Әож 94 (574) (092) Замана дүлдүлі Қожаберген



Pdf көрінісі
Дата21.02.2017
өлшемі224,08 Kb.
#4625

 

Дауылпаз жырау Қожаберген Толыбайұлының туғанына – 350 жыл 

 

ӘОЖ 94 (574) (092) 



 

 

Замана дүлдүлі - Қожаберген 

 

Қожаберген  Толыбай  сыншыұлы  1663  жылы  туып,  1763  жылы  қайтыс 



болған.  Ұланқайыр  даламызды,  шашырай  қоныс  шалған  ұлтымызды 

қызғыштай  қорғаған  атақты  батырларымыздың  бірі.  1688-1710  жылдары 

қазақ,  ноғай,  қарақалпақ  халықтарының  біріккен  жасағына  қолбасшылық 

жасаған  ордабасы,  кесек  тарихи  тұлға.  Атақты  «Жеті  жарғы»  заңнамасын 

жасауға  қатысқан  Қожаберген  қазақ  халқының  ерлігін,  елдігін,  ұлылығын 

жырлаған ақын, ұлы жырау. 

Өкінерлігі,  Қожаберген  бабамыздың  баға  жетпес  әдеби  мұралары 

бүгінге  толық  жетпеген, осы  күндерге дейін  халық назарына  толық ілінбей, 

зиялы  қауым  және  ғалымдардың  назарынан  тыс  қалып  келген  еді.  Төменде 

сол ұлы баба жайлы қысқаша толғанысымызды беріп отырмыз. 

 

Ойрат-қазақ  арасындағы  екі  жүз  жылдық  қырғын  соғыстың  ең  соңғы 



жаңғырығы  –  Алаш  жұртының  санасында  «Шаңды  жорық»  деген  атпен 

қалды.  Екі  ғасырға  созылған  осынау  ұланқайыр  майданда  талай  сұлтандар 

мен  батырлар,  данагөй  абыздар  мен  жұртты  аузына  қаратқан  шешендер 

ортаға шықты. 

Солардың бір де бірегейі Қожаберген батыр, баһадүр, көрнекті мемлекет 

қайраткері,  дауылпаз  жырау,  замана  дүлдүлі  ретінде  тарихтың  жарық 

сахнасына  көтерілді.  Оның  өмір  жолы  қазақ  тарихымен  тонның  ішкі 

бауындай астасып жатыр. 

Халқымыз  1726  жылы  Ордабасыдағы  бүкілқазақтық  құрылтайға  ұзақ 

жол жүріп жетті. Ол Қасым хан салған қасқа жол, ол Есімхан салған ескі жол, 

ол  Салқам  Жәңгір салған  Отанды  қорғау  қабілетін баянды  ету  жолы,  ол  Әз 

Тәукенің  Күлтөбенің  басында  күнде  кеңес  өткізіп  салған  «Жеті  жарғы» 

жолы,  ол  Арқа  мен  Бетпақдаланың  түйіскен  кіндігі  Таңбалынұр  жиынына 

барар  жолдар,  ол  1710  жылы  Қарақұмдағы  бүкілхалықтың  «Арқар»  ұранды 

төреден  мукаддама  лашкариі  Әбілқайыр  сұлтан,  «Алаш»  ұранды  қарадан 

Сардарбек  болып  Қанжығалы  қарт  Бөгенбай  сайланған  ұлы  Құрылтайға 

апарған жолдар. 

Иә,  бірлікке  бастаған  сол  бір  ата  дәстүрі  халқымызды  талай  рет 

жеңістерге  жеткізді.  Алайда  жеңіске  масайраған  халық  құмалақша  қайта 

шашылып,  әрбір  сұлтан,  төре,  хан  болып,  әрбір  батыр  жеке  билікке  таласа 

бастаған сәтте «Ақтабан шұбырындыға» ұшырады. Екінші рет қазақ қасиетті, 

киелі Ордабасына жиылғанда тарихтан тағылым алып келген-ді. 

Шығыс  мұсылман  халықтарында,  Ресейде,  Византияда,  Батыс  елдерде 

ордалы  мемлекет  орнатылған  кезде  дін  шешуші  рөл  атқарғаны  тарихтан 



белгілі. Қазақ сахарасында ислам мұндай дәрежеге көтеріле алмады. Өйткені 

ислам араб, парсы, татар, өзбек т. б. халықтардың миссионерлерінің сыртын, 

жоғарыдан  әкелген  діні  есебінде  халық  санасында  сақталды.  Шығыс 

халықтарының  ішінде  ислам  қазақ  халқына  терең  бойлап  ене  алмады.  Ен 

далада  сөз  құдіреті  ел  құдіретіне  айналды.  Хандық  билікті  ең  биік  тұғырға 

қондырған  әз  Тәукеге  Төле  би,  Қазыбек  би,  Әйтеке  бидің,  Абылай  ханға 

Бұқар жыраудың тоқтау сала алуы осыдан. 

Жаугершілік заманда Шыңғыс әулетінің берекесі кете бастады. Өйткені 

билікті  атадан  балаға  бере  салатын  күн  өткен-ді.  Әйтеке  би  Қожаберген 

жыраудың айтуынша: 

 

«Хан, сұлтан, төре күні өткен деді, 

Олардан ақыл-айла кеткен деді. 

Қазағым өзіңді-өзің тұтас ел қылып

Басқарар енді уақыт жеткен деді», – деп үндеуі осыдан. 

Тағдырдың  тәлкегімен  әлеуметтік  таптың  төменгі  сатысына  іліккен 

Абылай  хан  болғанда  тек  Шыңғыс  әулетінің  өкілі  болғандықтан  ғана  емес, 

майдан  алаңына  дабыл  салып  шыққан  қас  батыр,  ерен  қолбасшы,  ел  бастар 

көсем  санатында  хан  болып  сайланды.  «Бай  бір  жұттық,  батыр  бір  оқтық» 

заманда бай елге қалқан бола алмады. Елін қасқая қарсы шығып қорғаған жау 

жүрек  батырлар  алғы  шепке  шықты.  Міне,  осылай  дала  демократиясының 

негізгі  киелі  иелері  –  еліне  елеулі,  халқына  қалаулы  бола  алған  хан,  топ 

ішінен  суырылып  сөйлеген  шешен,  көпті  бастар  көсем  билер,  айбынды 

батырлар  болды.  «Дауға  барсаң  бірің  бар,  жауға  барсаң  бәрің  бар»  деген 

кезде халықтың да қаһарлы күші, өктемді үні есепке алынды. Сөйтіп, сайын 

қазақ  сахарасындағы  дала  демократиясы  арқасында  қазақ  мемлекеті 

шайқалмастай төрт тірекке негізделді. Айбарлы хан, үш жүздің төбе билері, 

айбынды батырлар бастаған қарулы күш, малын да, жанын да Отан жолына, 

жеңіс жолына бағыштаған қаһарман халық біріккен күш-жігерін бір мүддеге 

жұмсады. Ол мүдде – Отан мүддесі, халық мүддесі, ұлт мүддесі еді. Сөйтіп, 

сайын даланы жайлаған үш жүздің бірлігі, шаруашылығының бірлігі, тілінің, 

дінінің  бірлігі,  ұлттық  санасының  бірлігі  негізінде  іргелі  ұлт  дәрежесіне 

көтерілді. 

Толыбайұлы Қожаберген (1663-1763) – ХVII ғасырдың екiншi жартысы 

мен ХVIII ғасырдың бiрiншi жартысында өмiр сүрген жырау, қазақ халқының 

әскерiн  басқарған  қолбасшы,  әйгiлi  ғұлама,  шежiрешi.  Солтүстік  Қазақстан 

облысының  Жамбыл  ауданында  туған.  Арғы  тегі  Орта  жүз  Ашамайлы 

Керейдің Көшебе руының Таузар әулеті. Жыраудың өз әкесi Толыбай сыншы 

да,  атасы  Дәулен  батыр  да,  бабасы  Таузар  сардар  да  өз  замандарында  Үш 

жүздiң әскербасылары және Орта жүз қазақтарының ардақты ел билеушiлерi 

болады. 

Қожаберген 

жастайынан 

нағашысы 

Жалаңтөс 

баһадүр 


Сейітқұлұлының  ұрпақтарының  қолында  өсіп,  Үргенші,  Бұқара,  Самарқан 

медреселерінде  оқыды,  араб,  парсы  тілдерін  меңгерді.  Ол  өзiне  дейінгi 

қазақтың ақын-жырауларының өлең жырларын, медреселерде оқып жүргенде 

шығыстың жетi жұлдызы атанған Жәми, Низами, Науаи, Физули, Фирдауси, 



Сағди,  Рудаки  шығармаларын  оқып,  солардан  нәр  алды.  Сонымен  бiрге  ол 

ертеде  өткен  Рашид  ад-Дин,  Мырза  Хайдар  Дулати,  Қадырғали  Жалайыр 

және  өзiнен  аз  бұрын  өткен  Әбiлғазы  баһадүр  хан  сияқты  бiлiмпаздардың 

жазып қалдырған шежiрелерiмен таныс болды.  

Сондай-ақ, ол тастағы ескi жазуларды да оқып, оған көп мән бердi. Он 

үш  жасынан  ақындыққа  бет  бұрған  ол  он  жеті  жасында  аңыз  әңгімелерді 

өлеңмен жырлады. Қазақ халқының шығу тарихын жырға қосып, «Ата тек» 

дастанын  жазды.  Тәуке  хан  тұсында  Қоқан,  Хиуа,  Бұқара  хандықтары  мен 

парсы, түрікмен елі арасында елшілік қызмет атқарды. 1688 жылы Әз Тәуке 

бастаған барша қазақ жақсылары 25 жастағы Қожаберген жырауды ордабасы 

етіп  сайлады.  Сөйтіп  ол  23  жыл  жоңғар  шапқыншылығына  қарсы  күрескен 

қазақ  жасағының  бас  қолбасшысы  болды.  Оған  жыраудың  «Үш  би»  атты 

өлеңiндегi мына шумақ дәлел бола алады:  

Басқарып Үш жүз қолын жиырма үш жыл,  

Орнымды Бөгенбайға бердiм биыл.  

Еш сардар қайт қылған жоқ жарлығымды,  

Кезiнде ұзақ соғыс күндер қиын. 

 

Жырау  1710  жылы  жаздың  аяғында  өз  шәкiрттерiнiң  бiрi  жас  батыр 



Қанжығалы Арғын Бөгенбай Ақшаұлына ерекше ықыласы түсiп, өзiнiң орта 

жасқа  таяп  қалғанын,  ұзақ  жылдарға  созылған  ауыр  соғыстарға  үздiксiз 

қатысып,  қалжырап-шаршағанын  мойындап,  Әз  Тәуке  ханға  өзiн  ордабасы 

қызметiнен  босату  туралы  өтiнiшiн  айтады.  Әз  Тәуке  әуелi  келiсiм  бермесе 

де, өз орнына қоятын кiсi барын айтқан соң, хандықтың астанасы – Түркiстан 

шаһарына  Үш  жүздiң  шораларын,  бектерiн,  билерiн,  батырларын  арнайы 

түрде  хат  жазып,  кiсiлер  жiберiп  шақыртып  алып,  ордабасы  сайлау  үшiн 

құрылтай  өткiзедi.  Онда  уәзiрлер,  шоралар,  билер,  бектер,  батырлар 

Қожаберген жыраудың ордабасылықтан кетуiн қаламайды. Ақыры олар зорға 

дегенде Әз Тәукеге келiсiм бередi.  

Сонда Қожаберген баһадүр ақ батасын берiп, ұсыныс жасап, өз орнына 

Бөгенбай  батыр  Ақшаұлын  қазақ,  ноғай,  қарақалпақ  жұрттарының  бiрiккен 

әскерiн  басқаратын  бас  қолбасшы  етiп  сайлатады.  Ел  қорғаған  батыр 

ерліктері  Бұқар  жыраудың  «Ұстазым»  атты  толғауында  баяндалады. 

Қожаберген  жырау  Тәуке  хан  тұсындағы  «Жеті  жарғы»  заңдар  жинағын 

әзірлеуге белсене қатысып, кейін оны ақ былғарыға жазып Әз Тәукеге табыс 

етті.  Сонымен  қатар  ол  сол  кездегі  қоғамдық,  әлеуметтік  жағдайды,  қазақ 

елінің  ішкі-сыртқы  хал-ахуалын  жырға  қосып,  «Жеті  жарғы»  атты  тарихи 

дастан  жазды.  Қожаберген  жыраудың  «Елiм-ай»  эпопеялық  жыры  қазақ 

халқының сыртқы жауларға қарсы бағытталған жарты ғасырлық әрi әдiлеттi, 

әрi  азаттық  соғысын  суреттеуге  арналған  маңызы  кесек  тарихи  шығарма. 

Жырдың  бiрiншi  бөлiмi  де,  жырмен  аттас  келетiн  «Елiм-ай»  әнi  мен  «Елiм-

ай»  күйi  де  1723  жылғы  күзде  болған  орасан  қырғынды,  ел  басына  келген 

ауыртпалықты көпке сол күйiнде жеткiзуге бағышталған.  

Сонымен  қатар  «Елiм-айдың»  бiрiншi  бөлiмiн  жартылай  өмiрбаяндық 

дастан десе де болады. Жырау «Елiм-ай» хиссасының бiрiншi бөлiмiнде тек 



қана  соғыстарды  баяндап  қоймай,  туған  халқымыздың  жер-суларының 

бұрынғы кездегi атауларын, тұрмыс-салтын, кәсiбiн, елдiң iшкi-сыртқы саяси 

жағдайларын,  көршiлес  мемлекеттермен  қандай  қарым-қатынаста болғанын, 

түркі  тектес  елдердi,  Сiбiр  татарына  жататын  руларды,  қалмақтың  шыққан 

тегiн,  оның  түркі  халқына  жатпайтынын,  қалмаққа  жататын  тайпаларды 

дұрыс,  айқын  түрде  көрсетiп  берген.  Мұның  кейiнгi  ұрпақтар  үшiн  маңызы 

аса зор екенiне ешбiр дау жоқ.  

Жыраудың аталмыш дастаны туралы жазушы, Кеңес Одағының Батыры 

Бауыржан  Момышұлы:  «Керей  Қожаберген  жыраудай  бұрын-соңды  өмiр 

сүрген  қазақ  ақындарының  бiрде-бiреуi  қазақ  жұрты  жерiнiң  көлемiн, 

шекарасын  айқындап  берген  емес.  Ол  кiсiнiң  «Елiм-ай»  жыры  –  әскери 

дастан!  Жас  бала  кезiмде  оны  әншiлердiң  аузынан  талай  рет  естiп  едiм. 

Шiркiн,  сол  әскери  дастан  қайда  бар  екен?»?  десе,  тарих  ғылымының 

докторы,  профессор  Ермұхан  Бекмаханов  «Көшебе  керей  Қожаберген  ақын 

Толыбайсыншыұлының  «Елiм-ай»  дастаны  –  тарихи  эпопеялық  жыр  деген. 

Әрi сол «Елiм-ай» ерлiк хиссасының бiрiншi бөлiмi – 1723 жылғы «Ақтабан 

шұбырынды,  Алқакөл  сұлама»  атанған  iрi  апаттың  суретiн  ел  көзiне 

елестеткен бiрден-бiр тарихи құжат!» – деп тұжырымдады. Оның шежiрешi-

жырау  екендiгiн  ақын  Сұлтанмахмұт  Торайғыров  өзiнiң  «Құрбыма»  деген 

өлеңiнде,  философ-ақын  Мәшһүр  Жүсiп  Көпейұлы  «Даналарға»  атты 

өлеңiнде 

жырлады. 

Жыраудың 

қоғамдық 

өмірі 

мен 


қызметі, 

шығармашылығы соңғы кездерде ғана жан-жақты зерттелді.  

Дегенмен  оның  кейбір  шығармалары  жазушы,  ағартушы-демократ 

Ыбырай  Алтынсарин  құрастырып,  1879  жылы  Орынбор  баспасында  жарық 

көрген  «Қазақ  хрестоматиясынан»  және  оның  1896  жылы  Қазанда  жарық 

көрген  «Мәктубат»  деген  кiтабынан  орын  алды.  Жинақтарда  ақынның 

бiрнеше  өлеңдерiнен  үзiндiлер  берiлген.  Қожаберген  жыраудың  өмiрi  мен 

қоғамдық  қызметi  туралы  деректер  және  оның  «Елiм-ай»  әнiн,  «Елiм-ай» 

күйiн, «Елiм-ай» тарихи жырын шығарғандығы туралы республикалық газет-

журналдарда,  облыстық,  аудандық  газеттерде  бiрталай  зерттеу  мақалалары 

жарияланды.  

Қожаберген  бабаның  «Ту  ұстайтын  болмасам,  Ұрандап  жауға  тимейін, 

Майданда  жауды  жеңбесем,  Қызық  дәурен  сүрмейін»,  –  деуінің  өзі  оның 

бірінші кезекте ел үшін жанын пида ететін батырлық сипатын көрсетеді. Жүз 

жасаған  бабамыз  өмір  сүрген  XVIII  ғасырдың  басынан  қазақ  жеріне  жан-

жағынан  көз  алартып,  қыспаққа  алған  қиын  кезең  басталды.  «Қос  бүйірден 

екіге  бөлінген  Жоңғар  қалмақ  Ресейдің,  одан  қалды  Қытайдың  айдауымен 

қазақ  даласына  1607-1750  жылдар  арасында  үздіксіз  ойран  салды»,  –  деп 

жазады  белгілі  ғалым,  Ұлттық  Ғылым  академиясының  академигі,  марқұм 

Манаш Қозыбаев «Тарих зердесі» атты еңбегінде. Қожаберген жырау тап осы 

кезеңді:Торғауыт, жоңғар, ойрат бәрі қалмақ, Орыстар мен қытайлар қойған 

жалдап, – деп, «Елім-ай» жырына қосса, тағы бір жерінде:  



 

Жолығып көп мылтықты дүлей күшке,  

Айналды жақсы тұрмыс көрген түске.  

Ресей, Қытай, Қалмақ ақылдасып,  

Алмақшы  қазақ  жерін  бөліп  үшке,  –  дейді.  Ол:  «Шабуылы  жау 

қалмақтың күшті екен, Кетпеңдер жаудан қорқып тарап бәрің», – деп жұртты 

бірлікке  шақырса,  «Кеудеңде  шыбын  жаның  болса  егер,  Жоғалтпа  жер 

бетінен қазақ атын», – деп намысқа шақыра білген.  

Ол  тек  «Елім-ай»  дастанында  ғана  бүкіл  дәуірді  суреттейді.  Жоңғар 

империясының дәуірлеп күшею себептерін ашады.  



«Көрші екі ел көмек бермей түпке жетті,  

Қалмаққа  мылтық  сатып,  күшті  етті»,  –  дейді.  Сырттан  келген 

жаудың  орыстар  мен  қытайларға  арқа  сүйегенін  баяндай  отырып,  бұл  екі 

көршінің  қазақ  сарбаздарына  қарсы  соғыспағанын,  олар  үшін  бұл  істі 

халхилар атқарғанын да жыр жолдарында анық баяндайды.  

Әз  Тәуке  қанша  достық  ықылас  танытқанымен,  қос  империяның 

қазақтарға бүйрегі бұрылмағандығын, жоңғарлар қорғасын оқ боратқан кезде 

оларға  қарсы  найза  ұстап,  садақ  асып  шыққандықтарын  айтады.  Жыраудың 

«Елім-ай» тарихи эпопеялық дастанында елін ерлікке үндеген қайсар жанның 

хас  батырға  айналуына  сол  тұстағы  саяси  ахуал,  жоңғар  шапқыншылығы 

кезіндегі жау күшінің басымдығы, қос бүйірден қысқан екі алып империяның 

қысастығы, ата қоныстың бірінен соң бірінің жау қолында қалуы, есіл ердің 

намысын  қайрап,  соңынан  ерген  қалың  қолды  жеңіске  шақыруына,  қол 

бастап, елін азат етуіне себеп болғанын аңғарасыз. 

Бұл бір ғасырлық тарихты саралап, ұлттың сан ғасырлық салт-санасын, 

мемлекет  билеу  жүйесін  бағалап,  жүздеген  мемлекет,  әскери,  саяси 

қайраткерлерін жеке-жеке даралап, дүбірлеген оқиғалар болған жерді аралап 

жазылған  ұлы  эпопеялық  туынды.  «Елім-ай»  шын  мәнінде  ұлттық  сананың 

биік  шыңы,  ұлттың  сергелдеңге  душар  болғандағы  мұңы,  болашаққа  құлаш 

сілтеп, қайсар намысшыл қазақтың ұлт болмысын жаңғыртуға ұмтылысының 

шаншыла атқан қайнар жыры да сыры.  

«Елім-ай» ұлтымыздың Иллиада мен Одиссеясындай эпикалық өміршең 

трагедиясы» деген екен. Халқымыздың ұлтжанды да қаһарман ұлы Бауыржан 

Момышұлының,  көрнекті  ғылым  қайраткері  Ермұхан  Бекмахановтың  және 

академик  ғалым  Манаш  Қозыбаевтың  дастанға  берген  бағалары  «Елім-ай» 

дастанының  қазақ  халқының  тарихында  алар  орнын,  өскелең  ұрпақ  үшін 

таптырмас құнды дерек екендігін айқындап беріп отыр, өйткені дастанның әр 

шумағы  жас  буын  өкілдерін  отаншылдыққа,  ұлтжандылыққа,  әділдікке, 

бауырмалдыққа,  адалдыққа,  достыққа  насихаттайды.  «Елім-ай»  әдеби 

тұрғыдан  алғанда  да  теңдесі  жоқ  туынды.  Онда  тек  халық  мұңы  ғана  емес, 

оның  сыры,  рухы  бар.  Автор  егіліп  те,  төгіліп  те  жырлайды,  бірде  тарихи 

тереңдікке  бойласа,  бірде  бүгінгіге  қайғырып,  болашақты  ойлайды, 

философиялық пайымдармен орағыта толғайды.  

Ендеше  Қожаберген  бабамызды  қол  бастаған  батырдан  өтіп,  ғасырлар 

қойнауына мұра етіп алып келе жатқан «Елім-айдай» асылымыздың авторын 

–  Дауылпаз  жырау  деп  атау  орынды»,  –  дейді  академик  Манаш  Қозыбаев. 

Осынау  құнды  «Елім-ай»  тарихи  дастанының  және  оның  авторы  Дауылпаз 

баба  Қожабергеннің  есімінің  осы  күнге  дейін  аталмай  келуінің  бірнеше 


себебі  бар.  Оларды  Манаш  Қозыбаев:  «біріншіден,  Қожаберген  баба  орыс 

империясына  ашық  қарсы  шықты,  оның  «Елім-айы»  да  империяға  қарсы 

туынды.  Дастанда  ол  көрші  мемлекеттердің  қалмақтарға  қару  сатқанын, 

жауды қолдағанын ашық айтты.  

Екінші  себеп,  жырау  баба  «Елім-айда»  қазақ  хандарының  төре 

тұқымынан сайлануына қарсылығын білдірді.  

Үшіншіден,  түрікпен,  Қоқан,  Хиуа,  Бұқардың  қазақ  еліне  деген 

қастандық саясатын, өзбек пен тәжіктің жаттығын әшкереледі. Төртіншіден, 

Әз  Тәуке  ханнан  кейінгі  тұста  қазақ  хандығында  орын  алған  бақталастық, 

берекесіздіктің бет пердесін ашады», – деп бірнеше кезеңге бөліп көрсетеді. 

Біздің  небір  өжет,  батыр,  дана  бабаларымыз  қол  жеткізе  алмай  ғасырлар 

бойы  аңсап  кеткен  тәуелсіздігімізді  паш  еткен  шағымызда  тарихтың  тарлан 

бозы  Манаш  Қозыбаевтың  Қожаберген  жырауды  «Дауылпаз  жырау»  деп 

атауына ешкімнің де қарсылығы жоқ.  

Өйткені  шындықты  айтып  шырылдап,  шыңырауда  қалған  Қожаберген 

бабаның  ел  тарихындағы  алар  орны  мен  тәуелсіздікті  қан  майданда  қарсы 

тұрып қорғаған ерлігін және ел тарихын баян еткен «Елім-ай» жырын туған 

халқына  паш  етіп,  әйгілеп,  әспеттеп,  өз  тұғырына  қондырар  уақыт  жетті. 

Қожаберген бабамыздың қаны бір халқымен қауышар сәті туды. Ендеше, сол 

тарихи  дәлелденген  тұлғаның  қоғамдағы  орнын  дәлелдей  отырып, 

бабамыздың  есімінің  ел  есінде  мәңгілік  қалуы  әрбір  саналы  азаматтың 

азаматтық  келбетіне  сын.  Байтақ  қазақ  жері  –  Отанымыз,  мемлекеттік 

дәстүріміз,  салт-санамыз,  сайын  даланың  сақшысы,  жерінің  құтын, 

тәуелсіздігін  қорғаған  қайраткерлер,  дамыған  әдебиетіміз,  құлашын  әлемге 

сермеген  мәдениетіміз,  тіліміз,  дініміз  –  осының  бәрі  халық  мұрасы,  ата-

бабамыздан бүгінгі күнге жеткен мұра. Ендеше, Қожаберген Толыбайұлының 

«Елім-ай» дастаны да ғасырлар қойнауынан жеткен асыл мұра. Ол жайлы: 

Ұрпаққа өзім өлсем атым қалсын, Жырыма барша жұртым құлақ салсын. 

«Бабамның  Қожаберген  дастаны»  деп,  Ұмытпай  кейінгі  жас  есіне  алсын!  – 

деп Қожаберген жырау өзі өсиет етіп кеткен. 

Қожаберген  батырлардың  батыры,  қолбасшы,  Әз  Тәукедей  дананың  оң 

қолы, қиын замандағы ел қорғаны, өз заманының білімді адамы. Сондықтан 

Әз  Тәуке  хан  Қожаберген  баһадүрді  елшілік  жүргізу  ісіне  де  пайдаланған. 

Демек,  ол  дипломат,  замана  саясаткері.  «Қасым  ханның  қасқа  жолы,  Есім 

ханның ескі жолы» сияқты тарихи конституциялық пәрмені бар құжаттардың 

орнына  Тәуке  хан  тұсында  ұлтымыздың  мемлекеттік  әдет-ғұрып,  салт-

дәстүр, тәлім-тәрбие заңы «Жеті жарғы» дүниеге келді.  

«Жеті  Жарғы»  –  елдің  елдігін,  халықтың  бірлігін  сақтап, азаттығы  мен 

тәуелсіздігі  үшін  жанкешті  күреске  үндейтін,  арды  шыңдап,  намысты 

қайрайтын, Адалдық пен Әділетке бастайтын Дала Конституциясы еді» – деп 

баға берген академик Салық Зиманов бас редакторлық еткен «Қазақтың Ата 

заңдары»  көп  томдық  жинағында.  Оны  Төле  би,  Қаз  дауысты  Қазыбек  би, 

Әйтеке би, Әз Тәукенің бас биі Майлы би секілді ел билеудің, билік айтудың 

даңғыл  жолынан  өткен,  сайын  сахараның  сол  замандағы  тұрмыс-тіршілігін, 

қоғамдық  әлеуметтік  жағдайын  жетік  білетін,  сұңғыла,  білімдар  билер 


жазған.  Солардың  құрамында  Әз  Тәукенің  тапсырмасын  орындап,  «Жеті 

Жарғыны»  ақ  былғарыға  жазып,  ханға  табыс  еткен  Қожаберген  бабамыз  да 

бар.  

Бұл  жайлы  Қожаберген  жыраудың  «Жеті  Жарғы»  өлеңіндегі  мына 



жолдар дәлел бола алады:  

«Ақ былғарыға түсіріп, Мұқияттап хаттадым.  

Әз  Тәукеге  қызмет  қып,  жаздым  «Жеті  Жарғыны»  –  десе,  тағы  бір 

шумағында:  



«Жеті Жарғы» заң жазып,  

Билер мен ханды қуанттым.  

әлім беріп баршаға,  

Көңілін жұрттың жұбаттым, – дейді. Көтеш ақын Райұлының «Жиен 

жырау» дастанында:  



Ақылдасып үш бимен,  

«Жеті Жарғыны» жазған ер.  

«Кім» десеңіз ол бекті:  

Қожаберген  кемеңгер»,  –  деп  жазуы  Қожаберген  жыраудың  «Жеті 

Жарғыны» жазуға тікелей атсалысқанын растай түседі. Қазақ халқы ежелден 

«тектілікке» зор мән беріп, құдандалы болғанда да, бір-бірімен танысқанда да 

алдымен шыққан жерін, тегін сұрағаны баршамызға мәлім. Бұл тегін де емес, 

өйткені «тектілік» ұрпақтан-ұрпаққа қан арқылы берілетін асыл қасиет. Арғы 

тегін біле отырып, ол адамның өзіне баға берілген.  

Бұған  данышпан  Абай  Құнанбаевтың  «Сыйласарлық  тектінің,  Кім 

танымас  нұсқасын»,  –  деген  сөзі  де  дәлел.  Қожаберген  жыраудың  жеті 

атасынан  бері  жіліктеп  шағар  болсақ,  сол  жеті  атаның  ғажайып  тарихының 

өзі бір көшке жүк болатыны анық. Осы ұлы әулеттен тараған өзі батыр, өзі 

сал Дәстем, Шақшақ би, Жанақ ақын, Жанкісі жырау, Салқара, Бахрам, Сегіз 

серілердің әрқайсысы алып тұлғалар.  

Әкесі  Толыбай  өз  тұсында  қазақ  хандығындағы  аса  ірі  мемлекет 

қайраткерлерінің  бірі  болуымен  қатар,  адамды,  жан-жануар  да,  қару-жарақ 

тағы басқаларды да сынай білгендіктен «сыншы» деген қадірменді атақ алған 

кісі.  «Әке  көрген  оқ  жонар»  дегендей,  осындай  қасиетті  әулеттен  тараған 

Қожаберген  жырау  да  асылдың  сынығы,  тұлпардың  тұяғы.  Жастайынан  әке 

тәрбиесін алып, ақын, әнші, күйші, балгер-емші, сынықшы, ұсталық сияқты 

қасиеттерді бойына дарытқан сегіз қырлы, бір сырлы болған жан.  

Ендеше  Қожаберген  бабамыздай  бекзаттың  шыққан  жерінің  тектілігіне 

кім  шек  келтіре  алады?!  Сол  әруақты  бабаның  туғанына  биыл  350  жыл 

толады.  

Тұмшаланып  қалған  ұлттық  санамыздың  бодандықтың  бұғауынан 

босағалы  ғана  енді-енді  серпіле  бастағаны  жасырын  емес.  Жан-дүниемізді 

бойкүйездік  пен  енжарлықтан,  ой-санамызды  салғырттықтан  толық  тазарту 

үшін  тарихи  жадымызды  жаңғыртқанымыз  жөн.  Сонда  ғана  ұлттық  сана 

қалыптасып, соның негізінде ұлттық намыс пайда болмақ.  

Сөзімізді  қорыта  келгенде  айтпағымыз,  халқымыздың  қасиетті,  киелі 

ұғымының  бірі  –  мұра.  Ал  мұра  дегеніміз  не?  Бұл  –  халық  ғасырлар  бойы 


қасиетті деп санаған тарихи ескерткіштерін, кіндік қаны тамған киелі жерін 

қорғап,  сақтауды  келесі  ұрпаққа  аманат  етіп  қалдыру.  Ары  таза,  Отан  деп 

шырылдап, жанын шүберекке түйген халық перзенттері – халық мұрасының 

асылы, ұлт мақтанышы. Ел тарихын зерделеп, төрт құбыламызды түгендеуге 

ұмтылған  шақта Дауылпаз  жырау  –  Қожаберген  есімін  айналып өту  мүмкін 

емес.  Тарихта  аттары  қалған  бұл  батыр  бабаларымыздың  есімін  ұлықтап, 

олардың  аруағына  тағзым  ету  еркіндік  алған  елдің  бүгінгі  ұрпақтарының 

қасиетті парызы. 

 

Ұларбек Дәлейұлы,  

Қазақстан Республикасы  



Ұлттық мұрағатының қызметкері 

 


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет