құрдас бетіне басады ғой. О бір сүйегіне басылған, кетпес таңба
ғой. Бірақ құдайшылыққа келгенде, Ақбілек сорлыда не жазық бар?
Өз еркімен барған емес, тағдырдың кермесіне кез келді. Бұл алмаса
оны кім алады? Адам да алмайды, етпей отырғаны. Бұл басқа
біреуді алар. Онысы әлдеқандай боп шығады, Ақбілекті өзі көріп,
айттырып еді ғой. Ондай қыз бұл өңірде жоқ еді ғой.
Бұлар, үш кісі құс салып жүріп, алғаш барып көргендегі оның түрі
қандай еді! Маңдайы қасқиып, мойны қаздиып, көзі мөлдіреп, ерні
үлбіреп, үріп ауызға салғандай жұтынып тұр еді-ау! Тал бойында
бір міні жоқ, жаңа шығып келе жатқан сүйріктей еді. Шашбауын
сылдыр еткізіп, сып етіп түрегелгені, тізесімен ақ көйлегін серпе
тастап, аяңшыл бедеудей кербездене аяқ басқаны, тысқарда
жүріп, жеңгесімен сыбырлап сөйлесіп, дауысы күмістей
сыңғырлап тәп-тәтті күлгені; әнтек жымиып келіп, шәй жасап,
өп-өтірік сызылғансып, үш саусағының үшімен шыныаяқ әпергені,
салалы, қою кірпігін салмақпен қағып, анда-санда көз астымен бір
қарап қалғаны; мұның шыныаяғына білдірмей бір қант тастап
жібергені; бір жолдасы сөз қатқалы:
— Бұ жақтың сұқсұрлары қалай сақ! Қаршығаны көш жерден
көре қояды екен,— дегенде:
— Қаршығаларыңыздың қырандығы да, – деп күлім етіп, бұлардың
құс алдыра алмағанын сықақ қылғаны; апасы: — «Ақбілекжан
қонақтарыңды аттандыр!» – дегенде, жеңгесі мен екеуі бұлардың
атын шешіп, нәп-нәзік торғын қолымен қолтықтап көтеріп
аттандырғаны; «Қош болыңыз» дегенде, көзін жалт еткізіп,
басын әнтек изеп, артынан қарап қалғаны, — бәрі-бәрі сондағыдай
сайрап көз алдына келді.
Бұрын қыз көрмеген кісіше құлап кетпейін, өзін-өзі осынша берік
болайын десе де, Ақбілектің жүрісін, күлкісін, көз қарасын көріп,
естіген сайын есі кетіп, «Осының жолына жаным құрбан
болсын!» деп, өзіне-өзі серт қылғаны қайда? Ақбілек өзгеше еді.
Әсіресе оның дауысы, оның күлкісі адам баласында жоқ еді. Әлде
әнтек күрмеліп шіңгірлеген құлыншақтың, әлде түн ішінде көл
жүзінде сыңқылдаған аққудың дауысы ма? Жоқ, оның біріне де
ұқсамайды. Ақырын сөйлесе, жас ботаның дауысындай, қаттырақ
сөйлесе, ол дауысқа күміс қоңырау таққандай ма, қалай, — әйтеуір
көмейінен, көмейі емес-ау, кеудесінен күңгірлей-сылдырлай шыққан
бір сиқырлы жат дауыс дәл жүрегіңе барып тиер еді. Сол кезде
бойың балқып, жаның иер еді. Тағы, тағы да ол дауысты естігің
келіп, ынтығар едің. Ол күлсе, бұ жалғанның бәрі күліп
жібергендей, қайда отырғаныңды ұмытып қалар едің. Өзге әйел
оның бір тырнағына, басқан ізіне тұрмай қалар еді. Сол сияқты
Ақбілекті Бекболат шынымен ұмытқаны ма? Елдің өсегінен
қорқып, шынымен алмай кетпегі ме? Қой, өмірде қызық болмас.
Өзге қызды алса да, оның суреті көз алдынан кетпес. Өмір бойы
өкінер де жүрер. Қалайда Ақбілектің хабарын тезірек білу керек.
Ол күні-түнімен, ертеңінде күнімен Бекболаттың ойынан Ақбілек
кетпеді. Оны қандай жаман адамдарға араластырып, одан қандай
жиренейін, жек көрейін, түңілейін, безейін десе, оны алғаш көргені
есіне түскенде, ол ойының бәрі жел қуған тұмандай серпіліп баяғы
періште сынды Ақбілек көзіне елестейді де тұрады. Оны осынша
ойламайын деп, үйдегі атын, құсын, мылтығын, аң аулағанын есіне
Достарыңызбен бөлісу: |