Жұмсартқыш заттар Шабдалы майы (персиковое масло) - Oleum Persicorum. Раушан гүлділер тұқымдасына жататын алуан түрлі ағаштардың дәнінен алынған сұйық май. Дәмі сүйкімді және өзінше бір әлсіз иісі бар мөлдір сарғыштау сұйық. Тығыздығы 0,915-0,921. Бадам майы сияқты қасиеті бар және қолданылуы да ұқсас.
Зәйтүн майы (оливковое масло) –Oleum Olivarum. Зәйтүн ағашының жемісінен алынған сұйық май. Өзінше бөлек иісі бар және дәмі бар, мөлдір сарғыштау немесе жасыл сарғыштау майлы сұйық. Тығыздығы 0,915-0,918. Ауада құрғамайды. Алкогольде нашар, ал эфирде, хлороформда және күкіртті – көміртекте оңай ериді. 8-10°Слайланады, ал 0 градуста кристалы зат қалпында тоңазиды. Таза зәйтүн майын тері астына қолданады және ішкізілетін дәрілік заттар үшін еріткіш ретінде қолданылады. Қолдану мөлшері бадам майының қолдану мөлшеріндей. Зәйтүн майының екінші сорты – ағаш майы – сыртқа жағылатын және техникалық мақсаттар үшін қолданылатын заттар үшін еріткіш ретінде пайдаланылады.
Мақта майы ( хлопковое масло) – Oleum Gassypii. Мақтаның дәнінен алынатын сұйық май. Жартылай құрғайтын майларға жатқызылады. Шикі май қошқыл, қызыл дерлік түсті болады. Тығыздығы 0,925-0,930. Теріге жағу, ішкізу және кейде тері астына енгізу үшін және дәрілік заттар үшін ерітінді ретінде қолданылады.
Күнбағыс майы (подсолнечное масло) – Oleum Helianthi. Күнбағыс дәнінен алынатын сұйық май. Негізінен олеин және линол қышқылдары глицеридтерінен тұрады. Өзіне тән иісі бар, майлы дәмі бар, қою, мөлдір, ақшыл-сары сұйық. 8-10 °С-да лайланады, ал 10 с –та қою жақпа май тәрізді затқа дейін тоңазиды. Ауада қоюланып, ашқылтым иіс пен дәмге ие болады.
Жұмсартқыш дәрі ретінде қолданады және басқа заттармен қоспа түрінде теріге жағу және ішкізу үшін қолданылатын дәрі – дәрмек негізі ретінде қолданылады. Кейде іш өткізгіш дәрі ретінде ішкізеді. Ішкізу үшін қолдану мөлшері:жылқыға 100,0- 300,0; сиырға 150,0-500,0; шошқаға 50,0-100; итке 10,0-50,0; тауыққа 2,0-5,0 грамм.
Зығыр майы (льняное ) – Oleum Lini.Зығыр дәнінен алынған сұйық май.Зіне тән иісі бар мөлдір, қоюлау, сары сұйық. Ауада қоюланады және күнбағыс майы сияқты өзгереді. Күнбағыс майының орнына қолданылады.
Қарасора майы(кононляное масло) – Oleum Cannabis. Қарасора дәнінен алынатын сұйық май. Өзінің қасиеті және қолданылуы жөнінен зығыр майына ұқсас.
Балауыз(воск) – Cera. Өсімдіктен және жануардан алынатын балауыз түрлеріне бөлінеді.Фармокологиялық дәрі – дәрмек ретінде қолданылатын балауыз – жұмысшы араның ерекше бездерінен бөлінетін өнім пайдаланады. Құрамы жөнінен ол жоғары молекулалы май қышқылдарының күрделі эфирлеріне жатқызылады, яғни май тәріздес заттарға ұқсас болып келеді. Көбінесе сары балауызды , сирек жағдайда – күннің көзінде ағартылған ақ балауызды қолданады. Балқу температурасы 63-65 °С. Қатты зат, жағымды иісті болып келеді. Сүртпе майлардың, пасталардың, буласырлардың, негізгі құрамдас бөлігі ретінде қолданады.
Озокерит - Ozokeritum немесе таулы қырат балауызы, мұнайдан алынатын препарат. Құрамында церезин(50-60%), парафин (3-7%) түріндегі қатты көмірсутектер, әртүрлі минералдық майлар түріндегі сұйық көмірсутектері, мұнай шайырлары (6-10%), асфальтендер(1-3%) бар. Скипидарда, хлороформда, бензолда жақсы ериді, өсімдік, жануарлар майларымен және минералдық майлармен араластырады. Оны тазартып церезин алады.
Озокерит жылуды жақсы сақтайтындықтан ішкі мүшелер, желін, буын және бұлшықеттер қабынғанда сыртқа жағу үшін қолданады. Бұрын озокеритті тек парафинді ауыстырғыш ретінде ғана қолданған, онан соң парафиннен айтарлықтай артықшылығы бар дербес, шипалы дәрі – дәрмек ретінде де қолданыла бастаған. Ал оның сыртқы артықшылықтары көп. Оның жылуды өткізгіштігі анағұрлым төмен және жылу тұтқыш қасиеті екі есеге жуық жоғары. Сонымен бірге, озокериттің құрамына кіретін минералды майлар мен шайырлар вегетативтік жүйке жүйесіне емдік әсер етеді. Препарат инфрақызыл сәулені жұтады, мұның өзі оның қабынуына қарсы әсерін күшейтеді.
Озокерит көптеген жүйелерде елеулі өзгерістер туғызады, әсіресе қан тамырлары мен жүйке жүйелерінде. Нәтижесінде капиллярлар кеңейеді, қан мен лимфа ағысы күшейеді, іркілу құбылыстары бәсеңдейді, жіті және созылмалы қабынуда қабыну реакциясы бәсеңдейді.Соның салдарынан орталық жүйке жүйесінің қозғыштығы төмендейді, жүйкелік реттелуде жақсарады.
Тұзсыздандырылған озокерит ерекше әсер етеді. Ол теріні тітіркендірмейді , сондықтан оны көптеген тері ауруларында қолдануға болады. Озокерит созылғыш, оңай сыланып жарылады. Неғұрлым жұмсақ препарат алу қажет болса оған вазелин немесе өсімдік майын қосады. Озокериттің балқу температурасы 55-65°С, озокериттің маймен 1:2 қатынасындағы қоспасы өте кең таралған. Бұл қоспаны тері оңай сіңіреді және дәрілік заттардың сіңуіне жәрдемдеседі.
Оны екі қабат компресс түріне қолданады.Бірінші қабатына көп дегенде 45°С қыздырылған озокеритті, екінші қабатына 60-80°С-қа қыздырылған озокеритті салады. Үстінен компресс қағазбен немесе целофанмен бүркеп жауып, қымтайды 60-65°С дейін қыздырылған озокеритті сиырларды жемсауына пайдаланылады.
Автол-Autolum.Мұнайдың қалдықты фракциясынан алынатын май. Теріге жағу үшін және көптеген фармакологиялық дәрі-дәрмектің еріткіші ретінде қолданылады.
Қатты парафин- Paraffinum Solidum.Жоғары молекулалы және циклдық көмірсутектерден тұрады. Мұнайдың әртүрлі сорттарынан алынады, сондай-ақ қоңыр көмірді, шымтезекті , тақтатасты құрғақтай айдағанда алынады. Сәуле енгізетін ұсақ кристалды зат, уатылғанда- иіссіз және дәмсіз, ақ ұнтақ тәріздес. Ұлпаларға инфекция түрінде енгізілген парафин бойға тарамайды, сондықтан оны көбінесе бас-сүйектің беткі бөлігі сүйектерінің ақауларында пластикалық операциялар үшін пайдаланады, парафин сондай ақ күйікті, жарақатты, ойық жараны, улы заттардың әсері салдарынан болатын зақымданған теріні емдеуге қолданады.Оны сүртпе майларға неғұрлым тығыз консистенция қасиетін беру үшін қосады.Сонымен бірге парафин шыны құтыларды құйғанда, сондай-ақ парафин қағазын дайындау үшін қолданылады.
Вазелин – Vaselinum. Мұнайдың аралық фракциясынан алынатын өнім. Қатты, жұмсақ және көмірсутектері қоспасынан тұрады. Сары вазелин және ақ вазелин түрлеріне бөлінеді. Ақ вазелин сары вазелиннен тотықтандырғыштармен ағарту арқылы алынады.Кейде оның құрамында хлордың, күкіртті ангидридтің және ағарту үшін қолданатын басқа да заттардың қосылыстары болады. Таза препараттың құрамында мұндай қоспалар болмайды.
Вазелин сәуле өткізетін жұмсақ бір текті масса болып табылады, теріге жаққанда иіссіз мөлдір бір текті жарғақ түзеді. Тығыздығы 0,855-0,875. 35-40° С балқып, жеңіл флуоресцияланған бір текті мөлдір май тәрізді сұйыққа айналады.Бейтарап реакциясы бар, хлороформда оңай, ал спиртте нашар ериді, сұйық майлармен барлық арақатынаста араласады. Өте төзімді және өзгеріссіз ұзақ сақталады, басқа заттарды сіңіргенде өзгермейді, терінің бетіне әсер ететін сүртпе майлар және пасталар дайындау үшін қолайлы. Сыртқы мүшелерге қабынуда, терінің беткі қабаты сыдырылғанда, желін қабынғанда жұмсартқыш дәрі-дәрмек ретінде қолданылады,
Вазелин майы – (сұйық парафин) - Oleium Vaselini. Керосиннен алынатын мұнай фракциясы. Алифат қатарындағы қатты қайнаған көмірсутектердің қоспасы болып табылады.Иіссіз, дәмсіз, түссіз, майлы сұйықтық. Вазелин сияқты төзімді. Ас қорыту жүйесіндегі азықтық заттарды жұмсарту және оның ішектен жылжуын тездету үшін ішкізеді. Қолдану мөлшері :жылқыға 1 литрге дейін, итке 60,0-100,0 грамм. Бұлшық етке енгізілген вазелин майы өте баяу таралады, сондықтан кейде оны еріткіш ретінде пайдаланады.
Вазоген (вазолимент) вазелин майының (6 бөлік), олеин қышқылының (3 бөлік) және аммиактың 10% - спирттегі ерітіндісінен (1 бөлік) қоспасы. Сумен араластырып шайқағанда эмульсия түзеді. Вазоген бойға оңай тарайды және терінің өзінде және бездерде қабынуға қарсы әсер етеді. Қамфора, хлороформ, салицилаттардың және басқа да дәрілердің еріткіші ретінде қолданады.
Глицерин – Glicerinium. Өсімдік және жануарлар майларынан оларды күйдіргіш сілті ерітінділерімен сабындандыру жолымен немесе майға қатты қыздырылған бумен әсер ету арқылы алынатын үш атомды спирт.Иіссіз, дәмі тәтті, бейтарап реакциядағы түссіз шырын тәрізді сұйықтық, тығыздығы 1,225-1,235. Сумен және спиртпен барлық арақатынаста араласады.Эфирмен, хлороформмен, күкіртті-көмірсутектермен және сұйық майлармен өте нашар араласады. Өте ылғал тартқыш. Басқа заттармен қоспасында оны пилюлаларға және бюкстік заттарға қосады.
Глицериннің жергілікті әсері оның суды сіңіруі және ұлпаларды бүркеу қасиетіне байланысты.Ұлпада ол жұмсартқыш және тұтқыр заттарға тән әсер етеді, ал экстеррорецепторларға – әлсіз тітіркендіргіш ретінде әсер етеді. Ащы концентрацияларында глицерин бактериостстикалық әсер етеді,сондықтан кейде патологиялық – анатомиялық препараттарды сақтау үшін қолданады. Ішірілген глицерин интерорецепторларды тітіркендіріп секрецияны күшейтеді және ішектің жиырылуын күшейтеді. Кілегейлі қабықтарға оңай сіңіріледі. Организмде глицериннің бір бөлігі майлы қышқылдармен қосылады, бір бөлігі жанып кетеді, ал бір бөлігін бүйрек өзгеріссіз бөліп шығарады. Тік ішекке енгізілген глицерин тітіркендіреді, соған байланысты оны ішектің соңғы бөлігінен нәжіс шығару үшін пайдаланады.
Глицеринді жұмсартқыш дәрі, теріні аздап тітіркендіретін және ондағы зат алмасуды жақсартатын дәрі ретінде теріге жағу үшін қолданады. Ішектің артқы бөлігінен нәжіс шығару үшін глицеринді клизма және суппозиторилер түрінде қолданады. Мөлшері : жылқыға 10,0-50,0, сиырға 15,0-100,0 г, қой мен шошқаға 5,0-20,0, итке 6,0-20,0 г, тауыққа 0,2-2,0 грамм.
3 Шырышты заттар
Шырышты заттар (mucilaginosa) суда бөртеді, гомогенді қоймалжың сұйықтық (гомогенді ерітінділер, яғни дисперсиялар) түзеді, салқындатқанда сілікпе түрінде тоңазиды. Бұл сұйықтың тұтқырлық қасиеті жоғары, олардың ортасында химиялық процесстер өте баяу өтеді, диффузия мен сіңу процессі баяулайды, сұйықтың өзі тұтқыш әсер етеді. Шырышты заттар өзінен – өзі химиялық процесстере түспейді,бірақ қабынған ұлпаларды бүркеп, олар жүйке ұштарының сезімталдығын бәсеңдетеді және қабыну құбылысының неғұрлым тез шешілуіне жәрдемдеседі.Осы мақсатпен теріге жағады және ішкізеді.Олар дәм сезімін әлсіретеді, сондықтан оларды көптеген қоректі заттардың жағымсыз иісін азайту үшін қолданады. Мәселен, таңқурайдың қарақаттан тәттірек екені жалпы жұртқа мәлім, ал іс жүзінде қызыл қарақаттың жидегіне қарағанда таңқурайдың жидегінде қант едәуір аз,қышқыл көп, дәмдегі айырмашылық таңқурайда қарақаттағыға қарағанда бүркеуіш заттар едәуір көп.
Шырышты заттар жылуды нашар өткізеді, мұны қабыну құбылыстарын емдеуде пайдаланады. Қабынған ұлпаны бүркей отырып олар жылудың қайта тебуіне бөгет жасайды және жылытқыш компресс ретінде әсер етеді. Осының арқасында жақаяқтың бойға таралуы жақсарады және қабынуды емдеу жеңілдетіледі. Қабынған ұлпаларды сыртқы әсерден және тітіркендіргіштерден қорғайды, қабыну аймағында ауырсыну бәсеңдейді. Олардың мұндай әсері қарын мен аш ішектің қабынуында өте пайдалы. Шырышты бездер бөліп шығаратын шырыш кілегей қабықтар рецепторларын ас қорыту жолындағы жын тарапынан болатын тітіркендіргіштерден табиғи түрде қорғайды. Бұл шырыш қарын мен ішектің қалыпты жұмыс істеуін сақтау үшін әбден жеткілікті болады. Бірақ қабынғанда интерорецепторлардың сезімталдығы күрт күшейеді, сөйтіп, әлбетте бүркеуіш заттар жеткіліксіз болады, оның үстіне бөлінетін шырыш мөлшері жиі азаяды. Мұндай жағдайда ішекке енгізілген шырышты заттар қабықты бүркелейді, оның интерорецепторларын ас қорыту жолындағы жынның әсерінен қорғайды, сөйтіп қабынуға қарсы әсер етеді. Тітіркендірудің жоқтығы секрецияны нашарлатады және ішектің жиырылуын баяулатады. Осы мақсатпен шырышты заттарды қайнатпа және шырыш түрінде қолданады. Олардың ас қорыту жолындағы әсері, өкінішке орай бір сағаттан ұзаққа созылмайды, сондықтан олардың нәтижелігін қамтамасыз ету үшін арасына аз ғана уақыт салып жиі қолданады. Аш ішекте шырышты заттар едәуір өзгеріске ұшырайды, олар негізінен қарында және ішектің бастапқы бөлігенде әсер етеді (ішті қатырмайтыны да осыдан).
Шырышты заттар өзінен – өзі сіңбейді және олардың құрамындағы заттардың сіңілуіне күшті бөгет жасайды. Сондықтан олармен қосылып дайындалған дәрілік заттар көбінесе жергілікті әсер етеді, ал баяу сіңірілетіндіктен судағы ерітінді түрінде қолданылғандығынан әлсізірек және ұзағырақ әсер етеді. Мысалы, ерітінді түрінде ішкізілген коразол пилюля(домалақ дәрілер) түрінде қабылданған коразолдан 6-10 есе тезірек және қысқс мерзімге сіңіп, әсер етеді.
Ветеринариялық тәжірибеде шырышты препараттар қабынуға қарсы қолданылатын дәрі-дәрмек ретінде, сондай-ақ дәрілік заттардың (мысалы хлоралгидрат тітіркендіргіш әсерін бәсеңдету үшін, асқазанға түскен ұлануды емдеуде, әр түрлі дәрілік формалар және басқаларды дайындау үшін қолданылады). Фармацияда шырышты заттарды пилюля, болюс және ботқа дайындау кезінде форма түзгіш зат ретінде және эмульсиялар дайындау кезінде эмульгатор ретінде, сондай-ақ галендік препараттар технологиясының басқа да жағдайларында пайдаланады.
Крахмал – Amylum. Крахмалда крахмал түірінің ішкі бөлігін құрайтын амилаза және сыртқы бөлігін құрайтын амилопектин түрлері болады. Амилаза екі формада – кристалл және аморфты формада болады. Амилопектин клейстердің тұтқырлығын тұғызады.
Дәмсіз және түссіз, саусақтардың арасында сықырлайтын ақ ұн тәрізді ұнтақ. Суық суда және спиртте ерімейді. Судың 50 бөлігін қайнатқанда ақ, көгілдір реңді, аздап мөлдір, шырышты коллоидты бейтарап реакциядағы ерітінді (крахмал клейстер). Бидай крахмалы (A.Tritici) неғұрлым көп пайдаланылады. Жүгері (A. Maidis), картоп (A. Solani), және күріш (A. Oryzae) крахмалдары сирек пайдаланылады.
Крахмалды құрғататын сеппе дәрі дайындау үшін басқа дәрілік заттарға қосылған түрінде форма түзгіш зат ретінде және клизма үшін тітіркендіргіш заттары бар крахмал клейстер(1-5 процент) түрінде бүркеуіш зат ретінде, ішкізгенде дәрілік заттар мен улардың сіңуін баяулататын қабынуға қарсы дәрі-дәрмек ретінде қолданылады. Крахмал диастаза ферментінің әсерімен өте оңай қорытылады, әуелі неғұрлым аз жоғары молекулалы көмірсутегіне (декстриндерге), сонан соң мальтоза мен глюкозаға дейін ыдырайды. Крахмалдың бүркеуіш әсері өткінші, бірақ сонымен бірге оның қорытылғаннан кейін бағалы азықтық заттар болып табылатынын ескеру керек.Крахмал адсорбент ретінде де өте шипалы әсер етеді.
Ерігіш крахмал - амилоген (Amylogenum) – крахмал клейстерін ұзақ қайнатқанда, әсіресе ерітілген тұз қышқылы қосқанда алынады.
Жалбызтікен тамыры– Radix Althaeae(Алтейный корень) – дәрілік жалбызтікен, күлқайыр тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Емдік мақсатта екі жылдық өсімдіктің тамырын пайдаланады.Оның құрамында едәуір мөлшерде шырыш (37%-ға жуық), қант, пектин және аспарагин болады. Жалбызтікен тамырын ветеринарияда тыныс жолдары қабынғанда, жөтелді азайту үшін жиі қолданады. Әсер ету механизмі шырыштың қарын мен ішектің жіңішке бөлігінің шырышты қабатын бүрке отырып, оны химиялық және физикалық тітіркендіргіштерден қорғайтынында және сол арқылы бронхы бездерінің рефлекторлық тітіркенуін азайтуында. Сонымен бірге оны крахмал қолданылған жағдайда қайнатпа түрінде ішкізеді, сондай-ақ пилюляны, болюсті, ботқаны, микстураны дайындау кезінде қолданады.
Көбінесе шырышты препараттар ретінде сүйсіннің түйнегін(клубни ятрышника), құлқайырдың жапырағы мен гүлін( лист и цветы мальвы), өгейшөптің жапырағын(лист мать и мачеки ) , таушүмілдіктің шөбін(трава фиалки) пайдаланады.
Зығыр дәні - Semen Lini. (семя льна) Зығыр тұқымдасының бір жылдық шөптесін өсімдік. Дәннің құрамында сұйық май болады, ол бейорганикалық еріткіштермен (дихлорэтан, төртхлорлы көміртек, бензин) экстрациялау арқылы немесе дәнді сығу арқылы алынады.Сұйық май алынғаннна кейін сіріне немесе күнжара қалады,олар белокка және көмірсутекке бай,оларды малды азықтандыру үшін пайдаланады.Сірін мен күнжара ішектің қозғалыс қимылы мен секрециясын баяу жандандырады.Әсері 2-3сағатқа созылады,неғұрлым атарлықтай байқалса,асқорыту жолының қызметі соғұрлым көп бәсеңдейді.Әсіресе бұзаулар мен қозыларға жағымды әсер етеді.Дәнде жиі кездесетін линомарин осы бағытта әсер етеді.Осы деректерді негізге ала отырып,зығыр сірнесі мен күнжарасының тек мал азығы ретінде ғана емес,сонымен бірге асқорытудың негізгі қызметін қалпына келтіретін фармакологилық зат ретінде де өте жағымды әсер етеді.Сірнедегі немесе күнжарадағы еріткіштер кейде жануардың улануына себеп болуы мүмкін.
Қара сора жемісі(конопляное семя-сора дәні )-Fructus Cannabis.Жеміс және талшық үшін өсірілетін бір жылдық шөптесін өсімдік.Жемісі эмульсия ,күнжара немесе сірне түрінде зығыр препараты қолданылған мақсаттағыдай мақсатпен маллды азықтандыру үшін пайдаланады.
Исланд мүгі (исландский мох)-(Lichen islandicus) қына.Оның қабығының құрамында 70% дейін гемицеллюлоза – лихенин бар,оны бұрын қына крахмалы деп атайтын,сондай-ақ циитрориннің ащы заты (2%-ға жуық),қант пектин заттары және аз мөлшерде минералдық тұздар бар.Шырышты зат,қабынуға қарсы қолданылатын дәрі-дәрмек ретінде немесе ащы дәм бергіш зат ретінде ішкізеді(қосынды,қайнатпа,сілікпе түрінде).
Желатин-(Gelatina).Малдың шеміршектері мен сүйектерінде болатын коллагенді ,ішінара гидролиздеу жолымен алынатын өнім.Иіссіз және дәмсіз,мөлдір ,түссіз немесе аздап сарғыштау келген жапырақшалар.Суық суда желатин тек қана бөрітеді,ал ыстық суда толық ериді.Әлсіз қышқыл реакциядағы ерітінділер ,100°С-тан жоғары қыздырғанда желатин тоңазу қасиетін жоғалтады.Спиртте еримейді.
Желатинді желатин капсулаларын дайындау үшін ,сондай-ақ суппозиторилер және кейбір сүртпе майлар үшін негіз ретінде қолданады.Қан кеткенде және іш өткенде ішкізіледі(10%ерітінді).
Медицинада желатинді дәкемен таңылмайтын жараларды емдеу , бактериологиялық практикада қоректендіргіш ортамен әзірлеу үшін пайдаланады.
Адсорбциялағыш заттар.
Заттардың, әлдебір сорып алғыш дененің ең бетінде қоюланып тұрақталып қалуы адсорбция (Abcorbtio)деп аталады. Газдар, сұйықтар және тіпті қатты денелер адсорбциялана алады. Кеуекті сіңіргіштердің көбісі көбінесе өзінің үлкен бетінде адсорбент ретінде әрекет етеді. 1 кг салмаққа шаққанда сіңіргіштердің бетіндегі аумақ неғұрлым көп болған сайын, оның сіңіргіштік күші де соғұрлым көп болады. Тек үстіңгі беттегі энергияны бәсеңдететін заттар ғана сіңіріле алады. Оны арттыратын заттар(электролиттер) сіңірілмейді.
Үстіңгі беттегі энергияны бәсеңдетумен қатар адсорбция адсорбентке қарама қарсы электр заряды бар заттарды тартуға байланысты болуы мүмкін.Электрлік адсорбцияның мал организмдегі биоколлоидтардың бетінде жасалатын биологиялық құбылыстар үшін зор маңызы бар, онда зарядтардың бейтараптануына байланысты коллоидтық ерітінділер ұйиды.
Адсорбцияның шамасы беткі өлшем бірлігі адсорбцияланатын заттардың санымен анықталады, мұның өзі адсорбенттің де, сіңірілетін заттың да физикалық және химиялық табиғатына байланысты. Адсорбент неғұрлым жақсы ылғалданса, олар соғұрлым көп сіңіріледі. Температура көтерілген жағдайда адсорбция бәсеңдейді.
Сіңіретін заттар ашу салдарынан газдардың түзілуінде, уланғанда ішкізіледі, ол ойық жараларда және басқа ауруларда теріге себіледі.
Адсорбция сіңірілген заттардың химиялық табиғатын өзгертпейді, бұл зат өзгермеген түрде қайтадан алынуы мүмкін. Сондықтан адсорбенттерді малға пайдаланғанда олардың сіңірілген улармен дер кезінде бөлініп шығуын қамтамасыз ету керек.
Белсендірілген көмір – Carbo activatus - жануарлардан немесе өсімдіктен алынатын адсорбент.
Ағаш көмірінің ұнтағы (порошок древесного угля) – Carbo Ligni pulveratus. Қара түсті, суға сепкенде батып кетпей, қалықтай тұрады, өйткені кеуектерінде ауа көп. Ауада сақтағанда судың буын сіңіреді, сөйтіп өзінің сіңірушілік қасиетін жояды, қыздыруу арқылы бұл қасиетін қайтадан қалпына келтіруге болады. Құрғақтай айдау арқылы жапырақты ағаштардан алынады. Қылша тұқымдас ағаштардың техникалық көмірінің белсенділігі аз, өйткені оның кеуектерінің көп бөлігі шайырмен толған.Белсенділігін арттыру үшін техникалық көмірді жабық ыдыста қыздырады, сонан соң реакциясы жойылғанға дейін сумен жуады.
Көмірді алколлоидтар, глюкозиттер үлгісіндегі уларды, ауыр металдардың тұздарын сіңіру үшін, сондай-ақ асқазан жолындағы уытты заттарды сіңіру үшін ішкізеді. Көмірдің сіңірілгіштігі күшті сілті қосқанда күшейеді. Белсендіріген көмір карболен(Carbolenum) деп аталатын түйір дәрі ретінде шығарылады.
Жануарлардан алынған көмір - Carbo animalis жай еріткіштерде ерімейтін иіссіз қара ұнтақ. Жануарлардың сүйектерін немесе басқа да ұлпаларды ауа жібермей қыздыру арқылы алынады. Құрамында карбонат, сульфат, фосфат, кальций фосфаты, сілтілі металдардың тұздары, кремний қышқыл ангидриді, темір тотығы қоспалары бар. Заттардың ерітінділерін жақсы сіңіреді, газдарды нашар сіңіреді. Ішкізіледі, сирек жағдайда теріге себіледі.
Ақ саз (каолин – белая глина) – Bolus alba. Негізінен алюминий селикатынан тұрады. Қолға оңай жабысатын ақшылтым ұнтақ. Суда және әлсіз қышқылдарда ерімейді. Суға араластырғанда пластикалық масса түзеді. Жіті өтетін жұқпалы құбылыстарда адсорбент ретінде (газдар мен сұйықтарды сіңіру үшін) ішкізіледі. Әсіресе себебі анықталмаған іш өтуде төлге ішкізіледі (бұзауларға 50,0-100,0г, торайларға 10,0-50,0г)кейде жарақаттарды және суланатын жараларды емдеу кезінде сіңіргіш сеппе ретінде теріге себіледі.Емдеу мақсаттары үшін тек зарарсыздандырылған препаратты ғана қолдануға болады (150 °С температурадағы құрғақ ыдыста 2-3 сағат ұсталады). Фармацевтикалық практикада органикалық негізбен үйлеспейтін заттары бар пилюля үшін негіз ретінде пайдаланады (күміс нитраты, калий перманганаты). Сүйек қабының қабынуы, созылмалы буынның ішкі қабығының қабынуы және жарақаттарда ыстық саз ретінде қолдануға болады.
Сазда жоғары жылу өткізгіштік қасиеті болады және бойында суды ұзақ сақтайды. Оны сыртқы ұлпалар зақымдалмаған жарақаттарда, травмаларда, қабынуларда, күн өткенде және жылу қатты қыздырғанда салқындату үшін қолданады. Салқындатқыш әсерін күшейту үшін сірке суын қосады.
Адсорбциялағыш зат ретінде сіңіргіш қасиеті көп бетонитті саз өндіріледі. Бұл препарат ақ саз секілді, сонымен қатар, майда, эмулсиялар және суда ерімейтін заттардан төзімді микстурулар дайындағанда форма түзгіш зат ретінде қолданылады. Кейде магнийдің үш селикатты талькі, ликопедий, сфагнум пайдаланылады.
Сезімталдылык пен өткізгіштікті күрт әлсірететіен, торшалардың бетінде соған ұксас қорғаныш кабықша түзетін заттарды тұтқыр заттар деп атайды. Тұтқыр заттардың әсер етуінің негізінде дәрілік заттардың белоқтық косылыстарымсн өзара әсерінің реакциясы жатыр, соның салдарынан берік байланыс касиеті бар жане көлемі азаятын, қиын еріп және қиын сіңетін косылыстар түзеді. Шағын концентрацияларда тұтқыр заттарды торшалар бойына сіңірмейді.
Сонымен бірге жүйке ұштарынын сезімталдығын әлсіретеді, қан тамырларын тарылтады, бұл кабынуда өте бағалы болып табылады.
Түрлеріне сезімталдылык күрт төмендейді, кан тамырларының функциялары, метаболизм процестсрі жаксарады, кан айналымы калпына келтіріледі. Егер тұтқыр заттардың әсері әлсіз дорежеде болса, онда ол сау малдың да ас қорытуына жағымды әсер етеді.