Г.К.Селевко, Н.Р.Юсуфбекова, И.И.Цыркун, Я.С.Турбовской, Ш.Т.Таубаева, С.Н.Лактионова, Н.К.Ахметов және т.б. еңбектердің осы зерттеу үшін шешуші мәні бар;
зерттеу жұмыстарын зерделеу барысында болашақ педагогтің инновациялық әрекетке даярлығын қалыптастырудың жекелеген бағыттарын қарастыратын зерттеулер ерекше маңызды болып табылады: ақпараттық, педагогикалық технологияны қолдана білуге дайындау (Л.В.Нефедова, М.В.Николаева, Т.А.Лавина, Г.Г.Брусницына, Ж.А.Қараев, Ш.Т.Таубаева, Г.К.Нұрғалиева, С.Н.Лактионова, Д.М.Джусубалиева және т.б. және басқалар); жоғары оқу орындарында болашақ мамандардың креативті сапаларын қалыптастырудың педагогикалық шарттары (А.Б.Оспанова, А.С.Швайковский, С.А.Нұржанова, Р.І.Қадірбаева, Р.С.Омарова), инновациялық технологияны оқу-тәрбие үдерісіне пайдалануға дайындау (И.С.Дмиртих, М.Г.Соколова, Г.О.Қожашева, Г.С.Сибагатова, Б.Е.Медетбек, А.Е.Берікханова, Г.С.Базарбаева және т.б.); бастауыш сынып мұғалімінің инновациялық даярлығын қалыптастыру (Б.Т.Барсай, Қ.М.Нағымжанова, С.А.Көшімбетова және т.б.).
Осы еңбектерге жасалған талдау болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлау мәселесінің арнайы зерттеу нысанына алынбағандығын көрсетеді.
Оған қоса бүгінгі білім беру тәжірибесі ЖОО оқыту үдерісінде білім алушыларды инновациялық әрекетке даярлаудың тиімділігін көрсетуі және қоғамның жаңашыл педагог кадрларға сұранысы мен олардың кәсіби даярлығында мүмкіндіктердің ғылыми-әдістемелік негіздерінің зерттеле қоймағандығы бүгінгі тәжірибедегі сұраныс пен теориялық зерттеулер арасында қарама-қайшылық туындатады:
жоғары оқу орындарында болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлауды жаңа бағытта жетілдіру қажеттілігі мен оның зерттелу деңгейінің жеткіліксіздігі арасында;
болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлау қажеттілігі мен оның моделінің жасалмауы арасында.
Көрсетілген қарама-қайшылықтардан туындаған мәселелерді теориялық негіздеу мен оның тиімділігін тәжірибелі-экспериментте тексеру зерттеудің проблемасын айқындады және бізге диссертациялық жұмыстың тақырыбын «Жаңартылған білім мазмұны жағдайында болашақ бастауыш сынып педагогтерін инновациялық әрекетке даярлау» деп таңдауға негіз болды.