Д.С.Байгунаков1, Г.Е.Сабденова2 1Орталық Азия университетінің профессоры, т.ғ.д.
2әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессор м.а., т.ғ.к.
К.Л.ЕСМАҒАМБЕТОВ – КӘСІБИ ТАРИХШЫ
Аңдатпа Мақалада Қазақстан тарихының өткен ғасырлардағы көптеген сауалдары көрініс тапқан белгілі тарихшы Көшім Лекерұлы Есмағамбетовтің (1938-2016) ғылыми мұрасы қарастырылады. Оның еңбектеріне отандық тарихтың беттерін шетелдік кеңестанушылардың ғылыми ізденістерімен қабыстыру тән. Мұның өзі оған бұрын қамтыла қоймаған көптеген тақырыптарды зерделеуге жол ашты. Сөйтіп, К.Л.Есмағамбетов ғылымға ең алдымен шетелдік тарихнамамен шұғылданатын отандық мектептің негізін қалаушы ретінде келді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор К.Л.Есмағамбетов 500-ге жуық ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектердің авторы, сонымен қатар оның редакциялауымен энциклопедиялық басылымдардың ондаған томдары жарыққа шыққан. Ол көбіне тарих ғылымының тасасында қалып келген мәселелерге қалам тартты. Қазақстан тарихындағы дербес және бірегей құбылыстардың табиғатын, отандық зерттеушілер еңбектерінің сипаты мен мүмкіндік шектерін зерделеді. Шетелдік мамандардың еңбектерін тәржімалады, олардың ғылыми ұстанымдарын, т.б. таразылады. Оның ғылыми мұрасы тек Қазақстан тарихы ғана емес, сонымен бірге бүкіл Орталық Азия тарихының қалтарысты тұстарын толықтырған дүние болып табылады.
Түйін сөздер: К.Л.Есмағамбетов, тарих, тарихнама, биография, советолог, энциклопедия, Махамбет, Мұстафа Шоқай.
Кіріспе. Тәуелсіздік алғалы бері өткенімізге тереңдей үңіліп, тарихымызды тани білген сайын ел мен жерге деген құрмет артып, отаншылдық сезім ұлғайып келеді. Десе де, әлі күнге дейін халықтың шынайы тарихы толық түрде түгенделіп болған жоқ. Отаршылардың қанқұйлы езгісіне, бодандыққа мойынсұнбай ұзақ жылдық күрестің нәтижесінде бүгінгі тәуелсіз күнге қол жеткізген соң ұлт тарихын кеңінен білген және оны мейлінше кең түрде дәріптеген абзал. Оны мейлінше терең білу әрі ұғыну, өскелең ұрпақты рухтандыру, еңсені көтеру үшін ұлт тарихын зерделеген мамандардың ғылыми мұрасын таразылау отандық тарихнамада көкейкесті мәселелердің біріне айналуы тиіс. Осы орайда қазақ тарихын зерттеуге мол үлесін қосқан Көшім Лекерұлы Есмағамбетовтің (1938-2016) де ғылыми мұрасы қарастырудың маңызы зор екендігі айқын. Себебі ол артында қомақты ғылыми мұра қалдырған кәсіби тарихшылардың бірі болып табылады. Айта кету керек, оның өмірі мен қызметі жөнінде бұқаралық ақпараттар құралдарында бұрынырақта азды-кемді айтылды. Әсіресе ғалымның мерейтойлары кезінде, оның іргелі еңбектері жарияланған кездері мерзімді басылымдарда бірқатар шолу мақалалар жарық көрген болатын. Олардың арасында К.Нұрпейісов [1], Әбдіраштың Жарасқаны [2], Ә.Мұқтар [3], т.б. еңбектері бар. Аты аталған авторлар Көшім Лекерұлының азаматтық тұлғасын, оның ғылымға қосқан үлесін, тарих ғылымындағы орнын айқындап берді. Жарияланған мақалалар арасынан академик Б.Е.Көмековтің «Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Көшім Лекерұлы Есмағамбетовтің өмірі мен қызметі туралы» деген еңбегін ерекше атап кеткен ләзім [4]. Онда автор Көшім Лекерұлының туылған күнінен бастап ғұмырнамасына тоқталады да, оның өмір белестерін бір ізге түсіреді, маңызды-маңызды ғылыми-зерттеу бағыттарына шолу жасап, оның ғылыми жетістіктерін, қол жеткізген табыстарын саралап өтеді. Биобиблиографиялық мақсатта түзілген бұл мақалада Көшім Лекерұлы еңбектерінің ғылыми ортада, әріптестері тарапынан жоғары бағаланғандығы да айтылады, сондай-ақ әрбір ізденісінің ғылыми орны аталып кетеді. Дегенмен осы жоғарыда келтірілген қысқаша шолудың өзі К.Л.Есмағамбетовтің ғылыми еңбектері мен ізденістері жеткілікті дәрежеде зерттелмегендігін және бұл бағытта зерттеулердің қажет екендігін көрсетеді. Сол себепті де тарихтың ішіндегі тарихқа үңіліп, көмескі немесе елеусіз жатқан жалқы беттерді түгендеуге ат салысқан Көшім Лекерұлы сынды ғалымның ғылыми мұрасын толыққанды қарастыру күн тәртібінде тұр.