ӘОЖ 82(091)
ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВТІҢ ПУБЛИЦИСТИКАЛЫҚ МҰРАСЫ
Л.М. Әділбекова, ф.ғ.к., профессор м.а.
(Алматы қ., Қазақ мемлекеттік
қыздар педагогикалық университеті)
Аңдатпа:
Белгілі бір қоғамда өмір сүріп, одан тысқары ойлау мүмкін еместігі сынды,
қызмет аясына қарамастан сол қоғамның мүшесі ретіндегі әр адамның азаматтық
позициясын анықтайтын, көрсететін де публицистика саласы болып табылады. Осы
тұрғыдан алғанда кеңес қазақ журналистикасының көш басында тұрған қайраткерлердің бірі
немесе бірегейі – қазақ поэзиясының Құлагері, ақын Ілияс Жансүгіровтің публицистикалық
мұрасын арнайы сараптап, оқырманға ұсыну әдебиет тарихы мен қазақ көсемсөзінің даму
барысын зерттеушілерге де, ілиястанушыларға да игілікті іс болары анық.
Түйін сөздер: қазақ көсемсөзі, публицистика, Ілияс Жансүгіров, өнертану, музыка,
фельетон, әдебиет, журналистика.
Кез-келген мемлекеттегі төртінші билік өкілдері саналатын журналистердің
бүгінгідей ақпарат ағымының әлемдік өркениетті интернет арқылы алқымға алған дәуірінде
алқалы жиынға салып, ақылға салар өзекті мәселелерінің бірі, әлбетте, отандық
журналистиканың кешегісін түгендеп, бүгінгісін саралап, болашағын түзеу, ұлтқа,
мемлекетке қызметі тұрғысынан сара жолын айқындау болып табылары анық. Қай кезеңде
болмасын өз уақытындағы қоғамның тыныс-тіршілігінің айна-қатесіз көрінісі болып
табылатын журналистиканың салмағы батпан, сұрауы мың сан сала екендігін де
мойындайық. Белгілі бір қоғамда өмір сүріп, одан тысқары ойлау мүмкін еместігі сынды,
қызмет аясына қарамастан сол қоғамның мүшесі ретіндегі әр адамның азаматтың
позициясын анықтайтын, көрсететін де осы сала. Бұл тұрғыда, бүгінгі ой өзегі де, кеңес қазақ
журналистикасының көш басында тұрған қайраткерлердің бірі немесе бірегейі – қазақ
поэзиясының Құлагері, ақын Ілияс Жансүгіровтің публицистикалық мұрасы турасында
болмақ.
1925-1928 жылдар аралығында Мәскеу журналистика институтын тәмамдаған ақынды
алғашқы қазақ кәсіби журналисі ретінде қабылдауға да болар. Ұлы ақынның қаламгерлік көп
қыры оқушысын тамсандырған сұлу поэзиясының көлеңкесінде қалып қойғандығы белгілі.
Соның бірі - ақынның публицистикалық бай мұрасы. Бұл мұра - әр түрлі жанрды қамтитын,
тақырыптық ауқымы кең, тілі құнарлы, арнайы ой жүгіртуді сұранып тұрған еңбектер.
Әсіресе, талантты жазушы арнайы оқуды аяқтаған соң, қазақ әдебиеті тарихының белесті
кезеңінде, отызыншы жылдар публицистикасының түрлі жанрында тамаша туындыларды
дүниеге әкелді. Олар Ілиястың уытты фельетондары, әдебиет, өнертану, музыка саласындағы
өзіндік ой-талғам, ізденістерге толы мақалалары, білікті журналистің ел өмірінен жазған
тамаша очерктері, Қазақстан Жазушылар Одағын басқарған қоғам қайраткерінің қоғамға,
әдебиетке қатысты жасаған баяндамалары, сын-пікірлері тағы басқалар. Түйінін айтсақ,
қазақ шежіресі, ел, жер тарихы, құнарлы тілі, дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі, бай ауыз әдебиетінің
інжу-маржандары сынды бір ұлттың бар байлығын барынша нар бойына сіңірген, тума
дарын мен сұңғыла білім иесінің, кемел таланттың өзін қоршаған ортадағы түрлі жайттарға
қарата айтқан парасатты ойлары, тегеурінді пікірлері, көркем бейнелі очерктері мен ақынның
азаматтық тұлғасын айқындайтын сан-салалы мақалалары.
Ілияс публицистикасы тақырыбы сан тарау, танымдық мәні терең әрі жан-жақты
шығармалар. Ілияс очерктері - сол дәуірдің айнасы іспетті болып келсе, оның мақалалары -
оның әдебиеті мен мәдениетінің, әлеуметтік өмірінің дамуында елеулі үлесі бар, қала берді
сол кездегі қазақ зиялылары мен қалың оқырманға, әлеуметтік ой-пікір ағымына өзінің
жүйелі ойлары, саналы пікірлері - тұжырымдары арқылы қозғау салған, тіпті негіз болған
әрі ғылыми, әрі әдеби-көркем, әрі тарихи мәні мол туындылар. Бұған қоса, публицистика
дегеніміз сол кезеңдегі ұлт қайраткерлерінің еңбегі мен өмір жолынан мол мәлімет беретін,
құнды деректерге толы дүниелер болатындығы да ақиқат.
Жалпы ақынның мақалалары 1923 жылдан бастап өмірінің ақырғы сәтіне дейін
мерзімді баспасөзде жарық көріп, өмірдегі азамат, қоғам, қалам қайраткері Ілиястың өзіндік
үнін, жүрек жарды сырын танытып отырған шығармалар. Ақынның өз қолымен жазған
өмірбаянына кезек берсек. «1920 жыл ақтар жеңіліп, алаштар тарады. Кеңес өкіметі орнады.
Ел аш. Жұттан шыққан жұрт. ...Аштарға бидай үлестіретін ауылдағы комитетінің мүшесі
болып қызмет істедім. Алғашқы әлеумет қызметім осы. ...Күзге ...оқу іздеп, Тәшкенге келдім.
...Тәшкенде алғаш қазақ-қырғыз оқу институты ашылған екен. Көз таныс таба алмай, көп
қиындықпен соның оқытушылар дайындайтын екі жылдық курсіне кірдім... Қазақ ана тілін,
орыс таңбасын содан бастап оқыдым. ...Театрда роль алып ойнадық. "Ақ жол" газетіне
корректор боп кірдім. Кейін Мұратбайұлы Ғанидың ұйыстыруымен "Жас алаш" газетін
шығардық. Оның алғашқы номерінің бас мақаласын жаздым. Ол номерде "Жалпы жасқа"
деген үгіт өлеңім басылды. Алғашқы басылған өлеңім осы шығар деймін. (Айта кету керек:
"Жыл құсы" деген журналдың алғашқы санында Бәйділдә ұлының мені ұлтшыл деп
көлденең тартатын өлеңі осы. Ол күндегі менің саяси сауатым анау болатын. Жалғыз мен
емес, ол уақытты талай қазақтың тап мәнісін ұғына қоймаған кезі еді. "Жас алаш" деген
газетінің атынан да тануға болады. Осылай өсу қазаққа табиғи жол еді. Іштен туа
интернационалист едім деген құр жанғайла. Өтірік. Қазақтың тарихи өсуінің щеңберіне
симайтын алыпсатарлық. Ондай жолдастар өзін де, өзгені де алдайды, ол қиянат)»[1].
Әдебиеттегі алғашқы қадамын, осылайша, журналист қаламымен қатар бастаған қарымды
ақын, келе-келе сол кезеңдегі кеңестік өмір көріністері мен әдебиет, өнер, театр мәселелеріне
қатысты келелі ой, сындарлы соны пікір айта білген ұлт қайраткеріне айналды.
Мысалы, Ілиястың Абай шығармаларына қатысты айтқан пікірлері күні бүгін де
бағасын жойған жоқ. Ұлы ақынның шығармаларынан тереңнен зерделей келе, Ілияс, Абайды
жазба әдебиеттің басы деп санауға іңкәр етіп отырған оның тек жаңашылдығы, қазақ өлең
құрылысына кіргізген жаңалықтары ғана емес, сонымен қатар, "Абайдың жалпы өлеңінің
дені сау, тілі таза. Абайдың өлеңі таудан тасыған бұлақтай сарқырап жатса, сөздері сол
бұлақтың түрлі тасындай жарқырап жатады. Абайдың тарихи зор еңбегі "тіл өнерін жасап,
қазақтың жабайы тілінен үлгілі, өнер әдебиет тілін жасағандығы" [2,61-б.] деп толымды
қорытынды жасайды. Осы ойын дәлелдей түсу үшін Абайдың қазақ өлеңіне 14 түрлі өлең
өрнегін қосқанын айта келе, "Абай өлең түрін жасауға қызмет еткен жазушы. Абай бұрынғы
қазақтағы өлең, жырлардың өлшеу, үлгілерін кеңітудің үстіне араб, парсы, шағатай, орыс
өлеңдерінің үлгісін кіргізіп, қазақ әдебиетін жаңалаған адам" [2,62-б.] деп тарихи мәнді
қорытынды жасайды. Оның шығармаларынан өлеңінің әуез ырғағынан күйлі, ырғақты,
сорғалап келетін талай өлеңдерді тауып, "Абайдың жыры ырғақ, музыка дыбысы құрылысы
жағынан төгіліп кетеді. Өлең ұйқасындағы етістіктердің сайдың тасындай ірі, қимылды,
қозғалысты көрсетудегі жандылығы" [2,64-б.] ақындық шеберліктің, талант қауттылығының,
өлең көркемдігінің белгісі деп айрықша қадірлейді.
Профессор Т.Кәкішевтің қазақ әдеби сынының тарихын зерттей келе көрсеткеніндей:
«Ілияс Жансүгіровтің Абай жинағына жазған алғы сөзі ұлы дарынның ерекшелігін
бірқыдыру аңғарған, кезеңдік эстетикалық талап-талғамның ауыр жүктерін көтерген еңбек
болды. Осындай еңбектердің дүниеге келуі Абайды дұрыс тануға жаңа кілт, жаңаша көзқарас
тауып, нақты жүзеге асыру қажеттігі аңғарылып, мәнді сыни-ғылыми ой-пікірге үлкен арна
дайындады. Көптеген мақалалар мен еңбектердің осындай ерекшелігі де, қате-кемшілігі де
Абайдың алғашқы кезеңінің 1918 -1933 жылдарға тұспа-тұс келеді. Сөйтіп сыншылық ой
соны арна тауып, ғылыми процеске ұласа бастады" [3]. Сұлулық пен тазалықты, даналық пен
жаңалықты көзімен ғана емес, көңілмен де көре біліп, әсемдіктің нәзік қауыздарын таңғы күн
шапағындай аша біліп, әуенді сым пернелерін жүрек дүрсілмен баса білген Ілияс ақынның
сөз дүлдүлі Абай туралы сыни ойлары қай қырынан алсақтағы ұлттық ақыл-ой қазынасының
асыл мұрасынан табылары анық.
Отандық көсемсөз қоржынындағы Ілиястың қазақтың күйлерін жинау, әндерін сақтау,
өнерін бағалау, жаңа театрларының жұмысын жандандыру мен артистерінің қабілетін
лайықты бағалау турасындағы жазған өзекті мақалалары күні бүгін де шұрайлы тілімен де,
тура айтқан соны ойларымен де бағасын жойған жоқ.
Ілияс Жансүгіровтың 1927 жылы "Еңбекші қазақ" газетінің 18 июль күнгі санында
жарияланған "Қазақ күйлері жиналсын", осы газетте 1931 жылы жарық көрген "Ән, әншілер
жайында" деген көлемді мақалаларын алсақ, әлбетте, поэзияда "Күй" (1929ж.), "Күйші"
(1935 ж.), "Құлагер" (1936 ж.), Көбік шашқан" (1937 ж.) сынды поэтикалық пафосы биік
өнер тақырыбындағы шығармаларды дүниеге әкелген ақынның музыканың тілін, ұлттың
өнерін, қазақтың қанымен келген асыл мұрасын терең білгендігі, терең түсінгендігі анық.
Өнер, өнер адамының жан дүниесі мен табиғатын, тарихтағы, қоғамдағы ролін тани біліп,
терең көрегендікпен түсініп:
Қобызшы Молықбай шал Матайдағы,
Матайда-Кенже, Тұңғат Сақайдағы.
Қазақта қобызшының қалғаны сол,
Жорға еді маймаңдаған бақайшағы,
деп басталатын "Күй" поэмасын алсақ та, ақынның "Күйші" поэмасындағы сол тарлан
таланттың тамаша дүниелерінің тыңдаушы құлаққа әсерін, тоқсан ауыз сөзбен жеткізуге
қиналатын қасиетін табиғаттың тілсіз үн, ойшыл әуенімен жеткізе білген тыңдаушыға әсерін
табиғатпен тілдестіріп:
Күн тыңдап, кірмей тұрды ұясына,
Бұлт тыңдап мінбей тұрды тау басына.
Мақұлық жерде, көкте маужырады,
Қараған бір жан болмай шаруасына.
Су ақпай жатты тоқтап арнасында,
Қарғалар қалқып қалды жар басында.
Сүйсініп домбыраны тыңдады жұрт,
Тырп етпей, тілеулес боп зарласынға.
Қалмақтың қақты қара жорғасына,
Айналды ақ алмастар қорғасынға.
Мәжіліс міне осындай болып жатты,
Бір кеште хан Кененің ордасында-
- деп тамаша суреттейді. Күй мен күйші қадірін білген ақын қазақтың құдыретті күйі мен
тарлан күйшілерін, олардың асыл бағасын ерте түсініп, ол мұраның бүгіні мен ертеңі үшін
аянбай еңбек етті. Ел өнерінің каусар бұлақтарының бірі - қазақ күйлері, күй өнері
халқымыздың мәдениетіне қызыл тілден кейінгі алдыңғы орынды алса керек-ті. Тіпті тілмен
жеткізе алмаған сәтті күймен жеткізген сәттер тарихымызда аз ба? Қасиетті домбыра мен
қоңыр қобыз үні - халық үні емес пе еді? Қара қазақтың мұңдасы да, сырласы да күйі емес пе
еді? Күйді ұмыту - күйді түсінбеуге, күйді түсінбеу - ата-дәстүр, салт-санадан қол үзіп, кей
ұрпақтың мәңгүрттенуіне әкелмей ме сынды ақынның жан айқайы мақалаларынан көрініс
тапты.
Қазақ музыка қорының алғашқы қарлығашындай сол жылдары жарық көрген
Затаевичтің "1000 әнін" қуана қолдаған Ілияс, барша жұртқа осы кітапты үлгі ете отырып, тез
арада қазақтың бар күйлерін жинауға, Затаевич сынды мамандарды пайдаланып қалуға
шақырады. "Қазақта күй көп" - деп мамыражай жүре бермей, барды қастерлеп, сақтап қалуға
шақырды. Жаңа заман ағымымен, ойын-сауықтан гөрі елдің жан бағу жайымен
шаруадарлыққа ойысып бара жатқанын ерте түсінген Ілияс, қазақта әрбір рудың, әрбір жер
мөлшеріне сәйкес елдің өзіндік күйі, ол күйдің өзіндік мазмұны мен мәнері бар екендігін
айта отырып "бүкіл қазақ күй мұрасы атаусыз, атқарусыз жатқан мол қазына, қалай да қазақ
күйлерін жинау керек" - деп бебеу қағады. Мақалада: "Елдегі ескі күйші шалдар өлген сайын
күйлеріміз көрге көмілуде. Біздің елде ертеректе Тойтан деген бір шал қырық күй тартады
екен. Ол күйлердің бұл күнде біреуін де ешкім білмейді, тек күй аттарын айтып аңыз
қылысады. Сүйтіп Тойтан өлімі қырық күйді ала кетіп отыр. Жалғыз Тойтан емес, толып
жатқан домбырашылар, күйшілер күйімен бірге зым-зия жоғалып жатыр. Елден жастан
домбыра шығу, жаңадан күй шығу өте сирек" [2,319-б.] - дей отырып, барлық газет-
журналдарды, тілшілерді жер-жердегі күй аттарын жинауға, олардың мазмұндарын, білетін
күйшілердің аты-жөндерін жазып алып, жинап, жариялауға шақырды. Осы істің
көшбасшысы ретінде Ілияс осы мақалада Жетісудың Талдықорған уезіндегі Ақсу
болысындағы домбырашылардың күйлері мен Қарқаралының арғын Манас-Маңдар руынан
Алматыға келген домбырашы бала Манарбектің білетін отыз күйі деп, барлығы 68 күйдің
атын тізіп жазған. Мақаласында автор газет бетінің күйлердің мазмұнын да көрсете кеткенге
тарлық еткенін ескерте кетеді. Бұл Ілиястың айтқан күйлерін жақсы білгендігін көрсетсе
керек.
Ілиястың өнер тақырыбындағы мәдениеттану саласындағы құнды бір еңбегі оның
"Ән, әншілер жайында" деген мақаласы. Мақаланың 1931 жылы жазылғанын ескерсек, бұл
уақытта қазақ арасынан қазақ әндерін жинап, зерттеген білікті музыка мамандарының әлі
шыға қоймаған кезі. Қазақ әндерін ұлт мәдениеті, ұлт өнері деген кең ұғымда түсініп, сол
кездегі қолда бар ел әндерінің қандай күйде, қалай туған, заманымызға лайық па, жоқ па
деген сияқты салалы сұрақтарына жаны ауыра жауап іздеп, оларды өз ой елегінен өткізе
отырып, ақынның қазақ әндеріне жасаған өзіндік классификациясы тілге тартымдылығымен,
ойға қонымдылығымен, ғылыми тұжырымдарының дәлдігімен, пікір дәмділігімен
толғантады. Әрбір халықтың өзінің қанымен келген, тағдырына семген, табиғатынан туған,
дәстүрлерін қуған, тек сол ұлтқа ғана тән әуені, әндері болатыны әркімге аян. Сондықтан да
болар, бұл әндер, бұл әуендер ешбір бақырма, секірмесіз-ақ жүрек қылдарын дәл тауып,
алпыс екі тамырыңды иіп жатады. Мұның себебін сыншы былай түсіндіреді: "...Бір елдің
шаруа күйі, қоғам құрылысы өзінше күйді, әнді, ырғақты тілейді. Ән-күй сол елдің әлеумет-
шаруа (социал-эконом) тұқым (антропол) жүйесінің жемісі болды ... Осы екі жүйе әр елдің
ән-күйіне өзінше таңба салады, мөр басады". Ойымыз түсінікті болуы үшін Ілиястың мына
бір сөздерін де келтіре кетейік: "...Ән туу үшін алдымен әнші туады. Әнді шығарушыны әнді
тыңдаушы тудырады. Тыңдаушы - дегеніміз әр дәуірдегі ел, соның ішінара табы, тобы
болады[2,327-328-б.]. Ілияс ел музыкасын, яғни қазақ әндерін үлкен-үлкен үш салаға
топтайды, олар-ой музыкасы, сөз музыкасы, қимыл музыкасы.
Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең - менше сүй...
деген Абай сөздерін Ілияс осы салаға жататын әндерге лайық айтылған дей отырып, бұл
топтағы әндердің басты ерекшелігі сарынында, әуенінде екендігін, өздерін лайық сөздері
болғанымен, негізгі салмақ әуеніне түсіп, сөздің тек көмекші құрал ретінде ғана
қолданатындығын тілге тиек етеді. Себебі, бұл ойлы әндерді ...сөзсіз ыңыранып айтса да
сарынды ой салады - деп тұжырымдай отырып, мұндай ой әндерінің орындаушыларына -
Қали, Әміре, Манарбек т.б. жатқызады.
Екінші үлкен сала, өзіндік әуені, ырғағы бар - сөз музыкасына жататын әндер тобы.
Ақынның бұл саладағы негізгі критерийі - айтылған әнде сөздің, айтылған ойдың негізгі,
басым роль атқарып, ал айтылу сарынының тек қосымша рольді ғана алатындығында. Мұнда
ән сарыны тұйықтау, үн мен ой салатын ырғақтан гөрі сөз салмағы басым болады. Ән сөзге
еріп, сөз әнге жетекші болады. Біздің ел әніндегі жыраулардың, ел ақындарының қолданысы
осы үлгі болады - деп қорытындылайды Ілияс. Бұл топқа зерттеуші қазақ тарихында аты
қалған жырауларды, ақындардың әндерін, сонымен қатар ақынның замандасы Исаның
"Желдірмесін" қосқан.
Үшінші үлкен сала - қимыл музыкасы. Атауының өзі айтып тұрғандай, бұл жердегі
басты критерий - қимыл-қозғалыстың, яғни бидің роль атқаруы. Домбырамен қосылып биін
тамашалау болмаса, жалпы би өнерінің о кезде көмескі тартқан кезеңі екендігі белгілі жайт.
Мұндай әндердің де әлі қазақ музыкасында аздығын ескере отырып (сол кездегі – Л.Ә.)
Елубай, Құрманбек сияқты әншілер іздене түссе, қазақтар қала тұрмысына үйрене түссе, бұл
саладағы әндер де көбейе түсіп, халыққа қызмет етер дегендей ой айтады көреген ақын.
Журналист Жансүгіров бұл мақаласында қазақ әндерінің табиғаты туралы да кесек-
кесек келелі ойлар айтқан. Қазақ халқының көшпелі, ұлан-байтақ кең даласы, тұрмыс-
тіршілігі өз әндеріне де таңбасын салған дедік. Бұл жағдай қазақ әндерінің өзіндік түрі мен
композициясын дүниеге әкелді. Кең байтақ далада, сұлу табиғат аясында төрт түлікпен бірге
өріп, бірге жусаған, малмен кіндіктес, кентсіз, (қаласыз) елдің әндерінің ырғағы, сарыны
өзгеше. Бұны Ілияс: "Қазақтың әндерінде кең даланың, ертеңгі-кешті, ұзақ күннің, күзеткен
сары таңның, шусыз тыныш табиғаттың, баяу, жуас айналаның, жалқаулықтың, сылбыр
өнімсіз еңбектің, ұзын сонарлы күштің сарыны басым болатындығы - сол қазақтың қоныс,
шаруа, әлеумет жағдайларынан болу керек" - деп түсіндіреді. Ілияс қазақ әндерінің көпшілігі
мұңмен сарындас, күйінді, зарлы келеді, мұның себебі, табиғатпен тағдырлас елдің жұт,
боран, қасқыр, ауру сықылды алғалы тұрған табиғат жаулары алдындағы тәуелділіктен туса
керек деген ой айтады. Оның үстіне "бір-бірімен шабысқан қазақ, жауынгершілік заманы,
аздың әлсіздігі, әлсіздің қорғансыздығы, әдеттің күштілігі, әйелдің теңсіздігі, жүрек демінің
іштен, тыстан еріксіздігі, еңбекке қырсыздығы - осының бәрі азап, бәрі мұң емес пе еді?
Ендеше тіршілік сарыны - әндегі сарын мұң басым болмай не болатын еді?" - деген сынды
зерделі пікірге келеді.
Ілияс қазақ әндерінің сарынына географиялық ортаның да әсері барын айта келіп,
бірнеше мысал келтірген. Арқа әндерінің аспанға өрлеп басталып, созылып, неше қайырып,
толқып-толқып тоқталатыны - Арқа жеріндей айдала, құба-құба жон, қырқа-қырқалатып
барып тастағаны сықылды. Қарқаралы, Баян, Көкшетау, Ертіс бойы асқақтатып шырқап
салса, Орал, Бөкей жағы қоңыр жыраулатып, құба жондатып, ыңыранып келеді. Жетісу
жеңіл желпілете аяң жорғалау келсе, Сырдария мыңқылдайды. Қойшының "әлаулайы",
"Алпамыс" эпостық жырындағы "Шөре-ай, шөре-ай" да қазақ тіршілігінің бір көрінісі
іспеттес. Қаламгер әрбір ой тұжырымында бұлардың өз болжамдары екенін, тексеруді
тілейтінін ескертуді де айтып отыруды ұмытпайды.
Ілияс көрсеткен ел музыкасының екі түрлі қасиетіне де толық қосылуға болады. Оның
бірі - халық әндерінің түбінде бір адам шығарғанын мойындай отырып, ауыздан-ауызға,
құлақтан-құлаққа, иесін керек қылмай көшіп отырып, ауыз әдебиетіндей ортақ мұраға
айналып кеткендігі де, екіншісі - көп әндердің бір сарындас келетіндігі. Әсем әнді
шығарушы шын талант сирек те, әнді үйренуші, салушы, тіпті жаңғыртушы көп. Осындай
өзгертіп, өңдеп салушылардың көптігінің де әсері болса керек. Әннің, әуеннің бойына сол
әнді шығарушының қоғамдағы орны, ой-санасы, табиғи тұрпаты да таңбасын салады. Бұған
Ілияс Бұхар жырау әндерінің толғау ырғағында, дүниені кезіп жер жаннатын іздеген Асан
Қайғы әндерінің безілдеу, зарлау сарындас келетінін, бұған Біржан мен Әсеттің өрлемпаз
келетін, Жаяу Мұсаның жаңа сарынын мысалға келтіреді. "Бұхар жырау әнін толғау
ырғағына қарай бұқараға түсініксіз ханға, биге, батырға арналған түйткілдеу, сұрай тастау
ырғағына салса, Асан Қайғы ашықтан-ашық зарлау, қоныс іздеу, дағдару, безілдеу
сарынымен кетсе, қу тілді ақын Құлдың (кісі аты) әні моқалдау, ақырын ыбыр, шымшымалау
келеді".
Ілияс сол кездегі қазақ әншілерін екі топқа жіктеген. Бірінші топқа, дала
музыкасының әрі актеры (салушысы), әрі авторы (шығарушысы) бола білген музыка
таланттары, ән шығарушылар - Біржан, Ақан, Әсет, Жаяу Мұсаларды кіргізеді. Артына
тамаша ән мұрасын қалдырған бұл дала композиторларын ақын "әнді тыңнан салу" қасиетіне
қарай топтаса, екінші бөлегін әнді "тыңнан салмай, бар арнаны қолдай салушылар" деген
айдармен Әміре, Қали, Балабек, Пысмылда, Манарбек сияқты әншілерді атайды. Әйтсе де,
әрқайсысы ән салатын, қоржынынан ел әндерінің небір сирек нұсқаларын табуға болатын,
тігінші емес, бүтінші болса да жасаушы емес, жамаушы болса да, елден елге кезіп жүрген
әндердің ең асылдары осыларда болатынын Ілияс ескерте кетеді. Қазақ музыка өнерінің шын
жанашыры бола білген Ілиястың әндер, әншілер туралы бұл мақаласының да қазақ әдебиеті
мен қазақ өнері тарихынан алатын орны ерекше екендігі анық.
Тыңнан тұжырым жасап, баянды ойға бастау бола білген, өнер тілін өз тіліндей жеткізе
білген Ілияс Жансүгіровтің өнер, мәдениет, әдебиет тақырыптарындағы публицистикалық
мақалалары отандық көсемсөз антологиясынан өзіндік орны бар лайықты мұра болып
табылады.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
1.Ілияс Жансүгіров.Алматы облысының мемлекеттік мұрағаты.-Алматы:Үш қиян. 2006. –
592б. 17-23бб.
2.Ілияс Жансүгіров. Бесінші том. –Алматы:Жазушы.1988.- 368б.
3.Кәкішев Т. Қазақ әдеби сынының тарихы". -Алматы: Санат.1994. 413-416-бб
РЕЗЮМЕ
Л.М Адилбекова., к.ф.н., и.о. профессора
(г.Алматы, Казахский государственный женский педагогический университет)
ПУБЛИЦИСТИЧЕСКОЕ ДОСТОЯНИЕ ИЛИЯСА ЖАНСУГУРОВА
Публицистика является инструментом самовыражения и отражает гражданскую
позицию человека. Изучение публицистики Кулагера казахской поэзии Илияса Жансугурова
имеет особое значение для исследователей истории казахской литературы и публицистики.
Ключевые слова: публицистика, Илияс Жансугуров, искусствоведение, музыка, фельетон,
литература, журналистика.
SUMMARY
Adilbekova L.M., candidate in philological sciences, acting professor,
(city Almaty, Kazakh State Women’s Teacher Training University)
PUBLICISTIC HERITAGE OF ILIAS ZHANSUGUROV
Journalism is a tool of expression and reflects the citizenship position of human. Studying
journalism of Kulager Kazakh poetry Ilias Zhansugurov has a particular importance for researchers
of history of Kazakh literature and journalism.
Keywords: publicism, Ilias Zhansugurov, art studies, music, satirical article, literature, journalism.
Достарыңызбен бөлісу: |