Әож 98: 801. Бисенбаев П



бет4/5
Дата10.05.2022
өлшемі34,88 Kb.
#33889
1   2   3   4   5
Ключевые слова: вариант, мотив, традиция, эпос, сюжет, жанр, наследие, дастан, фольклор,образ.

«Таhир-Зухра» дастанында халық әдебиеті мен жазба ескерткіштердің белгі-нышандары қатар көрініс табады. Бұл шығарма Орта Азия өңіріндегі түркі халықтарының қай-қайсысына да жақсы таныс. В.В.Радлов «Таhир-Зухра» дастанының Қырым татарлары мен Сібір татарларына кең тараған нұсқаларын хатқа түсірген. Аталмыш туындының Таяу Шығысқа орныққан түркі жұртына мәлім қолжазба үлгілері де мол көрінеді. Өзбек халқының фольклорында «Таhир-Зухраның» дастандық, ертегілік нұсқалары қатар ұшырасады. Жыр сюжетіне негізделген музыкалық драма Өзбек театрларында сахналанған болса, түрікмен ағайындар осы оқиғаны өзек еткен көркем фильм түсіріпті. Өзбек ғалымдары «Таhир-Зухраның» XVI ғасырда көшірілген нұсқасы бар екенін айтады. Ол шығарманы алғашқылардың бірі болып Сағди деген ақын жырлапты. Сонымен көнеден келе жатқан бұл дастанның барлық түркі жұртында кездесуі заңды құбылыс болып көрінеді.

Ғашықтық дастандардың оқиғасы көбіне перзентке зарығу мотивінен басталады. «Таhир-Зухра» дастанында да осылай. В.Жирмунский осы мәселе турасында былай деп жазады: «Шығыс халықтары эпосы мен ертегілерінде мынадай сюжеттік формула кең өріс алған... Кейіпкер баласы жоқ кәрі кісілерден туады. Бұл формула әртүрлі варианттарда: өзбектің «Алпамыш» поэмасында, «Едігенің» кейбір нұсқаларында, қазақтың «Қобыланды», «Шора батыр», «Ер Сайын» атты батырлық жырларында, қырғыздың «Манасында», «Таhир мен Зухра» эпикалық новелласында және басқа да көптеген жырларында кездеседі».[1,13]

Осы мотив түркі тілдес халықтардың эпикалық жырларында да кең тараған. Мәселен, Сібірдегі алтайлықтар, шорос және хакас, тағы да басқа халықтардың батырлық ертегілерінде әдеттегіше батыр жетпіске келген, кейде жүзге келген баласы жоқ шал мен кемпірдің ұлы болып шығады.

Орта Азия фольклорында кейіпкердің ғайыптан туу мотивінің ертегілік-мифтік құрамы алтай, моңғол фольклорына қарағанда әлдеқайда төмен. Мұнда бұл мотив көбінесе мұсылмандық діни наным-сенімдерге сәйкес құрылады. «Болашақ кейіпкердің ата-анасы мұсылман әлемінде ерекше құрметті, таңғажайып іс жасаушы «қасиетті» Әлишаhмарданның («Алпамыш»), Тоқлас бабаның («Шора батыр»), Омар бабаның («Ер Сайын»), Олав қажының («Шырын мен Шакар» атты өзбек дастаны) зиратына мінәжат етіп, мазарына түнейді». [2,169-170]

«Таhир-Зухра» дастанының Молда Непес нұсқасында да патша мен уәзір айдалада қаңғып жүріп, ескі бейітке келіп түнейді. Сонда ғажап түс көреді. Екеуі де сәби сүймек. Көңілі тасыған патша: «Ей, менің уәзірім! Түсіміз расқа айналып екеуміз де ұлды болсақ, дос болсын, дүниеге қыз келсе, апалы-сіңілідей болсын, бірі ұл, бірі қыз болса, екеуін қосып, құда болайық», - дейді.

Өзбек тіліндегі ертегілік нұсқада патша мен уәзірге ғажап бақ ішінде жолыққан қария екеуіне екі алма ұсынып тұрып: «Мына алмадан дәм татқан әйелдерің ұл да, қыз да табады. Сәбилерді бесігінде атастырып, аттарын Таhир мен Зухра қойыңдар», - дейді. Ақылбек Сабалұлы жырлаған «Таhир-Зухра» дастанының мазмұны да соған жақын. Мұның өзі: «Сүйіспеншілік, әр нәрсенің себебі Құдайдан», - дейтін ортағасыр әдебиетінде айтылатын дидактикалық түйіндерден шыққан. Жырды орындаушы осы сарын арқылы екі ғашықтың бірін-бірі жүре келіп ұнатқандар емес, әу баста Құдайдың құдіретімен ынтық болып туғандар екенін айтпақ болған.

Қазақ жырларында көбінесе болашақ перзенттің атын түске кіріп, аян берген «әулиенің» өзі атап беретін. «Таhир-Зухрадағы» ат қоюшы дәруіш те әлгі әулиелердің бірі секілді елестейді. Қалай болған күнде де балаға ат қою күллі түркі жырларында үлкен мән-маңызы бар рәсім секілденіп беріледі.

Дастанның өзбек тіліндегі нұсқасында айттырып қойған қызының кім екенін білу үшін Таhир анасының ыстық бидай ұстап тұрған қолын сыртынан қыса қояды. Сөйтіп оған бар шындықты айтқызады. Бұл да эпикалық туындыларда қалыптасқан ежелгі тәсіл екені анық. В.С. Миллер, В.М.Жирмунский сияқты ғалымдар осы көрініске ерекше мән бере түсіндіреді. Жалпы алғанда, қаhарманның осындай амал-әрекетке баруын, дәл осы жолмен ақиқатты іздеуін олар эпикалық мұраның көнелік белгілерінің тұрақты қайталанып отыратын түрі деп есептейді. Осы мотив «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Алпамыс», «Ер Төстік», «Дариға қыз», тағы да басқа жырлардың бәріне ортақ. Бұған түркі елдерінің фольклорынан да мол мәліметтер келтіруге болады. Мысалы, Кавказ жырларында анасынан сыр білудің мұндай әдістері жиі ұшырасады: Кабардың Ашамаз әкесін өлтірген адамның есімін білу үшін шешесінің қуырған арпа ұстап тұрған қолын қысады; ал Қарашай Ашмаз анасының ыстық қалша ұстап тұрған қолын қысып, шынын айтқызады. [3,120-129]

Осындағы басты кейіпкердің сандықпен суға ағып кетуі де әлем фольклорында орныққан көне сарындардың біріне жатады. В.М.Жирмунскийдің айтуына қарағанда, бұл мотив Тәураттағы Мұса пайғамбар мен Мысыр патшайымы туралы аңыздардан бастау алады. Бұл мотив үнділік сюжеттердің элементтері айқын көрінетін «Мың бір түн» әңгімелерінде де кездеседі. Мәселен, «Мың бір түн» оқиғасына құрылған «Қыпша қыз бен Қасым» атты қазақ дастанында негізгі қаhарман сандық ішінен шыққан қызға үйленеді. Түбірі «Шаhнама» желісінен тарайтын «Шәкір-Шәкірат» дастанының кейіпкері Шәкірат болса, сандықтан шыққан қыздан інісінің хабарын алып, кейін сол сұлуға қосылады. Осы көне сарын «Таhир-Зухра» дастанының барлық нұсқаларында ұшырасады. Таhирді қызының теңі санамаған патша оны сандыққа салып, суға ағызып жібереді. Сандықты өзен жағасынан тауып алған патша ( Күл патшасы, Үргеніш патшасы, Рум патшасы) қыздары Таhирді үлкен сарайға әкеліп күтеді. Әлгі қыздардың бәрі ерекше жаратылған көрікті жігітке ғашық болады. Оған патшаның да ықыласы ауып, күйеу қылмақ ниетін білдіреді. Бірақ Таhир Зылихадан өзгеге мойын бұрмайды. Араға біраз уақыт салып әрқандай жолмен еліне қайтады. Жыршы адал да асқақ махаббатты жеріне жеткізе суреттеу үшін кейіпкердің ішкі қасиеттерін байқататын осындай ерекше тартысты оқиғалар кіріктіреді.

Таhир Бүйік Каримов жазып алған ертегілік нұсқада ғана өзін өзен жағасынан тауып алатын Рум патшасының қызына үйленеді. Бұл оқиға ертегі мәтінінде былай беріледі: «Патша қызы Хадишаның ажар-көркі Зухрадан кем түспейді. Тіпті ол Зухрадан көріктірек көрінеді. Бірақ Таhир Зухраға берген уәдесін ұмытпайды. Жігіт жас әйелімен сөйлеспейді, төсекке бас қоймай тұрып, араларына өткір кездік тастайды. Тек үйленгендеріне қырық күн толғанда ғана әйеліне жаны ашыған Таhир онымен тілдесетін халге жетеді.» [4,296]Сөз жоқ, ертегіні айтушы адам осы оқиға арқылы Таhирдің сөзге беріктігін, махаббатқа адалдығын дәлелдемекші болады. Әрине, бұл мотивтің шығарма желісіне енуі тегін емес. Мұндағы көріністер туындыны шығарушының Низами, Әмір Хұсырау, Науаи жырлаған “Ләйлі-Мәжнүн” дастанымен жақсы таныс болғанын көрсетеді. Низами нұсқасындағы Ибн-Саламға тұрмысқа шыққан Ләйлінің күйеуіне ешқашан жар болмайтындығын айтып сес көрсететіні, Әмір Хұсраудағы Науфалдың қызы Хадишаға үйленген Мәжнүннің тойы тарқамай тұрып Надж тауына қашып кететіні, Науаидегі Мәжнүннің өзі үйленген қызын неке түні сүйген жігітіне қосатыны туралы эпизодтар әдебиет тарихын зерттеуші мамандарға бұрыннан мәлім.

Бұл сарынның Батыстың романтикалық әдебиетіне де ықпал-әсері болғаны анық. «Тристан мен Изольда» романында сүйгенінен ажырап қалған кейіпкер басқа Изольдаға, досының қарындасына атағы мен ажар-көркіне қызығып үйленеді. Бірақ шын сүйген ғашығына деген махаббаты жас әйеліне жарым деп қарауға мүмкіндік бермейді.

«Таhир мен Зухраның» ертегілік нұсқасында Таhирды ерекше жақсы көретін, соның жолында өзін құрбан етуге даяр Хадишаның жанкешті әрекеттері суреттеледі. Енді мәтінге назар аударайық.

Таhир керуеншілермен келісіп, сүйгенімен бірге өлмек үшін еліне қайтпақ болады. Ол әйелі Хадишамен қоштасады. Бірақ адал жар аттанып кеткен керуен көшінің соңынан жаяу ілеседі. Ол түйелердің соңынан ұзақ жүреді: табанынан таусылып, аяғын басарға шамасы болмаған соң, тізерлеп жылжиды: тізелері тілініп тұралаған тұста қара жерге төсін тіреп, тырмысып еңбектей бастайды. Ақырында күші әбден сарқылады. Оның дауысын естіген Таhир түйеден түсіп, тұңғыш рет әйелінің басын тізесіне алады. Хадиша сол жерде көз жұмады. Оны шөл далаға жерлейді. Керуен қайта-қайта адасып, Хадиша зиратының басына орала береді. Кейін Таhирдің қоштасу әнінен кейін тура жол ашылады.

Айтушы мөлдір махаббатты, таза сезім күшін осылай кестелейді. Нәзік лиризм мен сентиментальдық психологизмді елестететін Хадиша басындағы жағдай романтикалық сипатқа ие. Бұл көрініс басқа нұсқаларда мүлде кездеспейді.

Ғашықтық дастандардың сюжеттік желісінде қатерлі жырақ жолға аттанған кейіпкердің түрлі қиын сынақтардан өтіп, сарыла күткен ғашық жарымен табысатыны туралы тұрақты сарындар жиі ұшырасады.

Сол дәстүр «Таhир-Зухра» дастанының өзбек жұртына кең тараған ертегілік нұсқасында да орын алған. Осындағы алып таудың Таhир салған әннің әсерімен қарс айрылуы, аяқ-асты пайда болған жарықтан түйенің әрең дегенде шауып өтуі, содан кейін бас қаhарманның үш тарам жолдың үстіне келіп, «барса қайтып оралмайтын» ең қысқа жолды таңдауы, бір қалада зынданға қамалған Таhирдің достарының көмегімен босап шығуы, оның көп күн бойы шөл далада ассыз, сусыз адасып жүруі сияқты оқиғалар ғашықтық сезімнің жеңбейтін кедергісі, алмайтын қамалы жоқ деген жетекші идеяға бағынатындығын көрсетеді.

Алайда бұл көрініс дастанның барлық нұсқаларында қайталана бермейді. Ақылбек Сабалұлы жырлаған «Таhир-Зухраның» қазақ тіліндегі нұсқасында басты қаhарман қолдаушы иесі Қызырдың арқасында жол азабын тартпай сүйгеніне еш кедергісіз жетеді.

Дастанның бас қаhарманы қашанда мінсіз кейіпкерлер санатында. Олар асқан сұлу, ақылды, білімді, басы көрге жеткенше махаббатқа адал, тұрақты болады. Көп нұсқаларда Таhирдің ақындық, әншілік өнері көрініс табады.

Жыр желісінде қаhарманнық эпос дәстүрі де байқалады. Ақылбек Сабалұлы жырлаған нұсқада Таhир орасан қайрат иесі болып сипатталады., патша жібереген бес мың әскерге қарсы майдан ашады делінеді. Таhир жалғыз өзі көп әскерге қырғын салып, ақыры қапылыста қолға түседі. Оған патша төңірегіндегі уәзірлер араша сұрайды, Таhирдің жалпы қолға бас болғандай қасиеттері дәріптеледі. Бұл арадан қаhармандық эпос табиғатына тән белгі-нышандар байқалады. Таhир батыр жау қылышынан өлмейді, жаратқаннан жанын алуын өтініп, екі қолымен бетін сипағанда кеудесінен жаны шығып кетеді.

«Таhир-Зухра» оқиғасының өзбек тіліндегі ертегілік үлгісі ерекше көңіл бөлерліктей. Мұның оқиғалық өрілімі де, қаhармандардың сипаттамасы да қазақтың «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырына жақын. Ондағы кейіпкерлер аттарында да ұқсастықтар байқалады. Бұл жайттар В.М.Жирмунский А.Қыраубаева зерттеулерінде ертеден айтылып келеді. Мәселен, екі жыр бір сюжеттің нұсқалары ретінде қаралуға тиіс деп білетін Жирмунский қос шығарманың мәтіндерін салыстыра отырып, былай деп жазады: «На чужбине Карабай обручил свою дочь Баян Сулу со своим слугой, богатырем Кодар-кулом, спасшим его стада во время перекочевки. Кодар-кул играет по отношению к любящим ту же роль, как Кара батыр в «Таhир-Зухра». Козы Корпеш проникает к своей возлюбленной, переодетый поршивым постухом, и проводит с ней ночь. Наутро, опять как в «Таhире», это становится известным Кодару, который вероломно убивает юношу в (Сибирской версии его убивают отец и брат как мстители за поруганную семейную честь); в «Таhире» патриархальная месть заменяется, в соответствии с феодальным оформлением сюжета, публичной казнью по повелению шаха. Баян в свою очередь закаливает ненавистного жениха.»[4,298]

Екі шығармада одан басқа да көріністер бір-бірін қайталайды. Мәселен, Баянның соңынан ерген құрбылары шашырап түскен інжу-маржанды теріп жүргенде, қыз сүйіктісінің зиратына барып өзіне-өзі қол жұмсайды. Сөйтіп сол жерде қаза табады. Шығарманың аяқталуы да «Таhир-Зухра» оқиғасына жақын, Қодар қос ғашықтың жанына жерленеді. Олардың зиратының басынан екі қызыл гүл өсіп шығады. Бірақ Қодардың бейітінен бой көтерген қара тікен екеуінің арасын бөліп тұрады.

«Таhир-Зухра» дастанының соңы да осылай бітеді. Өзбек тіліндегі ертегілік нұсқада ғашықтардың ортасына жерленген Қарабатырдың моласына қара жантақ өсіп шығады.

Радлов хатқа түсірген сібірлік татарлар нұсқасында ғашықтар өзеннің екі жағалауына жерленеді. Қырық күн өткен соң Құдайдың қалауымен Таhирдің зиратының басынан бір терек, Зухраның зиратының басынан бір терек жайқалып өсіп шығады. Биік ағаштар біріне-бірі қол созып, Құдайдың қалауымен өзен үстінде табысқандай болады. Теректің бұтақтарына Ләйлек құс пен Бұлбұл ұя салады, соның ішінде Таhир мен Зухра жұптары жазылмаған күйі серуендеп жүреді. Ал Қарахан зиратының үстінде қарға біткен қарқылдап, жамандық шақырып тұрады.

Бейіт басына өсіп шыққан гүл мен ағаш туралы мотив әлем халықтарының фольклорына кең тараған сарындар қатарына жатады. Мұның Батыстағы үлгісі – «Тристан мен Изольда» оқиғасынан табылса, Шығыстағы көрінісі – «Ләйлі-Мәжнүн» дастанында кездеседі. Веселовский оған халық ұғымындағы анимизм дәуірінің сарқыншағы деп қарады. Бүгінгі халық мұрасын зерттеуші ғалымдар мұндай көне ұғым түсінікке махаббаттың мұқалмас күші туралы айтылған поэтикалық символ ретінде қарайды.

Бұл көрініс жайында белгілі фольклорист-ғалым Х.Короглы былай деп жазады: «Этот миф символизировал ежегодное увядание и воскресение флоры: впоследствии он оформился в высокоразвитый сюжет с соответствующими художественноэстетическими критериями. Именно аналогичный миф стал сжетообразующим мотивом таких всемирно-популярных народных повестей, как фригийская повесть «Кибела и Аттис», ставшая известной в Греции и Риме: “Иштар и Таммуз,” восходящая к шумерской повести «Думузи», финикийская повесть «Адонис», дошедшая до нас в греческом изложении; египетская «Изиз и Озирис» и многие другие». [5,145]



Өліп қайта тірілген жасыл желек жайындағы ұғым-түсініктер Шығыс елдерінде беріге дейін сақталып келеді. Оларда қыс айын көктем шыға өлетін кәрі кемпір бейнесінде сипаттайтын миф те сақталған. Абай өлеңіндегі «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды...», «Кәрі құдаң қыс келіп әлек салды» болып келетін қыс бейнесі қазақ фольклорындағы осындай мифтерден бастау алса керек. Жалпы, жаңа кейіпке көшкен табиғат құрметіне, түн мен күннің теңелуіне орай тойланатын Наурыз мерекесінде де ежелгі наным-сенімнің ізі жатқаны анық.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет