В017 "Қазақ тілі мен әдебиеті" мамандығы курс, 406 топ Орындаған: Қлышбек қымбат алматы 2023 Жоспар



бет2/4
Дата18.10.2023
өлшемі88,96 Kb.
#118019
1   2   3   4
ІІ. Негізгі бөлім

  1. Цицеронның саяси және қоғамдық қызметі

Цицерон өзінің адвокаттық қызметін б.з.б. 81 жылы елді диктатор Сулла басқарып тұрған кезде бастады. Алғашқы кезде, сотта қарапайым азаматтық істерді қарауда қорғаушылық қызметін жақсы атқарып, көзге түсе бастаған Цицеронның есімі б.з.б. 80 жылы Секст Росцийді қорғау процесінде елге танымал болды. Сулла проскрипциясы кезінде, яғни диктатор өз қарсыластарын заңнан тыс қуғынға ұшыратқан уақытта Росций деген бай римдік азамат өлтірілді. Бұл оқиғаға дейін де Росциймен жауласып жүрген оның туыстары Сулланың фавориті Хрисагонның қатысуымен, байдың есуастау баласы Секст Росцийге әке өлімін жазықсыз таңып, артында қалған дүние мүлкін иеленіп кетпекші болады. Қолдан құрастырылған жалған айып бойынша өткізілгелі жатқан сот процесін Цицерон заңсыздық деп есептеді.
Хрисагонның Суллаға жақындығынан хабардар белгілі шешендік өнер шеберлері, іс немен аяқталатындығын сезген соң Росцийді қорғаудан бас тартады. Ал жас қорғаушы Цицерон үшін бұл қолайлы сәт еді.
Қарсы жақтан айыптаушы ретінде сол кездегі шешендік өнер шебері Гортенсий қатысатын болды. Цицерон сот процесі үстінде Хрисагон мен оның сыбайластарының түпкі арам ойларын әшкерелеп, Росцийді түрмеге отырғызу, оны әке мұрасынан айыру кімдер үшін тиімді болатынын дәлелдеп берді. Сонымен қатар, ол процесс барысында Сулланың өз атына сөз тигізбей-ақ, оның құрған режимін өткір сынға алды. 
Нәтижесінде айыпкердің ақталуы Цицеронның есімін елге танытты. Бірақ, Сулла режимін сынға алу Цицерон үшін ізсіз кетпейтін еді. Өміріне қауіп төнгендігін сезген ол келесі жылы інісі Квинтті ертіп Грекия және Кіші Азия елдеріне ұзақ уақытқа сапарға шығып кетеді. Шет елдерде өткізген жылдарында Цицерон шешендік өнеріндегі және саясаттанудағы көзқарасының түбегейлі өзгергенін жазады. 
Ол Римге оралған кезде заңмен бекітілген, мемлекеттік қызметке сайлануы үшін міндетті жас мөлшеріне жеткен болатын. Оның саясаттағы карьерасы Сицилия провинциясында қаржы мекемесінде квестор болып сайлануынан басталды. Қызметте мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қоятын адалдығымен халық құрметіне бөленді. Сондықтан да Сицилиялықтар қызмет бабын пайдалану арқылы байлыққа кенелген, провинцияға зор зиян келтірген бұрынғы пропретор Гай Веррестің ісін сотқа берген кезде Цицероннан сотта айыптаушы ретінде қатысуын өтінеді. Айыпкердің қорғаушысы болуға атақты шешендік өнер шебері Гортенсий келісімін берді. Сот процесі екі сессияда қаралуы тиіс болатын. Цицерон айыпкердің қылмысын дәлелдеуге мұқият дайындалғаны, жинақталған айыптау құжаттарының көптігі соншалық, Гортенсий бірінші сессиядан кейін-ақ қорғаушы болудан бас тартты.
Ал Веррес сот процесінің аяқталуын күтпестен, Рим азаматының құқығын пайдаланып, өз еркімен елден безді. Цицерон осы іс бойынша жинақталған бүкіл құжаттарды жарыққа шығарды. Онда елде орын алып отырған келеңсіз жағдайлар, провинция басшыларының былықтары және оларды жасырын қолдап отырған ел билеушілерінің жең ұшынан жалғасқан қылмыстық әрекеттері аяусыз сынға алынды. Сенаторларды өз міндеттерін адал атқаруға және заң бұзушы Рим магистраттарын тәртіпке салуға шақырды. Осы кезеңде елде жаңа реформалар қабылданып, Сулла билігіне дейінгі мемлекет құрылымы қалпына келтірілді.
Б.з.б. 66 жылы претор болып тағайындалған Цицерон Гней Помпейге Кіші Азияда соғыс қимылдарын жүргізу үшін төтенше өкілеттіліктер беру жөнінде ұсыныс енгізді. Помпейдің қолбасшы болып тағайындалып, төтенше өкілеттіліктер алуы «салт аттылардаң» қаржылық істері үшін тиімді болатын. Помпейді қолдау арқылы қаржы алпауыттарын қолдауды жүзеге асырды. Бұл ісі арқылы Цицерон «салт аттылар» ғана емес сенат ақсүйектерінің арасынан да өзіне қолдаушылар тапты.
Б.з.б. 64 жылы консул сайлауында Сенат Цицеронды жақтап дауыс берді. Б.з.б. 63 жыл консул Цицеронның саяси және шешендік қайраткерлігінің өсу кезеңі болды деп айтуға болады. Консул болып сайланғаннан кейін ол сенаторлар мен «салт аттыларды» демократиялық партия талап етіп отырған аграрлық реформаларға қарсы үгіттеді. Бұған дейін жас трибун Рулл елдегі әлеуметтік жағдайды жақсарту үшін радикалды реформалар жасауды, Италиядан жерлер сатып алып, сонда кедей шаруаларды орналастыру қажеттігін айтқан болатын.
Цицерон демократиялық партия өкілдерін бүлікшілер деп айыптап, оларды тәртіпке салу, олардың басшысы Луций Сергий Катилинаны қатаң жазаға тарту керектігін мәлімдеді. Б.з.б. 63 жылы 8 қазан күні Сенат мәжілісінде Катилиниға қарсы сөзінде төрт рет консул сайлауында жеңіліске ұшыраған Катилина елдегі билікті қарулы топ көмегімен басып алуға әрекет етуде деп айыптап оның елден кетуін талап етті. Оның астыртын әрекеттері жөнінде толық мағлұмат жинаған Цицерон 5 желтоқсан күні сенат мәжілісін ашып, Катилина мен оның жақтастарын тұтқындап, оларды өлім жазасына кесуді ұсынды. Сөзі әсерлі болу үшін ол Катилинаны барынша қаралап бақты. Тіпті «олар Римге ондаған жерден өрт қойып, адал адамдарды түгел өлтірмекші» деуге дейін барды.
Цезарь өлім жазасына қарсы екендігін айтса, Кіші Катон жазаны жақтап сөйледі. Ал Цицерон болса оларға өлім жазасына кесудің қажеттілігін және оны орындауды ұйымдастыруды өз міндетіне алуға дайын екендігін мәлімдеді. Бір айдан соң, яғни б.з.б. 62 жылдың қаңтар айында бүлікшілердің көпшілігі басшылары Катилинамен бірге үкімет әскерімен болған шайқаста қаза тапты. Тірі қалған радикалды қозғалыс көсемдері тұтқынға алынып, түрмеде Цицеронның бұйрығы бойынша тұншықтырып өлітірілді.
Катилина жақтастарының аяусыз жазалануын сенаттың реакцияшыл тобы мақұлдағанмен, популярлардың наразылығын туғызды. Б.з.б. 62 жылы Митридатпен болған соғысты жеңіспен аяқтап Италияға оралған Помпей сенат ақсүйектерінің қарсылығына тап болады. Еңбегінің өз дәрежесінде бағаланбағанына наразы болған Помпей б.з.б. 60 жылы Цезарьмен және Красспен бірігіп Сенат олигархтарына қарсы одақ (бірінші триумвират) құрады.
Ықпалды саясаткер және шешендік өнердің шебері ретінде Италия халқының алдында беделді Цицерон Рим Сенатына қарсы ашық күреске шыққан триумваторлар үшін қауіпті тұлғаға айналды. Б.з.б. 59 жылы триумваторлардың көмегімен Цицеронның қас жауы Публий Клодий трибун болып сайланады. Б.з.б. 58 жылы Клодий халыққа және апелляциялық сотқа шағыну правосынан айырып Рим азаматтарын өлім жазасына кескен кез-келген азаматты қуғындайтын «жазалау туралы» атты заң жобасын Сенатқа ұсынады. Шындығын айтқанда, бұл Катиниялықтарды әділ сотсыз аяусыз жазалаған Цицеронға тура қарсы бағытталған заң еді.
Жағдайдың өз басы үшін қауіптілігін пайымдаған Цицерон заңның бекітілуін күтпестен б.з.б. 58 жылдың көкек айында Италиядан кетеді. Алайда триумвирлер одағының бірлігі берік болмай шықты. Клодий Помпейдің беделімен санаспағанымен тұрмай, оның өміріне қауіп төндіре бастады. Оған қарсы әрекет ету үшін және күнненкүнге күшейіп келе жатқан Цезарьдың ықпалына тосқауыл қою үшін Помпей Сенат мүшелерін ынтымаққа шақырып, Цицеронның елге оралуына рұқсат етулерін өтінді. Б.з.б. 57 жылдың тамыз айында Цицерон елге қайтып оралғанымен бұрынғы саяси беделінен мүлдем айрылған еді. Сондықтан ол уақытын әдеби жұмыстарға арнады.
Ұдайы халықтың алдында, билік басында, ықпалды болып үйренген Цицерон өзінің қазіргі жағдайына көндіге алмай, өз беделін қалпына келтіру мақсатында қарулы қақтығыста Клодийді өлтірген Анний Милонды сот процесінде қорғауды міндетіне алады. Алайда Цицерон жеңіліске ұшырап, Милон сотталып, шетелге қуғындалады. Процесс аяқталған соң Цицерон «Милонды қорғау» атты еңбегін қайта жазып, жарыққа шығарады. Біздің заманымызға дейін жеткен бұл еңбек шешендік өнердің үздік үлгісі болып табылады. 
Б.з.б. 51-50 жылдары Киликия мен Кіші Азияда проконсул қызметін атқарған кезде, бірнеше таулық тайпаларды жеңгеннен кейін Цицеронның беделі әскердің арасында айтарлықтай өсті. Солдаттар оны император деп жариялады. Ол б.з.б. 50 жылдың аяғында Римге келген соң Цезарь мен Помпейдің арасындағы текетіресте Помпей жағына шықты. Бірақ б.з.б. 48 жылы Фарсель түбіндегі соғыста Помпей жеңіліс тауып, Египетке қашқаннан кейін Цицерон күрестен бас тартып, Цезарь билігіне мойынсұнуға мәжбүр болады.
Ол енді бірыңғай шешендік өнермен айналысып, «Шешен» және «Брут» атты трактаттарын жазды. Ел билігі қолына тиген соң Цезарь абсолютизмге бой ұрды. Сенімі ақталмаған Цицерон шешендік өнерді тастап, философиямен айналысуды ұйғарды. Цицеронның осы кезеңдегі сүреңсіз өмірін отбасындағы сәтсіздіктер – отыз жыл отасқан әйелі Теренциядан ажырасуы, жас әйелге үйленуінің сәтсіздігі және сүйікті қызы Тулияның кенеттен қайтыс болуы ауырлата түсті.
Ол енді жабырқаған жанына философиядан жұбаныш іздейді. Екі жылда өзінің ең үздік философиялық және риторикалық трактаттарын жазады. Оның әдеби еңбектермен түбегейлі және жемісті айналысуы сенаторлардың құпия қастандығынан Цезарьдың қаза табуына байланысты тоқтап қалады. 
Консул Марк Антоний сол кездегі жағдайды пайдаланып ел билігін өз қолына алғысы келді. Бірақ оған қарсылас ретінде Цезарьдың асырап алған ұлы 19 жасар Октавиан саясат аренасына шығады. Цезарьдың өлімінен кейін сенат партиясының басына келген Цицерон өзінің ақылы мен саясаттағы бай тәжірибесін қажет етеді деген үмітпен Октавиан жағына шығады.
Б.з.б. 44 жылдың күзінде ол Антонийге қарсы ашық күреске шығып, оның қаталдығын, қанішерлігін, билік үшін ештеңеден тайынбайтындығын суреттеп 14 сөз жазып, халықты Антонийге қарсы күресуге үгіттейді. Осы сөздері Рим мемлекетінің көрнекті құжаттары ретінде тарихқа енді.
Оқиға кенеттен басқаша бағыт алып, Октавиан Антониймен келісімге келді де, өзара одақ құрды. Антонийдің үзілді-кесілді талап етуімен Цицерон бірінші жасалған проскрипциялық тізімге енеді. Б.з.б. 43 жылдың 7 желтоқсан күні Антонийдің жалдамалы агенттері Цицеронды ұстап алып, өлтірді. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет