ауылдарға бұйрық салады: біз қонамыз, қымызын жиып, семізін даярлап отырсын деп. Халыққа зияны тимеген күні бір топ кісімен бір семізді сойғызып жеп кетеді». 15. «Ақыры Сартау елінің қазағы — қой; Әбен Матайұғлы қасқыр. Қой қанша көп болса да қасқырға қарсы келе ала ма? Осы аталмыш залымларды елге жолықтырмай, бір орынға жиып қойып, бір ғаділ адам үй басынан жүріп жауап сұраса, баршалары басынан кешкен оқиғаларын айтар еді. Мағлұм қылғандағы мақсұтым: Ғадалатлы өкімет, ғадалат, марқамат етсе, көп халықтан тәңір жарылғасын алсын деген. Мен мағлүм қылушы сіздерден тіленемін: мені Әбен Матайұғлына білдірмесеңіз екен; Матайұғлының қаһары қатты еді. Мені сау қоймайды ғой. Дайу мағлүм бергуші. 192х жыл, 20 май.» Жылтыр арыз оқып болды да сұқ қолын ортан қолына тіреп, тырнағымен арызды бір шертіп қалды: — Міне, мынау 15 пакт, 15 статия көтіне тас байласа да, сүркілдетпей ме?! — деді. — Біз қайдан білейік, қара кісіміз ғой, — деп, Бекболат алақанын жайды. Өйткені мынау арыздан өзі де шошынайын деді. Соңғы кезде Бекболаттың әкесі Әбенмен араз еді. Себебі Калшак тұсында жиылған ақшадан, 300 атқа алынған бұйымнан мәз телім бермеді деп өкпелеген. Сол өкпемен Әбеннің бір шақырғанына бармаған. Қорықса өзі тығылар деп қырық өгіздің тұсында Бекболаттың әкесінен бір өгіз алдырған. Сейіт оған ығыспаған. Содан кейін Әбен Сейітпен ауылнайлас Дүрбеуіл дегенді қолына ұстап адам қылған. Сейіт Дүрбеуілге ел билетпеймін деп ауылнай ішінен партия ашқан. Дүрбеуілге Әбен атсалысқан. Дүрбеуіл жақтағы біреудің Сейітке тән біреуде ақысы бар деп, мелитсе жіберіп бір сиырын қудырып алған. Сейіт баласын жіберсе де, сиырды қайырмаған. Содан былай Әбеннің Сейітке тізе көрсетуі көбейген. О жақтың қатындарын, жесірін кетірткен, жер дауын
туғызғаны, аласыларын бергізбеген, барымта кірістірген — әйтеуір пәлені еккен. Сейіт Әбенге қарсы тұруға қармаулы сүйенер ем болмай, бата соға алмай жүретін. Жақын арада осы Жылтырдың қуғынымен Әбеннің қойған болысын түсіріп, оның орнына қаладағы Күреңбай деген көменес етікшіні болыс сайлатқан еді. Жылтыр «өзі қойған» Күреңбайын салғаннан Әбенге қарсы шығарып, бұрынғы ауылнайларды түсіртіп, өзіне тән адамдарынан қойғызып еді. Бұрын ел билеп көрмеген етікші қалай үйретсе де, Әбенге төтеп бере алмай, елді меңгере алмай есі шығып жүр еді. Кешегі пошта тартып алуы да «жаман болысты» басынғандығы ғой. Бекболат Жылтырға жолыққаннан бері, бұл әңгімелерге әбден қанған. Енді Жылтырды өзімсініп: — Біздің отағасы да Әбенге наразы адамның бірі ғой: әлгі арыздан о кісіні шығарып тастауға болмас па екен?— деп сұрады. Бекболаттың аңқаулығын сезе қойды да Жылтыр: — Е, әбден болад,— деді (алдақашан жіберіліп қойғанымен жұмысы жоқ). Heгe десең, Жылтырға ел керек қой. Бірақ Жылтырдың жымиғанын Бекболат та сезді; әлгі сөзді байқамай айтқанын біліп: — Бірақ ол арызыңыз жіберіліп қойған жоқ па?— деді. — Е, ол арасы оңай, ретін табармыз,— деді. — Ретін тапсаңыз дұрыс,— деген болды. Ар жағы Жылтырға сенбеді. Бекболаттың Жылтырға сенбейтін де жөні бар ғой. Қалай сенсін?