Олардың бұрынғы өзін әлденеге бағалағандығы болса, Қазақстан еңбекшілерінің тұрмысындағы жаңалап өскен дәуірде оның бәрін керексіз қылып, жолынан алып тастап отыр
Олардың бұрынғы өзін әлденеге бағалағандығы болса, Қазақстан еңбекшілерінің тұрмысындағы жаңалап өскен дәуірде оның бәрін керексіз қылып, жолынан алып тастап отыр.
Ондай бақыттар бұрын қандай залалды болса да, қазір онан да әрі залалдырақ. Одақ еңбекшілерінің ендігі тұрмысының өсу, гүлденуіне бөгет болар кедергінің бәрін қандай керексіз десек, бұны да сол сияқты керексіз, зиянды деп білемін.
Өзімнің сондай топтармен байланысқан артқы күнімді осылайша нық тексеріп, қайта бағалап келгендегі ендігі байламым: сол ескілігінен өз арамды бұдан былай бір жола үзіп жарып алу және сол ескілікпен мені байланыстырып, жақындастырған жайлардың барлығынан үзілді-кесілді арылып шығу.
Осы сияқты жаңа түсінік, жаңа бағыт тұрғысынан енді менің жүріп өткен әдеби және (қазақ әдебиетінің тарихын қарастырғандағы) зерттеушілік қызметімді шолып өткенде айтатыным: ол қызметтерім Қазақстандағы мәдени төңкерістің жол-бағытымен үйлескен жоқ. Қайта соған қайшы келіп отыр.
Менің өткендегі жазушылық қызметімнің айқын белгілері «Еңлік-Кебек», «Қаракөз» сияқтылары еді. Бұлар бүгінгі төңкеріс дәуірінен алыстағы қазақ салтын көрсетумен қатар, өздерінің екшеліп алынған тақырыптары бойынша төңкеріс тематикасынан әдейі аулаққа жайылып кеткендікті және ұлтшыл жазушылардың тобына кеткендікті білдіретін нәрселер. Мен сол жазушылардың қатарына кіріп, 1920 жыл мен 1928 жыл, аздап 1929 жылдың аяғында Қазақстандағы және Ташкендегі баспасөзге әсер етіп, баурап алмақ боп әрекет еттім. Сол жылда оқушы тобына тар ұлтшылдық бағытында әсер етіп, әдеби шығармалар, сындар, айтыстар арқылы ұйымда қандай іс жүргізсек, жастар арасына сондай ұлтшылдық күйін тараттық. Бұл әрекеттің барлығы ортақшыл партиясы мен кеңес үкіметінің сол жастарды интернационалдық рухында баулимын деген міндет бағытына негізсіз қарсы жүріп отыр. Мен қазірде жаңағы сияқты шығармаларымның бүгінгі күннен аулақ кетіп, бірбеткей тақырыптарды ғана екшеп алғандығын айып деп, кінә деп қоймаймын. Сол тақырыптарды суреттеген, таратқан әдісін салт-санашылдық – суреттеулік ретіндегі қалыптасуын да теріс деп білемін.
Менің шығармамның көпшілігі сарнамашылдық бетімен болуымен бірге, өткен дәуірді төңкерісшіл сарыншылдық жолымен сипаттаудан қашық болды. Қайта ескіліктің кейбір залалды салттарын жарыққа шығарып өстумен, ол салтты жақтаушыларды аз-аздап пікірі жолындағы құралсыздандырумен қатар, бәрібір мен өз шығармаларымның көпшілігімен анығында беті ашық ұлтшылдық күйіндегі жазушы боп шықтым.
Ал бұл жол – біздің аймақтың кеңесі тарихи өсуінің қорытындысында төңкеріске жаулық жолы боп шықты. Себебі, жаңағыдай шығармалардың пікір, сезім жолындағы теріс әсері, біздің уақытымыздағы қазақ жастарының ойына да, рухына да тиетін болды. Өйткені біздің жастар өткен күнін жаңа танып келе жатқан, жаңа оянған артта қалған елдің жастары болатын. Қорытындысын айтқанда, менің әдеби қызметім, сол жастардың көңіліндегі, салт-санасындағы ұлтшылдық күйін жеңілдетіп, сейілдетуге арналмай, қайта соны нығайта түсуге арналып кетті. Қазіргі күнде мен өзімнің бұрынғы жазушылық жолымдағы бағытыма ғана емес, қазақ әдебиетін тексерген тарихшы, зерттеуші есебіндегі қызметіме де теріс деп қараймын.
Түгелдеп айтқанда, төңкеріс, жолдарының қоғамдық заказы мен төңкерісшіл жұртшылықтың тілегіне біржолата үйлеспейтін сөздерім болған. Бұл ретке қосылатын төңкеріс жолындағы жылдар ішінде қазақ әдебиетінің жолы қандай болу туралы «Шолпан» журналының бетінде ертеректе айтқан пікір. Бұл салт-сана жолында залалды пікір еді.