1986 жылғы Алматыдағы көтеріліс және оның шынайы себептері мен салдары.
Алаш қозғалысы қайраткерлерін, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ресми түрде ақтау.
Желтоқсан көтерілісі — 1986 жылы 17 — 18 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық іс-қимылдары. Бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиға болып табылады
Қазақстанның жоғарғы органдарына орталықтан басшы кадрлар жіберу кеңінен орын алды. Оларды қызметке жібергенде жергілікті жердің пікірі, республиканың тарихи жағдайы, оның салт-дәстүрі есепке алынбады. Мұндай жағдай 1986 жылғы 16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевты орнынан алған кезде айырықша көзге түсті. Пленум мәжілісі небары 18 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Қазақстан Компартиясының бiрінші хатшысы Д. А. Қонаев қызметінен алынып, оның орнына Мәскеу жіберген Г.В.Колбин сайланды. Пленум өткеннен кейін екінші күні Орталық партия Комитеті үйі алдындағы алаңға өздерінің Пленум шешімімен келіспейтіндігін білдіру үшін жұмысшы және студент жастар, оқушылар, т.б. жиналды. Олардың қолдарында ұстаған ұрандарының арасында «Әр халықтың өз ұлттық көсемі болу керек» деген ұран бар еді. Мұндай көсемнің Қазақстанда тұратын орыс халқы өкілдерінен де мүмкін екендігі айтылды. Міне, осындай күрделі жағдайда Г. В. Колбин партия Орталық Комитетінің бюро мәжілісін шақыртып, оған С.М.Мұқашев, Н.Ә.Назарбаев, З.К.Камалиденов, О.С.Мирошхин, М.С.Меңдібаев, А.П.Рыбников, Л.Е.Даулетова, В.Н.Лобов, т. б. қатынасты. Бірақ олар алаңға шыққан жастардың жүрегіне жол таба алмады.
17 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 8-де қаладағы Л.И.Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында 300-дей адам жиналып, кешкісін көтерілісшілер саны 20 мыңға жетті. Бірақ көтерілісшілердің қойған талап-тілектері аяқ асты етіліп, “бұзақыларды” күшпен тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді. КСРО ІІМ-нің бұйрығы негізінде дайындалған “Құйын — 86” операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып жаншылды.
18 желтоқсан күні алаңға қайта жиналмақ болған көтерілісшілерге қарсы әскер күші қолданылды. Көтерілісшілердің қалған топтарын ығыстыру үшін жедел отряд, милиция мен жасақшылардан арнайы топтар құрылып, қала көшелеріне аттандырылды.
Осы әскери күштер 19 желтоқсан күні қаланың әр тұсында қайтадан шеруге шықпақ болған 6 топты басып, таратты. Алаңдағы көтерілісшілер таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2401 адам жеткізілген (Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде барлығы 8,5 мың адам ұсталған). Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында Е.Сыпатаев, С.Мұхаметжанова, К.Молданазарова, Қ.Рысқұлбеков, М.Әбдіқұлов, Л.Асанова сынды ержүрек қазақ жастары бар. 17 желтоқсанның кешіне дейін шеруге қатысушылар шектен шықпады, ешбір заңды бұзбады. Осы арада ерекше айта кететін бір жәйт, алаңда қазақ жастары басым болғанымен, олардың қатарында орыс, украин, ұйғыр және басқа ұлттардың өкілдері де болды. Оны сол кездегі ішкі істер органдары тіркеген тізім де растайды.
Ақыры оқиға кезінде әр ұлттың өкілдерінен тұратын 2401 адам ұсталды. Бұлардың ішінде Алматының соттары 326 адамды әкімшілік жазаға кесті, қылмыстық тәртіп бойынша – 99 жас сотталды, екі адам ату жазасына тартылды. Тек қана Желтоқсан оқиғасына байланысты Қарағанды университетінен 25 студент комсомолдан шығарылып, 11-і университеттен қуылды. Алматы сәулет-құрылыс институтының бұрынғы студенті Қ.Рысқұлбеков түрмеде қаза тапты. Студент қыз Л.Асанова жұмбақ жағдайда көз жұмды.
1987 жылғы шілдеде КОКП Орталық Комитеті «Қазақ республикалық партия ұйымдарының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жұмысы туралы» арнайы қаулы қабылдады. Онда 1986 жылғы желтоқсандағы оқиға Қазақстандағы ұлтшылдықтың көрінісі деп бағаланды. Бірақ кейіннен бұл шешім қате деп табылды.
Қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы шеруінің түрі ұлттық болғанымен ұлтшылдық емес еді. Ол басқа халықтарға, соның ішінде орыс халқына қарсы бағытталмаған болатын. Шеру саяси сипаттағы бейбіт демонстрация еді, мемлекеттік құрылысты құлатуға шақырған жоқ. Бірақ республиканың және орталықтың партиялық-бюрократиялық құрылымы тарапынан ол экстремистік пиғылдағы ұлтшыл жастар тобының бүлігі деп бағаланды. Жүйе оны «Қазақ ұлтшылдығы» деп айыптауға дейін барды. Осыған байланысты 1987 жылғы 14 наурызда өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Пленумының шешіміне сәйкес партия ұйымдарында тазалау басталды.
Желтоқсан оқиғасы бойынша тергеу барысында 99 адам сотталды, 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан шығарылды. 1164 БЛКЖО мүшесіне, 210 партия мүшесіне әртүрлі жаза берілді, 52 адам КОКП қатарынан шығарылды. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінен 309 адам жұмыстан босатылды, жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды.