Ежелгі Үндістандағы саяси ілімдерде мифтік, діни және брахманизм идеялары үстемдік жасады. Брахманизм идеясы б.з.д. II мыңжылдықта ВЕДА ескерткіштерінде кездесті. Веда- білім, кіріспе деген магынаны білдіреді. Бұл ведаларда адамдар төрт варнаға бөлінді: брахмандар- Пуруши құдайының аузынан, кшатрийлер- құдай қолынан, вайшийлер- қүдай санынан, шудралар- құдай табанынан жаралған деп санады.
Ману зандарында адамдардың варналарға бөлінуі және олардың қоғамдағы орны мен әлеуметтік теңсіздігі қорғалады. Мұнда брахмандардың жоғары дәрежелі жағдайы мен үстемдігі, артықшылығы туралы айтылады. Тіпті патшаның өзі брахмандарды құрмеггеуі, олардың ақыл- кеңестерін, талаптарын орындауы тиіс. Заң бойынша патшаның басты міндеті варна жүйесін қорғау және оған қарсы келгендерді жазалау. Ману заңы бойынша патша өкілдігі шектеулі.
Б.з.д. VI ғасырда Будда (данышпан деген мағынаньі білдіреді) деген атпен белгілі болған С.Гаутама Веда ілімін сынға алады. Будда діні бойынша брахмандардың жоғары дәрежесі мен артықшылығы жоққа шығарылады. Б.з.д. 111 ғасырдан бастап буддизмнің көптеген идеялары әлеуметгік-саяси маңызға ие болып, мемлекеттік саясат пен заңдылыққа ықпал ете бастайды. Үндістанды бір орталыққа біріктірген Ашока патшаның билігі тұсында (б.з.д. 268-232 жж.) буддизм мемлекеттік дінге айналады. Буддизм ықпалы кейінен Қытай, Жапония, Бирма, Цейлон елдеріне де тарады.
Будда «ең бастысы- адамның атағы мен шыққан тегі емес, адамгершілігі»- деп үйретті. Сонымен бірге, адам өмірінің мәні байлық пен атақ емес, әрқашан шындықты айтып, мейірімділік пен қайырымдылыққа ұмтылуда екенін дәріптеді.
Ежелгі Қытайқоғамдық-саяси ойында ықпалды ағымның бірі болған даосизм ілімі, онын, негізін салған б.з.д. VI ғасырда өмір сүрген оқымысты Лао-цзы. Еңбегі «Дао және дэ» деп аталады. Даосизм ілімі «дао» ұғымына негізделеді, ол «алғашқы түпкі негіз» деген мағынаны білдіреді. Даосизм ілімі аспан, табиғат, қоғам заңдылықтарын анықтады. Бұл заңдылық жоғары қайырымдылық пен табиғи әділдікті жақтады. Дао ілімі бойынша барлық адамдар тең. Ол теңсіздікті, әділетсіздікті, қайыршылықты даодан ауытқу деп санады.
Қытайдың саяси ілімі тарихында конфуцизм ілімі маңызды рөл атқарған. Оның негізін қалаған б.з.д. 551-479 ж. өмір сүрген Қытай ойшылы Конфуций болды. Оның көзқарастары шәкірттері құрастырған «Лунь юй» (Әңгімелер мен пікірлер) кітабында жинақталған. Бұл кітаптағы даналық туралы ойлар өз мәнін осы уақытқа дейін жойған жоқ. Ол даналыққа үш түрлі жолмен жетеміз, ең ізгі жол- санамен саралау, ең оңай жол- еліктеу, ең қиын жол- тәжірибеден тәлім алу- деп жазады. Оның негізгі идеялары:
мемлекеттің патриархалды-патерналистік концепциясы;
аристократиялық билік концепциясы;
қайырымды билік концепциясы.
Конфуций барльщ нәрсе үнемі өзгерісте болады, уақыт тоқтамайды, әрбір нәрсенің басталуы мен аяқталуы болады дейді. «Адамның ісі де солай, бас-аяғынсыз бірде-бір іс жоқ. Онын басталуы мен аяқталуын анық білген адам ақиқатқа жакын тұрады»- деп жазады.
Батыс елдерінің ішінде саяси идеялар Ежелгі гректерде қатты дамыды. Онда қоғам Шығыс елдерімен салыстырғанда көп жағдайда қарама-қарсы өрістеді. Греция ол кезде саяси бытыраңқы күн кешкен ел еді. Саяси ұйым түрін жеке мемлекет болып саналған қалалар (полистер) құрды. Патшалық өкіметтің орнына аристократиялық және құл иеленушілік демократия орын алды. Билеу түрі сан алуан болатын және жиі ауысып отырды. Саяси өмір қызу өрбіді, ол саяси сана теориясының терең дамуына әкелді, Соңдықтан олардың саяси санасы мифтан теорияға тез ауысты.
Көне гректерде саяси ғылымға мол мұра қалдырған ойшылдар көп. Бірақ біз солардың ішінде ең көрнекті екі өкіліне — Платон мен Аристотельге тоқталамыз.
Платон б. з. б. 427—347 жылдарда өмір сүрді. Шын аты — Аристокл. Жасында спортпен кеп шұғылданды, жоғары көрсеткіштерге де жетті. Жауырыны кең бодды. Сондықтан оны Платон (кен жауырынды) деп атап кетті. Сол атпен ол адамзат тарихында мәңгілік қалды. Ол кезде әр ірі ғалымның мектебі болатын. Платон атақты фәлсафашы Сократтың мектебінде оқып, оның үздік шәкірті болды. Ол қаза болғаннан кейін қатты қайғырып, біраз елдерді аралады. Кейін Афиныға келіп өз мектебін — академияны ашты.
Платонның екі жүздей еңбектері бар. Олардың ішінде біздің ғылымымызға тікелей қатысы бар шығармалары "Мемлекет", "Саясатшы", "Зандар", "Софист", "Парменид" және т. б.
Платонның ойынша, адамдар қажеттіліктерін жеке-дара өтей алмайды. Олар өмір сүру үшін тамақ, киім ендірулері, үй салулары және т. т. жасаулары керек. Біреулері егіншілікпен, екіншілері тігіншілікпен, үшіншілері кұрылысшылықпен, төртіншілері етікшілікпен және т. с. с. айналысады. Сөйтіп, олардың бәрі бірігіп қана қажеттіліктерін өтейді. Осы бірігудің арқасында қоғам, мемлекет пайда болады. Мемлекет адамдарды алаламай, байына да, кедейіне де, азына да, көбіне де қарамай — бәріне бірдей әділ қызмет етуі керек. Бірақ бұдан Платон адамдардың бәрін теңдестірген екен деген ой тумауы керек. Керісінше, ол адамдарды үш үлкен әлеуметтік топқа (со-словиеге): 1) әкімдер; 2) қорғаушылар; 3) өндірушілер етіп бөлді. Әкімдерге фәлсафашыларды жатқызды. Олар табиғатынан шындықты, ақиқатты, игілік идеясын саралап, танып-білуге қабілетті, икемді болуы керек. Қорғаушылар әкімдердің ой, ниеттерін іске асырады, мемлекетті қорғайды. Өндірушілер (егіншілер мен қолөнер) өмірге керекті қаржыларды тауып, мемлекетті материалдық жағынан қамтамасыз етеді. Олар билеу ісіне араласпайды. Әр топ өзіне тиісті қызметті атқаруы керек. Сонда ғана әділдік орнайды. Бір таптан екінші тапқа (әсіресе, төменгі таптан жоғарғы таптарға) өтуге болмайды. Қай сословиеде тусаң, соның өкілі боласың. Адамдарды осылай жіктей келе, Платон оларды тым бай немесе өте кедейлікке жібергісі келмеді. Себебі, мұндайда қоғамда ортақ мүдде орнамайды. Сондықтан орта деңгейді ұнатты.
Платон қоғамдық меншікті қолдап, жеке меншікке қарсы тұрды. Өйткені қоғамдағы кикілжіндерді, дау-жанжал, қайшылықтарды тудыратын жеке меншік деп санады. Соған орай әкімдер мен жауынгерлерде жеке меншік пен отбасы болмауын қалады. Олар ортақ игілік үшін еңбек етулері керек. Сон-дықтан оларды адамды қызықтыратын әзәзіл жеке мүдде, баю жолынан құтқарғысы келді. Сол себепті олардың әйелдері мен балалары ортақ болғанын жөн көрді. Оларды мемлекет өз қамқорлығына алуға тиіс.
'Платон мемлекеттік кұрылысты 5 түрге бөлді: аристократия, тимократия, олигархия, демократия және тирания. Бұлардың ішіңде ең жақсысына аристократиялық мемлекетті жатқызды. Онда ақыл-естілік, парасаттылық билейді, оның принциптері — адамгершілік, абырой, ар-намыс деп санады.
Ертедегі гректердің саяси ой-пікірлерін одан әрі дамытып, фәлсафасын шыңына жеткізген ұлы ойшыл Аристотель (б. з. д. 384—322 жж.) болды. Ол 17 жасында аты шыққан Платон академиясын іздеп келіп оқуға түседі. Оны үздік бітірген соң 20 жыл бойы сонда ұстаздық етті. Платон дүние салған соң біраз елдерді аралады. Б.з.д. 342—340 жылдары Македония патшасы II Филиптің шақыруымен оның баласы, болашақ император Ескендірді (Александр Македонскийді) оқытып, тәрбиеледі. Кейін Афиныға оралып, өз мектебін (лицейді) ашты. Осында ол бірінші рет саяси ғылымды пән ретінде кіргізіп, өзі сабақ берді. Аристотельді саясаттанудың әкесі дейтіні содан.
Саясаттануға қатысты "Саясат", "Афиналық полития", "Этика", "Риторика" деген еңбектері бар.
Аристотель саясатқа кең мағына берді. Оған этиканы да, экономиканы да енгізді. Саясатты адам мен мемлекеттің жоғарғы игілігі, оның мақсаты — адамды, мемлекетті жақсы тұрмысқа, молшылыққа, бақытқа жеткізу деп білді. Сөйте тұра, ол құл иеленушілікті қолдады, құлдар мен ерікті кедейлерге саяси құқық бергісі келмеді.
Аристотельдің ойынша,мемлекет—қауымның дамыған түрі, ал қауым — отбасының дамыған түрі. Мемлекетке адамдар белгілі бір игілікке жету үшін бірігеді. Ол мемлекетті дұрыс және бұрыс түрлерге белді. Дұрыс түріне монархияны, аристократияны және политияны (Аристотель дәуіріндегі Греция-дағы мемлекеттік құрылыс) жатқызды. Бұрыс түріне тирания, олигархия мен демократияны деп санады. Мемлекеттің дұрыс түріңде әкімдер халық, ел пайдасын ойлайды, билік қоғамға қызмет етеді. Ал бұрыс түрінде олар ез бастарының пайдасын ойлайтын керінеді.
Ұлы ойшыл саяси басқаруда адам емес заң басқарғанын дұрыс керді. Себебі, әкім қаншалықты жақсы болғанымен сезімге, ашуызаға берілмей қоймайды, ал заң болса байсалдылығын, парасаттылығын жоймайды.
Аристотель Платон айтқан коғамдық меншікке қарсы шығып, жеке меншікті жақтады. Сонымен қатар ол адамдардың аса байып немесе шектен тыс кедейленіп кетуін құптамады. Себебі, мұндайда коғамның тұрақтылығы бұзылады дей келіп, орта деңгейді дұрыс керді.
Саяси ойдың даму тарихында айтарлықтай із қалдырған Ежелгі Рим болды. Онда өсіресе атақты шешен, мемлекет қайраткері және ойшыл Марк Туллий Цицерон(б. з. б. 106-43 жж.) өмір сүрді. Оның "Мемлекет туралы", "Заңдар туралы", "Міндеттер туралы" деген еңбектері көпке әйгілі.
Цицерон мемлекеттің пайда болуының негізгі себебі — адамдардың бірігіп өмір сүруге тырысатын табиғи талабының және меншікті қорғау мақсатынан туындайды дейді. Қоғамға және жеке меншікке қол сұғуға болмайды. Бұлардың мызғымастығын бұзушылыкты әділеттілік пен құқықты қорлаумен бірдей көрді.
Цицерон мемлекеттін құрылым түрі оны басқарушының "мінезі мен еркіне" байланысты болады деп түсіндірді. Басқарушылардың санына қарай ол мемлекет басқаруды патшалық билік, аристократия (оптиматтардың билігі) және демократия (халық билігі) етіп үш түрге бөлді. Бұлардың әрқайсысының өзінің жақсы жақтары мен кемшіліктері бар. Мәселен, патша рақымшылдығымен жұртқа ұнайды, бірақ мұнда басқа адамдар заң, шешім қабылдаудан сыртта қалады және бір адамның басшылығы зорлық - зомбылыққа оңай айналып кетуі мүмкін. Оптиматтар (аристократтар) даналығымен бағалы, бірақ олар үстемдік еткенде халық өз еркіңдігін пайдалана алмайды, билік ақсүйектердің сұрқия тобының қолында қалуы мүмкін. Демократия болса бостандығымен жағымды, бірақ халықтың толық билігі зияңды зардаптарға, "тобырдың зорлығы мен есалаңдығына" әкеліп соқтыруы мүмкін.
Цицерон мүліктік теңдік идеясына қарсы болды, қоғамдық - саяси қатынастарда әлеуметтік жіктелу мен теңсіздікті әділеттілік деп санады.