Фатима Қозыбақова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры



бет1/2
Дата07.04.2023
өлшемі26,78 Kb.
#80342
  1   2
Байланысты:
annotation113518


ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ


және Талас Омарбеков


Фатима ҚОЗЫБАҚОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих, археология және этнология факультеті, Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, Қазақстан тарихы кафедрасының құрметті кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның құрметті академигі, белгілі ғалым, көрнекті тарихшы, «Құрмет» орденінің иегері, ұлағатты ұстаз Талас Омарбеков – жаңа белеске жетпіс деген кемел жасқа жетіп отыр.


Талас Омарбекұлы – Қазақстан тарихы ғылымының іргетасын нығайтып, оны дамытуға ат салысқан, Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін жан-жақты зерттеп, қазақ халқының шын, ақиқат тарихын жазып, еліне ерен еңбегімен кең танылып, халық құрметіне бөленіп келе жатқан азамат. Ғалым ағамыз ұзақ жылғы ізденістері мен зерттеулерінің нәтижесінде одақ көлемінде және шет елдерде Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін таныту ісінде де еңбек сіңірді. Еліміздің тәуелсіздік алуы қазақ халқының ақтаңдақтарға толы бұрмаланған тарихын қайта қарауға, шындық тұрғысынан зерттеуге жол ашып берді. Осыған орай халқымыздың өткен тарихын жан-жақты терең саралап, объективті бағалайтын тарихшылардың жаңа тобы қалыптасты. Осы топтың ішінде қазақ халқының төл тарихын бұрмалаусыз қайта жазу жолында өзіндік үлес қосқан ғалым, Талас Омарбековтың алатын орны ерекше. Ғалымның зерттеу ауқымы барынша кең, әрі сан салалы. Қазақстан тарихының әртүрлі кезеңдеріне арналып, тың тақырыптарды көтерген, күрделі мәселелерді қозғап, өз пайымдауларымен, ой тұжырымдарымен үлес қосқаны 15-тен астам іргелі монографиялардан, 500-ден астам ғылыми мақалалар мен ғылыми көпшілік жұмыстардың авторы болғаны зерттеу еңбектерінен белгілі. Талас Омарбековтың ғылыми еңбек жолы 1977-1980 жылдары өзі білім алған Абай атындағы Қазақ Педагогикалық Институтының (қазіргі ҚазҰПУ) аспирантурасына қабылданған кезінен басталады. Кеңестік кезеңдегі Қазақстан колхоздары тарихын зерттеумен айналысып, 1982 жылы «О возрастании роли первичных трудовых коллективов в жизни колхозов Казахстана (1966-1977 гг.)» атты кандидаттық диссертациясын қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды. Ол 1980-1989 жылдары өзі білім алған Абай атындағы ҚазПИ-де белгілі ғалымдар Н.Киікбаев, И.Шәмшатов, Қ.Шүлембаев, Әділгереев сияқты аға ұрпақтан тәрбие алып, оқытушы, аға оқытушы, доценттік қызметке дейін өсті. 1988 жылдан бастап Қазақстан коммунистік партиясының басшылығында болған және қоғамдық – саяси өмірдегі түбегейлі өзгерістерге сәйкес өткен тарихымызды жаңа көзқарас тұрғысынан зерделеу, Қазақстан тарихын жаңаша қайта жазу туралы мәселелер көтерілді. Осы тұста Т.Омарбеков жаңа тарихи сананы қалыптастыруда және тарихи-зерттеу жұмыстарына жаңа серпін беруде күрделі зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұрыннан ауыл халқының тарихи өркендеу жолын зерттеумен белсене айналысқан жас ғалым, партия тарихының құпия мұрағаттарын тереңдете зерттеп, бұрындары жазуға тыйым салынып келген проблемалық мәселелерді көтеріп, сол кезге дейін жазылған түрлі концепцияларға батыл қарсы шықты. Осылайша Кеңес дәуіріндегі қарама – қайшылыққа толы күрделі тарихымызды зерттеуге кірісті. Ғалым кеңестік жүйе тұсындағы сталиншілдіктің, әкімшіл – әміршіл жүйенің күштеп ұжымдастыру жылдарындағы жан түршігерлік зобалаңдарын әшкерелейтін салмақты да негізді ғылыми мақалаларын жазуға ден қойды. Көп жылға созылған ғылыми зерттеуінің қорытындысы 1994 жылы докторлық лауазым алу үшін, академик К.Нұрпейісовтың ғылыми кеңесшілігімен диссертация қорғауы еді. Диссертациялық жұмыс «Қазақ шаруаларын меншігінен айыру және күшпен ұжымдастыру» тақырыбына арналды. Қазақ Ұлттық Ғылым Академиясының Ғылыми кеңесі бірауыздан ғалымға ғылым докторы дәрежесін берді. Осы докторлық диссертацияда қазақ тарихының «ақтаңдақтарына» жататын 1929-1931 жылдардағы қазақ байларын қуғындау саясатын және қазақ байларын ғылыми тұрғыдан ақтап алуға бағытталған алғашқы еңбектерді де, ақиқатты бетке алып жазған да Т.Омарбеков еді. Нақты тарихи деректер негізінде ғалым мұнда да тарихи шындықты қалпына келтіруге көп үлес қосты. Осылайша ол алғашқылардың бірі болып 1928 жылы тәркіленген қазақ байларын ғылыми тұрғыда ақтауға бағытталған жаңа көзқарасты қалыптастыруға негіз қалай отырып, «феодал», «буржуа», «қауіпті элемент» деген жаладан аршып алып, қазақ шаруаларының қасіретін, оларға қарсы саяси репрессияны әшкерелеуде жалтақтамай, батыл белсенділік танытып және осынау өткір тақырыптарды зерттеуге бет бұрған шәкірттерін берік қолдай отырып өзінің ғылыми мектебін қалыптастырды. Солардың бірі қазақ байларын тәркілеу тарихынан ғылыми диссертация қорғаған, осы мақала авторы екенін айта кеткеніміз артық болмас. Осы жылдары Т.Омарбеков Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі жанындағы мемлекеттік коммиссия құрамында жазықсыз тәркіленген қазақ байларын ақтау жұмысымен белсенді айналысты. Бұл коммиссияның нақты деректерге негізделген ғылыми қорытындысы кезінде Республикалық баспасөз беттерінде жарияланды[1]. Талас Омарбековтың мол ғылыми зерттеулерінің ішіндегі «20-30 – жылдардағы Қазақстан қасіреті» (Алматы, «Санат», 1997), «XX ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері» (Алматы, «Қазақпарат», 2001), «Тарихпен өрілген тағдыр» (Астана, «Ана тіл – ата тарих» баспа зерттеу орталығы, 2007) және т.б.[2] шығармалары шоқтығы биік туындылар. Ғалым осы еңбектерінің нәтижесінде Отан тарихын зерттеудің теориялық – методологиялық мәселелері жаңа тұрғыдан қойылып, оның негізгі бағыттары айқындалды. Ғалымның жалпы ғылыми ізденістегі айқындалған негізгі бағыттары: еліміздегі ұлт-азаттық қозғалыстар, ХХ ғасырдағы Қазақстанның аграрлық және шаруалар мәселелері, саяси қуғын-сүргін тарихын жан-жақты зерттеуге көп көңіл бөлді. Осы тақырыптарға қатысты ізденістер жүргізген жас зерттеушілер үшін бұл ғылыми тұжырымдар ең басты теориялық – методологиялық ұстанымдар болып қала береді. 1997 жылы оны Республиканың белгілі тарихшыларымен бірге президент Н.Ә.Назарбаев қабылдап, тарихқа байланысты өзекті мәселелерді талқылауға шақырды. Дәл осы жылы Т.Омарбековтың «XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан қасіреті» атты монографиялық зерттеуін президенттің нұсқауымен Қазақстан Республикасы Ақпарат министрлігі қаржыландырып «Санат» баспасынан шығарды. Ғалымның осы монографиялық еңбегінде XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстанда байларды тәркілеу және шаруаларды күштеп ұжымдастыру тарихы, өз еліміздегі және Ресейдегі мұрағат құжаттарына сүйене отырып, нақты деректермен жан – жақты ашылды, мәселенің деректері жаңа методологиялық тұрғыдан бағаланды. Ғалым XX ғасырдағы тоталитарлық жүйе «ақтаңдақтарын» анықтап, оны өз шәкірттерінің ғылыми – зерттеу диссертацияларына тақырып етіп ұсынды. 1998 жылы Кеңестік тоталитарлық жүйе жылдарындағы Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» мәселелеріне арналған өзінің «XX ғасырдағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері» атты көлемді монографиялық еңбегі баспадан шықты. Осы еңбегінде Қазақстандағы жаппай кеңестендіру, «Кіші қазан», сауатсыздықты жою, қазақтандыру науқандарының астарлары, саяси «ауытқушылыққа» айыптау науқандары, босқындар мәселесі, депортация, сталиндік саяси террор, тың және тыңайған жерлерді игеру және оның айтылмаған ақиқаты зерттеліп жазылды. Ғалым, кітабының оқырмандар сұранысына орай, екінші басылымында тәуелсіз Қазақстанның өтпелі кезеңдегі тарихын талдады. Онда Қазақстандағы президенттік билік, Қазақстанның өзіндік саяси даму жолы, идеология, экономика мәселелері қамтылды. Т.Омарбеков алғашқылардың бірі болып ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыс, 20-30 жылдардағы шаруалар тарихы, Сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйе, ХХ ғасыр басындағы қуғын-сүргін, ХХ ғасыр басындағы қоғамдық-саяси өмір, ХХ ғасырдың «ақтаңдақтары» мәселері, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстандағы мемлекеттік құрылыс тарихын объективті тұрғыдан зерттеу мәселесін көтерді. Алайда қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғау тұрғысынан жазылған мұндай еңбектер қоғамда бірден түсіністік таба алған жоқ. Дегенмен жариялылықтың арқасында, еліміздің тәуелсіздік алуы қазақ халқының ақтаңдақтарға толы бұрмаланған тарихын қайта қарауға, терең шындық тұрғысынан зерттеуге, Т.Омарбеков тәрізді ұлттық мүдде тұрғысынан жаңаша ойлайтын тарихшылардың зерттеу жұмыстарына кең жол ашты. 1991-1995 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің доценттік қызметіндегі ғалым ағамыз қажырлы да жемісті еңбек етіп, жаңа зерттеулерді дүниеге келтірді. Оның алғашқысы «Голощекин геноциді» атты көлемді тарихи зерттеуі «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді[3]. 1993 жылы «Ана тілі» баспасынан тарихшы, белгілі алаштанушы ғалым М.Қойгелдиев екеуінің тың ғылыми зерттеулері «Тарих тағылымы не дейді?» деген атпен кітап болып басылып шықты. Осы еңбектің екінші бөлімінде Т.Омарбековтың 30-жылдардағы ашаршылық, жеке басқа табынушылық себебінен халқымыздың басынан кешкен ауыр тарихы баяндалған ғылыми зерттеуі берілді[4]. Олардың ішінде қазақ тарихының XX ғасырдағы «ақтаңдақтар» қатарына жататын 1929-1931 жылдардағы Кеңестік тоталитарлық жүйеге қарсы Қазақстанда орын алған ұлт – азаттық қозғалыстары алғаш рет ОГПУ-дің құпия мұрағаттарынан алынған құжаттар мен деректер негізінде терең зерттеліп, өзінің ғылыми бағасын алды. Сол кезеңде Т.Омарбековтың күштеп ұжымдастыруға қарсы халық көтерілістері туралы ғылыми еңбектері «Жұлдыз» журналының бірнеше сандарында жалғастыра үздіксіз жарияланып отырды[5]. Осы зерттеулері негізінде 1994 жылы «Зобалаң» деген атпен арнайы жазылған монографиясы «Санат» баспасынан жарық көрді. Осы еңбегі 1929-1931 жылдары қазақ елінде жүргізілген күштеп ұжымдастыруға сталиндік қылмысқа қарсы тұрған Қазақстандағы халық наразылығы, бас көтерулер тарихы нақты деректермен ОГПУ мұрағаттарынан алынған құнды мәліметтермен толықтырылған. Бұл туралы ғалым: «Тарихымызда әлі күнге дейін зерттелмей келген осы «ақтаңдақты» зерттеу, одан тарихи тағылымдар алу кейінгі ұрпаққа қажет. Сондықтан біз бұл күрделі тақырыпқа арнайы қалам тартып отырмыз» деп атап көрсетеді[6].
Зорлық – зомбылық пен қуғын – сүргін саясаты шаруалар қожалықтарын күштеп ұжымдастырудың алғашқы кезеңі 1920 – жылдардан бастап-ақ кең өріс алған. Осы күштеу, зорлық әдістері о бастан-ақ еркіндік сүйгіш шаруа қауымының ашық наразылықтарын туғызды. Бұл туралы ғaлым, 1929-шы жылдың өзінде Қазақстанда 30 –дан астам үлкенді-кішілі бас көтерулер және толқулар орын алды деп көрсетеді[7]. Осындай тарихи зерттеулер қазақ халқының «Қой аузынан шөп алмас» момын болмағандығын, сталиншілдіктің қылышынан қан тамып тұрса да, ат жалын тартып мініп, қатал тәртіпке бірден мойынсұна қоймай, батыл қарсы шыққанын көрсетіп отыр. Т.Омарбеков 1929-1931 жылдардағы дүрбелең оқиғаларды жан-жақты зерттей отырып, сол кезеңнің шынайы тарихи бейнесін көрсетті. Ол бұлтартпас тарихи деректерді, ОГПУ-дың көтеріліске байланысты қорытынды мәліметтер беретін кесте құжаттарын есептеп отырып, осы жылдар аралығында 372-ге тарта бұқаралық бас көтерулер болғандығын дәлелдеді.
Осы санның өзі-ақ, күштеу мен зорлауға негізделген сталиндік режимнің халық тарапынан жаппай қарсылыққа кездескенін дәлелдесе керек. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы кеңес үкіметінің жүргізген саясатын тарихи әдістер арқылы әр қырынан терең зерттеген ғылым Кеңес үкіметінің зорлыққа негізделген билігін айқындап, тарихи бағасын берді. Бүгінгі күнге дейін Т.Омарбековтың сұхбаттары, пікірлері және мақалалары өзіндік маңызы бар, тарихи үрдістерге деген жаңаша көзқарасымен ерекшеленеді. Республикалық «Ана тілі», «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Ақиқат» тәрізді басылымдарда ғылыми мақалалары жүйелі түрде жарияланды.
«Мәңгілік ел» идеясы халықтың тарихи санасын қозғап, туған тарихымызға деген зор құлшынысты, үлкен ынтаны туғызды. Осыған байланысты ақпарат құралдары да, тарихи тақырыптарды, тарихи очерктерді, әртүрлі ғылыми мақалаларды көптеп жариялауға кірісті. Осы салада да тарихи ғылыми еңбектер жазуда Т.Омарбеков бүгінгі күнге дейін белсенділік танытуда. Оның әртүрлі сұхбаттары, пікірлері және мақалалары өзіндік орын алып, тарихи үрдістерге деген жаңаша көзқарастарымен ерекшеленеді. Олардың көп бөлігі 2007 жылы шыққан «Тарихпен өрілген тағдыр» атты кітабында жарияланды. Кәсіби тарихшы жолын таңдаған тарихшылардың жаңа буынына бұл кітаптың берер тағлымы көп.
Ғалым, Қазақстан тарихының қай дәуірі болса да жаңа тұрғыдан қайта зерттеліп, тың мұрағаттық деректермен толықтырылған көптеген монографияларын жарыққа шығаруда. Профессор Талас Омарбековтың қоғамдық – саяси істердегі белсенділігі, тарих ғылымының дамуына қосқан ерен еңбегі жоғары бағаланып Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен «Құрмет» орденімен, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Құрмет грамотосымен» екі мәрте марапатталды. 2007 жылғы Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің «Үздік оқытушы» грантының иегері, 2015 жылы «әл – Фараби» күміс медалімен, 2016 жылы «Кітап ісіне қосқан үлесі» атты төс белгісімен марапатталды. Талас Омарбеков ғылыми салада үлкен жетістіктерге жеткен, өзінің ғылыми мектебін қалыптастырған ірі ғалым. Ғалымның жетекшілігімен 31 тарих ғылымдарының кандидаты, 7 ғылым докторы, PhD бағдарламасы бойынша 3 философия докторлары дайындалып шықты.
Талас Омарбеков – Қазақстан Республикасының тарих ғылымын жаңа белеске көтеруде тың жаңалықтарға толы өзінің зерттеу жұмыстарымен сүбелі үлесін қосқан белгілі ғалым.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет