Түйінді сөздер: ақын, жырау, жыршы, толғау, жыр, поэзия.
Маңғыстау өңірінен шыққан айтулы ақпа-төкпе ақын-жыраулардың бірі – Айтуған Тайұлы.
Ол Жыңғылды-Ұланақ жерінде өмір сүрген, бейіті сол маңдағы Сарытөбе-Құнан-ата
қауымдығында. Дүйім жұртқа ақын, жыршы, жырау, күйші әрі сыбызғышы ретінде белгілі болған
Айтуған Тайұлы туралы деректер ел ауызында өте аз сақталған, туған-өлген жылдары туралы да
нақты мәліметтер жоқ. Жырау ғасырға жуық өмір сүрген делінгенімен, өмір сүрген жылдары
туралы зерттеушілер әр түрлі деректер келтіреді. Жыраудың өмірі мен шығармашылығы
турасында құнды деректер тапқан І.Шыртанов: «Айтуған Тайұлының туған жылы белгісіз. ХҮІІ
ғасырдың екінші жартысында дүниеге келіп, ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысына дейін жүз жылға
жуық өмір сүрген адам» [1], – деп есептесе, әдебиетші-ғалым Қ.Сыдиықұлы белгілі шежіреші
А.Меңдалыұлының: «Айтуған тоқсан сегіз жасында қайтыс болды» [2,41] – деген мәліметіне
сүйене отырып: «Біздің жобалауымызша, Айтуған жырау көрсетілген кезеңнен бір ғасыр кейін
өмір сүрген болуы керек» [3,22-24] – деген тұжырым жасайды. Дегенмен, А.Тайұлының тікелей
ұрпақтарының бірі Өтежан Алшымбайұлының жырауды: «ХҮІІІ ғасырдың аяқ кезінде туып, 97
жасында дүние салған» [4,14] – деген болжамы шындыққа жақын келетін сияқты.
А.Тайұлы Адайдың Тобышының Шоңай тақтасынан тарайды. Әкесі Тай Даңұлы
Маңғыстау түбегіне аты жайылған сыбызғышы болыпты. Тай Даңұлына қатысты кейбір
мәліметтер І.Шыртанов, Б.Байекеев, И.Сейітжан, А.Жұмашұлы еңбектерінде ұшырасады.
Тай Даңұлы сыбызғышылық өнерімен қатар, басқыншылардан туған жұртын қорғаған
халық батыры ретінде де танылған. Оның батырлығы туралы халық ауызындағы аңыздар мен
деректі әңгімелерде жиі айтылады. Тай сыбызғышыдан тараған үш ұлдың (Қалдықылыш,
Аңдақылыш, Айтуған) кенжесі Айтуған жасынан өлең-жырға құмар болып, домбыра мен сыбызғы
тарту өнерін игереді. Ел аузындағы әңгімелердің бірінде Абыл Тілеуұлы (1777-1864) мен Айтуған
Тайұлының замандастық, достық әрі шығармашылық қарым-қатынаста болғандығы сөз етіледі.
Айтуған жырау Тайұлы – Маңғыстау жыршылық мектебінің көрнекті өкілдерінің бірі. Ол
жиырма жасынан “Қырымның қырық батыры”, “Отыз тарау Ноғайлық” атты көлемді жырларды
айтып, халық арасында жырау атанады. Бұл туралы ақын:
Жиырмаға жасым келгенде,
Айтуған жырау атандым,
Білгенімді жыр етіп.
Топқа салдым басымды,
Тыңдағанды еңментіп, –
деп толғаса, енді бірде:
Осынау бес күн тірлікте,
Сөз жаттауға қанбадым.
“Қырымның қырық батырын”,
“Отыз тарау Ноғайлық”,
49
Бәрін түгел жаттадым, –
деп нақтылай түседі.
Айтуған жыраудың артында қалған әдеби мұрасы көп емес, ұзын саны үш жүздің үстіндегі
жыр жолдары ғана бізге жетіп отыр. Олардың дені – терме-толғаулар, өсиет-нақылдар мен
арнаулар. Жыраудың шығармалары, негізінен, І.Шыртанов, Қ.Сыдиықов, Ж.Жылқышиевтердің
жинастыруымен облыстық «Маңғыстау» газетінде, “Жыр Дария” (1995) жинағында жарық көрді.
Ақын туралы деректер А.Жұмашұлы, М.Нығметуллаев т.б. еңбектерінде де кездеседі.
Ақынның өмірбаяны оның шығармаларының мазмұнымен сабақтасып, мағлұматтық
сипатпен толығып отыратынын Айтуған жыр-толғауларынан да көреміз. Автор өз өнерінің
бағасын жоғары қойып, халықтың рухани өміріндегі орнын жақсы сезінеді, сонымен қатар,
шығармашылық ғұмырындағы өкініштерін де жасырмай, жайып салады:
Бойыма біткен өнермен,
Үзілгенді жалғадым.
Жаныма менің батады,
Алты алашты аралап,
Бағамды алмай қалғаным.
Қарттық шаққа арналған арнауларында:
Бір жас бар алдымызда сексен деген,
Мақсатым сол сексенге жетсем деген.
Бұрынғыдай атқа міне алмаймын,
Араз боп жүрмін қазір бөксемменен;
немесе:
Тоқсан бес жетейін деген жасым ба еді,
Быламық ішейін деген асым ба еді?! [5], –
деп толғанады.
Айтуған жырау “Шонекеге”, “Ақжан байға” секілді арнау өлеңдерінде өз өмір жолын арқау
етіп, жарлылық пен кедейліктің күрмеуінен құтыла алмаған тұрмыс тапшылығын суреттеумен
қатар, сонда да адамшылдықтың туын құлатпаған әз болмысын танытады:
Жоқтық деген – бір пәле,
Соңымнан неге қалмадың?
Қозы сойып қонаққа,
Қонақасы шалмадым.
Сонда-дағы жаманға
Басымды иіп бармадым...
Бұл жолдардан кедейлік тұрмыс тақсыреті шымбайына қанша батқанмен, жаратқанның
бойға дарытқан ұлы өнерін саудалап, тіленшілікке түспеген адал да парасатты ақын болғандығын
аңғарамыз.
Ақын кейбір шағын терме-толғауларында өз кезеңінің әлеуметтік теңсіздіктері мен
көкейтесті мәселелерін жырға арқау етеді. “Терме», “Өмірдің кейбір жайлары”, “Өсиет өлең” атты
терме-толғауларында адам баласының бойындағы адамгершілік пен пендешіліктің салдарынан
туындайтын
жағымды-жағымсыз
қасиеттерге
салыстыра
қарап,
ақындық
көзбен
бағамдаушылығын танимыз.
Бай атанған шіркіннің,
Барынан да жоғы артық.
Қонақ келсе жайраңдап,
Қондырмайтын байлардан,
Жолың түссе тоқтарлық,
Ел жайлайтын жер артық, –
деп байлығына мастанып, имандылық жолынан алшақтаған байларды жер қыла сөйлейді.
Мұның бәрінің негізі кісілік қалып пен адамдық ар-ұят тұрғысынан бағаланып, ақын
қайырымдылық пен адамшылықты, ынтымақ пен татулықты, бірлік пен бітімшілікті кеңінен
насихаттап отырады.
50
Айтуған шығармаларының ерекшеліктерінің бірі жыраулық поэзия поэтикасындағы
салыстырулар арқылы жақсылық пен жамандықты шендестіре отырып, көзге елестетерліктей
бейнелілікпен тыңдарманға (оқырманға) нақты үлгі ұсынатын ширақ шумақтарынан да көрінеді.
Мысалы:
Тағы бір мысал айтайын,
Қадірсіз өткен өмірден
Ұйқыда көрген түс артық.
Бұрынғылар айтыпты,
Орын таппаған қайраттан,
Ерден ердің ісі артық.
Бірге жүріп өспеген,
Кездессе бірін тістеген
Бір ауылға сыймаған
Сыйласпаған туғаннан
Сыйлы болған жат артық.
Сыйласпаған құрбыдан
Желеп-жебеп жүретін,
Жұма сайын басына
Бейіт оқып келетін,
Тірісінде сыйласқан,
Сыйласып өткен өлі артық [6,26].
Айтуған шығармаларының идеялық алтын өзегі – адамгершілік, имандылық мәселелері. Өз
заманының өткір тілді ақыны, жалынды жырау ретінде ел өміріндегі тарихи оқиғаларға жіті назар
аударып, замандастары мен үзеңгілестерінің, өнер жолындағы әріптестерінің адамгершілік әрі
әділеттілік қасиеттерін жырға қосып, кейбір замандастарының әділетсіздігі мен озбырлығын,
жағымсыз қасиеттері мен орынсыз қылықтарын бетіне басып айтып, орынды сынаған айтулы
жырау, суырып-салма ақын. Ақын замана шындығын айқындайтын толғауларында өмірдің
тұтқасы, адамгершілікке баулитын тәрбиенің бастауы ата-ананың, ағайынның орнын әрдайым
салиқалы меңзеумен көрсетіп отырады.
Замандастар арасындағы сыйластықтың, бір-біріне көмектесіп, жанашырлық мейіріммен
төрге сүйрейтін құрбы-құрдастың орнын ерекше бағалайды:
Балапанын баптаған
Қайырып салған бидайық
Қаз алмаса сормен тең
Жақсыдан алған ақылың
Миуа, шекер, балмен тең
Сыйламаса туғаның
Көрген күнің зармен тең.
Қонақ келсе үйіңе
Көрсеткен ниет баймен тең
Сыйласаң да суменен
Теңдесі жоқ бармен тең
Дос жараның көп болса
Қаптай қонған елмен тең [6,32].
Ақын «Еңбек қой өрге өрлеткен / Еңбекпен маңдай терлесе, / Тапқаның бақыт еңбектен»
[6,28], – деп өмірде еңбектің маңызын жоғары қояды, жастарды маңдай термен табыс тауып, өмір
сүруге үндейді, бақыттың бастауы сол екенін жырлайды.
Айтуған Тайұлының:
Бірлік сәні – ұғысқан,
Не шығады ұрыстан.
Абырой-атақ келмейді,
Жағалас пен жұлыстан.
Еңбексіз жан кер кеткен,
51
Еңбекпен маңдай терлесе,
Таптың бақыт еңбектен.
Өсек айтып көпірме,
Жазықсызға жекірме.
Даладан келе айқайлап,
Үй мазасын кетірме, –
деп келетін жыр жолдары – нағыз даналық пен ақылдың көрінісі мен жемісі болып
табылатын ақыл-ғибраттық, дидактикалық поэзияның үлгілері.
«Терме» өлеңінде адам өмірінің шынайы көріністері мен түрлі кезеңдерін “Кім ашар?”
деген риторикалық сұраққа сүйене отырып, анафоралық тәсілмен түйдектете шешендік сөзбен
кестелейді:
Арудың көңілін кім ашар?
Хал сұраған тең ашар...
Ат қайғысын кім ашар?
Сұлы менен сүт беріп,
Күніне жеті қараған,
Жал-құйрығын тараған,
Тайбурылға балаған,
Қадірін білген ер ашар.
Ұл қайғысын кім ашар?
Жол жағында панасы,
Төбесінде саясы,
Підә болып бір жүрген,
Атасы менен ана ашар!..
Ақын толғауларында өмір-тәжірибелерінен туындаған парасатты толғамдармен
өрнектелген өсиет-өнегелі жолдар мол. Дүние-жалғанның тауқыметін арқалап, жоқшылықпен
көріп ғұмыр кешсе де, тағдырдың берген өнерінің арқасында абыройы асқан ақын өмірдің мәнін
парықтап, жастарға қарата сөйлейді:
Келесің немене ойлап қарақтарым?
Айтар деп бір жақсы сөз алақтадым.
Дүниеде сұм жарлылықтың жаманын-ай,
Иттей боп жемтік іздеп жалақтадым.
Жасымнан бай болуды жаратпадым,
Сөз жаттап, жыр айтуға талаптандым.
Жас келіп жер ортадан ауғаннан соң,
Ақылмен алды-артымды сараптадым.
Айтуған – өнерді ерекше бағалап, оған жаратушының сыйы ретінде қараған, өнер
сабақтастығын үйрету мен үйренуде, бойыңдағы өнерді жетілдіріп бағалай білуде деп білген ақын.
Бойындағы өнердің сырын жастармен бөлісіп, ақындық-жыршылық жолға баулып отыруды да
өзінің міндеті санаған. Жыраудың өнерлі жігіттерден үміт күтіп, ақындық дәстүр сабақтастығы
туралы ойларын:
Келесің, ей, балалар, немене ойлап?
Дүниенің қызығына бар ма тоймақ?
Ішінде сөз үйренер қайсың барсың,
Айтыңдаршы, ниеттерің болса жайлап!..
Десеңдер жыр үйренем үйге кірің,
Болсам да өзім жарлы, көңілім кең! [1] –
деп келетін жыр жолдарын көруімізге болады.
Өзінің өнерпаздық болмысына сәйкес, өнерге деген сүйіспеншілігін паш етіп, жастарды
рухани құндылықтарды меңгеруге шақырады. Шынайы адамгершіліктің, биік парасат пен салқын
сабырлылықтың өнегесі бола білген жырау өнер жолын қуған жастарға өмірдің тағылымды
сабақтарын ұсынады.
52
Айтуған сөз өнерін аса дәріптеп, сөз үйренемін жас жеткіншектерді бетінен қайтармаған.
Оларға жырымен үлгі көрсетіп, сөз өнерін насихаттап, өлеңнің құдіретін танытып отырады.
Тарихи әрі батырлық жырларды, өзінің әдеби туындыларын жаттауға құмар жастарға ұстаздық
етіп, рухани жетілдіруді де ақындықтың бір қыры деп қарайды:
Өнер сүйген кісіге,
Сусын берген мен едім.
Бойымдағы барымды
Артымдағы ініге
Қалдырайын деп едім.
Отыз түрлі Ноғайлық,
Қырымның қырық батырын,
Қабылдайтын қайсың бар,
Үйретейін деп едім...
Артта қалар ініге,
Сөз асылын терейін...
Біреу – жарлы, біреу – бай,
Ақылға салып отырам,
Дүниенің біліп жалғанын, –
деген жыр жолдарынан ақынның өнер сабақтастығы, дәстүр жалғастығы секілді
өнерпаздық қағидатты мықтап ұстанғандығын көреміз. «Айтуған жырау атанып, Өмірде көрген-
білгенді, Айта алмасам мен мұңдық», – деп ақындық, жыраулық болмыстың миссиясын кеңінен
толғап, кейінгіге жалғастыруды өзіне парыз санайды.
Айтуған жырау Тайұлы тұрмыс күйі орташалау болып ғұмыр кешкенмен, өмірде
көргендерін терең пайымдаған ойшыл ақын. Өзінің алдындағы ақындардан үйреніп,
шығармашылығына рухани нәр алып, табиғи дарынын шыңдап өткен. Жырды ерте тастағанымен,
артына тағылымы мол, көркемдік сапасы жоғары әдеби мұра қалдырды. Халық арасында сыйлы
болып, жастарға қалдырған өнегелік, ұстаздық қадір-қасиеті мен абырой-беделі үшін сөздері
халық жадынан ұмытылмай, жүрек түкпірінен орын алған өнерпаз. Жарлай арнау арқылы халқына
ұсынатын жыр жолдарында өмірдің өткіншілігін айта отырып, кейінгілерге амандық тілейді:
Сәлем айт, барсаң бізден қырдағы елге,
Аға-іні, қарындас пен жеңгелерге.
Жас келіп, өлім деген жақын қалды,
Тілеймін тек жақсылық білгендерге.
Егер де көрмей кетсек, аман болың,
Туған жан кірмей қоймас қара жерге.
Сұм ажал ретімен келеді ғой,
Жақсыға, жаманға да, кемеңгерге! [2,30]
Айтуған жырау Абыл Тілеуұлынан «Қырымның қырық батыры», «Отыз тарау Ноғайлық»
секілді жырларды үйреніп, өзіне ұстаз тұтқан. Абыл секілді халық ақын-жырауларының өлең-
жырларын зерделей меңгеріп, өзінің ақындық, жыраулық, жыршылық келбетін қалыптастырған.
Айтуған – түрлі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер мен болып өткен тарихи оқиғаларды көз алдына
елестетіп, ой елегінен өткізіп, жақсысы мен жаманын парықтап, түрлі пайымдаулар жасап, көрген-
білгенін жырмен сыйға тартқан ойшыл ақын.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Шыртанов І. Айтуған жырау. // Маңғыстау. – 7 желтоқсан, 1990.
2. Меңдалыұлы А. Адай шежіресі. – Алматы. 2002.
3. Жыр Дария. Маңғыстаудың ақын-жыраулары. – Ақтау. 1995.
4. Сыдиықұлы Қ. Елеулі есімдер. Бағалы басылымдар. – Алматы. Информ-А, 2001.
5. Исаберген С.К. Айтулы ата Айтуған – Алматы: Информ-А. 2011.
6. Меңдалыұлы А. Адай шежіресі. – Алматы. 2002.
|