Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


«Бұл әдеби үйірме бүркемелген астыртын ұйым болатын



бет12/273
Дата07.01.2022
өлшемі3,34 Mb.
#17494
түріБағдарламасы
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   273
Байланысты:
Ұраным Алаш ТАЛҚЫ Т.Тұртбай 3 том

«Бұл әдеби үйірме бүркемелген астыртын ұйым болатын»,– деп нақты көрсетіп тұр.

Иә, алдыңғы тарауларымызда айтқанымыздай, «Алқа» үйiрмесi мен «Табалдырық» атты бағдарламада ешқандай «жасырынбақтың» жоғы анық. Алайда, тергеушiлер оны «контрреволюциялық ұлтшыл астыртын ұйым» ретінде қылмысқа жатқызды. Істің насырға шауып бара жатқанын аңғарған М.Әуезов 1931 жылғы 29 қыркүйек күнгі жауабында:



«Жасырын құрылған астыртын ұйым-мыс деп жүрген «Алқа» әдеби үйiрмесiнiң бағыт-бағдары туралы мәселе жөнiндегi менiң пiкiрiмдi сол кезде Семей облыстық партия комитетiнiң насихат және үгiт бөлiмiнiң меңгерушiсi Тоқжiгiтов жолдастан сұрап білуiңiздi табанды түрде өтiнемiн, «Алқаның» бағдарламасын оған көрсетiппiн бе, жоқ па, оған берiппiн бе, жоқ па, соны анықтаңыздар, демек, соның өзiнен-ақ мұнда ешқандай жасырып-жабушылықтың (нелегальщинаның) жоқ екендiгi байқалады»,– деп куә іздей бастайды.

Бұл тым кеш ширығу болатын. Өйткені бұл кезде:



«Жастардың арасындағы өздерiнiң ықпалын күшейту үшiн және ұлтшыл рухтағы жастарды дайындау арқылы өздерiнiң идеяларын бұқара қауымның арасында кеңiнен тарату үшiн контрреволюциялық ұйым баспасөздегi, мәдени-ағарту мекемелерiндегi және ғылыми-зерттеу мекемелерiндегi, жоғары оқу орындарындағы, ең бастысы, әдебиет саласындағы контрреволюциялық әрекеттерiн өршiте түстi. Астыртын ұйымның бұрынғы мүшелерiнiң көмегімен басылып шыққан кiтаптар – бұқара халықты ұлттық рухта тәрбиелеуге, хан мен батырлардың дәуiрiн аңсау сарынында, кеңес өкiметiне наразылық тудыру рухына бағытталды. Жекелеген әдеби еңбектердi дайындау белгiлi бiр тәртiп бойынша жүргiзiлiп, ұйым мүшелерiне өзара бөлiнiп берiледi. «Алқа» атты астыртын әдеби үйiрменiң өмiр сүруi әдеби еңбектердi белгiлi бiр тәртiп бойынша бөлiсiп дайындауға ұйытқы болды, оның бағыт-бағдарын («Табалдырықтың») анықтауға М.Жұмабаев және айыпталушылар Даниял Т.Ысқақов, Х.Досмұхамедов, Мұхтар Әуезов пен Қошмұхамед Кемеңгеров қатысты»,– деген «Айыптау қорытындысы» жазылып қойған еді.

Сөйтіп, әуелде, «Алқа» әдеби үйiрмесiне қатысып, оның «Табалдырық» атты бағдарламасын оқығаны үшiн айыпталған Мұхтар Әуезовтiң «қылмысы ауырлап», ендi кеңес өкiметiнiң экономикасына қастандық жасаған бүлiкшiл, оқу-ағарту iсiндегi шараларға кедергi келтiрген, марксшiл iлiмге қарсы үгiт-насихат жүргiзген идеологиялық дұшпан болып шыға келдi.

Тергеу барысында мұның барлығын жоққа шығарған Мұхтар Әуезов осыдан тоғыз ай кейiн жазған «Ашық хатында» жоғарыдағы пікірлерінің бәрiн терiске санап, «қатесiн мойындады». Тiптi, «Алқа» үйiрмесi туралы да мүлдем басқаша пiкiр бiлдiрдi. Ол:

«Алқаның» бағытын әдебиеттегi жаңа төңкерiсшiл бағыт деп қабылдауым да терiс едi. Анығында ол марксшылдыққа құр ғана иек сүйеп отырып, негiзiнде бұрынғы тар ұлтшылдықты қайта тереңдетiп, қайта қалыптап, қайта нығайтамын деген жол болатын. Мен оның негiзгi бағытын қаталасып барып, көтере бағалаппын. Қазiр де қазақ жазушыларының алдында тұрған төңкерiстiк мiндеттердi түсiну жолында, мен ол «Алқаның» терiс ұлтшылдық бағытынан бойлап астым. Сондықтан бұдан былай онымен ешбiр байланысым жоқ деп санаймын»,– деп алдыңғы пiкiрiнен айнып кеттi.

Шығар үкiм шығып қойған соң дәл осылай бүгежектеудiң қажетi бар ма едi? Бар едi. Өйткенi, бостандыққа шығарғанмен де, еркiндiк бермейтiн. Бұл «Ашық хат» аз да болса тыныс алудың амалы едi. Біз «Алқа» үйірмесі туралы деректерді жинақы беру мақсатында сәл ілгерілеп кеткенімізбен, кейін ұзақ уақыт жауапқа тартылмайды. Өйткенi, олардың қолында М.Әуезовтің астыртын ұйымға, басмашылар қозғалысына, ақ гвардияшылардың жазалау әрекеттеріне, мойынсерік пен тәргілеу науқанына, жер телімі жөніндегі айтыс-тартысқа қатысқаны қақында нақты айғақтар да жоқ едi және олардың көкейiн тескен оқиғалар өткен тұста Мұхтар Әуезов Ленинград қаласында оқуда жүрген болатын. Бұл оған түрме тергеушiлерiнiң қойған сұрақтарына жалтара жауап беруге мүмкiндiк жасады. Алайда Голощекиннiң өзi партия конференциясында Мұхтар Әуезовті «контрреволюцияшыл ұлтшыл» деп ашық жарияланғандықтан да iстi тоқтатудың ешқандайда лажы жоқ болатын. Сондықтан да өткендегi оқиғаларды қоздырып-қотарып, қашан iлiк тауып, ресми айып таққанша бiраз уақыт өттi.

Сонымен, тұтқындалғаннан кейін үш айдан соң барып ресми түрде айыптау қорытындысымен танысып, өзіне тағылған айыптардың шындыққа сәйкес келмейтіндігін айтып, оған қарсы уәж білдірді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   273




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет