Ерік-адамның өз мінез-құлқын саналы түрде меңгере алу қабілеті. Ерік деп саналы түрде алға тұтқан мақсатқа жету үшін жұмсалатын жан қуатының белсенділігін жəне адамның өзін меңгере алу қабілетін айтамыз. Ерік алға мақсат қоюдан басталады. Ал мақсат адамға айқын, ашық, саналы түрде түсінікті болуы қажет.
Адамның ерікті əрекеті жүзеге асу үшін мынандай шарттар қажет: а) алға тұтқан мақсатты орындау қайткенде де соған жету; ə) жолда ұшырайтын кедергі, бөгеттерді жеңу; б) мақсатқа жету жолында қайраткерлік, ерлік, табандылық көрсету, қиыншылықтан жол табу, тəсілқой болу т.б.; в) қиындықтарға қарсы тұрып, үрейленбеу, қорықпау.
Ерік туралы түсінік
И.П.Павлов ерікті - адам белсенділігіне байлау болатын кедергілерді жеңуде көрінетін әрекетшеңдік – "еркіндік инстинкті" деп қарастырады. "Еркіндік инстинкті ретінде ерік аштық пен қауіп-қатерден де мәнділеу. Егер осы қасиеті болмаса, - деп жазды И.П.Павлов, - жануар алдынан шық-қан елеусіз-ақ кедергіден өте алмай, өлімге душар болар еді". Ал адам үшін мұндай кедергілер қатарына әрекетке матау болатын сыртқы әсерлер ғана емес, өз қызығулары мен қажеттіктерін бақылауға алатын өзіндік сана мазмұны да болуы мүмкін. Бұл тұрғыдан ерікіндік инстинкті болған ерік, жеке адамның психологиялық болмысының барша деңгейлерінде көрі-неді, бір қажеттіктерді басып, екіншісіне ынталандырады, өз міндетін танытып, жеке адамдық қадірін қорғау мен өз мұраты үшін жан пидалыққа дейін апарады.
Еріктің физиологиялық негіздері
Психиканың басқа да көріністері сияқты ерік те мидің жүйкелік процестеріне негізделген заттасқан құбылыс. Ырықты әрекеттердің негізі алдыңғы орталық жүйке сайларындағ ми қабықтарының бірінде орналасқан аумақты пирамидалы жасушалар қызметінде көрінеді. Әрекетке келтіретін импульстер осы жасушаларда пайда болады, осы арадан түйдектелген жүйке талшықтары бастауын алып, миға тереңдейді, одан төмен түсіп, жұлынды бойлай отырып, дененің қарсы тарапындағы бұлшық еттерге жетеді, яғни пирамидалы жол жүреді. Осы жасушалардың қай бірі жарақаттанса, адамның оларға сәйкес бір қозғалыс мүшесі істен шығады. Алайда, ырықты әрекеттер бір-біріне байланысты өзара ықпалды әрі ниеттелген қимылдардың күрделі жүйесінде пайда болады. Бұл процесте қозғалыс түйсіктерінің маңызы үлкен. Егер алдыңғы орталық жүйке сайларының артына жайғасқан бөліктердің бірі зақым алса, адам өз әрекеттерін сезбей, қарапайым қимылдардан қалады, қалаған қозғалысын таңдап, реттей алмайды.