Сол сияқты Қазақстанда өндіріс құрылысының кеңінен өріс алуына да сенбеп едім. Бүгінде ол жүзеге асқан ұлы іс болып, Қазақстанның барлық қалпын қайта туғызғандай боп отыр.
Қазір өмірде қайта барлық Одақ пен Қазақстанның ұлы құрылысының тәжірибесі мен және социализм үшін алысқан халық бұқарасының жаңғырған саналы тіршілігінің тәжірибесімен менің жаңағыдай түсініктерімнің барлығы әрі теріс, әрі залалды екендігін айқындады.
Енді Қазақстан еңбекшілеріне жаулық ниет ойлайтын ішкі-тысқы таптар мен жеке адамдардың жат ниеті мен үміттеріне қарсы нақ сеніп айта алатыным – олардың жолы тарихтан қағылып шыққан көзсіз жол – қаза жолы. Бұл таптардың өткен уақыттағы саяси бағыты – енді тарихтың аударып кеткен, жабылып қалған беті болады. Және, бұны ашық мойынға алу керек, ол тарихтың мақтаусыз, бәйгесіз, ажарсыз беті болып саналуға тиіс.