Байланысты: Қазақ батырлары жыры әулие әнбие көрінісі
Батырлар жырының бәріне ортақ мынандай оқиғалар бар. 1. Перзентсіз ата-ана қартайған кезінде балаға зарығып, әулие-әнбие жағалайды. Осыдан адамға көмекке мейірімді жандар келеді. Міне, жырда әулие-әнбиелердің қасиетін осылай көреміз, сөйтіп жағымды бейнелер туады, - деп көрсетеді.
2. Батырлардың қайсар, өжет болып өсуі бала жасынан басталады.
3. Батырлардың сенімді екі досы жары мен әйелі болса, қиын тұстарда қолдаушысы әулие-әнбиелер болады.
4. Батырдың алдында барлық кедергілер жойылып отырады, тағы да көмекке әулие-әнбиелер келеді.
Алайда, Қобыландының «Тайбурылы» мен Алпамыстың «Байшұбары» адамша сөйлеуі, әдебиетте әсірелеу десек, бұл мифологиямен жалғасады. Ғалым С.Мұқанов эпостық жырлардың тарихи кезеңдерін былайша бөлген: 1. Алтын Орда ұлысы ыдырап, Тоқтамыс хан мен Ақсақ Темір заманы суреттелетін кезеңде «Қобыланды» мен «Едіге» жыры туған.
2. Қазақ хандығын қорғап, Ресейге қарсы соғысты. «Қобыланды», «Шора», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази» т.б.
3. Жоңғар-қалмақпен соғыс. «Алпамыс», «Ер Көкше», «Ер Сайын» т.б.
Қазақ эпостары түгелімен дерлік драма. Онда шиелініскен оқиғалар, кейіпкерлер көп. Соның ішінде әулие-әнбиелер мейлінше шебер жасалады. Сондықтан да, біз сөз еткен әулиелер мен әнбиелер халқымыздың дүниетанымы мен көзқарастарында сенімді болып тұрады.
Қазіргі таңда «Алпамыс батыр» жырының оннан астам нұсқасы бар. Біз талдайын деп отырған Ж.Шайхысламұлы мен С.Аққожаев, Ә.Байтұрсынұлының нұсқалары.
«Қисса-и Алпамыс батыр» жырының Ж.Шайхысламұлы нұсқасында: Оқиға Байбөрі деген байдың бір балаға зар болуымен басталады. Байбөрі Алла Тағаладан медет етіп, бала сұрайды.
Жаратқан патша – Құдая, Перзентке зар қып қойғанша,
Жаратпасаң нетеді? [41, 10]
Сөйтіп Құдайға құлшылық етіп, күні-түні Алла Тағаладан перзент сұрап, әулие-әнбиелерді аралап кетеді. Айдан-ай, жылдан-жыл өтіп әдбен шаршайды. Бірақ әулиелерді аралап, Құдайдан жалбырынудан танбайды. Бір күні Баба Түкті Шашті Әзіз әулиеге түнейді. Құдай Тағала тілеуін беріп, әулие жәрдем болып, байдың әйелі бір ұл, бір қыз туады. Баба Түкті Шашты Әзіз: «Ұлдың атын – Алпамыс, қыздың атын – Қарлығаш қой», - дейді. Әулие одан әрі: «Ұлың он жасында ел ұстайды, атса оқ өтпейді, шапса қылыш кеспейді, отқа салса күймейді, суға салса батпайды, өзің хан боласың», - дейді. Содан Байбөрі түрегеліп, қуанып үйіне келеді. Әйелі жүкті болып, ұл туады, ұлының атын Алпамыс қояды. Артынан бір жасар болып Қарлығашты туды. Енді жырдағы әулие-әнбиелерге тоқталамыз.
«Алпамыс батыр» жырының Ж.Шайхысламұлы нұсқасында әулие-әнбиелерге түнеу, әулиелердің аян беруі, түс көруі, келешекті болжау, құлшылық ету, мінәжат ету, аруақтарғы сыйыну, т.б. сарындар (мотивтер) көптеп кездеседі.
Осы нұсқадағы жырдың баяндалуы әулиелерге сыйынудан басталады. Одан Алпамыс қалмақтың ханынан жылқысын алуға жауға аттанады. Сол кезде де аруақта сыйынады. Оны мына жолдардан байқаймыз.
Тайшық алған жылқының
Ал артынан кетейін,
Шаһимардан жар болса, Жылқыңды қуып етейін, [41, 13]
- деп жауға аттанады. Бұл жердегі Шаһимардан - Хазіреті Әлінің лақап аты. Ал діни деректерде Хазіреті Әлі – Қожа Ахмет Яссауи. Хазіреті Әлі туралы аңыздар да өте көп. Соның біреуіне тоқталсақ, Қалмақ тайпасы мұсылмандарды қырып-жойып, Хазіреті Әліның әке-шешесін, бауырларын өлтіріп, өзін тұтқынға алып кетеді. Сөйтіп оған қой бақтырып қояды. Ол қой баққанда үнемі қойларын бір төбеге шығарып қойып, өзі мұңы мен қайңысын айтып Жаратушыға арнап зікір салады екен. Ал қойлары болса шөп те жемей, мас адам сияқты зікір салады. Содан оны естіп қойған қожайыны қаруын алып, Хазіреті Әліне өлтіруге аттанады. Содан ол шынымен де ғажайып оқиғаға тап болады. Барса, қойлардың жайылмай бір төбеде иіріліп жатқанын көреді. Оларға келген соң бәр қойының зікірі салып жатқанын байқайды. Қалмақ қойларының құйрықтарына көзін аударса, олардың үлкендігі сонша, оның ауырлығынан орынан да тұра алмайды екен. Мұны көрген қалмақ ойланып қалады. Хазіреті Әліге барса, ол жүзін батысқа аударып, зікірге бар ыждаһатын салып, төбе басында отырады. Содан қалмақтың да жүрегі жұмсартып Хазіреті әлінің ісіне сүйсініп, өзі де сол дінге кірген екен деседі. Қалмақтарды ислам дініне кіргізген Хазірет Әлі қалмақ елінен кетіп, өз отанына барудың орнына ұлы пірдің батасын алу үшін өз жолы Бұхар-и-Шәріпке барады. Сөтіп ұлы пірдің де батасын алады. Шаһимардан туралы осындай аңыз бар.
Содан Алпамыс әулиеге, пірлерге сыйынып жауға атанып кетеді. Жауға бара жатқанда да Алпамыс әуелі Алла Тағалаға сыйынады.
Әулиелер жар болып, Ғаріпке құдай болысты. [41, 41].
Аруаққа сыйыну, әулиелердің қолдауы арқылы Алпамыс әкесімен қауышады. Жырдан да байқайтынымыз, «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр» жырларының барлығында оқиғаның ұқсастығы, қандай бір істі бастарда «Уа, Тәңірім қолдай көр!» деп Алла тағаладан демеу, медет сұрайды. Яғни, бұл жырда да батырлар әулие-әнбилерге, пайғамбарларға әркез тәу етеді.
«Алпамыс батыр» жырынан тағы үзінді келтірсек.
Күлбаршын сонда сөйледі,
Моллалар оқыр кәламді,
Бисмиллә болар жол басың,
Оңлашы, Тәңірім, оңласын [41, 49]
Алпамыстың жары мен баласы Жәдігер әбден Ұлтаннан зәбір, қорлық көрген соң, осылай әруақтарға сыйынып, Тәңірге жалынып, көмек сұрайды. Тәңірден сұраған бата-тілегі қабыл болып, Алпамыс келіп, Жәдігерді қой бағып, азып-тозып жүрген жерінен тауып алады. Бұл жырда да діни наным-сенімдер, мифтік танымдар көрініс табады.
Жыр соңында да Тәңірі ұғымы бой көтереді. Оны мына жолдардан байқаймыз.
Тәңірінің берген бағымен Атасына Алпамыс
Көрмегенін көрдірді [41, 63]
Жырдың осы жолдарынан байқағанымыз, баяғы баласы жоқ болып, тоз тозы шығып әулие-әнбие кезіп, Баба Түкті Шашты Әзізге келгенде айтқан сөзі түседі: «Бір ұл, бір қызды боласың, балаң батыр болады, өзің хан боласың», - деген сөзі шын болып, жырдың аяғы осылай аяқталады.
Жырда фантастикалық элементтер мол. Кейіпкерлер алдына қойған мақсатына жету үшін, табиғат сырын танып-білу үшін әулие-әнбиелер көмегімен қиындықты жеңіп, мақсатына жетеді. Батыр қиын-қыстау кезде әулие-әнбиелерге сиынып, олардан жақсылық күтеді. Алуан-алуан ғажайып күйге ұшыраған батырлардың сиынары да, сүйенері де әулие-әнбиелер болған. Жырда өмір шындығынан қорытынды түйін жасаған ертегілік мотивтер де көрініс береді.
«Алпамыс батыр» жырының өн бойынан түсу көру, келешекті болжау, құлшылық, мінәжат ету, бата-тілек тілеу сияқты қазақ фольклорындағы кездесетін ұқсас сарындарды байқаймыз.
«Қисса-и Алпамыс батыр» жырының Ж.Шайхысламұлы нұсқасы осылай аяқталады.
Енді С.Аққожаевтың нұсқасы «Алпамыс батыр қиссасына» әдеби талдау жүргіземіз. Жыр былай басталады:
Бисмилла сөздің анасы,
Күллі сөздің данасы.
Бисмилла деп бастаса,
Ашылар сөздің әммәсі [41, 63]
Бұл жыр нұсқасында да байдың аты Байбөрі болады. Ол атақты бай болғанымен, бір балаға зар болады. Осы өмірден қуа бас болып өтем бе екен деп күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылады.
Жаратқан Жаппар Құдай-ай, Перзентке зар ғып қойғанша,
Жаратпасаң нетеді?! [41, 66]
Бұл жыр нұсқасында Байбөрінің қолдаушысы тек қана Алла Тағала екенін байқаймыз.
Әзіреті Сұлтанға Екеуміз де баралық,
Әулие қылса керемет,
Болар ма екен жаңалық. [41, 66]
Өзі де тек Құдайдан көмек сұрайды, жалбарынады. Сөйтіп, жасы сексенге толғанда, бар жиған-тергенін халқына таратып беріп, әйелі екеуі әулие-әнбилерден медет тілеп, жолға шығады. Жолда көптеген қиындықтарға кездеседі. Ай артынан ай, жыл артынан жыл өтсе де әулие, әнбиелерге түнеп, бір бала бере көр деп жалбарынудан шаршамайды. Байбөрі мен Аналық ақылдасып, ендігі медет, үміт Әзіреті Сұлтанға барайық. Бір керемет болса сол әулиеде, - деп қайта жолға шығады.
Самарқанда сансыз бап -
Отырарда Арыстан бап, Сайрамда бар сансыз бап.
Бәріне бір-бір түнеді.
Әзіреті Қаратау Әулиенің кені еді [41, 70].
Бұл жердегі Арыстан бап, Әзіреті Қаратау деп отырғаны шын мәнісінде Қазақстан аумағында бар киелі жерлер. Анығын айтқанда, әулие болған кісілер. Әзіреті Әлі – Мұхаммед с.ғ.с. Ал, Арыстан баб – ғаламдық діндердің бірі – исламды түркі әлеміне таратушы. Жаңа дін арқылы түркілер араб тілі мен жазуын меңгерді, сол кездегі озық мұсылман мәдениетіне нәр алып, оның дамуына үлкен үлес қосты. Тарихи деректерде Арыстан бабтан Қожа Ахмет Ясауи тәлім-тәрбие алған.
Жырдағы Әзіреті Қаратау дегеніміз – көптеген әулие, әнбие, дін өкілдері, осы Қаратаудың бойына қоныстанып, ислам дінінің өркен жаюы осы жерден басталады дегенге саяды.
Әзіреті Ысқақ бап, Бабаатада дер еді [41, 670].
Бұл жердегі Әзіреті Ысқақ бап – Қожа Ахмет Ясауидің түпкі, сегізінші атасы. Түркі жұртын, оның ішінде қазақ халқын араб әлемімен жалғастыратын алтын көпір – Ысқақ бап әулие. Халық Қожа Ахмет Ясауиді «Әзірет Сұлтан», орның ұстаздарын Бабтардың бабы «Арыстан баб» десе, жырдағы Ысқақ бапты – Баба ата, яғни барлық бабаларлың, аталардың бабасы деп дәріптеген. Ал қазақ үшін «бабадан» биік дәреже болмаған. Ысқақ бап туралы шежіре деректер оның Әзірет Әлінің Мұхамммед Ханапия деген баласынан тарағанын анықтайды [42, 15].
Ал Бабата деп отырғаны Ысқақ баптың табаны тиген Баба ата қаласы VІ- ХV ғасырларда гүлденді. ХІХ ғасырдың соңында Ысқақ бап кесенесі, оның жанынан медресе тұрғызылды.
«Менің атым – Шашты Әзіз Қыламын десең ықылас.
Ұлыңның аты – Алпамыс,
Қызыңның аты – Қарлығаш.
Атса мылтық өтпейді,
Шапса қылыш кеспейді. [41, 73].
Әулиенің күштілігі, Жаратушы Алла Тағаланың бар екеніне осы жолдар куә болады. Байбөріның шын риясыз көңіліне, үнемі аузынан Алласын тастамағанына көзі жетіп, оның жолына әулие – Баба Түкті Шашты Әзізді кездестіреді. Ойлаған арман-мақсаттары орындалып, Байбөрінің бір қыз, бір ұлы өмірге келеді. Бұл жерде қатты қиналып, запа шеккен адамға Алланың нұры түсетінін байқаймыз, әулие-әнбиелердің де бар екеніне көзіміз жетеді. Жырдағы Баба Түкті Шашты Әзіз - қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін бейне.