Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Қазақ жастары
баспасөзінде жарық көрген материалдарға Отандық тарих тұрғысынан талдау
жасай отырып, көрсетілген кезеңдерге, Кеңес дәуірінде қоғам өмірінен терең
орын алған қатаң тоталитарлық жүйе ырқына бағындырылған идеологияның
қазақ жастары баспасөзінің қалыптасуы мен дамуына тигізген ықпалын ашып
көрсету жұмыстың басты мақсаты болып саналады. Осы мақсатқа орай алға
мына міндеттер қойылды:
18
- 1900-1940 жж. қазақ жастары баспасөзі тарихының зерттелу барысында
тарихнамалық тұрғыда талдау жасау;
- ХХ ғасыр басында шыққан «Серке», «Қазақстан», «Айқап», «Қазақ»
және өзге де ұлттық басылымдарда көтерілген жастар мәселесінің қоғамдық
маңыздылығы мен мәнін ашып зерделеу;
- Қазақ жастарының ұйымдары мен олардың алғашқы басылымдары
«Балапан», «Садақ» сияқты қолжазбалық журналдардың шығу тарихы мен
оларда көтерілген мәселелердің ауқымын ашып көрсету;
- 1900 -1917 жж. аралығындағы жастар мерзімді баспасөзінің даму
тарихын
зерделей
отырып,
алғашқы
ұйымдастыру
жұмыстарының
қиыншылықтары мен ерекшеліктерін анықтау, осы бағытта қызмет еткен ұлт
зиялыларының еңбегін бағалау;
- 1920-1940 жылдардағы кеңестік жастар баспасөзінің шығу тарихы мен
қызметін саралай отырып, партия мен үкімет тарапынан қабылданған іс-
шаралардың жүргізілу барысынжіктеп, талдау;
- Кеңестік жастар баспасөзінің әр басылымдарының ерекшеліктеріне
тоқталып, қоғамдық-саяси оқиғаларға байланысты көзқарастарды салыстыру;
- Ауқымды саяси және экономикалық-әлеуметтік реформаларға сәйкес
1920-1940
жж. аралығындағы жастар басылымдарында жарияланған
мақалаларды тарихтық бағыттары бойынша топқа бөлу;
-
Ұлттық жастар баспасөзінде көтерілген Қазақстанның саяси,
экономикалық жағдайы мен мәдениет мәселелерінің Отан тарихы үшін
маңыздылығын саралап көрсету.
Аталған міндеттерді жүзеге асыру барысында «Серкеден» бастап, «Жас
қайрат», «Жастар дауысы», «Бостандық туы», «Жеткіншек», «Өртең», «Жас
алаш», «Лениншіл жас», «Екпінді жас», «Балапан», «Садақ», «Қазақстан
пионері», «Октябрь балалары» басылымдарында жарияланған материалдар
мен топтамалар жан-жақты зерделенді.
Зерттеу жұмысының негізгі нысаны – Қазақ ұлттық жастар баспасөзі
тарихы. Осыған сәйкес ХХ ғасырдың бас кезінде қалыптасып, қазақ
қоғамының айнасына айналған баспасөздің ұлттық тәуелсіздік жолындағы
күрестің, қоғамдық саяси өмірдің, әлеуметтік жағдай мен рухани дамудың
қозғаушы күші болуымен қатар, сол жүріп өткен тарихи сүрлеудің жанды
куәсы болғандығын алғашқы жастар баспасөзі беттерінде жарияланған
материалдар мен мақалалар арқылы ұлт жастарының қоғам дамуында алар
орнын анықтау болып табылады.
Зерттеу пәні. 1900-1940 жж. Қазақстандағы жастар басылымдарының
тарихын жан-жақты зерделеп, оған объективті тұрғыдан баға беру, көпшілікке
беймәлім деректерді ғылыми айналымға енгізу.
Тақырыптың хронологиялық шеңбері. Диссертацияның қаралып
отырған тақырыбына сәйкес оның қамтылу аймағы мен уақыты нақты
белгіленді. ХХ ғасырдың басы 1940 жылдар аралығы - қазақ жастары
баспасөзінің қалыптасуының алғышарттары, оның негізгі атқарған міндеттері
мен онда көтерілген мәселелердің өзектілігіне қарай қарастырылады.
19
Зерттеу жұмысының деректік негізі. Зерттеліп отырған тақырыптың
деректемелік негізі оның мақсаты мен міндеттеріне сәйкес мұрағаттық
құжаттар, басылымдарда жарияланған түрлі материалдар, кеңес үкіметі мен
партияның шешімдері мен қаулы-қарарлары, құжаттар мен материалдар
жинақтарынан
және
мерзімді
басылымдарына
қатысты
баспасөз
қызметкерлерінің жарияланған жинақтары мен мемуарлық еңбектерінен
тұрады.
Жұмысты орындау барысында негізінен мынандай мұрағат қорлары
ғылыми айналымға енгізілді: Қазақстан Республикасы Президенттік
мұрағатының (ҚР ПМ) 880-қорының 1-тізбесінде ҚазАКСР-ның Халық ағарту
комиссариаты жанындағы баспасөз бөлімінің 1900-1940 жж. арасындағы
жинақтаған мәліметтері, РК (б)П Қырғыз өлкелік партия комитетінің
139-қор,
БК(б)П Қазақ өлкелік партия комитетінің деректері 141-қор, 142-қор, 160-қор;
Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының 81- қоры 1-
тізбесіндегі ҚАКСР-і қайраткерлерінің жеке парақтары, мәжіліс хаттамалары
мен қаулы-қарарлары, Қазмембаспаның жұмыс жоспары, журналдардың
көшірмесі,
анкеталар,
мерзімді
басылымдардың,
коллегиясының
циркулярлары, 1873-қор, 5-қор; Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік
мұрағатының 1634- қор 1-тізбесі. «Бостандық туы» газеті редакциясының
құжаттары.
Деректердің басым бөлігін 1900-1940 жж. Қазақ өлкесі баспасөзіндегі
жастар мәселесіне қатысты жарық көрген хабарламалар, ғылыми-танымдық,
публицистикалық материалдар құрайды.
Сонымен қатар 1900 -1917 жж. аралығында шығып тұрған қазақ тіліндегі
мерзімді баспасөз материалдары, «Садақ», «Балапан» және «Жас азамат»
басылымдарының, 20-жылдың басынан 30-жылдың аяғына дейін шыққан
жастардың «Лениншіл жас», «Жас қайрат», «Өртең», «Пионер» және т.б.
басылымдардың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді
көтерген материалдары да дерек ретінде қолданысқа енгізілді. Жастар
баспасөзі мәселелерін талқылауда А. Байтұрсынов, М. Дулатов, С. Сәдуақасов,
Т. Рысқұлов және т.б. ұлт зиялыларының мақалалары мен еңбектері
пайдаланылды.
Диссертацияның ғылыми жаңалығы. Отандық тарих ғылымында алғаш
рет қазақ жастары баспасөзінің тарихы қазіргі тарих ғылымына қойылатын
талаптарға сай және объективті тұрғыда жан-жақты талданды. Зерттеудің
мынандай ғылыми жаңалықтарын көрсетуге болады:
- Алғаш рет 1900-1940 жж. жастар баспасөзінің тарихы мұрағат, баспасөз
материалдары және ғылыми әдебиеттермен тарихнамалық тұрғыда жан-
жақты зерделенді;
- ХХ ғасыр басында шыққан ұлттық басылымдарда көтерілген жастар
мәселесінің қоғамдық маңыздылығы алғаш рет кең ауқымды, тарихи тұрғыда
сараланды;
- ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығында құрылған жастар ұйымының
«Балапан», «Садақ» сияқты қолжазба басылымдарының шығу тарихы мен
көтерілген мәселелері айқындалып, оның маңыздылығына тиісті баға берілді;
20
-
қазақ жастары баспасөзінің пайда болуының алғышарттары анықталып,
оның
атқарған
басты
міндеттері
көрсетілді.
Жастар
баспасөзін
қалыптастырудағы ұлт зиялыларының еңбегі нақтылы зерттелінді;
- ХХ ғасырдың 20-40 - жылдарындағы кеңестік жастар баспасөзінің шығу
тарихы мен қызметіне партия мен үкіметтің қаулы-қарарлары арқылы талдау
жасалынды;
- ұлттық жастар баспасөзінің даму барысы мен әр басылымның
ерекшеліктері қарстырылып, жастар баспасөзін көтерудегі көзқарастарға баға
берілді;
- жастар басылымдарында жарияланған Қазақстанның саяси және
экономикалық-әлеуметтік жағдайына қатысты материалдар сұрыптап алынып,
ғылыми айналымға енгізілді;
-
ұлттық жастар баспасөзінде көтерілген Қазақстанның саяси-
экономикалық жағдайы мен мәдени құрылыс мәселелерінің Отан тарихы үшін
маңыздылығы сараланып көрсетілді.
- тұңғыш рет Қазақстан жастарының мерзімді басылымдарындағы
еліміздің қоғамдық–саяси ахуалы мен шаруашылықты жетілдіру, мәдени
құрылыс пен әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты материалдары
кешенді түрде зерделеніп, Қазақстан тарихы үшін маңыздылығы анықталды
және ғылыми айналымға енгізілді.
Зерттеу жұмысының методологиялық негізі мен зерттеу әдістері
ретінде қазақ жастары баспасөзі тарихының, онда көтерілген кейбір мәселелер
әр қырынан қарастырылып, терең зерттелінді, тың тұжырымдармен
толықтырылды. Бүгінгі таңдағы отандық тарих ғылымында қалыптаса
бастаған жаңа-тұжырымдар мен зерттеу әдістері басшылыққа алынды.
Диссертациялық зерттеу мұрағаттық деректер, баспасөз материалдары,
ғылыми, ғылыми-танымдық әдебиеттерді талдау, сараптау, салыстыру және
жүйелеу әдістерін қолдана отырып, қалыптасқан методологиялық жүйелілік,
объективтілік пен тарихилық қағидаларына негізделді.
Тақырыпты зерттеуге еліміздің жетекші тарихшы-ғалымдарының ой -
пікірлері мен олардың жаңа тарихи көзқарасы тұрғысынан жазылған еңбектері,
диссертациялық зерттеулері методологиялық негіз ретінде алынды.
Зерттеу жұмысының қорғауға ұсынылатын тұжырымдары.
- ХХ ғасыр басынан 40-ж. аралығына дейінгі аралықтағы қазақ жастары
баспасөзінің қалыптасуы мен даму барысы қоғамдық-саяси сананың оянуына
ықпал етті;
- «Серке», «Қазақстан», «Айқап», «Қазақ» және тағы басқа ұлттық
басылымдарда көтерілген жастар мәселесі жан-жақты айқындалып, олардың
тарихи құндылығы нақтыланды;
- «Балапан», «Садақ» қолжазбалық журналдардың шығу тарихы мен бұл
журналдарды шығарудағы қазақ жастарының үлесі айқындалды;
- 1917-1920 жж. аралығындағы жастар мерзімді баспасөзінің даму
тарихын
зерделей
отырып,
алғашқы
ұйымдастыру
жұмыстарының
қиыншылықтары мен ерекшеліктерін саралау барысында ұлт зиялыларының
еңбегі бағаланды;
21
- 1920-1940 жылдардағы Қазақстан жастары баспасөзінің қалыптасуына
қатысты БК(б)П мен кеңес үкіметі қаулылары мен шешімдерінің кеңестік
идеологияны насихаттаудағы мәнісі және жастар баспасөзін дамытудағы іс-
шаралар мен басылымдардың басты ерекшеліктерін айқындап, оларға өзіндік
баға берілді;
- 1920-1940 жж. аралығындағы жастар басылымдарында жарияланған
мақалалардың бағыттары нақтыланып, Отан тарихы үшін тарихи
маңыздылығы анықталып, мұрағат құжаттары мен ғылыми еңбектер
салыстырыла талданды;
- 1900-1940 жж. елдегі саяси оқиғалар мен экономикалық реформалардың
жүргізілу барысы және мәдени құрылысты өркендету ісі баспасөз
материалдары мен мұрағат және ғылыми зерттеулер негізінде жаңа қырынан
дәйектелінді.
Зерттеу жұмысының ғылыми-практикалық және қолданбалық
маңызы. Ұсынылып отырылған диссертация – ХХ ғ. басынан 40 - жылдарға
дейінгі Қазақстанда алғашқы баспасөздің қалыптасуы мен ондағы жастар
проблемасы арнайы зерттеу ретінде, оның теориялық және методологиялық
негізін жасауға мүмкіндік беретін жалпы ғылыми еңбек. Зерттеу барысында
келтірілген мәліметтер мен жасалған тұжырымдар Қазақстан тарихын терең
меңгеруге, жан-жақты білуге ұмтылатын көпшілік оқырман қауымның да
өткенімізді жаңаша саралауына септігін тигізеді. Диссертациялық еңбекті
Қазақстан тарихын толық танып-білгісі келетіндерге, тарихшы мамандарға,
зерттеушілерге, жоғарғы оқу орындарының студенттері, аспиранттар мен
магистранттарға және тарих факультеттерінде арнайы курс пен семинар
сабақтарын жүргізу ретінде пайдалануға болады.
Диссертациялық зерттеудің нәтижелері қазақ халқының мәдениеті
дамуына тікелей қатысты болғандықтан, жұмыстың қорытындылары мен
жекелеген тұжырымдары мәдени құрылыс тақырыбына жазылған ғылыми
еңбектерде, журналистика тарихы және мәдениеттану курстары бойынша
жоғары оқу орындарының оқулықтары мен дәрістерінде пайдалануға әбден
жарайды.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертация Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институты Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы
бөлімінде орындалды, осы бөлімнің отырыс мәжілісінде талқыланып, қорғауға
ұсынылды. Зерттеудің негізгі мазмұны мен тұжырымдары бойынша 11
мақалада жарияланды. Оның 8-і халықаралық-теориялық, аймақтық
конференцияларда баяндама ретінде ғылыми көпшілік назарына ұсынылды. 3
мақала Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті бекіткен тізімдегі
ғылыми басылымдарда жарияланды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы қысқарған сөздер
түсініктемелерінен, кіріспеден, әрқайсысы екі тақырыптан тұратын үш
тараудан және қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
22
І ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ МЕРЗІМДІ БАСЫЛЫМДАР
ЖӘНЕ ЖАСТАР МӘСЕЛЕСІ
1.1
ХХ ғасыр басы баспасөзіндегі жастар мәселесі
Тәуелсіздікке қол жеткізген екі мыңжылдықтар тоғысындағы қазақ
қоғамының ең басты қол жеткізген үлкен табысы бұл өткенімізді қайта
сараптаудан өткізіп, ұлт тарихының ақтаңдақ беттерін қайта толтыруға
мүмкіндіктің туғандығы десек те болады. Сондықтан да бүгінде
халқымыздың өткені зерделіп, қайсыбір ұлты үшін қызмет еткен ардақты
азаматтардың есімі мен ұлттық асыл мұраларымыз қайтадан жаңғыруда.
Соның бірі ХХ ғасыр басындағы алғашқы қазақ басылымдары, оның ішінде
жастар басылымдары мен оның атқарған қызметін ұлттық руханиятымыздың
бастауы, қайнар көзі ретінде тануға болады.
Ал осы қазақ баспасөзінің қалыптасуы негізінен ХХ ғасыр басындағы
әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдаймен, сондай-ақ қоғамдағы жүріп
жатқан тарихи оқиғалармен тікелей байланысты екендігі ақиқат нәрсе.
Сондықтан да біз жастар басылымы тарихын қоғамның ағысымен
біртұтастықта қарастырамыз.
Ғасырлардан ғасырларға созылған Қазақстанды толық отарлаған
патшалық отарлау саясаты қазақ жерін мемлекет меншігіне айналдырды,
тұрғылықты халық ата-бабалырынан мирас болып келген құтты
қоныстарынан ығыстырылды. Алтайдағы шұрайлы жерлер тікелей патша
әулетінің иелігіне көшті. Жайық, Ертіс, Есіл өзендерінің аңғарларындағы
және Жетісудың тұрғылықты адамдарынан тартып алынған он миллионнан
астам десятина құнарлы жер, олардың азаттық қозғалысын жаншып басу
үшін пайдаланатын патшаның айнымас тірегі қызметін атқаратын – казак
әскерлеріне берілді. Пайдалы қазбалары бар орасан зор көлемдегі жер
орыстың тау–кен өнеркәсіпшілерінің иелігіне өтті.
Орыс мемлекетінің Қазақстандағы аграрлық саясатының реакцияшылық
мәні тағы да бір феодалдық жер рентасын алу жолымен өлкенің жер
байлығын пайдалануында болды. Патшаның феодалдық жер иеленудің
қалдықтарын қолпаштап, қинап отыруға капитализмнің ауыл шаруашылығы
дамуына толығынан қайшы келді, егіншілік пен мал шаруашылығының
тауарлылығына бөгет жасады.
Қазақтар ауыр езгіге қарсы үздіксіз азаттық қозғалыстарына шығып
отырды. ХХ ғасыр Ресей аумағында қоғамдық-саяси өмірдегі аласапыраннан
басталды. 1905 жылғы 9 қаңтарда Петербор қаласында орын алған қанды
жексенбі оқиғалары Ресейде революцияның басталуына себепші болды, онда
өздерінің мұң-мұқтажы айтылған петицияны патшаға тапсырмақ болып келе
жатқан қарусыз бейбіт шерушілерді әскер оқпен аяусыз атқылады.
Империяның ішкі аудандарында әртекті саяси, әлеуметтік, рухани дүмпулер,
қозғалыстар қарқынды болғандықтан, олардың әсері қазақ даласына да тез
тарады. Қала мен селоларда жұмысшылар және қала кедейлері, сондай – ақ
шаруалар патшаның озбырлығына қарсы наразылық көрсетілген үн көтеріп
жатты.
23
1905 жылы ақпанның ортасында бүкіл Орынбор–Ташкент темір жолы
бойында Түркістан, Перовск (Қызылорда), Жосалы, Қазалы, Шалқар
стансаларында жұмысшылар өздерінің ауыр тұрмыс–тіршілік жағдайын
жақсартуды, жұмыс күнін қысқартуды талап еткен ереуілдерге шықты. Осы
жылдары теміржолдың алғашқы қазақ инженері М. Тынышпаев Министрлер
Кеңесінің төрағасына хат жолдады. Жұмысшылардың талаптарын қолдаған
ол, оған қосымша рухани–діни жағынан қазақтарға толық бостандық берілуге
тиіс деп жазды. Ең басты – биліктен мынаны талап етті: «губернаторлар, уезд
бастықтары, бітістіруші судьялар және басқа да өнегелі адамдар
губернаторлар қазақ тілін, әдет–ғұрпы мен салт–дәстүрін жетік білетін
қазақтар мүмкіндігінше өз халқының арасында қызмет істеуі керек. Қорыта
келгенде, - деді ол, - әділеттілік 6 миллион қазақ халқын өз өкілдерінің
жалпы мемлекеттік құрылысқа қатысты мәселелерді шешуге, атап айтқанда,
қазақ халқын басқаруды қайта қарап, қайта құруға байланысты өз пікірін
айтып, соған қатыса алудан мақрұм қалдыруға болмайтынын талап етті» [69,
15–19-б.].
Патшалық Ресей ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында қоғамдық-
саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани даму барысында тарихи
өзгерістер, яғни монополистік, капиталистік даму сатысына өтті. Мұндай
үлкен қоғамдық секіріске сол тұстағы жүргізілген патшалық реформалау
саясаттарының, оның ішінде 1861 жылғы крепостниктік құқықты жою
жөніндегі және кейінгі жылдардағы буржуазиялық реформалардың алатын
орны ерекше. Дегенмен бұл өзгерістер Ресейдегі аграрлық мәселені
түпкілікті шеше алмағандығы белгілі. Қазақстан патшалық Ресей
империясының бөлігі ретінде бұл үрдістен шеткері қалған жоқ. Осындай
әртүрлі саяси реформалардың әсерімен Ресейдің қазақ жеріндегі отарлау
саясаты барынша күшейіп, өлкені өзінің шикізат көзі мен сауда рыногына
айналдырды [70, с. 165].
Патшалық Ресейдің ең бас көздеген мақсаты – қазақ жерін толығымен
өзіне қарату, оның бар байлығын игеру, осы мақсатты жүзеге асыру
барысында олар байырғы тұрғындарды өз жерінен қудалап, оларды шөлейтті
жерлерге ығыстырып, қоныстанушы шаруларды шұрайлы жерлермен
қамтамасыз етті. Жер – кез келген халықтың ата мұрасы, ата қонысы. ХХ
ғасыр басындағы Қазан төңкерісінің алдында Дала өлкесінің тұрғындарының
42 пайызы орыстар болды. Ресейліктер қазақ жеріне ішкерілей еніп,
Астрахань, Орал, Сібір, Жетісу казак әскери шептерін салып, тұрғылықты
халықты жан-жақты қысымға алды. Орынбор өлкесінде қоныстанған 553
мың, Оралдағы 235 мың, Сібір шебіндегі 164 мың, Жетісудағы 59 мың казак-
орыс әскери күші арқылы жергілікті халықты өзіне бағындырды.
Осылайша, XIX ғасырдың 90-жылдарынан бастап қазақ жеріне қоныс
аударушылар пайдасына шешу толық күшіне енді. Бұл мәселені шешу және
оны жүргізу барысында жергілікті қазақ тұрғындардың әлеуметтік-
экономикалық мүддесі ешбір ескерілмеді. Мысалы, 1893 және 1905 жылдар
аралығында қазақ жерінен 4 миллион десятина шамасында жер бөлініп
алынса, 1906-1912 жылдары келімсектерге бөлінген жер көлемі 17 миллион
24
десятинадан асты. Ал 1917 жыл қарсаңында Еуропалық Ресей бөлігінен
қоныстанушыларға барлығы 45 миллион десятина жер берілді. Осының
ішінде Ақмола облысы тұрғындарынан 5 миллион десятина құнарлы жер
тартып алынды. Семей облысының үш уезінен (Өскемен, Семей және
Павлодар) Сібірлік казак-орыс әскерінің 493 офицері 560000 десятина жерді
иемденген [71, 106-б.].
Қазақ зиялыларының өкілі Телжан Шонанұлы өзінің «Жер тағдыры - ел
тағдыры» атты еңбегінде: «Жерден айырылған қазақтар әсіресе жарлылар
жылма-жыл жерді 1917 жылғы төңкеріске шейін ортаққа алып, шауып келді.
Атты казак мал жайылуға арендаға жерді бермеді. Ортақ түрі былай болды:
шабылған пішенді үшке бөліп, екісін атты казак, бірін шапқан қазақ алатын
болды және орыс пішенін үйіп-жиып беретін еді. Сонда әлгі түскен пайданың
үштен екісін атты казактың қолы қимылдамай, табаны ауырмай тапқан
болады. ... Жерге орыс пен қазақ көзқарасы екі басқа» [72, 59-60 бб.].
Міне осылайша екі жақты қанауға әрі отарлау саясатының аяусыз
езгісіне ұшыраған қазақ халқы ата қонысы мен тәуелсіздігінен айырылып
қана қоймай, рухани жағынан да қыспаққа түсті. Отарлық езгі халықты сан
ғасырдан келе жатқан салт-дәстүрінен, ділі мен дінінен айырып, ұлттық
болмысын, тарихи ұлттық санасын жойып, рухын төмендетіп, барынша
рухани жұтаңдыққа ұшыратуды көздеген шараларды жүзеге асырды. Бұл
туралы М. Дулатов өзінің «Қазағым менің, елім менің» атты мақаласында:
«Ең алдымен қазақ халқы – Россияға тәуелді халық ... Оның ешқандай
правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады. Халықтан жиналатын салық
қаражатының көп бөлігі халыққа тіпті, керек емес нәрселерге жұмсалады...
Өздеріңіз көз жазбай байқап отырғандай чиновниктер, урядниктер кедей
қазақтарды ұрып-соғып, малдарын тартып, ойына не келсе соны істеді ...
Енді чиновниктер біздің дінімізге, атадан мұра болып келе жатқан әдет-
ғұрыптарымызға, біздің моллаларға ғана тиісті неке мәселелеріне араласа
бастады, діни кітаптарды тұтқынға алды ... », - деп орыс отаршыларының
қазақ қоғамын ыдыратуға бағытталған саясатының мәнін ашып жазды [73].
XIX ғасырдың екінші жартысы XX ғасырдың басындағы қазақ жеріндегі
әлеуметтік-экономикалық
жағдайдың
қиыншылықтарына
қарамастан
ағартушылық пен қазақ жастарының оқу-білімге деген құштарлығы,
өркениеттілік даму жолына бағыт ұстанғандығы, олардың қоғамдық
санасындағы серпілістердің жаңа арнаға түскендігі байқалды. Оның дәлелі,
XX ғасырдың басындағы ұлт зиялы қауымының қалыптасып, рухани оянуы,
мәдени-ағартушылық істің ілгерілеуі және сол дәуірдегі саяси төңкерістер
кезінде ұлттың болашағы үшін күреске шығуы, елдікті сақтауды көздеген
асыл азаматтарымыздың зор саяси күшке айналуы қазақ жастарының оқу-
білімге ден қоюы, қоғамдық өмірге араласуы арқасында жүзеге асты. Осы
кезеңде көптеген қазақ жастарының Мәскеу, Петербор, Қазан, Уфа, Орынбор,
Омбы, Астрахан сияқты ірі білім ордаларындағы оқу орындарында оқи
жүріп, саяси өмірге тікелей араласты.
Бұл ең алдымен ХХ ғасырдың басында қалыптасқан ұлттық-
демократиялық
жаңашыл
идеяның
пайда
болуының
өзіне
тән
25
алғышарттарының бірі екендігі белгілі. Мәселен, XIX ғасырдың ақырына
қарай Еуропа мәдениеті мен зиялылық ойлардың орталығы болған Петербор
және Ташкент сияқты ірі қалаларға қазақ жастарының өкілдері білім іздеп
келе бастады. Олардың қатарында Ж. Ақпаев, Б. Құлманов, Р. Мәрсеков, Б.
Қаратаев, Б.Сыртанов, Ә. Бөкейханов, М. Тынышпаев т.б. атауға болады.
Бұлар отарлық саясаттың салдарынан тартып алынған жерлерді қазақ
халқына қайтаруды, мұсылмандық жолды ұстану, орыстармен тең құқыққа
ие болу т.б. маңызды мәселелерді алға тартты. халқының алдыңғы қатарлы
тәуелсіз автономиялы билікке ие мемлекет болуын көкседі [74, 58-59 бб.].
Өз ұлтының бостандығы мен тәуелсіздігін, оның келешегін ойлаған
қазақ жастары студенттік кездерінен бастап қоғамдық-саяси бағыттағы
әртүрлі мақсат-мүдделерін біріктіретін қоғамдық ұйымдар құруға және сол
ұйымдардың тілі ретінде алғашқы жастар баспасөзін құруға да талпыныс
жасаған. Мұндай талпыныс пен ниеттер ең алдымен сол ғасыр басындағы
қазақ басылымдарының пайда болу ықпалынан туындағандығы да ақиқат,
тарихи шындық.
Қазақ халқының арасында әлеуметтік белсенділіктің артуы, саяси-
идеялық ахуалдың жақсаруы, тарихи санамыздың тоталитарлық жүйе
қағидаларынан жаншылып қалғандығына қарамастан ғасыр басындағы қазақ
баспасөздерінде ұлт тағдыры, оның болшағы ғана көтеріліп қойған жоқ,
өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа отансүйгіштікте тәрбиелей отырып,
халқымыздың жасампаздық рухы насихатталғаны анық. Ал сол өткенімізді
дәріптеу мақсатында, қазақ жастар баспасөзі жалпы ұлттық баспасөз
тарихымен біртұтастықта, бір арнада дамығанын ескере отырып, сол
жылдарға біраз шегініс жасап, оның алғашқы қалыптасу жылдарына көз
жүгіртейік.
ХІХ ғасырдың аяғында Қазақстанда «Түркістан уәлаятының газеті» мен
«Дала уәлаятының газеті» дүниеге келіп, бұл басылымдар қазақ баспасөзінің
ресми органы ретінде халық арасына кең түрде таныла бастады. Негізінде
«Түркістан уәлаятының газеті» Ташкент қаласында орыс тілінде 1870-1917
жылдар аралығында шығып тұрған «Туркестанские ведомости» газетіне
қосымша Түркістан генерал-губернаторының ресми органы ретінде
шығарылып, осы өлкеге қарасты территориядағы халықтарды халықаралық
және Ресейдің ішкі-сыртқы жағдайларымен таныстырып отырды. Бұл газетті
шығару ісіне Хасан Жанышев, Заманбек Шайхыәлібеков, Жүсіп Қазыбеков
белсене араласып, аудармашы әрі әдеби қызметкері болды.
«Түркістан уәлаятының газетіне» патша үкіметінің заңдары мен
жарлықтары, шаруашылық мәселелері, сауда, қазақ халқының тарихына,
тіліне, ауыз әдебиетіне, этнографиялық мәселелеріне, сондай-ақ оқу-ағарту
саласына жастарды тартуға қатысты мақалалар, фельетондар, хабарламалар
жарияланып отырды
18, 27-28-бб.].
«Дала уәлаятының газеті» 1888-1902 жылдар аралығында Омбыда шығып
тұрған. Алғашқы кезде газет Ақмола облыстық «Ведомостарына» ерекше
қосымша ретінде, ал 1894 жылдан Ақмола, Семей және Жетісу облыстарының
26
«Ведомостарына» қосымша болып шығарылған. Газеттің орысшасы
«Киргизская степная газета» деп аталды.
«Дала уәлаятының газеті» ресми және ресми емес бөлімдерден тұрып,
ресми бөлімінде үкімет пен әкімшілік орындардың жарлық, бұйрық,
нұсқауларымен таныстырып отырса, ал ресми емес бөлімде қазақ мәселесіне
арналған тақырыптарда түрлі материалдар жарияланып тұрды. Атап айтсақ,
қазақ
халқының
ауыз
әдебиетіне,
жазба
әдебиетіне,
тарихына,
шаруашылығына, діни, ағарту салаларына арналған мақалалар жарық көрді
18, 28-32-бб.]. Бұл газетті белгілі библиограф Ү. Сұбханбердина: «Газет қазақ
халқының қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірлерін оятуға, мәдени, әдеби түсінігінің
молая беруіне едәуір әсер етті. Саяси экономикалық мәселелермен қатар, оқу-
ағарту ісінің жай-күйі, қазақ оқығандары мен ғалымдарының өмірі жайында
бірқыдыру құнды мақалалар, хабарлар жариялады», - деп жаза келе, оны
ұлттық баспасөздің алғашқы қарлығашының біріне жатқызды
75, 6, 16-бб.].
1905 жылғы 9 қаңтардағы қанды қақтығыстан кейін патша үкіметі төніп
келе жатқан толқуларды болдырмас үшін съезд өткізуге және патша ағзамға
мұқтаждықтарын білдірген петиция жолдауға мүмкіндік берген 18 ақпан
«Бостандық манифесі» атанған рескриптке қол қойды. Бұл мектептерді ашуға,
газет шығаруға, баспахана ашуға жол ашты. Сөйтіп, 1905-1907 жылдардағы
бірінші орыс революциядан кейін баспасөз саласы жанданып, орыс, татар
тілдерінде бірнеше газет-журналдар дүниеге келді.
ХХ ғасыр басында қазақ тіліндегі жарық көрген алғашқы газеттің
қатарынан Әбдурашид Ибрагимовтың редакторлығымен Санкт-Петербургта
шығып тұрған «Ульфат» газетіне (татар тілінде) қосымша ретінде шыққан
«Серке» газеті болды. Бұл газет бар-жоғы бірнеше нөмірі жарық көрді.
Дегенмен де газет өзінің нендей мақсатты көздеп отырғандығын жарияланған
мақалаларында айқын көрсетіп берді. М. Дулатов газеттің екінші санына
жариялаған «Біздің мақсатымыз» деген мақаласында қазақ халқының Ресейге
тәуелді болып отырғандығын, қазақ жеріне мыңдаған мұжықтар жер аударып,
елдің дініне, атадан мұра болып келе жатқан әдет-ғұрпына араласып, халықты
жан күйзеліске ұшыратып, оның арты үлкен ыза мен кек тудырғандығын
келтірген болатын
73, 29-30-бб.]. Осындай мазмұндағы мақаладан кейін
газетті патша үкіметі қауіптеніп жауып тастады. Одан кейін дүниеге келген
«Қазақстан» газеті де ұзақ өмір сүрмеді (газет 1911-1913 жж. аралығында
шыққан – З.Б.). Елеусін Бұйриннің редакторлығымен шыққан газет негізінде
демократиялық, ағартушылық бағытты ұстанды. Елдің экономикалық,
әлеуметтік және мәдени өміріне қатысты өзекті мәселелерді жариялап,
кертартпа элементтерге соққы беруге тырысты
18, 27-28-бб.].
ХХ ғасырдың басында қазақтың өзiнде меншiктi баспахана болмады, бiрлi
- жарым қазақ тiлiнде жазылған кiтаптар Қазан, Орынбор, Уфа қалаларында
татар баспаханасы арқылы ғана басылып шығып тұрды. Сондықтан да елде
газет, журналдар шығару мүмкін болмады. Алайда, қазақтың сол кездегi
кейбiр оқығандары, өз қаржыларына газет - журналдар шығаруға талаптанған.
Соның бiрi - Мақыш Қалтаев 1905 жылы бiрiншi рет қазақ тiлiнде «Tұрмыс»
27
атты қолжазба журналын жазып, таратқан. Журналдың көлемi 22 бет, iшiнде
малға сатылған, байлардың есiгiнде жүрген сегiз қазақ әйелiнiң cypeтi бар.
Журналда көбiнесе қазақтың eскi әдет - ғұрпы, теңiне қосыла алмай, малға
сатылып, қорлықта жүрген қазақ әйелдерiнiң тұрмысы және жастардың оқу
оқып, бiлiм алуға талаптануы керек екендiгi жазылған.
«Tұрмыс» журналының 1 - саны қолжазба түрiнде шыққан, одан әpi
баспа арқылы шығаруға мүмкiншiлiк болмағандықтан, тоқтап қалды. Бұл
журналдың қолжазба түрiнде шыққан №l саны қазiр Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасында сақтаулы
[76].
Қазақ жастарына арналған мерзімді баспасөз ХХ ғасырдың алғашқы
онжылдығында шыға бастады. Әрбір тарихи құбылыс сияқты, мерзімді
жастар баспасөзі пайда болуының өзіндік себептері мен заңдылықтары
болды.
Қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштарының бірі ретінде - 1911 жылы
Елеусін Бұйрин деген азамат өз қаржысына қазақ тiлiнде «Қазақстан» атты
журнал шығарған. Оның 1-2-ші сандары алғашқыда Орда қаласында, кейiнгi
сандары Орал қаласында шыққан. Журналда халықаралық хабарлар,
қазақтардың тұрмысы мен әдет - ғұрпы, өлең - жырлар басылған. Алайда,
қаражаттың тапшылығынан, оның кейбiр сандары уақытында шығып
тұрмады. Осының салдарынан журнал 1913 жылы ақпан айында жабылған.
«Қазақстан» журналының барлық сандарында басылған түрлi мақалалар мен
өлең - жырлар Орталық ғылыми кітапханада сақталуда, оларды «Қазақтың
революциядан бұрыңғы мерзiмдi баспасөзіндегі материалдар» атты
көрсеткiштен оқып, танысуға болады.
Осы «Қазақстан» журналынан кейін «Қазақстан» газеті шыға бастайды.
Алайда бұл газеттің көптеген нөмірлерінің қазақ жерінде сақталмай
қалғандығынан, сол сияқты газеттің ескі араб графикасымен шығып
тұрғандықтан оны оқып-зерттеу қиын болған. Бұл «Қазақстан» газеті
жөнінде түрліше жаңсақ пікірлер айтылып жүр. Мәселен, оны біреулер газет
емес, журнал еді десе, басқа біреулері ол ұжым қаржысымен емес, жекелеген
адамдардың қаражатымен шыққан еді.
Әуелі Бөкей Ордасында, кейін Орал қаласында шыққан «Қазақстан»
газетін оқығанда, Бақытжан Қаратаевтың оның ісіне белсене атсалысқаны
көзге түседі. Тіпті ол кейде Семей облысынан келген хаттарға редакция
атынан жауап беріп отырады, мысалы; Ғ. Жүсіпов деген азамат редакцияға
хат жібереді: «мен ақшалай көмек беруге мүмкіншілігім бар»,- деп жазады.
Белгілі ғалым Б. Кенжебаев «Қазақстан» газетін «нағыз прогресшіл,
демократияшыл бағыттағы газет деуге болады» деп бағалайды [77]. Автор
келесі бір еңбегінде 1912 жылғы Лена алтын кенішіндегі жұмысшыларды
далаға шығарып қардың үстінде атылған оқиғаға байланысты «Қазақстан»
газетінің 1912 жылғы 4 сәуірде жарияланған мақаласын және хабарларын сөз
етіп: «Тегінде бұл мақаланың авторы я ұйымдастырушысы Орал
большевиктерінің бірі болуы керек. Қазақ еңбекшілері арасында
революциялық идеяны тарату үшін Орал большевиктері «Қазақстан»
28
газетінің редакциясымен келісуі бойынша оның бетін пайдалануы әбден
мүмкін» [78].
Осындай пікірлерден барып «Қазақстан» газеті қандай ұйымның газеті
болғандығын анықтау қажеттігі туындайды. Қазақ баспасөзінің алғашқы
қарлығашы Ғұмар Қараш – «Қазақстан» газетін ұйымдастырушысы, көрнекті
ақын, ойшыл - философ, халқын өнер мен ғылымға үндеген ағартушы, дін
жолын, араб, парсы, түрік, татар тілдерін жетік білген, өз дәуіріндегі мерзімді
баспасөз беттерінде қазақ жұртының көкейкесті мәселелеріне жаны ауырып,
ой толғады, «Қазақстан», «Дұрыстық жолы» сияқты газеттер мен «Мұғалім»
журналының тұңғыш шығарушысы, баспасөз жанашыры болды.
Ғұмар Қараш 1875 жылы Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасының
Қырқұдық ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Әкесінен
ерте айрылған Ғұмар жастайынан өмір тауқыметін тартып өседі, ағаларының
қамқорлығы арқасында зерек бала Жалпақтал медресесінде оқып,
мұсылманша хат таниды, ауыл молдасы болған. Ол кезде кез – келген ауылда
молда, не мешіт, мектеп бола бермеген. Сондықтан медресе бітірген зерек
Ғұмарды ерте оқытып, өз ауылында пайдаланып отырған. Ғұмар 1902 – 1910
жылдар аралығында өзі туып өскен Тіленшісай, Борсы елді мекендерінде
жәдитше бала оқытады. Ол медреседе құран, иманшарт, әптиек сияқты діни
сабақтарды үйретумен болады.
Тарихшы И. Кенжалиев өзінің «Ғұмар Қараш» атты еңбегінде: «Газет
Ғұмар Қараштың ұсынысымен «Қазақстан» деп аталды». Оның алғашқы екі
саны Орда қалашығында 1911 жылы 16 наурыз, 27 мамырда жарық көрді.
Бұл ол кезде үлкен ерлік, зор табыс еді. Қазақтың өз жерінде тұңғыш
қоғамдық - саяси газет дүниеге келді, - деп тұжырым жасайды автор [79].
Сонымен «Қазақстан» газетінің басқармасы Борсыда жайғасады, ал
басылымның ресми редактор - шығарушысы жаңа қалалық мұғалім Елеусін
Бұйрин, қазақша жағын дұрыстаушы Ғұмар Қараш болады деп шешілді.
Орыс қаріптері Орда қаласындағы Щелкова баспаханасынан, араб қаріптері
Мұхамедқали Мусин дейтін саудагер татардан сатып алынады.
1911 жылы мамырдан қарашаға дейінгі аралықта, қаржы тапшылығынан
баспахананың құрал – жабдықтары жетіспегендіктен газет шықпай қалды.
Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұйрин екеуі Бакуге аттанды, сондағы ықпалды
адамдармен кездеседі. Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұйрин екеуі Бакуге
аттанды, сондағы ықпалды адамдармен кездеседі.
Ғұмар осы сапары туралы
жазған өзінің «Баку» атты очеркінде былай деп келтіреді: «Былтыр, 1911
жылы зауза жұлдызының бас күнінде «Қазақстан» газетін атқа мінгізіп, адам
ету қайғысында адамдар арасында етілген бір қаулы бойынша Баку
қаласында болған елден екеу шықтық... Еріккен екі тентек елден шығып кетті
деушілер көп болса да, шын көңілдерімен «Қайырлы сапарлары болып, жеңіл
барып, ауыр қайтқай» - деп те тілеген адамдар болды» [73
].
Сөйтіп, газеттің алғашқы екі саны Ордада жарыққа шығады да, кейін
Оралға көшіріліп, жергілікті ахун Мұтиғолла Тухфаттуллин және оның
серіктерінің баспаханасында басылды.
29
Орал қаласына келісімен баспахана «Қазақстан» газетін шығаруды
жалғастырып, 1911 жылдың 15 қарашасында оның №1 саны қайтадан
шықты. Газетті бұдан әрі шығарып, таратып отыру үшін Бақытжан Қаратаев
пен Ғұмар Қараш қазақтың сол кездегі көзі ашық, 27 оқығандардың басын
қосып, жиын өткізеді, қатысушылардың әрқайсысы баспаханаға 20 сомнан
жарна беріп тұруға келіседі.
«Қазақстан» газеті революцияға дейінгі қазақ тілінде жарық көрген басқа
да мерзімді баспасөздермен салыстырғанда демократиялық, реформаторлық
идеяларымен, яғни әлеуметтік – прогрестік бағыттағы сапалығымен
ерекшеленеді. Оның алғашқы санында баспасөздің ұлт санасын
тереңдетудегі рөліне айрықша тоқталады. Ғұмар Қараш өзінің «Газет деген
не зат?» - деп аталатын мақаласында: «Бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын
зат – газет! Газет біздің білгенімізді көрсететін ұстазымыз! Газет біздің
қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шамшырағымыз! Біз қазақ
балаларына бұның қадірін біліп, ортамызда жанған бір шамның сөнбеуіне
тілекші болу, аз, ақшаны аямай жазылып, алып, оқу парыз» [80].
1911 жылы 15 қарашада «Қазақстан» газетінде жарияланған «Бұл қай
заман?» атты мақаласында Ғұмар Қараш ғылым – бүкіл адамзаттың игілігі,
сондықтан қай тілде болмасын меңгеру мұрат деген озық ой ұсынады [81].
Ақынның «Тіршілік таласы» мақаласында: «Ата – бабадан келе жатқан
жалқаулықты тастап, тәуекел ердің жолдасы деп ғылым, өнер жолына түсіп,
бүтін жұрт үлес алып жатқан дүниеден бізге де үлесімізді алу керек», деп
жастарды өз халқының патриоты болуға меңзейді [82].
Прогрессивті демократиялық бағыттағы басылым бетінде жарияланған
Ғұмар шығармаларының тақырыбы әр алуан болды, айталық «Халықты ояту
үшін не керек?» деген мақаласында ол сол кездегі прогрессивті идея
шаруашылықты дамыту үшін кооперативтік қозғалысты дамытып, бірлесе
жұмыс істеудің керектігін айтады [83]. Сонымен бірге басылымда саяси
тақырыптар да сөз болады. 1912 жылы жарияланған «Ленада болған оқиға»
және «Ленада болған оқиғаның зардабы» атты мақалалар соның айқын
айғағы [84].
Өнер, білімге шақырған, саяси сауаттылықты үндеген Ғұмар Қараш
және басқа да «Қазақстан» газетін шығаруға атсалысқан қазақ зиялылары
аталмыш басылымнның не бары 18 санын ғана шығарып үлгерді. 1911
жылдан бастап жарық көрген «Қазақстан» газеті қаржатының жетіспеушілігі
мен полицейлік бақылау, цензор талаптарының салдарынан 1913 жылы
жабылды. Кейбір зерттеушілер аталмыш басылымның жабылуы жөнінде
мынадай тұжырым жасайды: «Газета «Казахстан» была закрыта властями за
пропаганду вредных взглядов, а ее сотрудники подвергались преследованию
и арестам»
[79].
Қорыта айтқанда «Қазақстан» газеті қазақ елін оқу – білімге шақырған,
отырықшылық өмірге, мәдениетке үндеген, халықтың саяси ой - санасын
өрістетуде елеулі рөл атқарған прогресшіл бағыттағы маңызды басылым бола
білді. Оның ұйымдастырушысы болған Ғұмар Қарашты ХХ ғасырдың бас
30
кезінде қазақ халқының саяси – құқықтық, ұлттық мүддесін қорғауда
баспасөз басылымын құрал еткен ірі тұлға деп тануымыз ләзім.
Осы жылдардағы басылымдар мен ұлт зиялыларының еңбектеріндегі
мәліметтер көрсеткендей ХХ ғасыр басында мұсылман халқының, соның
ішінде қазақтардың арасындағы қалыптасқан қоғамдық жағдайына сәйкес
ұлттық қозғалыс тамыр жая бастағандығы, халықтың рухани оянуында
үлкендердің сеніміне ие болған оқыған қазақ жастарының рөлі артып келе
жатқандығын байқауға болады.
Көріп отырғанымыздай, ХХ ғасырдың басында қазақ өлкесінде болған
демократиялық жаңғырулар, ұлттық сананың оянуы ұлт зиялыларының
баспасөз ісін қолға алып, халық арасында мәдени-ағартушылық жұмыстарын
кеңінен жүргізулерінің нәтижесі еді. Бұның тарихи дәлелі ретінде 1911
жылдың қаңтарынан бастап, 1915 жылдың қыркүйек айына дейін Троицк
қаласындағы «Энергия» баспаханасында қазақ тілінде үзбей шығып тұрған
«Айқап» журналы халқымыздың әлеуметтік, саяси өмірінде, әдебиет пен
мәдениетімізді насихаттап, таратуда елеулі рөл атқарды. «Айқап»
журналының шығуы, редакторы, белгілі Алаш азаматы, ұлт қайраткері
Қостанай облысы, Шұбар болысы №5 ауылында дүниеге келген М.
Сералиннің есімімен тығыз байланысты. Оның редакторлығымен және
жауапкершілігімен «Айқап» журналының негізгі бағыты былай анықталған
болатын: бас мақала, шетел хабарлары, мұсылман өмірінен мәселелер,
хроника, фельетондар мен өлеңдер, библиография және ғылыми мақалалар,
әртүрлі хабарлар мен редакцияға түскен хаттар бағдарламасын басшылыққа
алған [2, 25-б.].
Достарыңызбен бөлісу: |