Салыстырмалы диагностикасы Аса клиникалық маңызды болып саналатын ҚД-2 мен ҚД-1 салыстырмалы диагностикасының қағидалары 7.5 бөлімде берілген (7.6 кесте).
Жоғарыда көрсетілгендей, бұл қағидалар клиникалық көрініс мәліметтеріне негізделеді. ҚД типін анықтауда қиындықтар туындаса немесе ҚД сирек түріне күмәнданғанда, тұқым қуалаушы синдромдар шеңберінде де, басты тәжірибелік сұрақ науқастың инсулинотерапияға мұқтаждығын анықтау болып табылады.
Емі ҚД-2-нің емдеудің басты құрамдас бөлігі диетотерапия, физикалық белсенділікті арттыру, қант деңгейін төмендетуші терапия, ҚД кеш асқынуларының алдын алу және емдеу болып табылады. ҚД-2-мен сырқаттанған науқастардың көбі семіздіктен зардап шегетіндіктен, емдәм дене массасын төмендетуге (гипокалориялық) және ең алдымен макроангиопатиялар (атеросклероздың) секілді кеш асқынулардың алдын алуға бағытталуы тиіс.
Гипокалориялық емдәм дене массасы артық (ИМТ 25–29 кг/м2) немесе семіздік көрініс берген барлық науқастарға тағайындалады (ИМТ 30 кг/м2). Көп жағдайларда тәуліктік тағам калоражын әйелдер үшін 1000–1200 ккал-ға, ал ер адамдар үшін 1200–1600 ккал-ға төмендетіледі. ҚД-2 басты тағам компоненттерінің арақатынасы ҚД-1-дей болады (көмірсулар — 65 %, ақуыздар 10–35 %, майлар 25–35 %). Алкогольді қабылдауды шектеу қажет, себебі ол қосымша калория көзі болып табылады. Сульфонильмочевина және инсулин препараттарымен емделу барысында алкогольді қабылдау гипогликемияның дамуын күшейтеді (7.7.3 бөлімді қараңыз).
Физикалық жүктемені арттыру жеке науқастардың жалпы жағдайына қарай анықталады. Алғашында орташа ұзақтықтағы, орта қарқынды 30–45 минуттан тәулігіне 3–5 рет (шамамен аптасына 150 минут) аэробты жүктеме тағайындалады (жаяу жүру, жүзу). Кейін біртіндеп физикалық жүктемені арттыру керек, бұл дене массасының төмендеуіне және қалыптасуына септігін тигізеді. Сонымен қатар, физикалық жүктеме инсулинрезистенттілікті төмендетеді, гипогликемиялық әсер көрсетеді. Қант деңгейін төмендететін дәрілерді тағайындамай диетотерапия және физикалық жүктемені ұштастыру науқастардың 5%-да ҚД компенсациясына қол жеткізуге мүмкіндік береді (7.3 кесте).
ҚД-2 кезінде қолданылатын қант деңгейін төмендететін дәрілер төрт топқа жіктеледі:
I. Инсулинрезистенттіліктің төмендеуіне ықпал ететін (сенситайзерлер) дәрілер. Бұл топқа метформин және тиазолидиндион жатады. Метформин қазіргі таңда бигуанидтер тобынан қолданылатын жалғыз дәрілік зат болып табылады. Оның басты әсер ету механизмдері төменде көрсетілген: