Түйінді сөздер: әдеби жанр, өлең ырғағы, поэтика, көсем сөз, шешен сөз, аңдату, рухани
мәдениет
Қазақ әдебиетінің теориясын алғаш жазған ғалым А.Байтұрсыновтың «Әдебиет
танытқышы» көп жылдар бойы қолданысқа енбеу себебінен қазақ халқының ұлттық әдебиеті
туралы теориялық еңбек болмады делініп келді. Әдебиеттану ғылымы негізгі үш саладан: әдебиет
тарихы, әдебиет теориясы, әдебиет сынынан тұратынды десек, әдебиеттану ғылымының аталған
салалары ішінде әдебиет теориясының орны ерекше. Әдебиет теориясы туралы ой-пікір,
көзқарастар ерте заманнан қалыптасып, айтылады. Әдебиет теориясы туралы ең алғашқы үздік
еңбек грек елінің философы Аристотельдің «Поэтика» атты еңбегі. Бұл еңбек әдеби-теориялық ой-
пікірдің ең биігі саналды.
Ұлттық негіздегі әдебиет теориясының алғашқы толғамдары. А. Байтұрсыновтың «Әдебиет
танытқышы», Қ. Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы», Е. Ысмайыловтың «Әдебиет теориясының
мәселелері» еңбектерінде бастау алды. Осы аталған еңбектерден соң әдебиет мәселелерінде
айрықша орны бар еңбек З.Қабдоловтың «Сөз өнері» еңбегі. Жоғары оқу орындарында әдебиет
теориясын, әдебиеттану ғылымының негіздерін оқытудың басты әдіснамалық бағыттары ретінде
З.Қабдоловтың зерттеу еңбектерінің маңызы ерекше. Оның әдебиеттану ғылымына қалдырған
еңбектерінің айрықша құндылығы көркем әдебиеттің табиғатын, оның өмірмен жалғастығын,
қазақ сөз өнерінің ұлттық сипат-ерекшелігін ғылыми тұрғыдан терең ашып берген теориялық
қағидаларымен құнды. З.Қабдолов талантының бір қыры-оның зерттеушілігі екендігі анық
танылады.
А.Байтұрсынұлының қазақ елінің тарихында зор бетбұрыс жасаған ұлы өзгерістердің
ұйытқысы болғаны баршаға мәлім. 1926 жылы жарияланған «Әдебиет танытқыш» әдебиеттану
ғылымында қазақ тілінде жарық көрген тұңғыш ғылыми еңбек саналады. А.Байтұрсынұлы – қазақ
әдебиеттануының дамуына тікелей атсалысқан ғалым. 1990 жылы шілдеде Қазақстан Жазушылар
одағы Ахмет Байтұрсынов шығармашылығына арнап ғылыми конференция өткізеді. Сонда
М.Әуезов «қазақ халқының рухани көсемі» атаған Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы»
туралы ғалым З.Қабдолов баяндама жасаған. Сол еңбегіне ғалым 1995 жылы қайта қарап, 1996
жылғы «Көзқарас» атты жинағына енгізген (З.Қабдолов. Көзқарас. Алматы: Рауан, 1996, 67-88
беттер). Мұнда ғалым Ахмет Байтұрсыновтың 1926 жылы жарық көрген «Әдебиет танытқышын»
біздің жыл санауымыздан 326 жыл бұрын өмірге келген Элладалық Аристотельдің
«Поэтикасымен» салыстыра қарастырады. Бірін грек әдебиеттануының, екіншісін қазақ
әдебиеттануының өз тұсындағы мінсіз «әліп-билері» ретінде жоғары бағалайды. Қазақ топырағына
Ахмет әкелген әдебиеттің тегі мен түрі туралы терминдерді талдап қарап, «Әдебиет
178
танытқыштың»
ең
басты
бағалы
болатыны
–
әдеби
терминдерді
қазақша
қалыптастырғандығында» деген тұжырым жасайды.
Ғалым «Ахаң қалыптастырған әдеби-теориялық терминдерге мұқият жауапкершілікпен
қараған жөн» деп Ахмет ұсынған терминдерді жапатармағай жіпке тізе бермей таңдап, талғап,
сосын талдау керек сонда ғана Ахметтен қалған термин атаулары іріктеліп, сұрыпталатынын
ескертеді.
Мәселен «Шешен сөз» бен «Көсем сөз» терминдерін салыстыра қарап, түсінік береді.
Ахмет «Бұлардың айырмасы–шешен сөз ауызша айтылады, көсем сөз жазбаша айтылады» деп
«Шешен сөзді» бес мүшеген бөліп,:1) бастамасы, 2) ұсынбасы, 3) мазмұндамасы,4) қыздырмасы,
5) қорытпасы деген. Мұны З.Қабдолов «Мұның бәрі, стандарт-қолдан қалып қиып канон жасау.
Қолдан «қалып» ұсынылған жердегі қисын қисық, қағида қасаң болады деп түсіндіреді. Ал «Көсем
сөз» деп отырғаны –публицистикаға балама мұны қабылдауға болады деп дәлелдемелермен ойын
негіздейді. ғалым бұл зерттеуінде А. Байтұрсынов сынды ұлттың рухани ұстазының әдебиеттану
ғылымы саласындағы ұлы еңбегін жан-жақты талдау барысында ол ашқан жаңалық атаулының
бәріне сүйсіне отырып, кей тұстарда таңданып, тамсанудан кілт кідіріп, басқаша толғанады.
«Аристотель мен Ахаңның өз мезгілі мен мекенінде «мінсіз» көрінген осы қисындары мен
қағидалары әдебиет туралы ғылымның бүгінгі деңгейінен қарағанда, шынын айтсақ сын
көтермейді, - деп алады да ғалым, - онда қалайша мінсіз?»- деп өз сөзіне, өз пікіріне қарсы сұрақ
қояды. Және «Гәп осы арада» дей келіп, соны қазақ әдебиеттануының үш саласында жасалған
еңбектерді алға тарта отырып, өз пікірін дәлелдейді. «Біздің бұл пікіріміз, - дейді ол, - Ахаңды
сынау үшін айтылып отырған жоқ. Ахаң өзінің әдеби қисындарын туғызып, тыңға түрен салған
тұста қазақ қоғамындағы әдебиет туралы ұғым-түсініктің, жалпы эстетикалық ой-сананың
дәрежесі қандай екенін аңғарту үшін айтылып отыр. Демек, Аристотельдің «Поэтикасын»
қаншама әлемдік әдебиет теориясының басы дей тұрсақ та, біздің дәуіріміздегі әдеби қисындар
Аристотель тұсындағы дәрежеден әлдеқайда ілгері кеткені секілді, Ахаңның әдеби қисындарын
қаншама қазақ топырағындағы әдебиет теориясының басы дей тұрсақ та, біздің бүгінгі әдеби-
теориялық таным-толғамдарымыз Ахаң тұсындағы деңгейден әлдеқайда биіктеп кеткенін
мойындамасқа болмайды. Әйтпесе, біз қазіргі қазақ қоғамындағы көркемдік дамудың байыбына
бара алмас едік». тұжырмын жасайды. Әдебиет танытқышта кіріспе орнына берілген «Аңдату» екі
абзацпен берілген беташарда Ахмет ә дегеннен 4 түрлі термин 4 түрлі ұғым қалыптастырмақ
болады деген. 1 (жаратынды нәрсе, 2 (жасалынды нәрсе, 3) тірнек өнері, 4) көрнек өнері
Адамзат тарихындағы материалдық (заттық) және рухани мәдениеттер салалары бойынша
игерiлген құндылықтарды ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов: «...тiршiлiк үшiн жұмсалатын
тiрнек өнерi болады да, ...көркемшiлiк үшiн көрнек өнерi болады» [4, 340-341] – деп, көрнек
өнерiнiң бес тарауын (сәулет, сымбат, кескiн, әуез, сөз) атап көрсетедi. Ал, оның ақындық өнер
хақында айтылған пiкiрi қазақ әдебиетi тарихының негiзгi өзегi болып келе жатқан поэзияның
ықпалды орнын айқын танытады: «Шығарма тiлi екi түрлi болады: 1) ақын тiлi, 2) әншейiн тiл.
Ақын тiлi – айрықша өң берiлiп айтылған сөз; әншейiн тiл – ондай өң берiлмей, жай айтылған сөз.
Ақын тiлiмен сөйлегенде сөзге айрықша өң берiлгендiктен, лебiз өрнегi болып шығады. Әншейiн
тiлмен сөйлегенде, сөзге өзгеше өң берiлмегендiгiнен, лебiзсiз де жалаңаш болып шығады.
Сондықтан алдыңғысы көрнекi лебiз делiп, соңғысы жалаң иә көсе лебiз болып айтылады» деген
пікірлерін З.Қабдолов «Ахаң әр нәрсені өзгеден үлгі іздемей, немесе өзгені қайталамай, тек өзгеше
ат қойып, айдар тағу әрекетінің өзі бұл ұғымдарға ғылыми сипат дарытатындығы» деп баға
берген.
Қазіргі әдеби жанр мәселесінде қалыптасқан, әбден орныққан ғылыми тұжырымдардың
табиғатына бойлай отырып ғалым «Қазіргі қазақ өлеңінің теориясы Ахаңсыз аттап баса алмайды»
«Мәселен, осы зерттеуінде Айшықтаудың (фигураның) Арнау деген бір түрі бар. Бүкіл
дүниежүзілік әдебиет теориясында Арнау деген бір-ақ түр; шауып шықса, бұған Шешендік сұрау
қосылып қана аздап ажарлануы мүмкін. Ал, қазақ поэзиясында Ахаң осының үстіне үш түр (сұрай
арнау, зарлай арнау, жарлай арнау) қосып, құбылтып, тотының түгіндей құлпыртып әкетеді».
Міне, осы үш түрлі болып жіктелетін арнауларға З.Қабдоловтың «Сөз өнері» оқулығында
анықтама беріледі. Осы ретте З.Қабдолов: «Әдеттегі дәстүр жалғастығының заңына орай осы үш
түрлі арнауды әрқайсымыз өзімізше пайымдап, қисындап, кейде тіпті қиыннан қиыстырып, біз де
179
(Жұмалиев те, Ысмайылов та, Қабдолов та) кітаптарымызға кіргіздік. Бірақ, амал не, бұл
жаңалықты тапқан Ахаң екенін кезінде ешкім айта алмай, Қажекеңе сілтеме жасауға мәжбүр
болдық» деген түсінік-пікірін қосады. Әдебиет сөзін А.Байтұрсынов «асыл сөз» деп атаса,
З.Қабдолов «сөз өнері» дейді. Ахмет Байтұрсынов сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі,
олар: 1. Ақылға. 2. Қиялға, 3. Көңілге. З.Қабдолов біріншіден, сезімге; екіншіден, бақылауға;
үшіншіден,қиялға; төртіншіден, интуицияға; бесіншіден, өмірбаянға; алтыншыдан, парасатқа;
жетіншіден, шеберлікке; сегізіншіден, шабытқа негізделеді деп қарастырған.
Сондай-ақ, Ахмет сөздің дұрыс, таза, анық, дәл айтылуының үстінде талғау сөздің көрнекі
болуын да керек қылады. Ал көрнекілік дегенді Ахмет Байтұрсынов «өң берілген сөздер» деп
түсіндіріп, тіл көрнекі болу үшін дерексіз нәрсе деректі нәрседей, жансыз нәрсе жанды нәрседей
суреттеліп, адамның сана-саңылауына келіп түсерлік дәрежеге жетуі керек. Қалыпты түріндегі сөз
ондай дәрежеге жетуі үшін түрлі әдістер істеледі. Ол әдістер негізгі түріне қарай үш топқа
бөлінеді: Көріктеу, Меңзеу, Әсерлеу. Бұл турасында З.Қабдолов «Сөз өнері» еңбегінде «Әдеби
тілдің әсемдігі ғана емес, әсерлігі үшін де орасан қажет тәсіл – құбылту, яки троп – сөздерді тура
мағынасында емес, бұрма мағынасында қолдану, шындықты бейнелеп кейде тіпті перделеп
таныту» дей келіп оның түрлерін атап көрсетеді. Аталған мақалада З.Қабдолов Ахмет ұсынған
көріктеу, меңзеу, ауыстыру, алмастыру, кейіптеу, пернелеу, әсірелеу, шендестір,дамыту,
түйдектеу-осы терминдердің кейінгі әдебиет қисындарына негіз болғандығына тоқталған.
З.Қабдолов Қазақ өлеңінің құрылысын талдап жүйелегенде де өлеңнің ырғағын, ұйқасын,
шумағы бейнелілігін әрлегенде Ахмет Байтұрсынов негіздеген атауларды пайдаланбайтын бірде
бір зерттеуші жоқ екеніне көңіл аудартады. Ахмет Байтұрсыновтың қисындары әлемдік сөз
өнерінің адамзатқа ортақ үлгісі мен үрдісінде жасалған дүниелер деген тұжырымға тоқталады.
«Ахаң жоқтан бар жасап жатқан жоқ барды байытып, жалпы ұғымды нақты ұғымға көшіріп, оған
ұлттық түр, халықтық сыр дарытқан» деп Ахмет Байтұрсынов қалыптастырған қисындарды дұрыс
талдап қарау талабын байқатып, Ахмет еңбегінің болашақ әдебиеттану ғылымының биіктеріне
баспалдақ бола беретіндігіне ғылыми бағамдар жасайды. Қорыта айтсақ, З.Қабдоловтың Ахмет
Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» еңбегіне жасаған талдаулары зерттеу мәдениетін
сақтауымен, жүйелілігімен, тереңдігімен, салмақтылығымен даралана түседі.
ӘДЕБИЕТТЕР
1.Қабдолов З. Сөз өнері.-Алматы: Санат, 2007.- 360 б.
2.Қабдолов З. Әуезов.- А.: Санат, 1997.- 352 б.
3.Қабдолов Зейнолла тағылымы. Өмірі мен шығармашылығы туралы мақалалар мен
сұхбаттар, өлең жырлар. -А.: Қазақ университеті, 2007.-416 б.
Достарыңызбен бөлісу: |