Сол қатарларым кейбір кейінгі тексерулерімнен де арылған жоқ. Мысалы, соған ұқсаған қаталар Абай шығармаларын тексеруімде де бар.
Онан соң «Алқаның» бағытын әдебиеттегі жаңа төңкерісшіл бағыт деп қабылдауым да теріс еді. Анығында ол марксшылдыққа құр ғана иек сүйеп отырып, негізінде бұрынғы тар ұлтшылдықты қайта тереңдетіп, қайта қалыптап, қайта нығайтамын деген жол болатын. Мен оның негізгі бағытын қаталасып барып, көтере бағалаппын. Қазірде қазақ жазушыларының алдында тұрған төңкерістік міндеттерді түсіну жолында, мен ол «Алқаның» теріс ұлтшылдық бағытынан бойлап астым. Сондықтан бұдан былай онымен ешбір байланысым жоқ деп санаймын.
Тағы бір сөз, ауыр қатам деп санайтыным қазақ баспасөзінің жүзіндегі төңкерісшіл марксшілдік сынына құлақ салмауымда.
Дәлелсіз сыңаржақтықпен қарап, барлық сынды түгелімен ұйымсыз жазушыларға арналған жаулықтың ғана сыны деп санап жүрдім. Өз ісімнен ол сынның ролі де, мұраты да, ортақшыл емес, жазушыны әдебиет жүзінде соққыға жығудан басқа емес деп біржақты теріс баға беріп жүрдім, сонымен сынның негізді – ғылыми негізді төңкерісшіл басшы екенін ескермедім. Сынға осылайша теріс қараған көзқарасыммен соңғы жылдарға шейін келдім де, әдейі ұстанған көңіл құрылысы есебінде, жұртшылық алдында өзімнің қатарларым туралы да үндемей сөз көтермей келдім. Бұл да қатамның бірі еді.
Енді «Қазақстан правдасы» мен «Социалды Қазақстан» арқылы барлық Казақстан жұртшылығының алдында өзімнің бұрынғы әдеби-саяси істерімді осылайша айқын күйінде айыптайтынымды ашық жарияламақ боламын. Сонымен бірге, енді бұрынғы қаталарымды төңкеріс ісіне барынша бой салып ұдайы, адал қызметпен түзетуге бекінгенімді білдірмекпін. Енді мәдениет, салт-сана майданының ең жауапты, ең қызу тартысының кезеңдерінде іс істеуге өзімді-өзім міндеттеймін деп санаймын.