ІІІ. Қортынды І. Кіріспе 1. Цицерон өмірі Рим тарихындағы әйгілі тұлға, адвокат, мемлекет қайраткері, талантты жазушы және шешендік өнердің атасы Марк Туллий Цицерон б.з.б. 106 жылы 3 қаңтарда Римнің оңтүстік-шығысында орналасқан Арпин қалашығында «салт аттылар» сословиесіне жататын отбасында дүниеге келді. «Салт аттылар» дегендер мемлекет әскерінің аристократтық бөлігі болатын. Тұрмыстық жағдайы жақсы, Римдегі көптеген ықпалды адамдармен жақсы қарым-қатынаста болғанымен, өздері саяси аренада көзге түспеген Цицеронның ата-анасы ұлдары Марк пен Квинттің жақсы білім алып, мемлекеттік қызметтерді атқарып, үлкен дәрежелерге жетуін мақсат етті. Сол себепті үлкен ұлдары Марк он бес жасқа толғанда ата-анасы Римге қоныс аударуды ұйғарды. Осы кезең, яғни, б.з.б. ІІ ғасырдың аяғы мен І ғасырдың басы проза, шешендік өнер, тарихтану (историография), мемуарлық және эпистолярлық әдебиеттердің даму кезеңі болатын. Римде әсіресе, шешендік өнер қарқындап дамыды. Саяси қайраткерлер өздерінің жалынды сөздерімен халықты кез-келген уақытта өздеріне қарата алатын. ІІ ғасырдың аяғында шешендік өнерінің нағыз шеберлері болып ағайынды реформаторлар Гракхилер танылды. Грек шешендік өнері шеберлерінен дәріс алған ағайынды Гракхилер халық алдында сөз сөйлегенде сахналық амалдарды да қолданатын. Дене қимылдары, дауыс мәнерін құбылту, азаттық үшін күресте алған жарақат орындарын көрсету сияқты көрерменге әсер ететін әрекеттерді шебер пайдаланатын. Тіпті, ағайындылардың кішісі Гай Гракхи көпшілік алдында сөйлеген кезде флейта аспабынан сөз мәніне орай саз орындалып, сөз әсерін онан әрі толықтыра түсетін. Римде қалыптасқан дәстүр бойынша саясат немесе адвокаттық карьераны мақсат еткен әрбір жас осындай мектептерден өтуі тиіс болатын. Осы ретте Цицеронға сол кезеңдегі шешендік өнердің хас шеберлері Красс пен Антонийден, өз дәуірінің атақты заңгерлері Сцеволалардан, грек тілін жақсы білгендігінің арқасында грек философы Филоннан, эпикурлық Федрдан және стоик Диодордан сабақ алу бақыты бұйырған еді.