қолы шалбардың ауында, бір қолы ішінде тұр екен; «Бозінген» келіп: — Үй, сен естідің бе?— деп, жұлқып, шалбардағы қолын суырып алды. Өз үйіне түгел естірткен соң, бұ хабарды ішіне сыйғыза алмай, «Бозінген» бошалаған түйеше тайраңдай басып, екі қолын алды- артына құлаштай сермеп, Бірқұлақтікіне қарай жөнелді. Ауылды қыдырып жүріп бірталай жанды құлақтандырған соң қасына екі қыз, бір қатын еріп, енді «Бозінген» Күмсінайдікіне тартты. Неге десеңіз, «Бозінген» от басының әйелі емес, бір болыс елдегі әңгімені үйде отырып біліп отыратын, еркектердің партиясына да, дау- шарына да кірісіп кететін, сақ құлақ, еті тірі көшелі кісі ғой. Елдің игі жақсылары да «Бозінгеннің» үйінен талай дәм татқан. Және біздің «Бозінген» еркектермен дойбы, қарта, асық ойнайтын, насыбай ататып, қонаққа өлең айтқызбай жібермейтін, қызып кетсе өзі де айтып салатын, бозбала келсе, екі езуі жиылмайтын — сері кісі ғой. Тек «Бозінгеннің» қара бойыңда титтей ғана міні бар еді: өз басының киім-кешегі болмаса, өзге шаруаға әнтек қыры жоқ еді: таза көрпелері салтақ-салтақ боп, төсек-орны жуырда жиналмай, қоқып,
ыбырсып жатар еді. Қызыл қатын түскір «Бозінгенді» «Көк инені көтіне түртпейді» деп өсектеуші еді. «Бозінгеннің» өзіне тартқан бір керімсал қызы бар еді. Әлгі Айтжан ғой? — Е, сол. Айтжанын мақтап домбыра тартқызып, ән салғызып, бозбаламен әзілдессе, өзінің де жаны кіріп отырушы еді; қалжыңға боғауызсымақ сөз араласып бара жатса. «Бозінген» өзі кимелеп, Айтжанға жол бермеуші еді. Сол Айтжанын құтты жеріне қондырып, жалғыз өзі іші пысып, ұрынарға қара таба алмай жүргенде, мына хабар «Бозінгенге» құдайдың үйге айдап әкеп берген дәулетіндей көрінді. — Құдай-ау, мына тұрған біздікіне келместен, есінен айырылған сорлы Күмсінайдікінен не алғалы қонып жүр екен?— деп саңқылдап келеді. Ол әншейін сөз ғой. «Бозінгеннің» есі-дерті: «орыстар қызыққан қыз қандай екен? Айтжаннан несі артық екен? Киімі қандай екен? Орыстың талқысына түскеннен соң, қандай боп қалды екен? Соны білу ғой, орыстар өз аулына да келген, қыз- қатындар тау-тасқа тығылған; өзі де үш орыстың қолына түсіп қап, бұйырғанын көрген; кіші үйдің қызы содан бері жіңішке ауруға шалдығып, от басында сұлап жататын болған. Сонда да қатын шіркіннің таңсыққойлығы басылған ба? «Бозінгендер» Күмсінайдікіне кірсе — бұрышта домаланып біреу жатыр. Дуана далада болса керек: сары ит қораның сыртында қаңқылдап қояды. «Бозінген» шырағданды бір қызға ұстатып, Ақбілектің қасына келіп, шапанын ашып қарады. Ақбілек аузы әнтек ашылып, сілекейі ағып, қорылдап ұйықтап жатыр еді. — Е, байғұс-ай! — деді Күмсінай арт жағынан келіп: — Не қыласыз ұйықтасын,— деді. «Бозінген» шапанның өңірін қайырып, әдібін көрді, көйлегінің сүйегін байқады; жеңсіз камзолының жиегін, қалтасының қақпағын, кебіс-мәсісін, бәрін шұқылап көріп болған соң, маңдайына шашырай салбырап тұрған шашын ақырын сырғытып: — Өзі де қыз десе — қыз екен!— деп қорытынды шығарды.