ӘОЖ 17.82.30
Ғарифолла Жұмабекұлы Абылқасов
филология мамандығының 2-курс докторанты, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Көкшетау, Қазақстан, e-mail: abylkasov70@mail.ru
ҒАБДОЛЛА ТОҚАЙ МЕН СҰЛТАНМАХМҰТ
ТОРАЙҒЫРОВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ АРАСЫНДАҒЫ ҮНДЕСТІК
Мақалада бауырлас қазақ және татар халықтары өкілдерінің әдебиетіндегі өзара ықпалдастығы қарастырылған. Қазақ әдебиетіндегі Абай Құнанбайұлының орны қандай болса, татар әдебиетіндегі Ғабдолла Тоқайдың да орны дәл сондай деп айтуға болады. Татар әдебиетіндегі бас ақын, ұлы тұлға болып саналатын Ғабдолла Тоқай шығармашылығының ежелден бері бауырлас, тамырлас болып келе жатқан тарихи, мәдени, әдеби қарым-қатынастардың нәтижесінде тек татар әдебиеті ғана емес, басқа да түркі тілдес халықтар әдебиетіне қосқан үлесі жайлы және қазақ әдебиетіндегі сол кезеңдегі белгілі тұлға С.Торайғыров шығармашылығы атап көрсетіліп, оның еңбегіне сипаттама берілген. Туындылары тамырлас Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Ғабдолла Тоқай шығармашылығына тереңдеп талдап-зерттеу үшін ең алдымен екі халық әдебиетінің тарихи тамырластығын, өзара ықпалдастығын, дәстүр жалғастығын танып білудің маңызы зор. Ғабдолла Тоқайды өзіне үлгі тұтқан Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығындағы үндестікке қоса, тағдыр жолы да аса ұқсас екендігі де айқындай отырып, екі ақынның тағдырлас қиын өмірі жайлы баяндалады. Осыған орай қазақ және татар әдебиеттерінің өзара байланысын дамытуға зор үлес қосқан Сұлтанмахмұт Торайғыров еңбегіне тоқтала отырып, оның шығармашылығын жаңа заманға сай насихаттау қажеттігі жайлы баяндалады. Мақаланың негізі мәні осы болып табылады.
Тірек сөздер: татар, қазақ, мол мұра, Тоқайша жазу, жырлау, әдеби байланыстар, көңілдегі күн, қарым-қатынастар.
КІРІСПЕ
Татар халқының бас ақыны Ғабдолла Тоқай небәрі жиырма жеті жас жасап, өмірден ерте кеткенімен, туған халқына, барша адамзатқа үлгі-өнеге, рухани азық боларлық мол мұра қалдырып кеткен талантты тұлға. Өз замандастарынан таланты басым ақын қазіргі заманғы татар әдебиетінің негізін қалап, тарихтағы өзінің орнын ойып тұрып ала алды. «Әрбір халықтың көркемдік даналығын, рухын неғұрлым толық таныта алатын ақындар болады. Мәселен, өзбектер Науаи, түрікмендер Мақтымқұлы, қазақтар Абай, қарақалпақтар Бердақ, қырғыздар Тоқтағұл есімі мен еңбегін ерекше қастерлеп, ардақ тұтатыны белгілі. Ал туысқан татар халқы өзінің сан ғасырлық әдебиет тарихындағы әйгілі ақын-жазушыларының ішінен біріншілік тәжін Ғабдолла Тоқайға береді. Өмірден қиыншылық қыспағын көріп, небәрі жиырма жеті-ақ жыл жасаған ақынның мұншама биік мәртебеге ие болуы – сирек құбылыс», - деп атап көрсетеді академик Рақманқұл Бердібай[1, 79-б.].
Иә, ғалым Рақманқұл Бердібайдың «Азаттық жыршысы» атты мақаласында атап көрсетілгеніндей, татар халқының бас ақыны Ғабдолла Тоқайдың өмірі – кейбір тұрмыстық ахуал тұрғысында таршылық көрмеген шығармашылық адамдары сияқты тоқшылық пен молшылықта өткен жоқ. Ол жетімдікті жастайынан бастан кешіп, жоқшылық, қайғы-қасірет, ауруды бастан өткере жүріп, білім мен ғылымға ұмтылды. Осылай жағдайда жүріп соңына төрт томдық еңбек қалдыра алды. Ғабдолла Тоқай қазақ халқымен ерте араласты, қазақ халқы да Ғабдолла Тоқай шығармашылығымен ерте танысты. Мұның бір үлкен себебі, Ғабдолла Тоқай өмірінің біраз жылы қазақ жерімен байланыстылығы болып табылады. Қазақстанның батысында, Жайық өзені бойында жатқан байырғы қала Оралда екі бірдей халықтың бас ақындары сапарлап келгені белгілі. Классикалық орыс әдебиетінің негізін салушы Александр Сергеевич Пушкин осы қалада болып, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен танысып, «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырын жазып алып, болашақта жазар туындысына арқау етпек болған екен. Екінші бір халықтың бас ақыны – жоғарыда атағанымыздай, Ғабдолла Тоқай – бірнеше жыл өмірін Орал қаласында өткізгені белгілі. Ғабдолла Тоқайдың Оралдағы жылдары – азаматтық санасы қалыптасып, шығармашылық тұрғыда өсу жылдары болған. Ғалым Қайым Мұхаметханов «Ғабдолла Тоқай» атты мақаласында былай деп жазады; «Ғабдолла Тоқай тоғыз жасынан бастап, 22 жасқа аяқ басқанша Қазақстанда өмір сүрді. Оның азаматтық саналы өмірінің жартысынан көбі Қазақстанда өтті. Ұлы ақын тұңғыш ақындық қадамын да қазақ даласында бастады. Тоқай қазақ елін, қазақ жерін жан-тәнімен шексіз сүйген ақын. Ол қазақтың ұшан-теңіз бай ауыз әдебиетін жоғары бағалады. Қазақстан – Тоқайдың екінші Отаны.» [1, 47-б.].
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Татар әдебиетін мазмұндық, формалық тұрғыда жаңа сатыға көтерген Ғабдолла Тоқай шығармашылығы барша түркі халықтары қаламгерлеріне, соның ішінде қазақ ақын-жазушыларына үлкен әсер етті. Бұл кезде татар әдебиеті зор биікке көтеріліп, Еуропалық білім-ғылым жүйесімен үндесуі – орта ғасырлық білім жүйесіндегі өзге түркі халықтарына барынша үлгі-өнеге болғаны анық. Сол себептен де, ХХ ғасырдың басы татар мәдениеті мен әдебиетінің түркі әлеміндегі авангардтық сипатта болғаны белгілі. Сондықтан да қазақтың жас ақындары мен өзге де білім-ғылым қуған зиялылары татардың әдебиетінен, мәдениетінен, ғылым-білімінен үйренді, оларды үлгі тұтты. Бұл турасында қазақ әдебиетінің ірі өкілдері әр кезеңде лайықты бағасын берген болатын. Қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ақын, жазушы, академик ғалым Сәбит Мұқанов былай деген екен: «Ғабдолла Тоқай, Ғалымжан Ибраһимов, Мәжит Ғафури, Ғалиасқар Камал, Фатиз Әмірхан, Ғафур Құлахметов сияқты үлкен жазушылар идея және көркемдік шеберлік жағынан қазақ ақын-жазушыларының бүкіл бір буынына әсерін тигізді.»[2, 75 б].
Татар халқының ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың шығармашылығы қазақ ақындарына үлгі болғаны соншама, «Тоқайша жазу», «Тоқайша жырлау» деген ұғымдар қалыптасып, Тоқай өлеңдерінің идеясы, мазмұны, формасы анық аңғарылатын өлеңдер көптеген қазақ ақындары шығармашылығынан орын алды. Олардың қатарында Сәбит Дөнентаев, Әкрам Ғалымов, Бернияз Күлеев, Тайыр Жомартбаев сияқты талантты қазақ қаламгерлері болды.
Жоғарыда аты аталған қаламгерлермен қатар, қазақтың ағартушылық бағыттағы ақындары, ХХ ғасырдың басынан әдебиет әлеміне келген жастар тобын құрайтын шығармашыл тұлғалар Жақан Сыздықұлы, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов т.б. ақындар татар классигі Ғабдолла Тоқай өлеңдерін үлгі тұтып, оларды қазақ тіліне аударды. Бұл кезде қазақ жазба әдеби тілі де қалыптасу үстінде болатын. Қазақтың жаңа дәуір әдебиеті негізін қалаушылардың бір тобы татар мәдениеті үлгісіндегі медреселерден білім алып, татар тілі мен әдебиеті, мәдениетімен жете таныс болғандықтан да, ҒабдоллаТоқай шығармашылығы оларға етене әрі үндес болған деп білеміз.
Ғабдолла Тоқайдың ғұмыры мен шығармашылығына үндес қазақ ақындарының бірі – Сұлтанмахмұт Торайғыров. «С. Торайғыров ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының арасында ерекше орын алатын өз уақытының дарынды өкілі. Ол Қазақстанның әдебиетіне, мәдениетіне, философиясына баға жетпес еңбек сіңіріп, белгілі қоғамдық-саяси, еркіндік пен халықтың бақыты үшін күрескен қайраткер»[3, 179 б].
Ғабдолла Тоқайдың қазақ әдебиетіне үлгі-өнегесі дегенде, біздің есімізге ең алдымен оралатыны да – осы Сұлтанмахмұт Торайғыров. Сұлтанмахмұттың Тоқай шығармашылығымен таныстығы қашан басталған деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың Ғабдолла Тоқай шығармашылығымен, жалпы татар әдебиетімен таныстығы оның молдадан сабақ алған кезінен басталған деп топшылауымызға болады. Себебі, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, қазақ даласында ислам дінінің негіздерін бойынша бала оқытып, хат танытушылардың көбі татарлар болатын. Әр ауылда дерлік татар оқытушылары болатын. ХХ ғасырдың басына дейін қазақ тілінде Ыбырай Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» сияқты бірер оқулықтарды есептемегенде, қазақ тілінде шығатын кітаптар да болмады. Кітап, газет, журнал т.б. бәрі негізінен татар тілінде жарық көретін еді. Сондықтан да қазақ даласындағы мұсылманша сауат ашып, білім қуған кез келген шәкірт татар тілі мен әдебиетінен міндетті түрде сусындауына тура келетіндігі сөзсіз. Сұлтанмахмұт Торайғыров 1906-1907 жылдары ауылда, Мұқан деген молладан оқып жүргенде, әлгі молланың өлең жазатын қабілеті болады да, сол ұстазынан үлгі алып жаза бастайды. Бұдан соң, 1910 жылы Троицк қаласында оқып келген Нұрғали деген адамнан сабақ ала бастайды. Ал Нұрғали ұстазы жәдитше оқыған, қазақ және татар тілдерінде шығатын басылымдарды түгел алдырып оқитын, көзі қарақты адам болады. Ғабдолла Тоқайдың өмірі мен шығармашылығы туралы Сұлтанмахмұт осы Нұрғали мұғалімнен естіп, қанығады.
Сұлтанмахмұттың татар және шығыс әдебиетіне бойлап, шығармашылық қыры ашыла түсуіне жоғарыда атап өткен Мұқан молда берген тәлімінің игі ықпалы тиіп, оның болашақта ақын ретінде қалыптасуына зор әсері болғанымен, 1908 жылы баянауылдық Әбдірахман молдадан сабақ алу кезіндегі, бұл молланың тым қаталдығы, өзін еркін ұстап, алуан түрлі өлең шығарғаны үшін жаза жүктеп, қол тигізуінің салдарынан Сұлтанмахмұт шығармашылығында ислам діні мен оның қызметкерлері молдалар жайлы барынша сыни көзқарас қалыптасуға негіз болды деп айта аламыз.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығында да «Тоқайша жазу» үлгісі айқын көрініп тұратындығы – екі ақынның өлеңдеріндегі өзара үндестіктің дәлелі. Бұл жерде ескерте кетерлігі, Сұлтанмахмұт Торайғыров Ғабдолла Тоқайдың жыр жазу үлгісінен шыға алмады деген ой туындамауы қажет деп білеміз. Ұлттық қаламгердің шығармашылығы ұлттың танымдық ойлау жүйесі аясында қалыптасып, өлеңдерінде көрініс табатынын ескерсек, бір тақырыпты жырлағанның өзінде, әр ұлттың өзіндік көркемдік таным сипаты ерекшеленіп, көзге ұрып тұратыны белгілі. Бұл – Ғабдолла Тоқай мен Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылықтарына да тән. Бұған ғылыми жұмысымызда арнайы тоқталатын боламыз.
Ғабдолла Тоқайды өзіне үлгі тұтқан Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығындағы үндестікке қоса, тағдыр жолы да аса ұқсас екендігі де айқын аңғарылып тұрады. Атап айтқанда, Сұлтанмахмұт Торайғыров та Ғабдолла Тоқай сияқты, жастайынан жетімдікті бастан кешіп өсті. Екеуі де алғашқы сауатын ауыл молласынан ашып, хат таныды. Бұдан кейінгі білім алу жолдары да ұқсас: екеуі де медреседе дәріс алады. Ғабдолла Тоқай да, Сұлтанмахмұт Торайғыров та әркімнің қолында жүріп ержетеді. Медреседен алған біліміне сүйеніп, орыс және шығыс тілдерін меңгереді. Білімін одан әрі жетілдірсем, тіршілік қамына қажетті қаражат жисам деген ниетпен, әр уақытта, мүмкіндігіне қарай біраз жерлерді шарлап, туған елінен алыс өлкеде өмір сүріп, бала оқытумен шұғылданды. Мұнда шығармаларын жазумен қатар, әдебиет, мәдениет ісіне атсалысты, тарихи дәуір тынысына өзіндік үн қосты. Екеуі де туған халқының азаттық идеясына дем берген туындыларын жазды. Халыққа жақын болды. Халық та оларды осы үшін жақсы көрген болар. Жастайынан жетімдік пен жоқшылық меңдеткен екі ақын да өкпе ауруына ұшырады. Сол заманның дауасыз дерті туберкулезбен күресе жүріп, Ғабдолла Тоқай да, Сұлтанмахмұт Торайғыров та өздеріне Жаратқан бұйырған азғантай ғұмыр – жиырма жеті жасында, соңдарына өшпес мұра қалдырып, пәниден бақиға ерте озды.
Екі ақынның шығармашылығындағы үндестіктің ең үлкен көрінісі – олардың өмірлік ұстанымдарында жатыр деп білеміз. Ресей патшалығының отарлық езгісіне ұшырап, бодандық халді кешіп жатқан туған халқының бостандығы мен жарқын өмірі жолында қызмет етуді екі ақын да өздеріне қасиетті борыш санайды. Мұндай мемлекетшілдік сана, патриоттық сезім Ғабдолла Тоқай өлеңдерінің көбіне тән және қаламгер шығармашылығындағы халықтық сипат дегеннің өзі осы болып табылады. Ғабдолла Тоқайдың «Мақсат» атты өлеңінде халықшылдық сипат, елге қызмет етуге деген қастерлі парыз былайша берілген:
«Қайткeндe дe халқымды мeн шығарамын ұшпаққа», -
Дeп oйласам, мына тірлік алар мeні қыспаққа.
«Басыңды ій, тізeңді бүк, сөзді тыңда, құп алып,
Дeйді тірлік, - сeндeйлeргe салғанбыз біз бұғалық!» [6, 18 б]
Ұлт мұраты жолындағы қызметтің жолы қай ұлттың баласы үшін де, әсіресе отарланған, бағынышты ұлттың азаткер ұландарына ешқашан оңай болмаған. Ғабдолла Тоқай мұны анық сезіне отырып, осынау ауыр жолдағы қиындықтарға төзуге белді бекем буғанын, осы жолда қандай кедергілер мен қиындықтарды бастан кешсе де берілуге, жеңілуге болмайтынын түсініп, өзін өзі қайраттандырады:
Бірақ та мeн бeрілмeймін қасірeткe, күйіккe,
Мeнің oрным жoғарыда, мeнің oйым биіктe! [6, 18 б]
Тек биік мұраттарға ұмтылғанда ғана, ұлттың жолында жасалған еңбек, жанкешті тірліктің түпкі нәтижесі қайырлы болмақ екендігін Ғабдолла Тоқай да, Сұлтанмахмұт Торайғыров та сезгендей. Екі ақынның өмір жолы мен қызметінен біз осыны көреміз. Отаршылдық дәуірді туған халқының төбесінен басқан қараңғылыққа теңеген Ғабдолла Тоқай осы түнекті сейілтіп, татар милләтінің аспанында күн болып жарқырасам дейді:
Мeн eлімді eл қылмасам, eл қылмасам кім бoлам?!
Аспандағы күнің eмeс, көңілдeгі күн бoлам! –
Бұл өмірдe күліп-oйнап жігіт өтeр, қыз өтeр,
Сoның бәрі маған қарап сағаттарын түзeтeр! [6, 18 б]
Ал қазақ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров болса қазақтың қараңғы көгіне күн болуды армандайды. Ғабдолла Тоқайдың «көңілдегі күні», Сұлтанмахмұтта «қараңғылықтың кегіне бола жарқырар күн», яғни екеуінде екі түрлі қолданыс болғанымен, мағынасы бір. Сұлтанмахмұт Торайғыров былайша жырлайды:
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың кегіне,
Күн болмағанда, кім болам? [7, 25 б]
Ғабдолла Тоқай өлеңінен алынған шумақтың соңғы екі жолындағы «жастық шақтың қызулы шағы өтер де кетер, сондықтан да ақыл-ойламы бар қыз-жігіттер менен үлгі алатын болсын» деген мағынаны Сұлтанмахмұт Торайғыров біршама кеңінен тарқата түскенін көреміз. Мұнда, автор өз мақсатынан ешқандай жағдайда да айнымайтынын айта отырып, бұл мақсаттың нәтижесі мынау болатынын ұсынады:
Еңбек, бейнет тарауы
Рахатқа сарқылар.
Қыздырып күннің қарауы
Надандық теңізі тартылар.
Орны отайып, көгерер,
Қызығын жайлап ел көрер... [7, 26 б]
Сұлтанмахмұт Торайғыров та, Ғабдолла Тоқай да ұлт ақыны ретінде ұлтының тілін, ділін өз туындыларына арқау етеді. Өз ұлтының ұлы болуы үшін туған тілді қастерлеу керек екендігін насихаттайды. Бұл тұрғысындағы екі ақынның ойлары да бір арнаға тоғысады. Екі ақынның өмір сүрген заманы – барлық түркі халықтарына ортақ әдеби жазба тіл ретінде бірнеше ғасыр бойы қызмет еткен шағатай-түркі тілі заманға сай реформаға түсіп, туыстас халықтардың әрқайсысына әліпби жасалып, ұлттық тіл мен жазу белгіленіп жатқан кез болатын. Бұл бір жағынан, әр ұлттың өзіндік орфоэпиясына негізделген жазылым тілі қалыптасуы тұрғысында дұрыс қадам деп саналғанымен, бұған дейін жазу арқылы еш мүлтіксіз түсінісіп келген бауырлас халықтардың бір-бірінен алыстай түсуіне де әкеліп соққаны анық болатын. Әсіресе, мұны кезінде ресейлік ориенталист, миссионер ғалым Н.И.Ильминский негіздеген болса, В.В.Радлов, А.Н.Катаринский т.б. миссонерлік сипаттағы ресейлік лингвистер тұсында әрбір туыстас ұлтқа бір дыбыс үшін әрқилы таңба белгілеп, әліпби жасауы салдарынан, жақын тілдердің арасы ашыла түсті. Қазақ тілінің заманауи лингвистикалық негіздемесін ғылыми тұрғыда жасаған – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов болатын. «Тіл – ұлттың жаны». Өз ұлтының жанын ұлт ақыны жанындай сүйеді. Татар халқының ақыны Ғабдолла Тоқай туған тілі туралы былай деп толғанады:
Туған тілім, тумай жатып табысқан,
Сeн арқылы әкe-шeшeм танысқан.
Туған тілдe анам сырын шeртeді,
Oсы тілдe әжeм айтар eртeгі.
Сoнау, сoнау бeсіктeгі кeзімнeн
Сeн арқылы қайғы-мұңды сeзінгeм.
Ана тілдe жалбарынам: «Құдайым,
Ата-анама саулық бeр!» - дeп ұдайы[6, 43 б].
Ал қазақ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров Тоқай жырындағы осы екі шумақтағы ана тілі жайындағы ойларды «Сүйемін, туған тілді, анам тілін» атты өлеңінде ұлттық таным көкжиегі арқылы былайша өрбітеді.:
«Сүйемін туған тілді анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан,
Құлағыма сіңірген таныс үнім.[7, 51 б].
Расымен де балаға бесікте, тіпті ананың құрсағында жатқаннан-ақ туған тілі қызмет етіп, ұлттық құндылықтардың негізі есту арқылы қаланатынын қазіргі ғылым дәлелдеп жатқаны белгілі. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ана тілі туралы өлеңінен біз ен далада еркін өскен қазақ ұлтының адамына тән бояуды көреміз.
Сол тілмен шешем мені әлдилеген,
Еркелеткен, құлыным, жаным деген.[7, 51 б].
Мұндағы «құлыным» деп баласын еркелету – кең сахарада көшпелі тұрмыс кешіп, өз танымындағы сұлулық нышанын бейнелеуде көбінесе төрт түліктің баласына балауға бейім қазаққа ғана тән. Немесе:
Сол тілменен ойнадым далада еркін.
Сол тілменен бірінші сыртқа шыққам,
Өмірден, ен даладан ұққам көркін,[7, 51 б].-
деген жолдардан біз шетсіз-шексіз қазақ даласын жанындай жақсы көрген қазақ ақынының туған тілі арқылы туған жерін жырлаған қалпын көреміз. Сұлтанмахмұт Торайғыров өлеңдерінде кең дала мен онда мекендейтін көшпелі жұрты туралы айтылымдар көп кездеседі.
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылық өрлеу кезеңі – оның еуропалық өркениетпен танысуға ұмтылумен қатар, жүйелі білім алмақ болып, Челябі жеріне барған уақыты болатын. Ақын 1912 жылы Троицкідегі «Ахун Рахманқұли» медресесіне түсіп, білімін көтеруге ұмтылады. Бірақ бұл медреседе бір жылдай оқыған кезінде, өкпе ауруы қозған себепті, оқуын жалғастыра алмайды. Осы кезден бастап Сұлтанмахмұт орысша оқуға ден қоюға кіріседі.
Орысша оқу арқылы шығыстық үлгідегі, феодалдық-патриархалды танымдағы әлемнен, буржуазиялық-капиталистік қоғамның прогресшіл әлеміне тап болу, танысу, өзге өркениеттің жақсылық қырларын игеру, рухани көкжиекті байыту екенін ақын жақсы білгені анық. «Қарым-қатынас – өркениет болмысының міндетті шарты, тіршілік ету көзі. Өркениет – бұл заңды нәтиже және адамдардың жасампаз іс-әрекеттерінің жемісі. Өркениет құндылықтары – әлемдік байланыстардың дамуын қамтамасыз ететін әмбебап құндылықтар»[8], - дегенге саятын болсақ, Сұлтанмахмұттың да жасапмпаздық іс-әрекетке ұмтылуы сөзсіз еді.
Сұлтанмахмұт 1913 жылдың күзінде Троицкіге қайтадан оралады. Мұнда Сұлтанмахмұт Торайғыровтың Ғабдолла Тоқай шығармашылығымен етене танысу жолындағы бір үлкен белеске көтеріледі. Белгілі зиялы тұлға Әкрам Ысқақовпен танысып, өз өлеңдерін, мақалаларын, хаттарын «Айқап» журналына жариялатуы еді. Әкрам Ысқақов «Айқап» журналы редакциясында жауапты хатшы болып жұмыс істеген еді. Әкрам Ысқақов өмірден өткен соң Сұлтанмахмұт журналдың жауапты хатшылығына өзі орналасып, баспа ісіне атсалысумен қатар, өзі де өндіріп жазады. Өзге ұлттар әдебиетімен де танысады. 1914 жылы өз елі Баянауылға оралғаннан кейін елдегі мәдени-ағарту жұмысын жолға қоймақ болады. Бірақ бұл ісі оңға баспаған соң, оқу іздеп тағы да алысқа сапарлайды. 1916-1917 жылдары Сұлтанмахмұт Торайғыров Томск қаласында орысша оқиды. Өзінің мамзұны мен формасы жағынан ең сапалы деп танылатын өлеңдерін ол осы кезеңде жазды. Бұған әлем әдебиетінің классикалық үлгілерімен және орыс, татар әдебиетінің көрнекті өкілдері шығармашылығымен танысады. Білім, таным көкжиегін кеңейтіп, батыс, орыс, татар әдебиетімен толысады.
Троицкіде медреседе оқыған жылдары мен «Айқап» журналында қызмет істеп жүрген кезінде ақынның жазған дүниелері бұған дейін, ел ішінде жүріп жазған өлеңдері мен өзге де туындыларына қарағанда, анағұрлым өресі биік екендігін аңғаруға болады. Сондай-ақ, ақынның тілдік қолданысында орыс және татар тілінің қолданыстық сөздері ене бастағандығын да көреміз. Мысалы, бек, ғафу, бәліш, милләт, мәтбуғат, хашия, жәдит т.б. сөздерді атауға болады.
Сұлтанмахмұт Торайғыров Ғабдолла Тоқай шығармашылығына ден қойып, ондағы тек көркемдік қырларын игеріп қана қойған жоқ. Ол Тоқай шығармаларынан аударма да жасап көреді. Сұлтанмахмұттың Тоқай шығармашылығынан аударған «Екі тышқан» атты мысалын алып қарастырайық. Тоқай шығармашылығындағы түпнұсқада бұл – сегіз сөйлеммен, қара сөзбен жазылған мысалды Сұлтанмахмұт нәзира үлгісімен өлең арқылы мағынасын, мазмұнын сақтай отырып, идеялық түйінін қазақ оқырманына ұсынады. Тоқай шығармашылығында бұл шағын мысал «Гадаләт» немесе «Әділдік» деп берілген: ««Ике тычкан, кайдандыр бер сары май кисəге табып, шул майны берсе берсенə бирмəс өчен талаша башладылар. Күп низаглашканнан соңра болар, майны тигез итеп бүлеп бирергə үтенеп, маймылга хөкемгə бардылар» [9].
Ғабдолла Тоқай шығармашылығындағы осы мысалдағы бұл екі сөйлемдегі ой мазмұнын Сұлтанмахмұт Торайғыров қазақша кәдімгі он бір буынды қара өлең үлгісінде былайша ұсынғанын көреміз:
Даладан екі тышқан май тауыпты,
Шығынсыз екеуі де жай тауыпты.
Жанжалдасып бұл майды бөлісе алмай,
Маймылға бөлдіруге көңілі ауыпты[7.156 ,].
Маймылға төрелік сұрап барған екі тышқан өздерінің неге келгенін түсіндіріп, майды әділдікпен бөліп беруін сұрайды. Тоқайдың әу баста мысалдың тақырыбын «Гадалет» («Әділдік») қоюының өзі де айтайын деген негізгі ойдың түйіні – әділеттілікті маймылдың қалай жасағанын көрсету, осы арқылы оқырманға қорытындыны өзіне жасату болса керек. Ал маймыл болса, бұл өтінішті, өзіне жүктелген сенімді былайша жүзеге асырады: «Маймылның кулында үлчəве бар иде. Ул сары майны үлчəвенең бер тəрилкəсенə салды. Икенче тəрилкə бөтенлəй буш булганга, май, табигый, үлчəүнең бер ягын басты. Маймыл исə, ике тəрилкəне дə тигезлəр өчен, сары майны һаман аз-аз капкалый иде.»[9]
Ал Сұлтанмахмұт маймылды бірінші жақтан сөйлете отырып, Тоқай мысалындағы төрт сөйлемді төмендегі екі шумаққа сыйғызған. Маймылдың майды екі тышқанға бермеуге бекінген арам ниеті Тоқай мысалында айтылмаған болса, Сұлтанмахмұт мұны анық көрсете отырып, ары қарайғы іс-әрекеттерді мысалда қара сөзбен берілген мазмұннан ауытқымай, динамикалы етіп ұсынады:
Білдірді бұлар барып маймылға өзін,
Айтысты арадағы жанжал сөзін.
«Қош келдің, таразым бар, өлшейін», - деп,
Жоғалтуға ойлапты майдың көзін.
Өлшепті бір жағына майды салып,
Анжағы көтерілді босқа қалып.
Бос жағы мен май жағын теңгеруге
Маймыл тықты аузына майдан алып[7.157 б].
Осылайша, маймыл екі тышқаннан қулығын асыру үшін майды таразының екі басынан бірдей асап, ашкөздікпен бәрін жеп қояды. Тоқай мысалында бұл шағын шығармасы арқылы не айтайын дегені, яғни мұны оқығаннан кейін оқырманда туындайтын ой нақты айтылмаған: «Маймыл, шул рəвешчə тигезлəү нияте белəн майны тешлəп-тешлəп ала торгач, бөтенлəй ашап бетерде. Тычканнар, үлчəүнең ике ягы да тигезлəнгəнен күргəч, тавышсыз гына кайтып киттелəр.»[9] Ал Сұлтанмахмұт Торайғыров өзіне дейінгі Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов қатарлы мысал аударушылардың дәстүрін басшылыққа ала отырып, мысалдың түпнұсқасындағы айтар ойды барынша ашып көрсетеді.
Ақырын жеп бітіріп майлы басын,
Безбеннің тегістепті екі басын.
Безбеннің бірдейлігін көзбен көріп,
Тышқан кетті ағызып көздің жасын.
Сорлының жанжалдасқан майы қайда:
Бермейді ешбір уақыт жанжал пайда.
Өз ара қосылмаса ынтымағың,
Жем болдың көрінгенге әрбір жайда.
Ендігәрі бірліктен айрылмасқа,
Тышқандар ант етіпті бір кең сайда[7.157 б].
Яғни, Сұлтанмахмұттың мағыналық еркін аудармасында өзара ынтымақ болмаса, әлсіздердің әрқашанда өзгеге жем болатынын меңзей келе, тышқандарға: «Бұдан былай бірлікте болайық!» - деп ант бергізеді. Жалпы алғанда, бұл мысалдың шығуына түпкі негіз болған – татар халқының бодандық халі болса керек. Бағындырушы Ресей империясының билігі болсын, сол билікке сүйенген ірілі-ұсақты шенеуніктері болсын, бағынышты халықтың қақысын жеп, қысымшылық көрсететінін және бұдан құтылу үшін бірлік-ынтымақта болуы керектігін ишаралап отырғаны анық. Сонау И.Крылов заманынан бері Ресей патшалығы ауқымындағы келеңсіздіктерді мысалдар арқылы шенеу дәстүрі түркі халықтары ақындары арасында да кеңінен өріс алғанын көреміз. Мысал жанры Ғабдолла Тоқай шығармашылығында ерекше орынға ие. Мысал жанрының табиғаты туралы академик Зейнолла Қабдоловтың берген мынадай анықтамасын келтірелік: «Мысал – эпостық шығармалардың ішіндегі ең қысқа түрі. Әрқашан сатиралық сипатты, көбіне аң, хайуанат, кейде зат түрлері жазылады да сол арқылы адам бойындағы мін, әлеуметтік ортадағы кемшілік, күлкіге, келекейге, мазаққа айналдырып, сықақпен саналады. Мазмұны бүкпелі болғанымен, идеясыз, астарсыз, ашық, тура, тілі мірдің оғындай өткір, шымшыма, шымыр келеді. Ежелгі Грециядағы аты шулы Эзоп (б.э.б. VІғ.) шығармаларын өз алдына қойғанда, мысал көне дүниеден күні бүгінге дейін көбіне өлеңмен жазылып келеді: Италияда Федр, Францияда Лафонтен, Германияда Геллерт, Англияда Мур, Россияда Крылов, қазақта Абай – бәрі солай жазған. Біздің тұсымыздағы мысалшылардан Сергей Михалков пен Асқар Тоқмағамбетовты бөліп айтуға болады», - дейді [10, 312-б]. Мысал жанрының арғы тарихынан бастап, ұлттық әдебиетімізге дейінгі орны мен сипаты туралы берілген бұл анықтамаға алып-қосарымыз жоқ. Біздің мақсатымыз – екі қаламгердің авторлық позициясының ұқсастығы мен идеялық шешімді берудегі олардың шеберлік деңгейі туралы қарастыру болатын. Сұлтанмахмұт Торайғыров Ғабдолла Тоқайдың мысалын қазақ тіліне өлеңге айналдырып қазақ оқырмандарының талғам таразысына салумен қатар, өзі де «Арыстан мен тышқан», «Көк өгіз» мысалдарын шығарады. Мысал шығару кезеңі дегеннің өзі дарынды ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылық әлеуетінің өсе түскенін танытады.
Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Ғабдолла Тоқайдың өзара үндестігі туралы қарастырғанда, олардың туған халқы туралы ойларына тоқталмай өту мүмкін емес. Ғабдолла Тоқай татар халқының езгіге ұшыраған халін көптеген өлеңдеріне арқау етті. Азаттыққа қол жеткізген немесе өзінің дара кәсіпшілігімен ерекшеленген халықтар сияқты, өзінің татар халқы да басқалармен иық тірестіріп, алда жүрсе дейді. Атап айтқанда, «Қасиет» өлеңінде ақын түрлі халықтар жайында алуан мәліметтерге толы көптеген жайларды келтіруге болатындығын мысалға алады:
...Түрік жайлы «Қуатты!» дeп айтамыз,
Нeміс жайлы «Ұлығатты!» дeп айтамыз.
Саха жайлы салар бoлсақ ақылға,
Айтамыз біз бұғылары хақында.
Айтар бoлсақ қытайлардың жайларын,
Eскe аламыз жұпар иіс шайларын.
Сөйлeр бoлсақ французға бeрілe,
Бағалаймыз өнeрлі дeп, сeрі дeп.
Айтар бoлсақ ағылшындар әулeтін,
Сөз қыламыз іскeрлігін, дәулeтін[6, 85 б].
Бұл аталған халықтардың барлығы да өз әлемінде өмір сүретін үлкенді-кішілі халықтар екендігін ерекшелей, соларға сырттай қызыға қараған ақын өз халқының тірлігіне көңілі толмайтындығын былайша білдіреді:
Күлкісі жoқ, шынында да күлмeйсің,
Татар жайлы нe дeріңді білмeйсің! [6, 85 б].
Татар халқы – өзінен туып-шыққан классик ақыны Ғабдолла Тоқайдың көңілі толмай тұрғаны болмаса, еуропалық мәдениетпен өзге түркі, мұсылман халықтары арасында ерте араласқандарының бірі болатын. Ғабдолла Тоқай осылайша, өз халқының бойындағы әлдеқалай мінез-қылыққа көңілі толмай намыстанса, бұл қалып-күй қазақтың бас ақыны Абайдан бастап, Сұлтанмахмұт Торайғыровқа дейінгі қолына қалам ұстаған шығармашыл қауымның да жазбаларында анық көрініс тауып жатқаны да шындық. Мұндай өлеңдер Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығында бірнешеу. Солардың бірі «Анау-мынау» өлеңінде Сұлтанмахмұт қазаққа татар халқын өнеге етеді. Татар жұртын қазаққа мұндай өнегелеу Абайдың қара сөзінде де бар екендігін ескереміз. Сұлтанмахмұт Торайғыров былайша толғайды:
Анау қырда татар тұр,
Басқалармен қатар тұр.
Мынау ойда қазақ тұр,
Қастарында азап тұр.
Ұйқысы көп, ояу аз
Бұл не деген ғажап тұр?
Бұл ұйқысын ашпаса,
Надандықтан қашпаса,
Басқаларға мазақ тұр[7, 67 б].
Абайдан кейінгі Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров т.б. қазақ ақындары өз ұлтын қалың ұйқыдан оятуға, әлемнің даму ырғағынан қалмауға үндеп, жарлап, зарлап, арнап жазды. Ал сол дәуірде ұлттық буржуазиясы қалыптасқан, өзіндік білім беру жүйесі қалыптасқан, кітап бастыру ісі жолға қойылған, отырықшылық мәдениеттегі татар халқының ақыны Ғабдолла Тоқайдың өз халқының қандай мәселелеріне көңілі толмай отыр дегенге көз жүгіртер болсақ, біздіңше, ол – татар әдебиетінің, әсіресе, татар поэзиясының даму қарқыны болса керек. Оған Ғабдолла Тоқайдың бір шумақ қана қара өлең үлгісіндегі қазақ жырының поэтикалық биіктігіне разылықпен таңдана отырып, өз халқының әдебиетінде неліктен қазақтардыкі сияқты мөлдір де талғамы биік поэзия жоқтығына қайран қалады. Мұның себебін іздеп толғанады: «Не үшін біздің татарлар дүниеде осынша ғасыр өмір сүріп, жөні түзу бір өлең жаза алмаған? Әлде өлеңді шығарушылар болып, оны жазып алушылар болмады ма? Сөйтіп ол өлеңдер өзін шығарушылармен бірге жерге көмілді ме? Оған дейін еркіндік болмады дейін десең, бізден басқа халықтарда да оған дейін еркіндік жоқ еді»[11, 101 б]. Мұндағы «басқа халықтарда да оған дейін еркіндік жоқ еді» деп отырғандарының арасында қазақ халқы да бар еді. Расымен де, қазақ әдебиетінің Абай дәуіріне дейінгі фольклорлық «Қамбар батыр», «Қыз Жібек» сияқты батырлық, ғашықтық жырлар мен жыраулардың толғауларында, одан бергі «зар заман» деп атаған отаршылдық дәуір әдебиетінде де небір ғажайып поэтикалық өресі биік туындылар жаратылған еді.
Екі ақынның да ұлт алдындағы парызды сезінуі – ұқсас. Екеуі де: «Туған халқым мені ұлым деп бағаласа болды», - деген ойды айтады. Ғабдолла Тоқайдың патриотизм тақырыбында жазылған «Ұлтыма» атты өлеңінде мынадай жолдар бар:
Сeн санасаң бoлды мeні бұл өзімнің ұлым дeп,
Ұлы бoлмақпын мeн, бoлмақпын мeн түбіндe![6, 125 б]
Ақын өзінің туған халқы татарлары өзін етене жақсы көріп, шығармаларын жүрегіне жеткізе оқыса, болашақта өзінің ұлт тарихындағы ұлы ақын боларына анық сеніммен қарайды. Сондықтан да туған елі, оның тілі мен ділі үшін қызмет етуді азаматтық асыл парызы екендігін айтады. Ал Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Туған еліме» өлеңінде, қалың елі қазағының өзінен үміт күтетінін, сол үмітін ақтауға тырысатынын айтады:
Үміт қып менен қарайсың,
Көңіліңе медеу санайсың.
Балалыққа жарасам,
Аталыққа жарайсың[7, 141 б].
Ұлтын сүйген екі ақынның өлеңдерінен аңғарылатын, танымдық тұрғыдағы ұқсастықтардың бірі – діни ахуалға деген көзқарастарды деген болар едік. Екі ақын да жастайынан молдадан сабақ алып, хат танығаннан кейін медреседе оқыды дедік. Бірақ екі ақынның да медреседегі оқуға, сондай-ақ халықты қараңғылық құшағында ұстай беруге тырысатын діни қасаң схоластикаға қарсы сыни көзқарасы анық танылады. Ғабдолла Тоқай шығармашылығында дін қызметкерлеріне сын көзбен қараған бірнеше өлең бар. Солардың бірі – «Жапонияны мұсылмандандырушы молдалар қайда?» атты өлең»:
Сәлдeлілeр, сіздeр бізді мисыздар дeп ұқтыңыз,
Бoсқа кeтті уақытымыз, өтті жаздар, өтті күз.
Ауруларды алдап-сулап, өп-өтірік үшкіріп,
Өтті біздің басымыздан талай ғасыр ышқынып[6, 108 б], -
дей келе, ақын халықтың ақыл-ойын тежеп, қанағатты естен шығарып, ішіп-жеуді ғана мақсұт тұтып, мешіттен базар жасап, намазды елге сатқандығын ашына айтып, былық-шылықтарын әшкерелейді. Ақын өлеңіндегі мына бір шумақтың маңызы қай дәуірде де ащы шындықпен суарылғандықтан, ешқашан кемімек емес.
Бізгe дін дeп үгіттeйсіз eскілікті, көнeні,
Сoның бәрі бір кeздeгі жөйттeріңнің дeгeні.
Халқымызды аздырдыңдар, тoздырдыңдар дәстүрді,
Eлін сүйгeн eрдің бәрін eсeрлeрің басқа ұрды[6, 109 б].
Ақынның бұл жазып, қозғап отырған мәселесі бұдан бір ғасырдан астам уақыттағы хал-жағдайлар болғанымен, бұл қазіргі заманда да өзекті болып отырғаны ешбір жалғандық емес. Кез келген халықтың дәстүріне дін қарама-қарсы келгенде, арасында қайшылық туындағанда, қоғамда кереғар сипаттар туындайтыны белгілі. Ғабдолла Тоқайдың дін туралы батыл көзқарас білдіруіне ислам әлемінде өріс алған жаңашыл жәдитшілдік ағымына қоса, әлемдік, оның ішінде батыс философтарының, психоаналитиктерінің жаңа көзқарастағы пайымдары да әсер еткен деп топшылауымызға болады. Осы заманның көрнекті философ-писхологі Зигмунд Фрейд дін туралы мынадай пікір білдірген болатын: «Дін өнегеліліктің негізі бола алмайды. Тек ақыл бостандығын алған адам ғана әлемді, ондағы өзінің орнын иллюзияға түспей көрсете алады. Діни тәрбие ақылға кедергі болады»[12, 145 б], - деген болатын.
Ал Сұлтанмахмұт Торайғыровтың дін жөніндегі көзқарасына қарап, оны атеистік немесе агностикалық ұстанымдардың бірінде болған деп болжауға болады. «Бұлар кім?», «Соқыр ағаш», «Ұлт», «Орнымыз медресе – оқып жатқан», «Ораза», «Намаз», «Жұмақ», «Дозақ», «Оқуда мақсат не?», «Дін» т.б. өлеңдерінде осындай сыни тұрғыда ойлау сипаты аңғарылады. Бір өлеңінде адамзат баласын дінге, нәсіліне, байлығына емес, адамгершілігіне қарап бауырласу керектігін айтса, ғылым мен техникасын дамытып, алға озып бара жатқан ұлттарды кәпір деп күстаналайтын кейбір дін қызметкерлерінің пиғылына ақын былай деп қарсылық білдіреді:
«Дозақ деген абақты бейнесінде» -
Солай деген молданың сөзі есімде.
Өнерлі барлық ұлтты сонда салса,
Қазақты іздеп бүлінем мен несіне?![7, 156 б]
Ащы да болса, орынды риторикалық сұрақ. Ғабдолла Тоқай да өзінің мұсылмандық оқу жүйесі турасындағы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ойларымен үндес екендігін жоғарыдағы мысал арқылы аңғарамыз. Екі ақын да діни оқудың заман көшінен қала бастағанын, мұнда ондаған жыл оқып білім алудың түпкі мәнісі – жұрттың үстінен күн көру болмауы керектігін атап көрсетеді. Бұл да болса, ақынның шығармашылығындағы сыншыл реализмнің айқын көрінісі болатын. Сұлтанмамхұт Торайғыров бұл турасында «Оқудағы мақсат не?» атты өлеңінде былай деп жазады:
Оқудағы мақсат не:
Медресед ежату ма,
Ескі нұсқа бақастарды татуға;
Қанша жыл Хашия мем Мантық шайнап,
Керілдесіп шатуға.
Көп жатып, «хатымкер» атын алып
Елге апарып сатуға? [7, 173 б]
Сұлтанмахмұт Торайғыров өз таным көкжиегі ауқымында көп ойланады. Алуан түрлі қоғамдық құбылыстардың жауабын таппаққа ұмтылады. Бұл оның шығармашылығынан анық көрініс тапқан. «С. Торайғыровтың дүниетанымдық көзқарасы ерекше. Ақын философ болған жоқ, философиялық жүйе тудыруды да алдына мақсат еткен жоқ. Бірақ ол белгілі бір философиялық мәселені шешу жолдарын терең меңгере білді» - деп атап өтеді О.Сегізбаев [13, 440 б].
С.Торайғыров татар тілінде оқу оқыған татардың сол кездегі мәдениеті мен әдебиетін еркін игерген және оны аса жоғары бағалаған. Сондықтан да ақын Ғабдолла Тоқайды өзіне ұстаз тұтқаны байқалып тұрумен қатар, өзі де талантты, шығармашыл тұлға ретінде татардың ұлы ақынының көлеңкесінде қалып қойды деуге де болмайды. Өйткені, Сұлтанмамхұт Торайғыров туындыларының ұлттық сипаты ерекшелеп тұрады. Бір тақырыпты жырлауының өзінен қарағанда, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың да әрбір мамзұн мен идеяны соншалықты таяз алмайтынын көруге болады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Екі ақынның шығармашылығындағы көптеген ұқсастықтар бар екенін мүмкіндігінше талдап көрсеткен болатынбыз. Солардың ішінде екі ақынның, шығармашылығындағы мазмұн мен идея тұрғысындағы ұқсастық қана емес, көптеген өлеңдерінің тақырыптары де өзара ұқсас екендігін атап көрсеткен дұрыс болмақ. Бұл тұрғыда бірінші берілгені – Ғабдолла Тоқайдыкі, екіншісі – Сұлтанмахмұт Торайғыровтыкі: «Туған еліме»-«Туған елім», «Достарға бір сөз»-«Досыма хат», «Көк сиыр»-«Көк өгіз», «Тұрмыс»-«Тұрмысқа», «Әне-міне»-«Анау-мынау», «Алданған татар қызына»-«Шал алған қыз», «Түс»-«Түсімде», «Сүтке түскен тышқан»-«Арыстан мен тышқан» .
Анық байқалатын бір жағдай: Ғабдолла Тоқай мен Сұлтанмахмұт Торайғыров өлеңдері арасында мазмұндық, идеялық, тақырыптық тұрғыда ғана емес, сөз қолданыстық тұрғыда да көптеген үйлестіктер барын айтып өткен жөн. Бұл дағы өзара үндестіктің бір сипаты болса керек. Қазақ «қамшының сабындай», «жалт еткен бес күндік дүние-жалған» дейтін мынау тірлікте татар дәмдерінің тым аз болуы – екі ақынның да маңдайына жазылған қасіретті тағдыр. Екі ақын да мұны ерте сезініп, торығады, опынады. Мынау жарық дүниенің жылуына шомылып, аз күн болса да өмір сүруді армандайды. Осы шағындағы арманын Ғабдолла Тоқай былай деп қағазға өлең етіп түсірген екен.
Тумасам ғoй, қиын тірлік кeшпeс eм,
Тірліктің дe уын-суын ішпeс eм.
Өмір шіркін сылаңдайды көз арбап,
Тіпті қымбат көрінeді oзарда[6, 123 б],
«Дүние, өтеріңде бұлаңдайсың», - деген қазақтың қара өлеңімен үндес айтылым. Ал Сұлтанмахмұт Торайғыров болса, қыршындай жиырма жеті жасында әбден меңдетіп, шыбын жанын қинаған ауыр дертпен күресіп жатқан кездегі жабырқаған көңіл күйін былай деп береді:
Дерт күшті, тамағымнан жүрмейді асым,
Жастыққа, жөтел кысып, тимей басым.
Тағдырдың кездестім ғой кермесіне,
Талапты жиырма сегіз деген жасым[7, 201-б],
«Ғ.Тоқай өмірі өз халқының өмірімен, татар халқының тағдырымен біте қайнасқан, еңбек елінің белбаласы, адал ұлы, азамат ақын. Ақын шығармаларының түп негізі халықтың рухани асыл қазынасы – халық творчествосымен тамырласып жатады»[1, 46-б], -деген ғалым Қайым Мұқаметхановтың тұжырым қорытындысын біз Сұлтанмахмұт Торайғыровқа қатысты да сеніммен айта аламыз.
Біз татар мен қазақ халықтарының көрнекті екі ақыны Ғабдолла Тоқай мен Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығы арасындағы үндестік туралы қарастырдық және мұның өзі мазмұн мен формада бірдей көрініс табатынын мысалдар арқылы көрсете отырып, бауырлас халықтар әдебиетіндегі ортақ дәстүрлерге де назар аудардық. Татар халқының бас ақыны, классик Ғабдолла Тоқай шығармашылығының қазақ топырағына, оның ішінде ХХ ғасыр басындағы алаштың өскелең ұрпағына қалай игі әсер бергенін Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылық қалыптасу және өсу жолдары арқылы көрсете алдық деп білеміз. Осы ретте қазақтың тағы бір аса көрнекті қаламгері Мұхтар Әуезовтың: «Мені тәрбиелеп өсірген үш анам болды. Оның біріншісі – қазақ халқының ауыз әдебиеті болса, екінші және үшіншісі – орыстың классикалық әдебиеті мен татардың классик әдебиеті»[14, 26б], - деген жүрекжарды ойын еске ала отырып, классик ақын Ғабдолла Тоқай мен татардың бай әдебиеті ХХ ғасырдың басында заманауи қазақ әдебиетінің қалыптасып дамуына зор ықпал жасағанын ұмытпауға тиіспіз демекпіз.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Ғабдолла Тоқай тағылымы: Мақалалар, эсселер, естеліктер. Серия: Тұғырлы тұлғалар / Құраст: А.Шәріп, А.Тойшанұлы, Ә.Д.Абаева. – Астана: Ғылым, 2015. -126 бет
2. Құдаш С. Жастық шақтың ізімен. – Алматы: Жазушы, 1966. – 256 бет
3. Қазақ философиясы тарихы (ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін). ХХ ғасырдағы қазақ философиясы / З.К. Шәукенова және С.Е. Нұрмұратовтың жалпы редакциясымен. – Алматы: ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану Институты, 2016.
4.Тоқай Ғ. Таңдамалы. Ауд. Қ.Мырзалиев. – Астана: Фолиант, 2007.
5. Торайғыров С. Екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы, Ғылым, 1993. 1-том. – 280 б.
6. Құлсариева А. Фетхуллах Гулен өркениеттер туралы. www.abai.kz
7. Тукай доньясы. Gabdullatukay.ru
8. Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы: Ғылым, 2002 ж.
9. Тоқай Ғ. Көңіл жұлдызы. Ауд. Т.Әбдірахманов. – Алматы: Жазушы, 1986.
10. Философия және мәдениеттану. Құраст. Алтаев Ж, Ғабитов Т., Қасабеков А және т.б. – Алматы: Қазақ университеті, 1998 ж.
11. Сегизбаев О. А. Казахская философия ХV- начала ХХ века. – Алматы, Ғылым, 1996. – 472 с.
12. Ғайнуллин М. Достықта күш. – Қазан Адабият: 1973 ж
Достарыңызбен бөлісу: |