Компенсациялық өзгергіштік дегеніміз – бір мүшелердің және олардың қызметтерінің дамуы басқа бір мүшелердің дамуы мен қызметін тежеп, олардың жетілмей қалуына немесе редукциялануына себеп болады
Табиғаттағы түрлердің өзгергіштігі. Үй жануарлары мен мәдени өсімдіктердегідей анық көріністі болмаса да , табиғи жағдайларда тіршілік ететін ағзаларда да елеулі өзгергіштік белгілері болатыны белгілі. Тірі ағзалардың кез келген ұрпағындағы дарасында басқа дараларынан біраз айырмасы болады. Осы жеке айырмашылықтардың өте үлкен мәні бар, өйткені олар көбіне тұқым қуалайды және бұл келесі ұрпақтарда бірте-бірте жинақталып қорлана түседі. Екінші жағынан, түр көлемінде ағзалардың әр түрлі морфологиялық оқшау топтары жиі пайда болып отырады. Дарвин ондай топтардағы даралардың жиынтығын «түршелер» деп атады. Ағзалардың табиғаттағы өзгергіштігі түрдің таралу көлеміне байланысты, кең таралған түрлерде түршелер де мол болады. Түрлердің әр түрлі физикалық және биологиялық жағдайларда мекендеуіне байланысты, олардағы топ аралық өзгергіштігі де айқындала түседі. Бұндай әрекеттер ұзақ уақыт аралығында жүретіндіктен, өзгерген белгілер тұқым қуалайтын болады. Яғни, сыртқы орта жағдайына бейімделе отырып қалыптасқан белгілер міндетті түрде тұқым қуалаудың нәтижесінде ұрпақтан ұрпаққа беріледі.
Тұқым қуалаушылық теориясы. Дарвин мәдени түрлер мен табиғи түрлер пайда болу әрекеттерінің тарихи даму нәтижесі екендігіне көзі жеткен соң, ол әрекеттің бір екендігін дәлелдеуге кіріседі. Үй жануарларының тұқымдарын зерттеу, оларды қолда асырай бастағаннан бері едәуір ірілене бастағанын және бұл өзгерістер ұзақ уақыт бойы тұқым қуалай алатындығын көрсетті. Егер тіршілік жағдайлары сол қалпында сақталып отырса, бірнеше ұрпақтар бойы тұқым қуалап келе жатқан өзгерістер, олардың келешек ұрпақтарына шексіз беріле беретіндігі Дарвин жұмыстарынан белгілі болды. Қолға үйретудегі әрекеттер табиғи жағдайда да өздігінен сыртқы орта жағдайының әсерінен жүріп отыратынын ғалым негізгі еңбегінде көрсеткен болатын. Тұқым қуалаушылық, ағзаның өзгергіштік қабілеті сияқты, барлық ағзаға тән қасиет. Бұл, ата-тегінің белгілері ұрпақтан ұрпаққа берілу және сақталу қасиеті болып табылады. Тұқым қуалаушылық жынысты және вегетативтік көбеюде де жүреді. Дарвин тұқым қуалауды басқарып тұрған қандай заңдылық екендігіне аса назар аударып, «пангенезис» (шығу тегінің жалпыға бірдейлігі) теориясын жете тексерді. Ол теория бойынша ағзаның тұқым қуалайтын белгілерінің әрқайсысы белгілі заттық ең кіші бөлшекке – «геммулаға» сәйкес келеді. Ағза жасушалары жеке даму барысында қайтадан иелене алатын геммулалар бөліп шығарады. Бұрынғылары сияқты қайтадан иеленген бұл геммулалар ұрықтық жасушаларға беріледі де, олар бөлінген кезде еншілес жасушаларға беріледі, деп дұрыс түсндіре алмады. Дарвин өзінің осы жорамалының дұрыс еместігін көрсете отырып, тұқымқуалаушылық пен өзгергіштікті терең зерттеу қажеттілігін өз еңбектерінде бірнеше рет айтады.