IV. Қорытынды
Әбу Насыр әл-Фараби – бір ұлттың шеңберінен шығып, бүкіл адамзат биігіне көтерілген қайталанбас тарихи тұлға! Оның рухани әлемін тану – адамзаттың мың жыл бұрынғы парасат-пайымын тану ғана емес. Бұл дегеніміз – бүгінгі болмысымыздың қай деңгейде екеніне көз жеткізу, сол туралы ой толғау, осыған орай жаңа заманның сын-қатерлеріне лайықты жауап іздеу.
Әл-Фараби ілімі бізді әлемдік өркениет жолындағы «Бақытты адам – қайырымды қоғам – қуатты мемлекет» жүйесін құруға жетелейді.
Біздің алдымызда тұрған зор міндет – ғұламаның әлем мойындаған өмірлік қағидаларын қазіргі заманға сай қолданып, ақыл-ой биігіне көтерілу, елімізді дамыған озық елдердің қатарына қосу.
Әл-Фараби көптеген сындарлы шығармалар туғызды. Фараби мұрасы ұшан-теңіз және сан алуан. Ол сол тұстағы бүкіл білім салаларын, этиканы, саясатты, психологияны, жаратылыстануды, музыканы оқып зерттеді.
Әл-Фараби тамаша математик болып, сол тұстағы теориялық медицинаның бүкіл қырларын жетік меңгерді. Ол музыка теориясы жөнінен көп еңбектер жазды. Композитор ретінде кеңінен мәшһүр болды, жаңа музыкалық аспап шығарды
Сөзімнің соңын немістің шығыс зерттеушісі А.Мюллердің әл-Фараби жайлы пікірімен аяқтаймын. «Бүкіл мұсылман шығысының аса ұлы ойшылы әл-Фараби өзінен бұрынғылар тек шетпұшпақтап айналысқан көп мәселелер бойынша аса зор жұмыс тындырды. Бұл кемеңгер адам грек философиясының ең терең қырларына дейін бойлап, байыбына жетті. Сондықтан да шығыста философияны ғылыми зерттеуді шын мәнінде бастаушы кім дегенде, басқа ешкім де емес, тек соның есімі аталуы керек».
Әл-Фарабиді таныту – Қазақстанды әлемге таныту!
Жұмыстың қорытынды ұсынысы:
1. әл-Фараби шығармалары тәрбие бағытында зерттеліп, әдістемелік көмекші құрал ретінде ұсынылса;
2. Қазақ халқының ойшылы әл-Фараби еңбектерін бүгінгі жас ұрпақ білуі тиіс деп ойлаймын. Мен “FARABI” деп аталатын сайт ашып, әл-Фараби еңбектерін комикс түрінде беріп, оқытқым келеді.
3. Мектеп оқушылары мен жастар үшін ойшыл шығармашылығына арналған танымдық сайыстар міндеттеліп жоспарланса;
Достарыңызбен бөлісу: |