Этнология (грекше «etnos» халық және «logos» ғылым, ілім, сөз) қоғамдық ғылымдардың халықтарды зерттейтін саласы



Дата14.10.2023
өлшемі24,07 Kb.
#114049
түріҚұрамы
Байланысты:
Дәріс 7-8


Дәріс №7-8
Этнология (грекше «etnos» – халық және «logos» – ғылым, ілім, сөз) – қоғамдық ғылымдардың халықтарды зерттейтін саласы. Этнология қазіргі халықтарды және ертеде өмір сүрген көне этностық топтардың шығу тегін, ру-тайпалық құрамын, қонысын, олардың өзіндік ерекшеліктері мен бәріне бірдей ортақ жайларды, тарихи және мәдени қарым-қатынастарын, күнделікті тұрмысын, кәсібін, қоғамдық және отбасылық қарым-қатынастарын, рухани мәдениетін жан-жақты ғылыми негізде зерттейді. Өткен өмір мағлұматтарын соңғы деректермен салыстыра зерттеп, этнолог халық тұрмысы мен мәдениетінің тарихи даму үрдісін анықтайды. Халық өмірінің өткен кезеңдерінің ең көне дәуірі палеоэтнология деп аталады. Мысалы, халықтардың шығу тегін зерттеуде этнология үнемі археологиялық деректерге сүйенсе, археология өзінің зерттеу жұмыстарында археологиялық ескерткіштердің қандай этникалық топтарға жататындығын анықтау барысында әрдайым этнологиялық деректерді кеңінен пайдаланады. Мәдениет және өнер тарихын, халықтың көркемөнері мен ауыз әдебиетін зерттеу және халықтың дәстүрлі шаруашылығы мен кәсібін зерттеу этнологияны толықтыра түседі. Халықтардың тілдеріндегі жақындықты зерттеу лингвистика мен этнология мүдделерін жақындата түседі. Халықтар мен табиғи ортаның әсерін, қоныстану үлгілерін және этнологиялық картографияны зерттеу ісі этнологияны географиямен және дүниежүзі халықтарының санын есептеуге арналған демография пәнімен байланыстырады. Сондай-ақ, халықтардың шығу тегін және алғашқы қауымдық құрылыс тарихын зерттеуде антропология ғылымы этнологиямен ұштасып, этнологиялық антропология саласын қалыптастырды. Этнология жоғарыда көрсетілген ғылым салаларымен тығыз байланыса отырып, ғылым үшін де, күнделікті тәжірибе үшін де аса маңызды көптеген сауалдарды шешеді. Мысалы, жеке елдер мен бүкіл дүниежүзі халықтарының этникалық құрамын және халықтың шығу тегі мен этнология тарихын, артта қалған халықтарда сақталған көне дәстүрлер қалдықтарының негізінде алғашқы қауымдық құрылыстағы қоғамдық өмір мен мәдениеттің қандай болғандығына ғылыми талдау жасайды. «Этнология» термині шетелдік тарихнамада кеңінен қолданылғанымен, кеңестік тарихнамада мүлдем пайдаланылмады. Себебі, мұнда этнологияға бірегейлік сипат берілмей, оны этнография деп атады да, бұл ғылымды тарих ғылымдарының бір саласы ретінде ғана қарастырып келді. КСРО ыдырай бастаған кезде ғана «этнология» термині этнографияны ығыстырып шығарды. Сөйтіп, оның халықты танып білудегі рөлі нақтыланды. Этнология атауы этнос терминіне байланысты қалыптасқан. Антикалық заманда эллиндіктер «этнос» терминін грек емес халықтарға қолданған болатын. Этнология термині ХІХ ғасырға дейін кеңінен қолданыла қойған жоқ. Тек кей жағдайлардағы этнографиялық үрдістер мен құбылыстарды баяндау кезінде ғана қолданысқа еніп отырды. Антропология ғылымдардың жалпы классификациясын жасап, оның ішінде этнологияны бөліп, 1830 жылы алғаш рет көрсеткен француз ғалымы Жан Амперм еді. Осыдан кейін еуропа ғылымының жұртшылық осы терминді кеңінен қолдана бастады. Этнология ғылымының дербес пән ретінде ресми түрде қалыптасуы Париж этнологтары қоғамының құрылуынан (1839) басталады. Бұл оқиға пән және оның қоғамдық ғылымдардағы орны туралы қызу ғылыми-теориялық пікір-сайыстар туғызды. Кейбір мәселелерге қатысты сан алуан көзқарастар болғанымен, қазіргі таңда этнологияның орны, пәні мен зерттеу әдістері, міндеттері, т.б. айқындалған. Алғашқыда этнология дамуы артта қалған, жазуы мен мемлекеттілігі болмаған халықтарды зерттеумен айналысып, бұл үрдіс ХХ ғасырдың бас кезіне дейін созылды. Кейіннен түрлі саяси және экономикалық мүдделерге сай ғылымның ауқымы кеңейіп, бүгінгі күнге дейінгі мәселелер қарастырыла беретін болды. Жаңа тарихи жағдайларға байланысты қазіргі уақытта Этнология күрделі де сан салалы тармақтардан тұратын іргелі ғылымға айналды. Оған этнологиялық антропология, этнологиялық социология, этнологиялық психология, экономикалық этнология, этнодемография, этнологиялық география, этнопедагогика сынды бірнеше бөлімдер кіреді. Қазақстанда этнологиялық ізденістердің дамуы ілкі замандардан бастау алған. Ерте темір дәуірінен басталған мол этнологиялық жадығаттар ғасырлар бойы жинақтала берді. Қазақтар туралы нақтылы этнологиялық деректерді патшалық Ресей тұсында Қазақстанға келген орыс шенеуніктері жинастырды. Әсіресе, бұл салада П.С. Паллас, И.Г. Георги, И.П. Фальк, И.Г. Андреев, А.И. Левшин сынды зерттеушілердің еңбектері зор. ХІХ ғасырдың ІІ-жартысында қазақ этнологиясына елеулі үлес қосқандар Ш.Уәлиханов пен Ы.Алтынсарин, М.Бабажанов болды. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ этнологиясына Н.Гродеков, Н.Аристов, Ә.А. Диваев, Г.Н. Потанин, Ш.Құдайбердіұлы, І.Қостанаев, т.б. елеулі үлес қосты. ХХ ғасырдың 20-жылдарының соңында С.И. Руденко бастаған ғылыми экспедиция құрылып, оның құрамында Ә.Х. Марғұлан жұмыс істеді. Бұл экспедиция «Қазақтар» деген атпен бірнеше жинақтар шығарды. 1946 жылы Қазақстан Ғылым Академиясы құрамында Тарих және этнология институты ашылғаннан кейін ел арасынан дерек көздерін жинастыру, ғылыми талдау жүргізу жұмыстары жолға қойылды. Жинақталған мағлұматтар негізінде қазақ халқын этнологиялық тұрғыда зерттеу тарихы (Е.Масанов), ру-тайпалық құрамы (В.Востров, М.Мұқанов, Х.Арғынбаев), ұлттық киімдері (И.Захарова, Р.Ходжаева), басқа өңірлердегі қазақтардың тұрмысы (У.Шалекенов), неке және отбасы, ұлттық қолөнер (С.Қасиманов), ұлттық тағамдар, т.б. көптеген тақырыптар төңірегінде көлемді зерттеулер жүргізілді. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін республикада этнологиялық ізденістер тарихи шындық тұрғысынан түзіле бастады. Республиканың түкпір-түкпірлерінде ғылыми ошақтар өркендеп, бірқатар зерттеушілер (Ә.Төлеубаев, С.Әжіғали, Ж.Артықбаев, Ш.Тоқтабаева, т.б.) этнологиялық мәселелерді жаңа қырынан қарастыруда. Ғалымдар мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша да тың зерттеулер жүргізіп келеді.
Этнографиялық тәжірибенің мақсаты – біріншіден, студенттердің дәріс және семинар сабақтарында алған білімін бекіту; екіншіден, тәжірибеші-студентті экспедиция жұмыстарына қатыстыра отырып, оның бойында далалық жағдайдағы жұмыстарды ұйымдастыру мен кәсіби-этнограф дағдыларын қалыптастыру; үшіншіден, этнографияны игеруге көңіл аударған студент-тәжірибешілердің алдына ғылыми тапсырмалар қойып, кәсіби дағдыларын қалыптастырып, олардың ғылыми зерттеулеріне алғышарттар жасайды. Студенттердің ғылыми жұмыспен айналысуы, студенттік ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, ғылыми баяндама оқуы мен оны қорғауынан басталады.
Этнографиялық зерттеу жүргізілетін аймақ жөнінде мәліметтер жинау ең маңызды іс болып табылады. Гуманитарлық ғылымдардың өзге салаларының ішінде этнографияның өзгешелігі, ең алдымен, бастапқы фундаменталды дайындықты, яғни нақты тақырыпты анықтап алу, зерттеудің бағдарламасы мен әдістемесін құрастырып алу, теориялық білімді игеруді қажет етеді. Алдын-ала дайындықсыз далалық тәжірибеге шығудың да қажеті шамалы.
Негізгі әдістемелік ережелер. Далалық этнографиялық зерттеулер жүргізілетін тәжірибелер барысында жадығат жинақтаудың негізгі екі тәсілі қолданылады: тұрақты және маусымдық.
Тұрақты тәсілмен этнографиялық зерттеу әдістерін жүргізу өз алдына сол зерттелетін аймақтағы этникалық топтың ішінде, неғұрлым ұзақ уақыт тіршілік етуге бейімделу. Бұл тәсіл аз зерттелген немесе мүлдем зерттелмеген этностар туралы әр түрлі мәліметтер жинауда кеңінен қолданылады. Мерзімі бір этнографиялық жылдан кем емес уақытқа созылуы тиіс. Алғашқы 2-3 айлар этнографқа танысу мен жаңа ортаға бейімделуі үшін қажет. Бұдан соң зерттеуші жылдың барлық маусымдарында этникалық бірліктің немесе оның жеке бөлігінің өмірін бақылайды. Мәселен, Л.Морган көп жылдар бойы ирокездер арасында өмір сүрді, тіпті олардың рулық ұйымына қабылданды. Ал, Н.Н. Миклухо-Маклай Жаңа Гвинеидегі папуастар арасында бірнеше жылдар бойы өмір сүрген. Екеуі де ғылыми құнды жадығаттар жинады. Өйткені, тұрақты тәсіл барысында этнограф зерттеп отырған тайпаның немесе рудың күнделікті өміріне тікелей қатысады. Міне, сондықтан бұл тәсіл маусымдық әдіске қарағанда біршама дәл, әрі толық мәліметтер алуға мүмкіндік береді және этнографты асығыс, әрі кездейсоқ қорытынды жасаудан сақтандырады.
Маусымдық тәсілдің ерекшелігі жоспар бойынша көбінесе қысқа уақыт ішінде маңызды мәселелерді қарастырып, далалық жадығаттарды жедел жинақтауға мүмкіндік береді. Бірақ этнографқа отбасылық немесе әлеуметтік тұрмыстың күрделі жақтарын жете түсінуіне мүмкіндік бермейді, ал тілді білмеу кездейсоқ мәліметтерді жинау қаупін туғызады. Бұл тәсіл өз ішінде мақсаты мен мерзіміне, зерттеу қамтылатын территория көлеміне қарай бөлінеді. Бұның бірі – жалпы маршруттық тәсіл. Үлкен территорияда алдын-ала жасақталған маршрут бойынша белгілі бір этносты зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған. Мұндай далалық зерттеу жұмысы этнографқа толыққамды, жүйелі, дәлелді және салыстырмалы жадығаттар жинақтауға мүмкіндік береді.
Жалпы маршруттық зерттеу тәсілінің алдына қойған мақсатына жетуі дұрыс құрылған маршрутқа байланысты. Оны құру үшін бұрын жүргізілген зерттеу туралы әдебиеттердегі мәліметтермен танысу керек және жекеленген аудандар мен этникалық топтың этнографиялық зерттелу дәрежесін анықтау керек.
Маршрутты зерттеу жүргізу экспедицияның қозғалысын «желілік» маршруттағы тәсілмен жүріп отыру немесе әр тоқтаған аялдамада екі-үш күн болып жадығаттар жинақтаумен жүргізіледі. Келесі тәсіл – шоғырланған тәсіл, зерттеу барысында басты базалық пунктіні (белгілі бір ірі немесе аудан, облыс орталығы болып саналын елді мекен – Ж.М.) негізгі зерттеу объектісіне алып, ал қалған көршілес ауылдарды сол жиналған жадығаттарды бекітіп, салыстырып алуға жеңіл-желпі қарастырылады.
Тақырыптық экспедициялық тәсіл – белгілі бір өзекті мәселені немесе этностың мәдениеті мен тұрмысының аз зерттелген жақтарын жан-жақты зерттеуге арналады. Көбіне зерттеу пункттерінде салыстырмалы ұзақ мерзімді аялдамалардан тұратын маршрутпен сәйкес келеді.
Панельді немесе қайталамалы экспедициялық тәсіл – этно-мәдени құбылыстардың даму динамикасын немесе этно-әлеуметтік өзгерістерді анықтау үшін белгілі бір уақыт интервалымен бір объектіні бірнеше рет зерттеуге арналады.
Далалық этнографиялық тәжірибе барысында қажетті жадығаттарды жинақтап, ғылыми білімді молайту үшін келесідей тәсілдерді қолданады:
- байқау әдісі – халық тіршілігінің әр жақты қырларын көрсететін нақты жадығаттарды жинақтауға мүмкіндік береді. Оның ішінде өмір сүру жағдайы, жергілікті халықтың мінез-құлық ерекшеліктері, тұрмысы осының бәрі іскер этнограф үшін таптырмас жадығат болып табылады. Әрбір этнографтың далалық жазбаларында немесе басқа да құжаттарында ескерілмеген барлық байқаған дүниелері оның күнделігінде қамтылуы қажет;
- сұрақ-жауап әдісі – этнографтың таңдап алынған ақпарат берушімен немесе жергілікті жердің тұрғыны беретін ақпаратты пайдалану арқылы жүргізілетін далалық зерттеудің маңызды тәсілі;
- эксперимент әдісі – сол жергілікті жердегі отбасының немесе қоғамның әлеуметтік ортасымен бірге мейрамдарға, әр түрлі оқиғаларға атсалысу. Бұл тәсіл салт-дәстүрлердің қандай ерекшеліктері, қалай жүргізілетіні, кімдер қатысатыны жөнінде көп мәліметті көзбен көруге мүмкіндік береді. Ал қажетті жағдайда жергілікті халықтан белгілі-бір салт-дәстүрдің немесе қажетті оқиғаның қалай орындалатынын сұрап, өз көзіңмен көруге болады, бірақ бұның жүргізілуі сахына түрінде емес табиғи (шын болып жатқандай – Ж.М.) жүргізілуі қажет;
- анкеталау әдісі. Оның екі түрі бар: біріншісі өз бетімен жергілікті халық жауап беретін анкеталар. Бұлар өз ішінде: прессалық (анкета мәтіні баспасөз басылымында басылса); почталық (анкета жауап берушілерге почтамен жіберілсе); үлестірмелі (анкета жауап берушілердің өз қолдарына үлестірілсе) деп бөлінеді.
Екіншісі далалық сараман барысында этнограф жүргізетін анкета түрлері. Бұлар: тақырыптық анкеталар (сұрақтар көлемі шектелмейді, бірақ жинақталған формада); бланкілі анкеталар (аз сұрақтан тұратын, бірақ белгілі бір мәдени құбылыстың қаншама территорияны қамтығандығын анықтау үшін); уақытша анкеталар (зерттейтін объектіні анықтау үшін жүргізіледі).
Анкеталық қолдануда сұрақ қоюдың бірнеше түрі болады: 1) Дихотомиялық сұрақ (жауап берушілерден «ия», «солай», «жоқ», «олай емес» т.б. сөздердің астын сызу немесе тұсына белгі қою арқылы өзінің пікірін білдіру талап етіледі). 2) Жабық анкета (сұраққа беретін жауаптардың бірнеше нұсқалары тізіледі де, жауап беруші солардың бірін белгілеу арқылы өз пікірін білдіреді). 3) Ашық анкета (жауаптын мазмұнына ешбір шек қойылмайды).
Жадығаттарды зерттеу барысында қойылатын сұрақтардың алдын-ала болуы шарт. Заттар мен құбылыстарды тіркеп жазу қатаң тәртіппен орындалады. Еңбек үрдісін бақылау, басқа да іс-әрекеттердің маңызы мен мазмұнын тексерудің негізгі түрі ретінде сақталыну қажет.
Әрбір экспедицияда жергілікті халықтың киімі, тұрғын үйі, материалдық мәдениеттің өзге де заттарын жинақтау және тіркеу үшін үлкен жұмыс атқарылады. Бұл үшін суреттер, сызбалар, жоспарлар, JPS-те анықталатын координаттар, барлығы қамтылуы қажет.
Елді мекендердің орналасу жоспарларын түсіру топография негіздерін білуді талап етеді. Қазіргі этнографиялық экспедицияны фотоаппаратсыз немесе бейне камерасыз елестету қиын. Жалпы алғанда әрбір этнограф объектілер мен заттарды суретке түсірудің әрбір қырларын білуі маңызды.
Экспедицияның негізгі құжаттарына: күнделік, дәптер, анкета, графикалық суреттер, бейне-дыбыс және фотожадығаттар кіреді. Бұл құжаттар экспедиция аяқталған соң мұрағатқа тапсырылады.
Беттері дұрыс нөмірленген таза және түсінікті жазбалар, жадығаттың құндылығын көтеріп, оның келесі кезектегі пайдалануын көп жеңілдетеді.
Қазіргі кезде ертеден сақталынып келе жатқан көптеген жергілікті халықтың мәдениет ерекшеліктері, аз уақыт ішінде жоғалып бара жатыр. Этнографтар ескерткіштерді зерттеуге қатысып қана қоймай, оларды қорғау жолдарын да қарастыруы орынды. Бұл үшін коллекцияларды жинау және ескерткіштерді тіркеп отыру қажет.
Этнографиялық коллекцияларға алғашқы қойылатын талап – жиналатын экспонаттардың типтілігі болуы шарт (бір тарихи дәуір типіне немесе сол жергілікті жердің типіне жатуы).
Екінші талап – жеке экспонаттар жинақтау емес, заттар кешенін жинақтау. Мұндай жинау барысында халықтық мәдениеттің белгілі бір бөлігі немесе этностың анықталған бір жағы нақты көріне түседі. Мәселен, ертедегі жер өңдеу тәсілін зерттеу үшін, еңбек құралдарына, өсімдік үлгілеріне назар аударылады. Мұның барлығы осы саладағы барлық жұмыс түрлерін, өндірістік үрдістің барлық кезеңдерін қамтуы қажет.
Тәжірибенің жұмыс бағдарламасы. Жұмыс бағдарламасы – этнографиялық жадығаттарды жинақтау бойынша тәжірибешілердің негізгі бағыттарын анықтау керек. Сонымен қатар бағдарламадағы тақырыптардың орналасуы, кафедрада жүргізілетін этнографиялық жадығаттарды жинау мен өңдеуге қатысты арнайы курстардың мазмұнымен сәйкес келіп отыруы керек. Ереже бойынша, арнайы кәсіби археология мен этнография топтарының студенттері этнографиялық экспедиция ішінде негізгі құрамды құрайды. Соңғы кездері бірқатар университеттерде «Археология және этнографияға» қатысты кафедралар мен бөлімшелер ашылуда.
Белгілі мақсаттағы далалық жұмыстар этнографиялық зерттеулер жүргізуге көп көмегін тигізеді.
Этнограф далалық экспедиция барысында әртүрлі оқиғаларға кез болып, бағдарламадан тыс жұмыстарды қамтуға тура келеді. Мұндай жағдайда этнографтың тек өзінің шығармашылық қабілеті көмектесе алады. Ал этнограф үшін өзінің жұмыс барысында небір жаңалықтарға кез болу немесе ашып көрсетуі әрине, қуантарлық жағдай.
Экспедцияға немесе экскурсияға дайындық кезінде ең алдымен, оқушылар не істеуі керек, қандай фактілік жадығат жинауы тиіс екенін нақты анықтап алған дұрыс. Тапсырмаларды бөлу кезінде оқушылардың қызығушылығы мен бейімділігін ескерген жөн. Мәселен, қыз балалар мынадай тақырыптарды қуана-қуана зерттейді: «Азық-түлік пен ұлттық тағамдар», «Қазіргі таңдағы білім саласының даму жай-күйі», «Отбасылық әдеп» және т.б.
Халықтан сауал алуды ретсіз жүргізуге болмайды. Ең алдымен, жергілікті тұрғындардан ақпарат берушіні анықтап алу қажет. Ол үшін жергілікті қоғамдық ұйымдардан, мектеп қызметкерлерінен және өзге де ұйымдардан көмек сұраған дұрыс. Әңгіме еркін сипатта болғаны жөн және тергеуге айналмауы керек. Әңгіме барысында сауалнаманы қолданған тиімді. Бұл маңызды мәселені назардан тыс қалдырмауға көмектеседі. Алайда сұрақты құрылған ретімен қою шарт емес. Бір сұрақты да жауапсыз қалдырмаған маңызды.
Өлкетанулық зерттеу жүргізіп отырған оқушы бір ақпарат берушінің мәліметін әрқашан өзгелердің мәліметтерімен салыстыру қажет екенін есте сақтаған жөн. Бұл кездейсоқ қорытынды жасаудың алдын алады. Сондай-ақ, өлкетанулық далалық жұмыстарда заттай жадығаттарды тіркеп алу маңызды: а) заттарды сипаттау; ә) бұлардың графикалық суретін салу.
Жиналып жатқан жадығаттар далалық дәптерлерде, экспедициялық күнделіктерде, графикалық жадығаттарда, фотосуреттерде, үнтаспаларда тіркеледі, жазылады.
Далалық дәптердің бірінші бетінде: зерттеу тақырыбы, оқушының аты-жөні, тегі, сондай-ақ бітірген сыныбы, мектеп атауы мен нөмірі, экспедция немесе экскурсия уақыты жазылады. Жазбалар беттің бір жақ бетінде жүргізіледі, әр ақпарат берушімен әңгіме жаңа беттен басталады. Жазба түсінікті жазумен жазылуы тиіс. Егер бұны жүзеге асыру әңгіме барысында мүмкін болмаса, онда әңгімеден соң бірден жазбалар қайта басылуы керек, ал түзетілуі, барлық қосымшалар және анықтаулар далалық дәптерде тек далалық жұмыс барысы кезінде оның иесінің қолымен жасалады. Дәптердің әр беті нөмірленеді, соңында бұлардың саны көрсетіледі. Беттерін жұлуға болмайды.
Әңгіме барысында міндетті түрде келесі мәліметтер жазылады: 1) жазба өткізілген жер (облыс, аудан, ауыл, қала, мекеме аты); 2) кімнен мәліметтер алынғандығы (ақпарат берушінің аты-жөні, тегі, ұлты, жасы, мамандығы). Затты сипаттау кезінде оның иесі жөнінде мәліметтер беріледі, дәстүрді сипаттау кезінде оны пайдалану жөнінде мәліметтер жазылады. 3) Кім жазба жүргізгендігі туралы мәлімет беріледі. Жазба күні түсіріледі.
Жазба жадығаттары экспедиция немесе экскурсиядан соң мектеп музейіне сақтауға беріледі. Бұнда бұлар өңделеді және оқу-тәрбие жұмыстарында пайдаланылады. Далалық жұмыстардың нәтижелерін өлкелік зерттеулер мақсатында оқушыларға шығарма, реферат, ғылыми жұмыстар жаздыруға, есеп кешенін жасатуға, конференция ұйымдастыруға пайдалануға ұсынуға болады. Сонымен қатар, бейнефильм, фотоальбом жасауға, көрме ұйымдастыруға болады. Экспедиция барысында ерекше көзге түскендер марапатталады.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет