Әос 3/94(574)930. Д. С. Байгунаков1, Г. Е. Сабденова



бет4/6
Дата25.11.2023
өлшемі41,99 Kb.
#127223
1   2   3   4   5   6
Тұлғатанушы. К.Л.Есмағамбетов көптеген тұлғалардың өмірбаянын, атқарған қызметін, қоғам мен мемлекеттің дамуына, не болмаса ғылымға қосқан үлесіне толымды баға берген тұлғатанушы ғалым болып саналады. Мұны оның жекелеген тұлғаларға қатысты жүздеген еңбектері айқын дәлелдейді. Оған үнемі әрбір тұлғаның ғұмырнамасын толықтырып, жан-жақты мәліметтермен айшықтап отыру тән болғандығы анық. Яғни, мәселен ол «Қазақ ССР энциклопедиясына» жазған мақалаларындағы жекелеген тұлғалардың қызметін кейінгі еңбектерінде жаңа мәліметтермен толықтырып отырды, мақалаларын жаңа фактілермен әрлендіріп, тың мағлұматтармен сәулелендіруге тырысты. Кеңестік заманда айта алмаған ойларын, тәуелсіздік жылдарында толымды түрде сипаттап берді. Жинақталған мәліметтері қомақты болса, немесе тың мәліметтер кездестірсе, оларды жеке мақала ретінде, тіпті монография түрінде беруге талпынды. Мысалы, З.О.Баймырзаев жөнінде іргелі еңбек жариялады [13]. Одан басқа Абылай хан, Уәлихан Абылайханұлы, К.Қасымұлы, Тәуке хан, Әбілқайыр хан [14], т.б. секілді қазақ хандарының өмір жолын жазып, көптеген мәселелерге ой-түрткі болуға тырысты. Абай, т.б. қазақ және түрік халықтарының тұлғаларына қатысты пайымдауларын жасаған шетелдік мамандардың еңбектерін қазақ жұртшылығына жеткізе білді. Ғалым өз ізденістерінде әрбір тарихи тұлғаның өткен өмір жолы ұлтымыздың жан алысып, жан беріскен күресінің шежіресі екендігін басып айта алды.
К.Л.Есмағамбетов жекелеген тұлғаларды ғана емес, бірнеше тұлғаларға ортақ дүниелерді көтеруімен де ерекшеленетін кәсіби тарихшы. Мысалы: ол «Ұлт зиялыларының бүркеншік есімдері» атты мақаласында қазақ зиялылары қолданған ныспыларын талдады [15]. Осылайша ол ұлттық тұлғаларды ұлықтап шықты да, олардың тарапынан қолданылған есімдерді жүйелеп, әрбір қайраткерге тән есім таңдаудың себебі мен табиғатына үңілді, есімдерді таңдап алу алғышарттарын зерделеді.
Тұлғаны танып-білуде Көшім Лекерұлы оның өмір жолын ашып қана қоймады, өзіндік рөлін суреттеді, сонымен қатар әрбір қайраткердің ұлттық бірегей болмысына назар аударды, әрбір кейіпкердің негізгі мақсатын сипаттап жазуға тырысты. Тұлғалар қаншалықты алуан болса, Көшім Лекерұлының қаламына іліккен әрбір қайраткердің тарихи орны да ұрпақтан-ұрпаққа соншалықты тамырланып жетті, аманатталып құжатталды.
Махамбеттанушы. Зерттеушінің қалам тартқан тақырыптарының бірі ұлт азаттық күрес тарихы болып табылады. Бұл бағытта зерттеуші ең алдымен батырлар институтына зор мән берді [16], Қазақстанды отарлау тарихына назар аударды [17]. Бөгенбай Ақшаұлы, Қабанбай Қожағұлұлы, т.б. батырлардың өткенін энциклопедиялық басылымдарда жариялады. Сонымен қатар Исатай мен Махамбет көтерілісіне ерекше ден қойды. «Жайық үшін жандасқандардың» жанқиярлық еңбегін дәріптеді. Көптеген зерттеушілер тарапынан әлі күнге дейін шешілмей келе жатқан Исатай батырдың бейітіне қатысты өз пайымы мен тұжырымын айтты [18]. Исатай батырдың жерленуіне қатысы бар деген тарихи деректемелерді молынан талдады. Дегенмен зерттеушінің бұл тақырыптағы ең басты еңбегі Махамбет Өтемісұлының мерейтойына арналған «Азат рухтың күрескері» атты монографиясы болып табылады [19]. Әлбетте, кеңестік заманда Исатай мен Махамбеттің көтерілісі біршама көрініс тапқан-ды. Жарық көрген еңбектер арасына қосылған К.Есмағамбетов монографиясы әлемдік тарих ғылымының теориялық-методологиялық жетістіктерін, Ресей және Қазақстан мұрағаттарындағы материалдарды кеңінен пайдалануымен өзгешеленді. 1836-1838 жылдары Бөкей Ордасында, кейін Жайық өзенінің азиялық бетінде орын алған Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістің барысы, заңдылықтары мен ерекшеліктері, сипаты мен оның қазақ қоғамына тигізген ықпалы, ұлт-азаттық қозғалысындағы орны мен рөлі тиянақты тарихнамалық түрде көрсетілген аталған монографияда айтылған тың ойлар аз емес. Аталмыш ізденіс шетелдік тарихнамасымен де құнды.
Көшім Лекерұлы «Махамбет әлемі» сериясы бойынша ақынның шығармалар жинағын құрастырылып, баспадан шығарылуына зор үлесін қосты. Кәсіби махамбеттанушы ретінде ақынның тағдырын томдардың алғы сөзінде жан-жақты сипаттап жазды, ғылыми түсініктемелер берді [20]. Ол жауынгерлік рухтағы өршіл жырлардың авторы Махамбетті ерлік пен намыстың ақыны дей отырып, оның өткен ғасырлардағы жыраулардың жалғасы екендігін атап көрсетті. Махамбеттің азат рухқа ұмтылғандығын, оның сан ғасырлар бойы бабалар аңсаған тәуелсіздікке қарай қадамдап жүргендігін тілге тиек етті [21].
Мұстафатанушы. Ғалым ғылыми әдебиеттерде Мұстафа Шоқай әлемін зерттеу саласына қатысты біршама қалыптасқан «шоқайтану» деген сөзді құп көрмеді. «Абайтану» секілді (Құнанбаевтану емес – авт.) «мұстафатану» терминін енгізу қажеттілігін үнемі айтып жүрді. Сондықтан да біз оны өз өсиеті бойынша «мұстафатанушы» деп атауды жөн көрдік.
Жалпы алғанда, өткен ғасырларда қазақ халқының келешегі үшін көптеген қандастарымыз орасан зор еңбек сіңірді, ұлттың болашағы үшін өмірін сарп еткен олардың әрбірін қазіргі таңда «ұлы тұлға» деп атауға толық болады. Солардың арасынан Мұстафа Шоқай (1890-1941) да өз орнын алатындығы тарихи шындық. Себебі ұлт азаттығы үшін күрескен, сол жолда жанын қиған қоғам қайраткері, танымал тұлға Мұстафа Шоқайдың еңбегі бүгінгі таңда ғасырға жуық уақыт өтсе де, тарихи құнын жоғалтқан жоқ. Біздің парыз – оның артында қалған мұрасын зерделеу, тұжырымдарын зерттеу, өміршең қағидаларымен жас ұрпақты тәрбиелеу.
Сондықтан да бүгінгі күні «Дайк-Пресс» баспасынан шығып отырған Мұстафа Шоқайдың 12 томдық еңбектерінің қазақ қоғамы үшін маңызы өте зор деп айта аламыз. Себебі тәуелсіздікті аңсаған есіл ердің айтқан саралы ой орамдары, жүрек түбінен шыққан қанатты сөздері әрбір қазақтың көкірегінде сайрап жататын, тіпті қатаң қағидаға айналатын кезі келді. Аталған 12 томдық шығармалар жинағының бірінші томының авторы тарих ғылымдарының докторы, профессор К.Л.Есмағамбетов болып табылады. Ол бірнеше жылдарын осы тұлғаның ғұмырнамасы мен өнегелі өмірін, пайымдамаларын зерделеген кәсіби тарихшы ретінде үлкен еңбек атқара білді. Шоқайтанудағы іргелі еңбектерінің бірі «Әлем таныған тұлға» атты монографиясы болған еді [22]. Аталған монографияда Мұстафа Шоқайдың өткен ғасырдың 20-30 жылдардағы саяси қызметiмен бірге күнделікті іс-әрекеттері мен қоғамдық және жаһандық тыныс-тіршілігі сараланып, бұрын мамандар тарапынан қарастырыла қоймаған бірқатар жайттар қаузалған болатын. Кітапты ғылыми көпшілік жылы қабылдады. Мұны кітапқа ғалымдар тарапынан жазылған сын-пікірлер де айғақтай түседі. Мәселен, зерттеуші С.Ө.Смағұлованың айтуынша: «Кiтаптың басты ерекшелiгi М. Шоқайды ХХ ғасыр басында қазақ зиялыларының идеясын шет мемлекетте жалғастырған, оның тек қазақ халқы ғана емес, түркi тiлдес Ресей үкiметiне бодан халықтардың бостандығы жолында күрескен, бiртұтас түркi халықтарының мемлекетiн құруға бастамашы болған күрескер тұлға және әмбебап публицист, тарихшы екендiгiн жан-жақты дәйектi түрде таныта бiлуiнде. Нақтылай айтсақ, бiрiншiден, Мұстафа Шоқай ұлт мүддесi жолында патша саясатына қарсы шығып, Мемлекеттiк думаларға қатысып, мерзiмдi басылымдар арқылы жер, тiл, дiн мәселесiн көтерген, патша өкiметi құлағаннан кейiн Алаш партиясы мен Алашорда үкiметiн құрып, оның алға қойған мiндеттерiн жүзеге асырудағы iс-әрекеттерi, кеңес өкiметiмен арада туындаған түсiнiспеушiлiк пен қарама-қайшылықтан азамат соғысы жылдарында жау күштермен одақтас болып, үкiмет билiгiне қарсы шыққан, 30-шы жылдары қуғын-сүргiнге ұшыраған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М. Дулатов, Р. Мәрсеков, Х. Ғаббасов, И. Әлiмбеков және т.б. қазақ зиялыларының ой-пiкiрлерiн жиырма жылдай насихаттауын дәлелдi түрде айқындап бередi» [23].
Мұстафа Шоқай қазақ халқы ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия мен Кавказ халықтарының мүддесін кеңестік озбырлықтан, мансұқтаудан қорғау үшін күрескен тұлға болып табылатындығын осы аталып отырған оның 12-томдық шығармалар жинағы нақты айғақтайды. Өйткені шығармалар жинағының томдарынан осы тарихи-географиялық аймақтарда мекендеген халықтардың мұң-мұқтажы баяндалынады. Олардың тыныс-тіршілігі, көріп отырған зорлық-зомбылықтары оның жекелеген мақалалары мен кітаптарында көрініс тапты. Сонымен қатар олардың мұң-мұқтажына әлем халқының назарын аударуды тырысып бақты. Мұны М.Шоқайдың қазақ, өзбек, татар, башқұрт, неміс, орыс, француз, ағылшын, поляк, т.б. ұлттардың тілдерінде жарияланған еңбектері айқын көрсетеді. Және де аталған тілдерде жарияланған еңбектері осы шығармалар жинағында толыққанды көрініс тапқан. Көзі қарақты оқырман оның еңбектерін аталған шығармалар жинағынан тауып ала алады. Сол себепті де шығармалар жинағын құрастырушылар зор еңбек атқарған деуге болады.
Сонымен қатар, Мұстафа Шоқай мұрасын зерттеу алғашқыда Түркияда басталғандығы белгілі жайт. Мұның өзі оның әлем таныған тұлға екендігін, оның өнегелі өмірі түркі тектес халықтардың тарихымен байланысып жатқандығын және де оның еңбектерінің әлемдік маңызы бар екендігін көрсетсе керек.
Өз кезегінде мұстафатанудың қажымас зерттеушісі Көшім Лекерұлы Есмағамбетов былай дейді: «Мұстафаның қайраткерлік болмысын, бүгінгі күнмен өзектесіп жатқан ой-тұжырымдарын зерттеу, насихаттау, ұлықтау еліміздің егемендігін баянды етуге, жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге қызмет етеді. Сол себепті М.Шоқайдың ұлан-ғайыр шығармашылық мұрасы уақыт көшінен қалмай, халқымыздың баға жетпес рухани қазынасы ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жетері хақ» [24]. Әрине, бұл айтылып отырған сөзде тарихи шындық бар. Ал оған қол жеткізу үшін басты деректік рөлді қайраткердің шығармалар жинағы атқарары анық.
Иә, расында да Мұстафа Шоқайдың сүбелі мұрасына тарихшылар ғана емес әлі талай мамандар (саясаттанушы, заңгер, т.б.) жүгінері анық. Олар мұрағат материалдарын ақтарып отырмай-ақ қайраткердің еңбектерін шығармалар жинағынан ала алады. Осыған байланысты айтарымыз, аталған шығармалар жинағы ХХ ғасырдағы қазақ қоғамын зерделеу үшін өте маңызды дереккөзі болып табылады және оның ғылыми құндылығы, тарихи маңызы өте жоғары.
Қорытынды. Қазақстан тарихының қатпарлы беттерін зерттеуге молынан үлес қосқан Көшім Лекерұлы Есмағамбетовті кәсіби тарихшы деп айтуға әбден болады. Мұны ғалымның зерттеу нысанына айналған сан алуан тақырыптары мен артында қалған 500-ге жуық ғылыми еңбектерден тұратын мұрасы да айғақтайды. Біз осы мақаламызда зерттеуші ғылыми мұрасының бір парасын ғана қарастырып шықтық та, оның ғылыми бағыттарының негізгі арналарын сипаттап бердік, бұдан шығатын түйін: ол саналы ғұмырын ғылымға арнап, тарихтың қалтарысты тұстарына зерделеуге өз үлесін қоса білді, ал әрбір шешілмей жатқан сұрақты қарастыруға бағыт-бағдар бере алды. Ол отандық тарихтың көптеген сауалдарын қамтып, соны пайымдаулар мен тұжырымдаулар жасады. Бұрын белгісіз болып келген көптеген мәселелерді айқындауға қол жеткізді. Сайып келгенде, К.Л.Есмағамбетовтің ғылыми мұрасы ғылымға қосылған сүбелі үлес болып табылады. Сондықтан да ол болашақта арнайы зерттеуді қажет етеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет