7-тарау. ТЫНЫҒУ УАҚЫТЫ
80-бап. Тынығу уақытының түрлері
Тынығу уақытының түрлері:
1) жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішіндегі үзілістер:
- тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс;
- ауысымішілік және арнайы үзілістер;
2) күнделікті (ауысымаралық) тынығу;
3) демалыс күндері (вахтааралық тынығу);
4) мереке күндері;
5) демалыстар болып табылады.
81-бап. Тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс
1. Жұмыскерге күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) ішінде тынығуға және тамақтануға арналған, ұзақтығы жарты сағаттан кем болмайтын бір үзіліс берілуге тиіс.
2. Тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс беру уақыты, оның ұзақтығы еңбек тәртіптемесі қағидаларында, еңбек, ұжымдық шарттарда белгіленеді.
3. Тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс уақыты жұмыс уақытына қосылмайды. Өндіріс жағдайлары бойынша үзіліс беру мүмкін болмайтын жұмыстарда жұмыс беруші жұмыскерді жұмыс уақытында арнайы жабдықталған орында тынығу және тамақтану мүмкіндігімен қамтамасыз етуге міндетті. Мұндай жұмыстардың тізбесі, тынығудың және тамақтанудың тәртібі мен орны ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің актілерінде белгіленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |