Кітап:
Дәріс:
Дәріс атворы:
Этика: теориясы
мен қазіргі мәселелері
Кіріспе
Ақмарал Байдлаева
2
Саламатсыздар ма, құрметті студенттер және біздің дәрістерді тыңдаушылар!
Менің есімім Байдлаева Ақмарал Қаржауқызы, философия пәнінің оқытушысымын. Мен сіздерге Сан-
Франциско Университетінің Философия профессоры Барбара МакКиннон
мен Калифорния штатының
Университеті Философия профессоры Эндрю Фиаланың «Этика. Теория мен қазіргі мәселелер» атты
еңбегін таныстыру мүмкіндігінің туғанына өте қуаныштымын. Бұл кітапқа арналған бейне-топтамамыз 25
дәрістен тұрады. Бұл дәрістер аясында біз жалпы этика дегеніміз не деген сауалды және этика саласындағы
негізгі мәселелерді қарастырып шығамыз.
Биотехнология мен биоинженерия, Зорлық-зомбылық
пен Соғыс этикасы, Жаһандық әділдік пен
жаһандану
мәселелері ортаға салынып, жан-жақты қарастырылады.
Кіріспе дәрісімізде біз жалпы этика дегеніміз не және оны зерделеу не себепті маңызды деген сұраққа
қысқаша жауап беріп көрейік.
Этика сөзінің этимологиясына үңілсек, бұл грек тіліндегі «әдет», «ғұрып», «мінез» дегенді білдіретін
сөзден шыққан термин. Этика – мораль, адамгершілік, ізгілік сияқты дүниелерді зерттеп,
адамдардың
қоғамда бірігіп өмір сүруін қамтамасыз ететін өзара әрекеттесу принциптері мен механизмдерін
зерделейтін философиялық пән. Зерттеудің ерекше саласын білдіретін термин ретінде бұл сөзді алғаш
Аристотель қолданған деп саналады.
Бұл терминнің ғылыми, философиялық теориясына кіріспес бұрын, оны біршама қолданбалы мағынада
сипаттап берсек, бұл тұжырымдаманы ұғыну біраз жеңілдеу болар. Ең қарапайым бір мысал: қоғамдағы
күнделікті орын алып жатқан түрлі іс-әрекет, мінез-құлықтарды саралай отырып, біз дәрігер, журналист,
заңгер, кәсіпкер, саясаткер немесе мұғалім сияқты кейбір кәсіпқой адамдардың мінез-құлқы немесе іс-
әрекеті жайлы сөз қозғап жатамыз. Осыған орай біз медициналық этика, журналистік этика, құқықтық
этика, кәсіпкерлік этика, саяси қайраткерлердің кәсіби этикасы және педагогикалық этика деген ұғымдарды
келтіреміз. Этиканы заңмен шатастырып алуға болады, дегенмен, көптеген заңдардың түп-тамыры осы
этикалық принциптерден бастау алып жатады.
Әйткенмен, заңнан бір өзгешелігі – үкімет немесе қоғам бір де бір адамды этикалық нормаларды қатаң
сақтауға мәжбүрлей алмайды, әрі оны осы ережелерді бұзғаны үшін ешбір жазаға тарта алмайды (әлбетте,
егер заң этикаға қатысты мәселелер бойынша ешбір қаулы қолданбайтын болса).
Әрине, этика тек кәсіби салада
ғана қолданылып қоймайды, оның арнасы адам өмірінің барлық
тармақтары мен салаларына тарқатылады. Дегенмен, әрбір адам өз кәсібінің аясында өзін қалай ұстауы
тиіс екендігін нұсқау ететін кәсіби этика кодекстері бар.
Ендігі жерде жиі көтерілетін сұрақтардың бірін атайық: бұл – этика мен моральдың айырмашылығы.
Этика мен мораль өзара байланысты, бірақ олар екі түрлі. Мораль нормаларға, дәстүрлерге немесе мәдени,
иерархиялық және діни тәртіптерге бағынуға негізделген. Ал, этика болса, өз кезегінде, өмір салтын адами
көзқараспен негіздеуге талпынады.
Философияда этика, әдетте, дәстүр немесе әдет ретінде ұғынылатын моральмен шектеліп қана қоймай,
өмірдің ең үздік үлгісін сүруге немесе асқақ мұраттарға ұмтылудың ең үздік жолдарын іздеудің теориялық
тұжырымдарын іздейді.
Этика
антропология, психология,
әлеуметтану, экономика,
экология, педагогика, саясат, тіпті, дене
шынықтыру мәдениеті және т.б. салаларды қамтиды.
Мысалы, күнделікті өмірде естіп жүрген кәсіби этика туралы бірер ауыз сөз айтсақ.
Бұл термин
белгілі бір әлеуметтік топтағы адамдардың мінез-құлық, жүріс-тұрыс ережелерінің жиынтығын немесе
еңбек іс-әрекетіндегі кәсіби моральдық нормалардың жүйесін білдіреді. Ол осындай ара-қатынастардағы
адамгершілік ұстанымды қарастырады. Демек, адамның кәсіби қызметіндегі жауапкершілігіне, яғни оның
кәсіби міндеттері мен қызметтік борыштарына деген көзқарасын сипаттайды.