Эссе құрылымы
Әдеби-талдау эссе
Тақырыбы:
М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Құнанбайдың Қодар мен Қамқаға шығарған үкіміне қатысты автор ойын талдап жазыңыз.
Роман-эпопеяда кейіпкер Қодар - жалғыз ұлы қайтыс болып, келіні Қамқамен, немересімен ғана қалған қауқарсыз жан. Елмен қатар көшуге күйі келмеген Қодардың ескі жұртта қалып қоюы туралы баяндала отырып, Қодар келінімен жақын қатынаста екендігі, сондықтан көшпей оңаша отырғандығы туралы да мәлімденген. Бұл іске Құнанбай ел билеуші би ретінде Қодар мен Қамқаға өлім жазасын кеседі. Автор Құнанбайдың бұл үкіміне қатысты романда қандай ой жеткізеді?
Романды оқи отырып, Қодар мен Қамқаны өмірден оздыру арқылы Құнанбай ішкі есебін жүзеге асыруға жол ашты. Құнанбайдың көп малына жайылымдық жер керек еді. Автордың Бөкенші, Борсақтың өз жеріне көшіп келген сәтін: «Жартастан бері Сүйіндіктердің қарсы алдында қалың жылқы ендеп, жайылып келеді. Ішінде жирені мен құласы көп, Құнанбай жылқысы», - деп баяндауынан Құнанбай Бөкенші, Борсақ жеріне олардан бұрын келіп, баса-көктеп жайлап алғаны жеткізіледі. Мұхтар Әуезов Құнанбайдың бұл әрекетін баяндай отырып, ел билеуші Құнанбайды қолындағы билікті өз мүддесіне жұмсайтын әділетсіз сұлтан ретінде көрсетеді.
Сонымен қоса, Бөкенші, Борсақтың өкініші де Қодар мен Қамқа өлімінің Құнанбайға ғана пайдалы болғанын ұғындырады. Романдағы «Арманда кетіпсің ғой, есіл ерім, Қодар-ай» - деген Сүйіндіктің өкінішті сөзі дәлел. Бөкенші, Борсақтың бармақ тістеуін автор қақпанға түскен қасқырлар сияқты елестетеді. Бұл сәтті автор тарапынан қарастырғанда, Қодар мен Қамқа өлімі - Құнанбайдың жерін кеңейту үшін ғана қолданған айласы деп есептеуге болады. Ой салатын тағы да басқа себептер бар.
Қодар мен Қамқа – жалғандық құрбаны. Автордың жеткізуі бойынша, Құнанбай ел арасындағы сөздерге ғана сүйенді. Ру басыларының жиынындағы Сүйіндік пен Құнанбай арасындағы қызу талқы, Қодардың: «Ақ, қарамды тексермедің бе, өңшең қан жұтқан қара бет?!», Қамысбайдан Қамқаның: «Жаным-ау, адам баласысың ғой... Осы айыбымыз не? Не қылмақсыңдар? Айтып өлтірсеңші?» - деген сөздер Құнанбай үкімінің адалдығына күмән тудырады. Сондықтан бұл үкім адал болды деп айту қиын.
Қорытындылай келе, Құнанбай шешімі арқылы автор қазақ еліндегі биліктің халық жайынан алыс болғанын көрсетті. Билік әділ болғанда ғана халыққа қызмет ете алады.
Достарыңызбен бөлісу: |