Балғын саңырауқұлақтар. Саңырауқұлақтар төмен споралы өсімдіктерге жатады, олардың құрамында хлорофилл жоқ, ауадағы көмірқышқыл газын сіңіре алмайды да, топырақтағы дайын органикалық заттармен қоректенеді. Жеуге жарамды саңырауқұлақтардың тағамға қалпағы мен аяғынан тұратын жеміс денесін қолданады. Қалпағының тағамдық құндылығы аяғына (жасұнық көп) қарағанда жоғары. Тағамдық жағынан жас саңырауқұлақтар құнды саналады. Жеуге жарамды саңырауқұлақта 1,5-7% азотты заттар, 0,9% дейін майлар, 1% дейін көмірсу, 1% дейін минералды заттар; А, В тобы, С, D, РР дәрумендері бар. Саңырауқұлақ құрамында ароматты және экстрактивті заттар көп, олар дәміне, тағамның сіңуіне ықпал етеді. Қалпағының құрылысына қарай саңырауқұлақтарды үш топқа бөледі: түтіккеуекті (түтікшелі), пластинкалы, және қалталы.
Түтіккеуекті саңырауқұлақтардың қалпағы жіңішке кеуекті түтікшелерден тұрады. Оларға: ақ саңырауқұлақ, терекқұлақ, қайың саңырауқұлақ, майқұлақ, мүкқұлақ жатады.
Пластинкалы саңырауқұлақтардың қалпағы пластинка тәрізді, онда споралары орналасады. Оларға груздь, арыш, түлкіқұлақ, қозықұйрық, сазқатпа, қатпаршақ, томарқұлақ т.б. жатады.
Қалталы саңырауқұлақтардың споралары арнайы қалтада орналасады. Оларға тыржыңқұлақ, тілікқұлақ, трюфели жатады.
Тағамдық құндылығы бойынша жеуге жарамды саңырауқұлақтар категорияға бөлінеді: І – ақ, груздь, арыш, трюфели; ІІ – қайың саңырауқұлақ, терекқұлақ, майқұлақ, қозықұйрық; ІІІ – сазқатпа, томарқұлақ, мүкқұлақ, тілікқұлақ, тыржыңқұлақ.
Балғын саңырауқұлақтар таза, езілмеген, құрттамаған, құмсыз болу керек. Олар балғын түрінде ұзақ сақталмайды, сондықтан іріктегеннен кейін оларды өңдейді (кептіреді, тұздайды, маринадтайды).
Достарыңызбен бөлісу: |