Ақыл-парасат туралы ілім. Алғашқы мән – белсенді ақыл-парасат өзі тудырған болмысқа төрт парасат қосады:
Әлеует парасаты – бұл адам жанының заттардың табиғатын, олардың пішім-бітімін тану мүмкіндігі.
Маңызды (өзекті) парасат– бұл заттардың табиғатын тану және олардың пішіндерінің өздерінің материалдық негіздерінен оқшаулану мүмкіндігі. Таным барысында адамның дерексіз, жалпылама ойлау белсенділігі арқылы заттардың пішіндері ойлау қызметінің нысанына айнала отырып, дербес болмысқа ие болады.
игерілген парасат – бұл қоршаған дүниені танып білу барысында адам баласының өз жанында жинақтаған білімдерінің жиынтығы.
іс-әрекет парасаты – бұны әлеует парасаты мен өзекті парасат арасындағы өзіндік бір байланыстырушы тармақ деуге болады. Соның нәтижесінде әлеует парасаты өзекті парасатқа айналады. Мысалы, адамның көзі күн сәулелерінің көмегімен өзінің көру мүмкіндігін шынайылыққа айналдырады. Адамның қоршаған дүниені танып білуі барысында іс-әрекет парасаты соған шамалас қызмет атқарады.
Әл-Фарабидің әлеуметтік-саяси және моральдық философиясы да жеткілікті дәрежеде негізді болып табылады. Қоғам иерархиялық ұйымдастырылған әлемге ұқсас өмір сүреді. Бұл жерде тек Алғашқы мәннің орнын халиф – имам басып отыр. Ол өзінің өкімдері, ойлары, сезімдері, жан күйзелістері арқылы өзін қоршаған ортаға әсер етеді, ал олар адамдарға және одан да төменірек басқаларға әсерін тигізеді,
сөйтіп, халифтен шыққан флюидтер1 қоғамның ең төменгі топта- рына жетеді. Қоғамның қажеттігін, біріншіден, адамның жападан- жалғыз жан сақтай алмайтындығымен, екіншіден, басқаларсыз жетіле алмайтындығымен түсіндіруге болады.
Әл-Фараби толық және толық емес қалаларды, яғни қоғамдарды ажыратып көрсетеді. Толық қала – ол бір немесе басқа халықтың қоғамдық ұжымдасқан өмірі болса, ал толық емес қала – ол бір неме- се басқа ауылдың немесе қала көшесінің тұрғындарының өмірі, олар өздігінен жетіле алмағандар. Ал толық қалаларды тағы екі: ізгілікті және надан деп екіге бөлуге болады.
Ізгілікті қаладағы негізгі мақсат – адамдардың бақытқа жетуі. Бұл мақсат үшін олар бір-бірлеріне жәрдемдеседі. Ондай қала бір-бірімен тығыз байланысты, бірақ әрқайсысы толығымен өз қызметін атқаратын адамның дене мүшелерін еске түсіреді. Соған ұқсас, қала адамдары әртүрлі болғанмен, басшыларға бағынуға және өзара бірлесе қызмет атқара отырып, бір-бірлеріне жәрдемдесуге, толыққанды өмір сүруге тиіс.
Надан қалада жағдай мүлдем басқаша: бұл жерде адамдар бақыт дегеннің не екенін білмейді, сондықтан оған ұмтылмайды, оған сенбейді. Өмір мұраты деп олар денсаулықты, байлық пен рақат- қызыққа жетуді, еш кедергісіз құмарлықтарға берілуді, атақ-даңққа бөленуді ойлайды. Бұл мақсат-мұраттардың әрқайсысы, олардың пікірінше, бақытқа жеткізеді, ал егер ойлағандарының барлығы іске асса, одан асқан бақыт жоқ.
Әл-Фараби надан қалаларды жіктеп, саралап шыққан.