2 Тарихи шығармалардағы ғашықтық сарын.
2.1 Тарихи романдардағы сүйіспеншілік сарынның көркемдік
шындықты ашудағы қызметі. Тарихилық – дәуірдің бет-бейнесін, нақты
оқиғалар мен адам тағдырлары арқылы көрсететін ұғым. Қазіргі қазақ
әдебиетінде тарихи тақырыпқа жазылған романдардың маңызы жоғары. Қазақ
тарихи романы қай кезеңге арналса да ол суреттеліп отырған дәуірдің халық
тағдырында атқарған роліне жан-жақты талдау жасап, өткен мен бүгіннің
арасына дәнекер болады.
Ұлттық әдебиетімізде тарихи тақырыпты арқау ету кеңінен қанат жайған
келелі дәстүр десе де болғандай. Бұл, әсіресе, ХХ ғасырдың алпысыншы
жылдарынан кейін кең етек алғаны белгілі. Осы кезеңде өмірге келген
І.Есенберлиннің «Қаһар», «Жанталас», «Алмас қылыш», Д.Әбіловтің «Ақын
арманы», З.Ақышевтың «Жаяу Мұса», Ә.Әлімжановтың «Жаушы»,
С.Жүнісовтің
«Ақан
сері»,
Ә.Кекілбаевтің
«Үркер»,
«Елаң-алаң»,
М.Мағауиннің «Аласапыран», Д.Досжановтың «Жібек жолы», С.Сматаевтың
«Елім-ай» т.б. тарихи, тарихи-ғұмырнамалық романдары соның дәлелі.
Кеудеде жан тұрғанда адам баласынан сезім күйі, құштарлығы өлмек емес.
Өртеніп, күйіп-жану, махаббат оты – жан беріп, жан алысқан соғыстарда да,
халық басындағы небір зұлмат күндерде де өз орнын тапқан, екі аяқты пендеге
қуат, дем берген, келер күндерге деген үмітін кеудесінде маздатып отырған.
Тарихи шығарма – тек халықтың тарихын, шежіресін, кескілескен
шайқастарды ғана суреттеумен шектелсе көремдік сапасына нұсқан келер еді.
Белгілі әдебиеттанушы-ғалым Р.Бердібаев «Қазақ тарихи романы» атты
еңбегінде тарихи тақырыпта ізденістерімен көрініп жүрген Д.Досжанов,
С.Сматаевтардың табыстарын атай келіп, былай дейді: «Жазушылар тарихи
тақырыптарға тек әлеуметтік факторлар іздеп қоймай, мәдени, адамгершілік,
психологиялық факторларды табуға да көңіл бөліп келеді»[16,235-б.].
С.Сматаевтың «Елім-ай» трилогиясы жанрлық тұрғыдан алғанда, сөз жоқ,
қазақ халқының аса ауыр күрделі кезеңі – ХVІІІ ғасыр оқиғаларын
панорамалық сипатта қамтыған эпикалық шығарма.
1960-1970-жылдар аралығында алғаш бой көрсете бастаған тарихи
тақырып, оған қалам тартқан жазушылар әдебиетімізге өзіндік өзгеше, үнмен
тың серпіліс әкелгендігі белгілі. Қазақ әдебиетінде бел алып, өрістей бастаған
бұл тақырып кеңестік идеологияны қатты шошытып, дүрбелең туғызды. Халық
тарихын өзіне таныстырудың аса маңыздылығын сезіне білген жазушылар
әуелгіде сол мақсатпен тым біржақты кетіп қалғандығы да аз сөз болған жоқ.
15
Оның ішінде «Көшпенділер» трилогиясының авторы І.Есенберлин де, біз сөз
етіп отырған С.Сматаев т,б. жазушылар бар. Сыншы-әдебиеттанушылар
олардың хронологиялық оқиғалар тізбегін, қуалап, адам образын ашуға аз
көңіл бөлетіні туралы жазды. Бір мысал келтіре кетейік: «... «Елім-ай»
романының тарихи негіздері хроникаларға қазақ шежірелеріне ғылымның
беделді зерттеушілеріне сүйеніп жазылған. Оқиға ұзақ мерзімді, кең атырапты
қамтитын болғандықтан сюжет құрылысында панорамалық мозайкалық сипаты
бар. Осы ерекшелік кемшілікке де ұрындырады, жеке эпизодтардың басы
бірікпей ыдырап жан-жаққа тартып тұрған жерлер мол »,- дейді сыншы-
ғалым Р.Нұрғали [17,300-б.].
Сыншы пікірінен тарихи тақырыпқа барудың қиындығы, мұндай кең
көлемде алынған шығарманың өзіндік ерекшелігі аңғарылады. Сонымен бірге,
ғалым жазушыны бірыңғай кінәлап отырған жоқ, бұл тақырыптың
күрделілігіне, жауапкершіліктің тым жоғарлылығына мегзейтіндей: Жазушы
осындай азды-көпті ескертпелерді ескерген болуы керек, шығарманың үшінші
кітабын алғашқы екеуінен әлдеқайда көлемді етіп ала отырып, образ қырларына
тереңдеп баруды, кейіпкердің сезім күйлеріне бойлауды мақсат тұтыпты.
Әрине, бұдан келіп жазушы әуелгі екі кітабында құштарлық, махаббат
мәселесін мүлде жадынан шығарған деуге болмайды.
С.Сматаевтың алғашқы кітабының өзінде-ақ ойрат жігітінің тұтқынға
түскен қазақ қызы Маржанды құлай сүйгендігін, онымен қоштасудың қандай
ауыр болып қиналғандығын әдемі әсермен суреттейді.
Жазушының көңіл аудартар бір ұстанатын бағыты – қазақпен жауласқан
қалмақтардың ел тағдырына тым селсоқ, бір жақты қарамайтындығы. Жазушы
аңғартар идея – жауласуға қарапайым халық кінәлі емес, көбінесе билікке,
жерге таласушылық ашкөзділік, ел билеушілердің қанағатсыздығы, озбырлығы
дегенге саяды. Әйтпесе, жоңғарда да ел сүйер, жар сүйер ерлер болғаны күмән
тудырмайды. Үшінші кітаптағы Қаз дауысты Қазыбекке достық құшағын
жаятын Жырғал бейнесі де осы ойымызды айғақтай түседі. Ал оның қызы
қазаққа жиен Шараһай сұлу мен Қаз дауысты Қазыбек арасындағы сезім күйі
жазушының тағы бір соны ізденісін аңғартады. Қаз дауысты Қазыбек би де сол
дүйім жұртты аузына қаратқан кемеңгер дана қалпында аспаннан түсе қалған
жоқ, барлық адамдарға тән жастық бозбалашылық сезімі оның да басынан
өткен. Жазушы суреттеуіндегі оның Шараһай сұлуға деген махаббаты өте
нанымды, бидің адамдық қырларын толықтыра түсердей сәтті шыққан.
Cыншы-ғалым Сыдықов Т.С. «Қазақ тарихи романы» атты докторлық
монографиясында С.Сматаевтың «Елім-ай» шығармасын талдауға көп орын
берген. Осында ғалым романнан үзінді келтіре отырып, ойын былай түйіндейді:
«Елім-ай» романында қара қылды қақ жарған Ошаған би ауылына төркіндеп
келген сүйікті немересі Бексанаға: «Қайда жүрсең аман бол, қарағым. Енді көре
алармын ба, көрмеспін бе, атаңды сыйлап, енеңді қадірлеп өт. Жарыңа жолдас,
ауылыңа инабатты бол жүдә тегі»- деп ескілердің есті жолын аманат етеді.
Атадан ондай ақыл-кеңес алған ұрпақ қайтып азсын? Қайтып көктемесін?
Даламыздың байтақ, пейіліміздің кең, мінезіміз өр, ұрпағымыз ер болатыны,
міне, осы салттың, ғұрыптың шапағатынан. Мұның бәрі от басы, ошақ қасын
16
түртпектеу емес, қоғамды, тарихты әлеуметтік зерттеу, философиялық толғану,
тұжырымдау, характерді ұлттық құнармен нәрлендіру» [18.103-б.].
Төрт тарапты дүр сілкіндірген қандай қаһарлы билеуші болса да жер
әлемді ұстап тұрған ұлы күш – махаббаттан ештеңе биік емес. Шын сүйіскен
ғашықтардың алдында азуы алты қарыс әміршілер де дәрменсіз.
І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының алғашқы кітабы «Алмас
қылышта» Жәнібек ханның Жаған сұлуға өлердей ғашықтығынан оның
өтінішінен бас тарта алмай, сүйген жігіті-Хасанды қасына алдыруына рұқсат
беруі де күйіп-жандырған махаббат құдіреті болатын. Осындай махаббатқа
толы сезім шарпысуының С.Сматаев шығармасында неше алуан хикаясы
шертіледі. Оның бірі – қазақтың хас батырларының бірі Бөгенбайға қатысты.
Бөгенбай нағыз батырға тән ер мінезі, тәуекел деп тас жұтар бірбеткейлігі,
сондай еріне сенген Бопыштай сұлудың өжеттігі, ер сөзін екі етпес қазақ
қызының қайсарлығы тайға таңба басқандай айқын бедерлі. Турасын айтқанда,
елдің тұтастығын сақтай алған ұл-қыздарымыздың осындай әрекеті,
сүйіспеншілік сезімдерінің беріктігі. Трилогиядағы кездесетін Рухия, Маржан,
Гүлбану, Гүлдарайым, Бөгенбай батыр сүйген Бопыш қыз, Шараһай т.б. арулар
бейнелерінде нығыз жаужүрек батырларға серік болар адалдық, әдеп, ибалық,
тектілік, қылықтылық қасиеттердің бәрі бар. Сонымен бірге оларда
отаншылдық сезім де, сүйгеніне деген махаббаты да өте жоғары да таза.
Аталған авторлардың шығармалары, тарихи тақырыпты игерудегі өзіндік
ерекшеліктері, стильдік қырлары, тарихты көркем ойлау жүйесі бойынша
бейнелеу, кейіпкер сомдау тәсілдері жайлы зерттеулер, ғылыми еңбектер,
мақалалар қатар түзеді. Бұл орайда М.Қаратаев [19], Р.Бердібаев [16],
С.Қирабаев [20], Р.Нұрғалиев [21], Ш.Елеукенов [22], З.Серікқалиев [23],
Т.Сыдықов [24], Қ.Алпысбаев [25], Т.Жұртбай [26], Ж.Дәдебаев [27],
Б.Майтанов [28], М.Хамзин [29], Т.Рақымжанов [30], Ә.Тарақов [31] т.б.
еңбектерінде жан-жақты ғылыми пайымдаулар жасалды. Жалпы, тарихи
тақырып көркем әдебиеттің басты нысаналарының бірі болды.
Бұл бөлімде біздің сөз еткелі отырған мәселеміз тарихи шығармалардағы
махаббат тақырыбы. Зерттеу тақырыбына нысана етіп алып отырған
С.Мұқановтың «Ботагөз» романы, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы,
Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан», Ә.Кекілбаевтің «Аңыздың ақыры», З.Шашкиннің
«Тоқаш Бокин» туындылары.
С.Мұқановтың «Ботагөз» романы тек қазақтың ғана емес, дүние жүзі
халықтарының рухани қазынасына айналған, мәңгілікке кеткен мұра. Бұл
шығармасы арқылы жазушы өз халқының биік мәдениетін, кең пейілін, озық
дәстүрін, үздік парасатын, ерекше жаралған ұл-қыздарын әлем халықтарына
паш етті.
С.Мұқанов әр шығармасында қазақ халқының тарихындағы елеулі
өзгерістерді кеңінен көрсете білген жазушы. Осындай шығармаларының бірі –
дауылды тарихи оқиғалардың Қазақстан өміріне тигізген ықпалын, адамдар
тағдырына олардың енгізген өзгерістерін шеберлікпен көрсеткен «Ботагөз»
романы болатын.
17
Романда Ботагөз бірнеше жерде әр қырынан суреттеледі. Автор оны
кейіпкерлер көзімен бірде қызығып, бірде қызғанып, тіпті бірде өшпенділік
сезімдермен суреттейді. Әркім өз көзқарасы, ниеті, тілегі тұрғысынан баға
береді.
«... Мынау қалың бермеген, жүзіктің көзінен өткендей, қылыштай
қылпылдаған жас жігіт, анау аққудың көгілдіріндей желкілдеп өсіп келе жатқан
бүлдіршін қыз. Ол қыз «Ботагөз» десе – ботагөз. Тұнжыраған қарақаттай екі
көзі жаутаңдап мөлдірейді де тұрады. Асқар соны сағалап жүр» [32,155-б.].
Бұл Итбайға арам ой салатын жағымпаз, жексұрын Бүркітбайдың сөзімен
берілетін тұсы. Шығарманың қай тұсында берілген портрет болсын, бәріне тән
ортақтық – оның табиғи сұлулығы сақталған.
Ботагөз – ескі салт-дәстүрлерге қарсы күрескен жаңа дәуірдің адамы.
Бесіктен белі шықпай жатып-ақ көргені қиыншылық. Әке өлімі, аяулы сырласы
болған жеңгесі – Ақбаланың аянышты халде көз жұмуы, туған ағалары мен
жалғыз нағашысы Амантайдың, сүйгені Асқардың жазықсыз қуғын-сүргінге
ұшырауы Ботагөздің бір басына жетіп артылатын ауыртпашылық еді.
Ботагөздің мінезіндегі қызға тән нәзіктік, сыпайгершілік оның төзімді де батыл
қажырлылығымен үйлесім тапқан. Біз Асқардың ел ісіне араласып, талай
қиындықты басынан өткерген тұстарында нәрестесін құшақтап, неше түрлі
намысына тиер сөзді, өсекті естіп, өмірдің ащы-тұщысын бастан өткерген
Ботагөзді көреміз. Осының барлығына төпеп берерлік қажыр-қайраты мен
ақылдылығының арқасында ол бақытты күнді алдан тосып алады.
Асқар мен Ботагөздің арасындағы түсіністік өте бір жарасымын тапқан,
басы артық қыздырма сезімнен ада қалыпта суреттеледі. Екеуінің арасындағы
таза да мөлдір махаббатын тек жалаң жүрек сезімі етіп көрсетпейді, оны
қоғамдық істермен әдемі үндестіріп бейнелейді. Біріне-бірі үлкен сеніммен
қарайтын ғашықтардың ел басына күн туған кезде, өз бастарының қамынан
гөрі, халықтың жағдайына баса назар аударуы шығарманың болашақ ұрпаққа
берер тәрбиелік мәнінің жоғары екендігін танытады.
Ботагөз басынан өткен осындай жанын жегідей жеген жалған cөзден
қиналу Асқардың басынан да өтеді.
Жазушы Асқар бейнесін кесек әрекетімен, ой-арман биіктігімен тартымды
бейнелейді. Сол арқылы автордың оқыған, мәдениетті жастарымыздың көп
болуын, басқа мәдениетті озық елдерден артта қалмауын армандағаны сезіледі.
Романда Асқардың алғашқы Ботагөзге деген сезімінің ояна бастаған кезін,
іштей мазалаған белгісіз бір ойлар, берекесін алған ішкі толғаныстарын табиғат
көріністерімен астастыра суреттейді. Екі жастың берік махаббаты қоғам
қайшылықтарымен астаса беріліп, сезім тұрақтылығын, осы жолдағы күрестің
баяндылығын паш етеді.
«Ботагөз» романы – қазақ әдебиетінің зор әлеуметтік-тарихи және
эстетикалық мәні бар аса ірі шығармалардың бірі. Өзінен кейінгі озық
шығармаларға көш басшы болды.
ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының отаршылдық қанау астындағы
өмірінің шындығы мен оның азаттық, теңдік жолындағы күресін кең
18
бейнелеген, қазақ әдебиетіндегі күрделі эпикалық шығарма есебінде ол әдебиет
тарихында зор жетістік ретінде бағаланды.
Тарихты көркем әдебиетте бейнелеудің әлем әдебиетіндегі тамаша
үлгілерін еске ала отырып, біздегі, яғни қазақ әдебиетіндегі бірегей үлгі ретінде
ұлы жазушы М.Әуезовтің «Абай жолы» романын айта аламыз.
«Абай жолы» - қазақ өмірінің айнасы, үлкен бір энциклопедиясы, тұтас бір
дәуірді жан-жақты толық бейнелеп берген, мазмұн-мағынасы, көркемдік бітімі,
сипат-ерекшелігі жағынан да үздік шығарма.
Ал біздің қарастыратын мәселеміз: «Абай жолы» роман-эпопеясындағы
ғашықтық сезімді беру жолындағы жазушының шеберлігі, шығарманың өне
бойында табиғи өріліп отыратын махаббат тақырыбы.
Роман-эпопеяның екінші кітабында әрқайсысы жеке шығармаға арқау
болатын тақырыптар жеткілікті. Солардың бірі - әйелдің бас бостандығымен
жалғасып, сабақтасып жататын махаббат тақырыбы.
Романда бір-бірін жүрек қалауымен ұнатқан екі жастың қосылуына
ешқандай мүмкіндік болмады. Олардың бас еркін өздеріне билетпей,
танымайтын, білмейтін жат адамдармен атастырған әке әмірі жүріп тұрған кез.
Тағдырдың жазуынан, әкенің әмірінен асар дәрмен жоқ. Өзімен терезесі тең
Алшынбайдай құда тапқанына Құнанбай риза. Әке-шешенің Абайдан ықтияр,
таңдау сұрамай, қақпалап апарып Ділдәға қосады.
Тоғжан Абайдың тұрмыс-дәулетіне қызыққан қыз емес, оның ақыл-
парасатына, биік адамдық тұлғасына бас иген. Адал жүрегін ұсынған. Мәңгілік
жүрегіне жазылмас жара салған Абай - Тоғжан өмірінде қайталанбас, орны
бөлек адам. Екі жүрек егіздік тапқан, бірін-бірі іштей танып, тіл қатқан.
Біржола келмеске кеткен, Тоғжанын күн өткен сайын сағынады. Ата заңымен
ұзатылып кеткен, бақыты басқа біреуге бұйырған, басқа құшақтағы Тоғжанның
жүрегі де Абайын іздеп қан жылайды. Бұлқынып шығар дәрмен жоқ. Жүрекке
түскен сары уайым оның жанын да жегідей жеп жатыр. Тоғжан үшін Абайсыз
өмір – қуыс дүние, өлі тіршілік. Еріксіз ұзатылып бара жатқанда, «өзіне оң
сапар тілеген жоқ», өлім тілеп кетті. Яғни бұдан түйер ой - жүрек қалауымен
қосылмаған пендеге өмір өліммен тең екендігі.
Шығармадағы Тоғжан бейнесі – шынайы махаббаттың, қазақ қыздарының
ғажайып үлгісі ретінде нанымды суреттелген. Абай Тоғжанмен кездесуі мен
сырласуын бүкіл саналы ғұмырының мағыналы сәті, бақыты деп санайды. Абай
мен Тоғжанның ішкі сезімі мен толғаныстары барынша реалистік тұрғыда
суреттелген.
Романда Абай мен Әйгерім арасындағы махаббат та өте бір әдемі
нәзіктікпен, табиғилықпен суреттелген.
Әйгерімінен Тоғжанын тапқан Абай өзінің жуандығын бұлдап, тізе
көрсетіп оны еріксіз алмақ емес, Әйгерімге сөз салуға Жиреншені жіберіп
жатқанда, Абай осыны қатты ескертеді. «Бір нәрседен қатты сақ бол. Бар-
барымша айтатыным сол. Қайсысы көнсе де, Құнанбай баласы еді, елге істейтін
тізесі көп жуан ауыл еді, бермесем әлгі бола ма, кесірі тие ме деген ойды ойлай
көрмесін. Ата айдынымен, ауыл атағымен алар болсам, онда қыз алған, жар
алған болмаспын, қорлық алған болармын»-дейді [33,317-б.].
19
Абай мен Әйгерімді қосқан екеуінің бойындағы өнерге деген үлкен құрмет,
өнерді жанымен түсініп, сезінетіндіктері де болар. Тоғжанын жоғалтып, көңілі
құлазып жүрген кезінде, кездейсоқ жағдайда әдемі, әсем әнімен Абайды
ұйқысынан оятқан, өмір сүруіне деген үлкен құлшыныс әкелген Әйгерім,
Абайдың бойындағы көпке дари бермейтін ұлы қасиеттерін, өнерге деген
ыстық ықласын, оған үлкен жанаршырлықпен қарайтынын түсініп, бағалай
білді. Әйгерімін Абай да қадірлей білді. Әйгерім үшін әнсіз өмір жоқ.
Әйгерімнің салған әні Абайға қуаныш әкелді, жанын жадыратты.
«Абай жолында» ән өнеріне, ән айтылатын, жастардың басын қосатын,
ғашықтарды табыстыратын халқымыздың түрлі ойын-сауық кештеріне, той-
думандарға баса назар аударады. Жазушы адам өміріне ән мен жырдың
қаншалықты қатысы барлығын Абай басынан өткен барлық жағдай оның
ішінде Абай – Тоғжан, Абай - Әйгерім және маңындағы жастар Әмір мен
Үмітей, Оралбай мен Керімбала арасындағы қарым-қатынастарды сөз еткенде
тереңірек тоқталады. Бұлардың ғашықтығының трагедиялық салдары –
халықтық дәстүрдің өзгермес заңына қарсылық нәтижесі. Шығармадағы Мәкен
– Дәрмен, Қуандық, Салтанат, Салиха мәселелері де айтылмыш жағдайлармен
тамырлас.
Бүгінгі күні әдеби процесте ерекше көкейкесті деген мәселелердің
бірсыпырасы осымен, адамның өзін-өзі танып, білуге деген талпынысының
терең сипат алуымен тығыз байланысты. Адамның өз ішіне бойлауы, өз
жанының иірімдері бұрылыс бұлтарыстарындағы құпиясын ашуға, оны тануға,
көркейтуге деген саналы құштарлығы неғұрлым күшейе түскен сайын оның
белсенділігі де соғұрлым ұштала түсуде. Осы ретте суреткерлердің адамның
жан дүниесіне тереңдеп баруы, түрлі сезімдік, ақыл-ой толғаныстарына талдау
жасауы, соның бәрінде адамгершілік, тазалық пен тиянақтылық бірінші орынға
қойылуы, біздің қоғамымыздың өз даму сатысы талабынан, рухани және
материалдық талабынан туып отырғаны даусыз.
Сондықтан М.Әуезов шығармаларына талдау жасағанда, олардың
шығармаларындағы авторлық бағытының ерекшелігімен қатар, ұлттық,
халықтық сипат – белгілеріне де назар аударамыз.
Тоғжанмен арадағы бақытты шақ, Тоғжанды жоғалтудың ауырлығы,
Әйгеріммен табысу, бұл табысудың налаға ауысуы – бәрі бір-бірімен қарама-
қарсы мәндегі оқиғалар. Табиғи ортада да Абай осындай қым-қиғаш өмірді
бастан өткереді. Аңшылық пен пәк табиғатты тамашалау, оның ләззаты, одан
ауыр, тым жабырқау күйге ауысуы – бұлар да контрастық қатынаста алынған.
Осы боранды күні Абайдың Тоғжанмен ұшырасуы бұған дейінгі қарама-
қайшылық барлық оқиғаларға түгелдей қайшы әрі бұл қарама-қарсылықтардың
ең шырқау биігі болып табылады.
Жазушы кейіпкер психологиясын ашуда ішкі және сыртқы әрекеттер мен
қоршаған табиғи, әлеуметтік орта құбылыстарын керемет жарасымдылықпен
астастырып, тұтастырып жібереді. Сонда кейіпкердің санасындағы ішкі
монолог пен диалог та, оның іс-әрекеті мен сыртқы түр-қалпы да, табиғат
құбылыстары мен әлеуметтік алғышарттар – бәрі де астасып кетіп, басты бір
мақсатқа, кейіпкер характерін кең әр қырынан ашуға қызмет етеді.
20
Ғашықтық сырларды, ғашықтық жұптар арақатынасын суреттеуде
М.Әуезов пен классикалық орыс әдебиеті өкілдерінің арасындағы тақырыптық
жалғастық байқалады. Жоғарыда келтірілген үзінділерден А.С.Пушкиннің
«Евгений Онегиндегі» Татьянасы мен Тоғжанның ішкі жан дүниесіндегі
қиналыстары бірін-бірі толықтырып тұрған сияқты. Ауырып келген Абай мен
оны көріп тұрған Тоғжанның жағдайы, Тоғжанның жан қиналысынан шыққан
сөздері Пушкин кейіпкерлерімен рухтас, үндес болып келеді. Абай мен Тоғжан,
Абай мен Әйгерім арасы – ғашықтық сезімнің қатпары мен бұралаңы мол,
жанды ауыртар дерті де бар таза, табиғи көрінісі.
Кейiпкердiң iшкi жан дүниесiн тереңдей ашып көрсету мақсатында
Л.Н.Толстойдың “Соғыс және бейбiтшiлiк” эпопеясындағы жараланып келе
жатқан Андрей мен Наташаның кездесу сәтiндегi жүрек ауырар тұстары, бiрiн-
бiрi өлердей ұнатып, бүгiнде соның бәрi көрген түстей болып өте шыққанына
қиналуы, кешегi жақыны бүгiн жат болып тұрғаны, қандай қиналғанман өткен
өмiрдiң бұларға ендi қайтып келмеске кеткен тұстарымен жалғастығын тауып
жатыр. Тағы да осындай бiр байланыс М.Ю.Лермонтовтың “Бiздiң
заманымыздың геройымен” де жақындасады. Бүгiнде осы тақырыпқа
(сүйiспеншiлiк, ғашықтық) қалам тартқан жазушылардың барлығына Пушкин
дәстүрi көшбасшы болды десек артық айтқандық болмас. Бiрақ әр шығарманың
шешуiн жазушы өзi табады. Л.Толстойдың “Анна Каренинасы” махаббаттың
құрған қақпанынан құтылу тұсын - өз басын құрбандыққа шалу жолымен
аяқтаса, Шолоховтың “Көтерiлген тыңындағы” Лушко тағдыр салды, мен
көндiммен өмiрiн жалғастырады. Бұл шығармалар белгiлi бiр кезеңнiң
моральдық құлқына баға бере алады.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарындағы қазақ әдебиетінің соны
табыстары туралы сөз болғанда, асқан суреткерлік шеберлікпен қазақ елін,
жерін, қазақ ұл-қыздарын, азаматтарын, яғни қазақ әлемін, біріншіден,
қазақтардың өзіне, екіншіден, алыс-жақын шетелдіктерге таныта алған, қазақ
әдебиетінің классигі Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпаны» ауызға алынатыны белгілі.
Ғ.Мүсіреповтің 1975, 1980 жылдардағы «Ұлпан» шығармасының екі түрлі
нұсқасын қарастырғанда байқағанымыз, 1980 жылғы 3 томдық жинағына енген
«Ұлпан» шығармасының мәтіні мейлінше толықтырылып, қайта өңделгені. Бұл
нұсқа Ғ.Мүсіреповтің қаламгерлік қабілетін, жазушылық шеберлігін біржола
айқындап берген туынды екеніне талас жоқ.
Ғ.Мүсіреповтің бұл шығармасы тікелей махаббат жайлы, сүйіспеншілікті
бейнелейтін туынды емес. Ондағы негізгі арқау - өткен ғасырдағы қоғамдық -
әлеуметтік өмірдің шындықтары екені де дау тудырмаса керек. Сонда да бізге
бұл шығарма ең алдымен маздақ махаббат туралы тамаша туынды болып
көріне береді. Оның себебі, Ұлпан-Есеней арасындағы, дәлірек айтқанда жас
ару мен алпысты алқымдаған ақсақал арасындағы шынайы, шарпысқан
сезімдердің жалт еткізіліп жақсы суреттелуінде емес, немесе Шынар мен
Мүсіреп арасындағы жарасымның жарқылынан да емес, ол бас тұлға – менің,
сенің және олардың Ұлпанына айналып кеткен ару, алып ана Ұлпанның жүрек
жылуында, туған еліне деген, кіндік кесіп, кір жуған жеріне деген жалын
махаббатында. Ия, Ұлпанның осы ұлы махаббаты – шығарманың тінін өріп,
21
тілін өрнектеп тұрған басты желі, нәзік те керемет күш. Біздің бұлай түйсініп,
түсінуіміздің тағы бір себебі – Ұлпанның осы махаббаты шығарманың өн
бойында жарасымды беріліп отырады. Ол шығарманың барлық аймақ,
алқаптарына дейін бағындырып, баурап, жаулап алған. Бұл әрине, автор
Ғ.Мүсіреповтің осы махаббатқа сезімін жете, тереңнен игере алғандығының,
оған күш-қуаты, таланты, қабілеті, шеберлігі жеткендігінің белгісі. Соның
нәтижесінде «Ұлпан» айрықша туынды бола білді. Ұлпанның ұлы махаббаты
мен Ғ.Мүсіреповтің жарқын таланты лапылдап табысып, кіршіксіз ұштасуы –
аталмыш шығарманы ұлы дүниеге айналдырған себептер.
Ұлпанды тудырған дәуір. Есенейге үлкен салмақ салып, өмірлік жар болуға
бекінгенде ол небір қиын сын сағаттардан өтті. Есенейдің бірнеше мүшел жас
алшақтығынан, қаһарлы қабағымен халқын уысында ұстап отырған ұсқынсыз
түр-түсінен қатты шошынып, бірнеше күн үйіне жоламай, қашып жүрген
Ұлпан, ақ-қараны танып, өзіне-өзі келген шақта қайта оралып, тағдырдың
салған ісіне мойын ұсынуы оңай шаруа емес. Шығармада Ұлпан бойындағы
ақылдылық пен сұлулық, шешімділік қатар өріліп отырады.
Ұлпан бейнесі – тұтас бір дәуірдің, тарихи үлкен кеңістіктің кетігін бір өзі
толтырғандай кесек бейне.
Жалпы сұлулықты сүйіп өткен жазушының мына бір сөздерін келтіре
кетейік: «Дүниеде адам баласының ұлы қасиеті екеу-ау: ой ұлылығы, сұлулық
ұлылығы. Көркем айтылған ой ұлы, ойландыра алған сұлулық ұлы... Ұлпан-
менің Монна Лизам». Немесе, «Дүниеде әйелдің көзінен артық қызықтыра
алатын, әйелдің көзінен артық сиқырлап тартып кете алатын күш жоқ қой
деймін. Қандай да байлық, бақ, мансап, тіпті қоғамдық дәреже дегендердің
бірде-бірінде ондай күш жоқ. Бәрі бірге қосақталып келіп мойныма асыла кетсе,
оқтай қадалған әйел көзіне қарай жүре берер едім» [34-б.]. Сұлуға ғашық бола
білу де бақыт.
Осы тұрғыдан келгенде, халықтың ұлттық психологиясын баяндай алған,
әрбір жеке адамды өзіндік характерімен бере білген қаламгердің мол
мұрасының сырына қаныға отырып, оның құнды дүние екендігіне көзіміз
жетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |