Поэзияда сыр-сезімге үні мен мұңын қосқандар- А.Бақтыгереева шығармашылығын талдаңыз.Қазақ поэзиясының ақ қарлығашы Ақұштап Бақтыгереева Ұлттық поэзияны «Өрімтал», «Наз», «Қуанышым іңкәрім», «Сені ойлаймын», «Ақ қанат», «Бақыт әні», «Жайық қызы», «Белокрылая» (орыс тілінде), «Ақжелең», «Сүмбіле», «Ақ шағала» сынды жыр жинақтарымен байытқан Ақұштап Бақтыгереева – қазіргі қазақ поэзиясының белді өкілдерінің бірі. С.Капутикин, В.Тушнова, А.Ахматова өлеңдерін қазақ тілінде сөйлетіп, көркем аудармаға үлес қосқан ол – көптеген ән өлеңдердің авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Оның аңызға құрылған «Ана жүрегі», «Ана махаббаты» атты жырлары қазақ әдебиетіндегі ана бейнесін толықтыруға қызмет етеді. Біріншісінде сүйгеніне анасының жүрегін алып келе жатқан жігіттің сүрініп кеткенін көрген жүректің баласына мейіріммен тіл қатуы, екіншісіне екі ана ортасында өскен баланың анасы кім екенін білмек болған ханның үкімі арқылы анасын білгені арқау болған. Хан «Екі сарай салдырып екеуіңе жігітті бөліп берем» дегенде бірі келіссе, екіншісі «Мен үшін бөле көрме жер бетінде Құлыным аман жүрсе болды маған» деп көз жасына ерік береді. Ақын осы оқиғадан «Өлшеусіз мейірім мен махаббатың Өзгеден бөлексің-ау, ана жүрек!» деген тұжырым жасайды. Аналар бейнесі осылайша аңыз арқылы да толыға түсті. Аңызға құрылған жырларының қатарын «Сәби мен жылан», «Қыранның тұяғы», «Аңшының зары» толықтырады. Біріншісінде сәби мен жылан арқылы адамзатқа адалдық пен зұлымдық туралы ой тастаса, екіншісінде қыран құстың ісі арқылы намысы оянбаған пенделерге ой салады. «Аңшының зарында» марал терісін жамылған ағасын байқамай атып салған жігіттің қасірет шерін домбырамен жеткізгеніне кезігеміз. Осы оқиға арқылы өмір туралы «Бір-ақ күнде ошақ басын ойрандап, Бір-ақ күнде таясың-ау қайран бақ» деген тұжырым жасайды. Қазақ қыздарына өсиет айта білген ақын өмір гүлін сындырғандарға: «Қарғыс айтам жігітке ар таптаған, Қызға да айып аяулы жар таппаған. О, Көктемгі мәңгілік қызғалдақтар, Қайғыларың сендердің ортақ маған», – деп лағнет айтады. Осындай ерекше бағытта жазылған өлең жолдары да аз емес.