Ғарифолла Жұмабекұлы Абылқасов



бет2/4
Дата23.06.2022
өлшемі29,1 Kb.
#37240
1   2   3   4
Байланысты:
мақала АПН Абылкасов Гариполла

Негізгі бөлім
Жақан ақын жастайынан жанына жақын болған татар тілінен көптеген аударма жасады. Татар әдебиетінің классигі, бас ақыны Ғабдолла Тоқайдың шығармаларын аударумен көп жылдар бойы, жүйелі түрде айналысты. «Тілі мен дәстүрі жақын болғандықтан ба біздің әдебиетімізде Тоқайды аударушылар көп-ақ. Бірақ Жақан аудармасы ерекше тартымды да әсерлі. Сүйсініп оқисың»[7].
Жақан Сыздықұлы Ғабдолла Тоқай шығармаларын аударып, халық арасына насихаттауға сіңірген еңбегі үшін Татарстан (Татар АССР-і) Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен екі рет наградталған екен. Сондай-ақ ол Ғалымжан Ибрагимовтың «Қазақ қызы»[8] романын, Мирхайдар Файзидің «Ғалиябану» драмасын аударды және ол М.Әуезов атындағы академиялық драма театры сахнасында ұзақ жылдар сәтті қойылып жүрді. Сондай-ақ, атақты «Ләйлі-Мәжнүн», «Көрұғылы» дастандарын, татардың батыр акыны Мұса Жәлелдің шығармаларын аударып, кезінде оқырмандар алғысына ие болған еді. Сондай-ақ татардың белгілі қаламгері Қауа Нажмидің шығармашылығын қазақ тіліне аударды. Және де башқұрт, ұйғыр, иран, тәжік поэзиясының көрнекті өкілдері Әбілқасым Лахути, Қадыр Хасанов, Әдқам Ахтямов, Садыр Палуан, Нұтфолла Мүталлип, Сәйфи Құдаш және басқаларымен де қазақ оқырмандары Жақан Сыздықұлы аудармасы арқылы танысты [9].
Ғабдолла Тоқай өлеңдері ХХ ғасырдың басында-ақ қазақ тіліне аударыла бастады. Олардың алдыңғы қатарында Міржақып Дулатұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров қатарлы қазақ әдебиетінің классиктері тұр. Ғабдолла Тоқай жырларын қазақ тіліне аударушылардың қатарында бұл екі ақыннан өзге Жақан Сыздықұлы, Төкен Әбдірахманов, Қадыр Мырза Әли, Сырбай Мәуленов т.б. көптеген ақындар әр кезеңдерде атсалысқандығын білеміз. Бұлардың барлығы да өзінің татар тілі оралымдарын игеруіне, аудармашылық шабытына, ақындық поэтикалық көкжиегіне қарай өзінше еңбектенгені анық. Бірақ көптеген оқырмандар мен әдебиет зерттеушілері Жақан Сыздықұлы аудармасындағы Ғабдолла Тоқай өлеңдері барынша жатықтығымен, қазақ оқырманына етенелігімен ерекшеленетіні жайында пікір білдірулеріне қарап, расында да ақынның аудармалары сәтті шыққанын пайымдауға болады. Бұл турасында нақты мысалдарды қарастырамыз. Жақан Сыздықұлы Тоқай поэзиясынан көп аударған тәржімашы. «Бір татар ақынының сөздері» («Бер татар шагыйренең сүзләре»)атты өлеңінде Ғабдолла Тоқай өлең жазудың, ақын болудың машақаты туралы айтады. Осы өлеңнің орта тұсында мынадай шумақтар бар:
Ачы булгач күңлем, шигърем ачы чыга,
Бәгъзан пешкән дип уйласам да – чи чыга.
Очырмакчы булсам былбыл күкрәгемнән,
Әллә ничек! – Мыр-мыр итеп мәче чыга.
Мактаулыдыр аллы-гөлле нәрсә төсе,
Тәмде нәрсе була күбрәк ачы-төче.
Шулай итеп, ачы-төче язсам да мин,
Чыкса кирәк яхшы ниятемнең очы. [11, 17-б.]
Татар классигінің ақындық мұрат, өлең жазудағы айнымалы шабыттық күй туралы толғана жырлаған бұл ойын, жалпы өлеңнің идеясы мен мазмұнын жеткізе отырып аудару барысында артық нәзирагөйлікке салынып, түпкі мағынадан тым алшақтатпай, байыппен, талғамды сипатта түрлендіруді мақсат еткенін көреміз. Қазақ тілімен етене туыстас татар тілін жақсы меңгерген Жақан Сыздықұлы бұл өлеңді қазақ оқырманына былайша аударып ұсынады:
Жазғанда жырым күшті көңіл түсіп,
Кейде өлеңім шығады шала пісіп.
Жүректен кейде бұлбұл ұшырсам да,
Кей кезде мияулайды бейне мысық.
Мақтаймыз сан құбылған әсем түсті,
Дәмді де бола бермес, ащы-тұщы.
Жазсам да ащы-тұщы өлеңді мен,
Бәрінен асыл қайрат, ниет күшті[11,16-б.]
Туысқан екі халықтың тілдік құрылымы қаншалықты ұқсас әрі силлабикалық түрде болғандықтан жақын, аударуға оңай деп ойлағанымызбен, әр тілдің өзіндік ерекшелігі әрі тым жақын тіл болғандықтан, олардағы нәзік ерекшеліктерді, автордың сол кезеңге байланысты айтқысы, жеткізгісі келген ойын өзге халық өкіліне қолмен қойғандай аударып ұсыну оңай емес екені анық. Ақындық шеберліктің шырқау шыңына ұмтылған Ғабдолла Тоқай бұл жолда әлем мойындаған зор ақындар Пушкин мен Лермонтовтан өрнек алатынын атап өте келе, өлеңін былай деп түйіндеген екен.
Максуд житәр: бара торгач – юл кыскарар,
Әллә кайда яткан хиссият кузгалыр.
Бөкре түгел, төзәлергә кабер көтмим,
Тәңрем фәйзы минем күңлемгә эз салыр[11, 17-б.]
Ақындық ғұмырының қысқа екендігін ерте сезген татар шайырының айтайын деген ойын, өлеңнің соңғы түйін шумағын Жақан Сыздықұлы қазақ оқырманына мынадай аударма түрінде ұсынады:
Жол қысқа, ойлағанға жетеміз біз,
Не қиял, түрлі ойға кетеміз біз.
Мен көрде түзелетін ағаш емен,
Жүректе тәңірім жағар жарық жұлдыз[11, 16-б.].
Жақан Сыздықұлының өзі – қазақ әдебиетіндегі тұстас шыққан қаламдастар арасында ерте мойындалған мықты ақындардың бірі болғанын ескерсек, аудармасынан бас-аяғы бүтін жинақылықты, түпнұсқадан еш кем соқпайтын поэтикалық қуатты аңдаймыз. Осы орайда: орыс поэзиясы «күміс дәуірінің» көрнекті ақыны В.А.Жуковскийдің: «Қарасөздің аудармашысы – құл, поэзияның аудармашысы – бәсекелес»[12], - деген сөзіне саятын болсақ, көптеген өлеңдердің сәтті аудармаларына қарап, татар классигімен поэтикалық жарысқа түскендей болатынын аңдағандаймыз. Ғабдолла Тоқай – өз тағдырын өлеңімен өрнектеген ақын. Әрі ақынның өз өмірі мен татар халқының бодандықтағы хал-жағдайы тұтасып жатқандықтан да, туған елі оның тағдырын өз тағдыры ретінде көретінін сол заманның да, бүгінгі күннің де елін, ұлтын сүйген татары айтары анық. Ғабдолла Тоқайдың «Туған жеріме» («Туған жиремә») дейтін танымал өлеңі бар. Отанына, туған елі мен жеріне деген ыстық сүйіспеншілікке құрылған бұл өлеңнің мамзұнына қарасақ, ондағы баяндалатын жағдайлар расымен де Ғабдолла ақынның өз басынан кешкен тағдыр жолы екендігіне дау жоқ. Өлеңнің бастапқы жолдарында ақын былай деп жазады:
Айрылып китсәм дә синнән гомремең таңында мин,
И Казан арты! Сиңә кайттым сөеп танын да мин.
Ул таныш кырлар, болыннар тартты әүвәл хиссеми,
Тарта торгач куймады, кайтарды ахыр жисмеми[11, 105-б].
Жастайынан әке-шешеден жетім қалған Ғабдолла Тоқайдың балалық шағы, көптеген жылдары қазақ жерінде өткені белгілі. Сондықтан да Ғабдолла ақынның өлеңіндегі жастайынан туған жерден айырылып кеткендігі туралы жолдар – өз ғұмырынан алынған ақиқат екендігі даусыз. Қазақ тілінде Жақан ақынның аудармасында бұл мазмұн былайша түскен екен:
Айрылып кетсем де өмір таңында мен,
Сүйіп келдім, Қазан арты! Тағы да мен.
Тартады мені өзіңе орман, далаң,
Сені көрмей тұрған соң, көңлім де алаң[11, 104-б].
Өлеңнің құрылысына қарасақ, Ғабдолла Тоқай он алты буынды, бес бунақты түрде, бәйіт үлгісінде жазса, Жақан Сыздықұлы кәдімгі он бір буынды, үш бунақты, қазақтың қара өлең үлгісінде жаза отырып, түпнұсқадағы айтылар ойды түгелдей әсерлі қамти алған.
Кысса да синдә фәкыйрьләр, ятимлекләр мине,
Изсә дә үз ишләремнән хур вә кимлекләр мине –
Үтте инде ул заманнар, отчылар шул кош кеби,
Уйласам, ул көннәрем тик кичтә күргән төш кеби[11, 105-б].
Осы орайда Татарстан Республикасының Бірінші Президенті Ментемір Шәріпұлы Шәймиевтің мына бір сөзін кірістіре кеткен жөн болмақ: «Тоқайдың алғашқы жырларын Қазақстан жерінде, Орал (Жайық) қаласында жазғаны, осы арада табысты шығармашылық кезең кешіргені, көптеген атақты өлеңдерін баспадан жарыққа шығарғаны белгілі. Оралда Тоқай туралы естеліктерді қадірлеп сақтағаны үшін Қазақстан мемлекеті басшылығына орасан алғысымызды жеткіземіз»[11, 9-б.] Осылайша, жетімдіктің зарын тартып қазақ жеріне табан тіреген жас бала, бозбалалық жасында туған еліне оралады. Мұндағы жастық шағында өткізген ғұмыры да ақын үшін алаңсыз молшылық, тоқшылықта өтпегенін жоғарыдағы төрт жолдағы мазмұннан аңғарамыз. Жақан ақын бұл жолдарды былайша қазақ тіліне өрнектеп түсірген екен:
Өссем де сенде пақыр, жетім болып,
Көрсем де кемшілікті қорлық көріп.
Ол уақыт кетті ұшып құс сияқты,
Ойласам ол күндерім түс сияқты[11, 104-б].
Туған жерінде, елінде жүріп қаншама қиындықтар көрсе де, ақын өз елін, жерін, Отанын өзге ешбір ел мен жерге айырбастамақ емес. «Өзіңдікі өзекке тепсе де кетпейді, өзгенікі өзегіңді жұлып беріп отырсаң да тұрмайды» дейтін қазақ мақалы осындайда айтылса керек. Ғабдолла ақын бұл халді өлең тілімен былайша береді:
Бәрсә дә дулкыннарың, һич алмады, гаркъ итмәде,
Алды дүрт ягымны ялкын, якмады, харкъ итмәде.
Бу сәбәптән аңладым мин, туган жирем, синең,
Жанга ягымлы икәндер ялкының да дулкының![11, 104-б].
Көптеген, тіпті барша татар ақындарының өлеңдерінде сайраған сандуғаш құс, сылдыр бұлақ, шоқ орман арқау болып, солар арқылы жасалған сұлулықты жырлайды. Ғабдолла Тоқай өлеңдерінде де мұндай суреттер жиі ұшырасады. Біз Ғабдолла Тоқайдың бастан-аяқ талдап келе жатқан «Туған жеріме» атты өлеңнің егіз жолды соңғы үш шумағының мазмұнын төменде қарастырайық:
Жөмләтән изге икен ич: инешең, чишмәң, кырың,
Юлларың, авыл, әвен, кибәннәрең дә ындырың.
Һәр фосулы әрбәгъәң: язың, көзең, жәй, кыш көнең,
Барча, барча ак оек, киндер, чабата, ыштырың!
Һәм көтүчең, этләрең, үгез, сыер, сарыкларың,
Барчасы яхшы: бүре, жен, шүрәле, сарикъларың[11, 104-б].
Татар халқының ұлы перзенті, өз ұлтын жүректен шыққан жырлары арқылы шынайы сүюдің өлшеміндей болған, сондықтан да туған халқының мәңгілік сүйіспеншілігіне бөленген Ғабдолла Тоқай өлеңінің соңындағы осы шумақтарды оқығанда қазақ поэзиясының тағы бір алыбы Мұқағали Мақатаевтың әйгілі «Отан туралы» өлеңі ойымызға оралғандай. Ақиық ақын былайша толғанады:
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бәрі маған «Отан!» деп сыбырлаған,
Жаным менің кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған![13].
Қай тілде жырланса да, Отанға, туған жерге деген махаббат осылай еш алғаусыз, риясыз сезіммен қағаз бетіне төгіліп, оқырманды еріксіз баураса керек-ті. Мұқағали ақынның бұл өлеңі – барша қазақ баласының өз туған жеріне, отанына деген ыстық сезімінің, алыс кетсе перзенттік сағынышының айнасындай. Жақан ақынның поэтикалық әлемі арқылы қағазға қазақша түскен Ғабдолла Тоқай жырының аудармасы мынадай:
Аулым, жүрген жолым, жасыл құрақ,
Кең далаң, сылдыр қаққан күміс бұлақ.
Көктемің, жазың, күзің, қыс күндерің,
Мен сенде шабатамды сүйреткенмін!
Үрген ит, маңыраған қой, сиырларың,
Жез тырнақ, бөріңді де сүйем бәрін![11, 104-б].
Отырықшы жұрт татар халқының ақыны өз сезімімен қиял әлемінде әлдилеп жырлаған туған жердің суретін Жақан ақын таза қазақ ауылының суреті етіп, оқырманға етене қылып шығарғанын көреміз. Бұл – әрине шеберлік. Себебі, аудармада сонау Абай салған үрдіс – ұлттық танымның реңк бояуы мен сипаты болмаса, ол қазақ оқырманының таным көкжиегі арқылы көкірегіне сурет болып қонақтамайды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет