Этикалық тақырыптағы әңгіменің нәтижелі болуы мынаған байланысты:
- әңгіме мазмұнының оқушылардың жас ерекшеліктері мен олардың әлеуметтік тәжірибесіне сәйкес болуы;
- әңгіменің қызықты, әсерлі, түсінікті болуы, онда адамгершілік ой-пікірлермен қоса мысалдардың, жағдайлардың болуы;
- әңгімені оқу барысында әңгіме-сұхбаттың жүргізілуі; оқушылардың әңгімені талдауға атсалысып, өздерінің ой-пікірлерін білдіре алулары өте маңызды;
- әңгімеге қоса суреттерді қолдану (бейнелеу өнерінің туындылары, фотографиялар); әңгімені дұрыс қабылдауда музыканың орны ерекше;
- мазмұндама тілінің әдеби сауатты болуы.
Этикалық әңгімені қабылдауда бөлме ішінің жабдықталуының да маңызы бар. Жоспарланған әңгімелер жайлы бөлмелерде, оқушылар ешқайда асықпаған еркін жағдайда жүргізіледі. Этикалық әңгімеден кейін оқушылар мазмұны мен көңіл-күйі жағынан өзгеше бір іске (мысалы, спортты? жарыс) кірісіп кетсе, әңгіменің тәрбиелік мәні төмендейді.
Күнделікті тәжірибеде тәрбиелік процесте түсініктеме жиі қолданылады. Бұл оқушыларға сезім мен сөз арқылы әсер ету әдісі. Түсініктеменің әңгімеден өзгеше маңызды белгісі – оқушыларға немесе жеке тұлғаға қандай да бір жағымсыз жағдайлар бойынша әсер ету. Түсініктеменің әдіс-тәсілдері әр түрлі: төменгі сыныптарда «Былай істеу керек» деген сияқты тура пайымдаулар, жасөспірімдермен жұмыс кезінде терең мотивация, белгілі бір адамгершілік ұғымдарының қоғамдық мәніне түсініктеме беру қажет.
Түсініктемені оқушыларға мінез-құлықтың адамгершілік нормаларын түсіндірудің қажеттілігі туындаған жағдайда ғана қолдану керек. Бірақ мектептегі, көпшілік орындардағы қоқыс тастауға, түкіруге, партаға сурет салуға, дөрекілік жасауға болмайды деген сияқты күнделікті мінез-құлық нормалары туралы сөз болғанда түсініктемені қолданудың қажеті жоқ. Мұнда үзілді-кесілді талап ету қажет. Түсініктеме қандай да бір жаңа адамгершілік қасиетті, оқушылардың белгілі бір әрекетке деген дұрыс қатынасын қалыптастыру үшін қолданылады. Түсініктеме көбінесе сендіруге негізделеді. Сендіру оқушының психикасына астыртын әсер етіп, іс-әрекеттің мақсаттары мен мотивтерін қалыптастырады. Ол ақыл-кеңес, есіне түсіру, тілек-ұсыныс түрінде қолданылады.
Тәрбие тәжірибесінде түсініктеме мен сендірумен қоса кейде насихат сияқты әдіс қолданылады. Оқушының бойындағы жағымды қасиеттерге сүйену: абырой, ар-намысы мен ұяты сияқты насихатты дұрыс қолданудың алғы шарттарын қалыптастырады. Бұл әдістің педагогикалық нәтижелілігі мұғалімнің беделіне, оның жеке тұлғалық қасиеттеріне байланысты.
Сананы қалыптастырудың аталған әдістерін (әңгіме, түсініктеме, сендіру, насихат) ретсіз қолданғанда ол үгіттеуге айналады. Мұндай жағдайларда олар оқушы бойында қарсы әрекет, мұғалімнің тілегіне кері әрекет ету ниетін оятады.
Достарыңызбен бөлісу: |