Өкінді жолың, бекінді,
Әуре болма оны қой!
(Абай ).
Бір жолда бір ғана емес, бірнеше эпитеттер қатар келсе, оны эпитеттің күрделі түрі не эпитеттің ұлғайған түрі дейді.
Мысалы: Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ,
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.
Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,
Ой желке үңірейген болса сағақ.
(Абай ).
Осындағы “шоқпардай кекілі бар” деген сөйлемдегі бір теңеуден басқасының барлығы да э п и т е т.
ТЕҢЕУ. Жазушы бір нәрсені көркемдеп суреттеу үшін , ол нәрсенің өзгешелік белгілерін көрсетпей-ақ, оны екінші бір нәрсемен салыстырып та суреттей алады. Бұл салыстыруды теңеу деп атайды. Теңеудің өзіне тән ерекшелігі - белгісіз нәрсені белгілі нәрсеге салыстыру арқылы көзге елестету.
Мысалы, Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай айбатты,
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін. (Мағжан).
Теңеулердің көпшілігі зат есімге, есімшеге жалғанған –тай, -тей, -дай, -дей, -ша, -ше, -дайын, -дейін жұрнақтар арқылы жасалады.
Оның сөзі көкте жанған жұлдыздай, Оның сөзі күндей күліп жарқырап...
( Жамбыл ).
Тотыдайын таранған,
Сұңқардайын сыланған.
Сұлу Жібек арма екен ?
( “Қыз Жібек ” жырынан).
Болатша дірілдеген жалын көрген,
Бір күңгірт тартып және оттай жанған.
( Абай ).
Аталған –тай, -тей, -дай, -дей, -ша,-ше, -дайын,-дейін сөзге жұрнақ ретінде жалғанғанда ғана теңеулік мағына береді. Ал көсемше етістік болып келген жерлерде теңеулік мағына бермейді.
Мысалы, “Сұңқылдап даусың шықты сыбызғы үндей ” дегенде ,-дей жұрнағы теңеулік мағына береді, ал
“ Күреске шақырады ерлікті үндей “ дегендегі үндей сөзі көсемше етістік болып тұр, сондықтан бұл жерде теңеу болмайды.
Сондықтан теңеу жұрнақтары кездескен жердің бәрі теңеу бола береді деп қарамай, сол жұрнақтар теңеулік мағына беріп тұр ма, жоқ па, сол жағын да абайлау керек.